Азаптауларды болдырмаудың Ұлттық алдын алу тетігі қандай болғаны ләзім?
2008 жылы Қазақстан Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның факультативтік хаттамасын қабылдаған болатын. Аталмыш хаттамаға сәйкес, Қазақстанға азаптауларды болдырмауды қарастыратын Ұлттық алдын алу тетігін (превентивті механизм - авт.) құру міндеті жүктеледі. Осы тетікті қалыптастыру үшін Үкімет Мәжіліске арнайы заң жобасын да ұсынып еді. Жақында өткен дөңгелек үстелде осы жобаның тұсауы кесілді. Ұлттық тетікке қатысты пікір екіге жарылғанын байқадық.
Әлбетте, халықаралық қауымдастық азаптаулардың барлық түрлерін адамдық қасиетті қорлау деп біледі. Демократиялық, құқықтық мемлекет жолын таңдаған Қазақстан да өзінің ең жоғары құндылығы ретінде адам және оның бостандығы мен құқығын атады. Сондықтан Тәуелсіздіктен бері адамның құқын қадірлейтін ұлттық заңнама тетіктері қалыптасып, ізгілендіру жұмыстары жалғасып келеді. Дегенмен түрмедегі тергеу изоляторларында, уақытша оқшаулау орындарында түрлі азаптаулардың арагідік орын алып отыратыны да біразырақ байқалған. Кеңес Одағының кесірлі кезінде әбден сыналап «жұққан» осынау дерттен арылу да оңайға соқпайтыны айқын. Дегенмен мемлекет өз құндылығын сақтап, әрбір азаматтың конституциялық құқын қалпына келтіруге жәрдем жасауы шарт. Үкімет ұсынған заң жобасының негізгі мәні де осыған саяды. Заң жобасының негізгі мазмұны халықаралық талаптар үдесінен шығу үшін Қазақстанда азаптауларды болдырмау үшін Ұлттық алдын алу тетігін енгізуді қарастырады.
Ұлттық алдын алу тетігі деген не? Оның мәнін бір сөзбен шегелесек: түрмелерде және басқа да бас бостандығынан айыру немесе шектеу орындарында азаптауларды болдырмау үшін қоғамдық бақылауды күшейту. Сөйтіп, мемлекет өзі бір ұлттық тетікті тағайындайды, ал соған қатысушылар азаптаулардың алдын алу бойынша мекемелерді аралап тұратын болады. Осындай ұлттық тетіктің әлемде бірнеше түрі бар. Сондықтан да факультативтік хаттамаға қосылған әрбір мемлекет өзінің құқықтық алаңына, ұлттық заңнамасына қарай өзіндік ұлттық тетікті таңдап, енгізіп, сол бойынша жұмысты жандандыруы керек. Әлемдік өркениеттің арасына таралған үлгілерге келсек, біріншісі - ұлттық тетік ретінде қызмет ететін ұйымдарды тарту. Мәселен, Мексика ұлттық тетік ретінде Адам құқықтары жөніндегі комиссияны тағайындаса, Косто-Рика, Дания, Швеция және Армения ұлттық омбудсменді тағайындапты. Эстония әділет канцлеріне уәкілдік берген. Ұлттық тетіктің екінші үлгісі - омбудсмен мен үкіметтік емес ұйымдардың (бұл ресми тілде «омбудсмен+» аталады -авт.) бірлескен әрекетінен тұрады. Бұл үлгіні Словения, Молдовия енгізген. Үшінші үлгі бойынша бірқатар қолданыста қызмет ететін органдардың басын біріктіріп, соларды ұлттық тетік ретінде пайдалану көзделеді. Мәселен, Жаңа Зеландияда ұлттық тетік функциясын Адам құқықтары жөніндегі комиссияға, омбудсмен кеңсесіне, полиция қызметін қадағалайтын тәуелсіз орган секілді төрт-бес органға жүктеген. Төртінші үлгі - жаңа ұйым құруды қарастырады. Мәселен, Франция түрмелерді қадағалайтын Бас инспекция құрған. Ал Парагвайда азаптауларға қарсы ұлттық комитет жұмыс істейді. «Қазақстандағы азаптауларға қарсы ұлттық тетікті қалыптастыру үшін біз, негізінен, екінші үлгіні таңдап алдық. Заң жобасы да соған негізделген. Ондағы басты мақсат - бас бостандығынан айыру орындарындағы мониторинг ауқымын кеңейте түсу. Сосын бұл үдерісте Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі артады. Осыған орай, заң жобасы арқылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге мандат беріледі», - дейі әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов. Оның айтуынша, ұлттық тетікті қалыптастыру үшін Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, түрмелерге қоғамдық бақылауды күшейтетін болады. Ол үшін үкіметтік емес ұйымдармен арнайы келісімшарт жасасуы да көзделіпті. Сөйтіп, азаптаулар болуы мүмкін деген бірқатар нысандар да осындай қоғамдық бақылаудың ықпалында ұсталады. Әлгіндей мекемелердің тізімін Әділет министрлігі де тізіп шығыпты. Мәселен, оларға түзеу мекемелері, тергеу изоляторлары, алкоголь мен есірткіден мәжбүрлеп емдеу орталықтары, қоғамнан оқшаулаудың уақытша мекемелері, ерекше ұстау режиміндегі білім мекемелерін қосқанда барлық қамтылатындар саны 450-ге жуықтаған.
Сөйтіп, азаптауларға қарсы Ұлттық алдын алу тетігін қамтитын заң жобасы жария болды. Алайда сол сәттен бастап бұл құжат бірқатар ұйымдардың да, депутаттардың да сынына ілікті. Дегенмен алдағы жұмыс тобы шеңберінде Әділет министрлігі жіберген олқылықтардың орнын толтырып, шала жобаны пісіруге мүмкіндік қарастырылған.
Владимир Нехорошев, «Нұр Отан» ХДП заңнама және заң шығармашылығы комитетінің мүшесі:
- Азаптаудың, адамгершілікке жатпайтын әртүрлі қорлаудың көпшілігі жауап алу, тергеу кезінде орын алатыны белгілі. Менің ойымша, бұл біздің қызметкерлеріміздің кәсіби деңгейінің төмендігін білдірсе керек. Кезектен тыс аттестация өткелі жатыр. Өкінішке қарай, сол аттестациядан кейін жоғары кәсіби білімді, адамгершілігі мол полиция қызметкерлері ғана іріктеліп, олардың барлығы заңды қатаң сақтайтын болады деп күте алмаймын. Сондықтан да бұл бағытта тыңнан қадам керек. Қызметкерлердің кәсіби білімін жетілдіру қажет.
Жеміс Тұрмағамбетова, «Адам құқықтары жөніндегі хартия» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
- Мен қоғамдық ұйымдар келісімшарт жасасуы керек дегенге түк түсінбеймін. Біздің қор 20 жыл бойы азаптауларға қарсы жұмыс істеп келеді. Екіншіден, Ұлттық алдын алу тетігінің мүшесі ретінде неге біз еш кедергісіз мекемелерде адамдар азапталып жатқанын, олардың жағдайы қандай екендігін біле алмаймыз? Заң жобасында түрмелерге, мекемелерге келіп, жағдайды көзбен көріп тұру мерзімі Адам құқықтары жөніндегі уәкілге шексіз болғанымен, қалған төрт адамнан тұратын басқа мүшелерге 450 мекемені жылына екі реттен артық аралауға рұқсат етілмейді. Кешіріңіз, бұл жағдайда қай орында қандай азаптаудың, қорлаудың орын алғаны анықтау да мүмкін болмайды. Халықаралық тәжірибеде ешкімге айтпастан, аяқ астынан, тәуліктің кез келген уақытында түрмелерге барып, ондағы жағдаймен танысуға мүмкіндік қарастырылады. Бұл бізде неге жоқ?
Сәуле Мектепбаева, Халықаралық түрме реформасының Орталық Азия өңірлік директоры:
- Менің ойымша, осы заң жобасы жүзеге асса, онда оның қызмет аясы, яғни азаптауларға қарсы қоғамдық бақылау жұмысы шамамен 800 мекемені қамтуы тиіс. Ішкі істер министрлігінің ғана емес, білім және ғылым, денсаулық сақтау, еңбек мекемелері қамтылуы шарт еді. Дөңгелетіп айтсақ, 200-300 мың адамның өміріне қатысты мәселелер қамтылуы керек деп білемін.
Қанат ҚАЗЫ, Астана
"Алаш айнасы" газеті