Жұма, 22 Қараша 2024
Бір сауал 7438 28 пікір 31 Мамыр, 2021 сағат 13:44

Атқан сталиндік жүйе. Ал атқызған кім?

31 мамыр Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын Еске алу күні!

1917-1991-нші жылдар аралығында Қазақстанды отарлаушы совет өкіметі қазаққа орны толмас қасірет әкелді. Анығының өзі ақылыңнан адастырады. 1921-1922 - ашаршылық, 1927-1931-қазақтың жекеменшік мал-мүлкін тәркілеу, 1931-1933 ж.ж. жаппай ашаршылық, 1937-1938 -  саяси қуғын-сүргін, 1941-1945 - екінші дүниежүзілік соғыс, 1946-1953- ғылым саласындағы қудалаулар, тың игеру, ең аяғы 1986-Желтоқсан көтерілісі.

Қазақстан билігі Тәуелсіздік алғаннан соң алты жылдан кейін 1997-нші жылы 31нші мамырды саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні етіп жариялады. Сол уақыттан бері жыл сайын дәл осы күні алаш баласы өткен жүзжылдықтағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына құрмет көрсетеді.

Біз бүгін ел азаматтарының осы бір қаралы күнге қатысты пікірін топтастырып, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.


БҰҰ ҚАШАН АШАРШЫЛЫҚ ПЕН РЕПРЕССИЯНЫ «ГЕНОЦИД» ДЕП ТАНИДЫ?

Мұхтар Тайжан:

- БҰҰ ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылықты қазақ халқына қарсы «геноцид» деп танып, резолюция шығармайынша, біз Ашаршылық құрбандарын ұлықтау үшін бар жағдайды жасадық дей алмаймыз.

Ел ішінде біз геноцидті жоққа шығарушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартатын Заңды норма қабылдауымыз керек. Еврейлер, украиндер осылай істеді. Біз де осы жолмен жүруіміз керек. Тек сонда ғана тарихи әділдікті қалпына келтіру туралы сөз қозғауға болады.

«АШ АДАМДАР БІР-БІРІН СОЙЫП ЖЕП ЖАТТЫ»

Бекболат Қаржан:

- Қазақстанда Кеңестік өкімет орнау кезеңдерінде қатарынан 3 рет зұлматты аштық жылдары болды. Бұл жылдар: 1919-1922 жылдардың аралығында өтті. Бұл жылдардың аралығында қазақтың саны анағұрлым кеміп, аштықтан миллиондап-миллиондап қырылды.

Бұдан кейінгі аштық Қазақ даласы үшін ұлы жұт пен ұлы қырғынға ұласты. Бұл зұлматты кезеңдер 1929-1934 жылдардың арасында өтті. Осы аралықта қазақтың жартысынан астамы қырылып кетті. Қырғынды қолдан жасаған большевиктер ұлттың обалынан қорыққан да, үріккен де жоқ.

Ашаршылық жоспарлы түрде іске асырылды. Қазақтың ауқатты элитасын конфискация жасап, жеке шаруашылықтарды жойып, әйгілі «колхоздастыру» саясатын жүргізді де, топ қылып тонап, бір біріне айдап салып отырды.

Үшінші ашаршылық жылдары - екінші дүние жүзілік соғыстың қарсаңында жүрді. Бұл жылдар да осы уақытқа дейін ашаршылық жылдары деп ататмағанымен, шын мәнінде аштықтың ауыр кезеңдері осы уақытта өтті.

Ал, Әулие ата өңіріндегі ашаршылық туралы профессор Мәмбет Қойгелдиевтің зерттеу жұмыстарындағы деректер төбе шашыңызды тік тұрғызады. Ұлы Ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың жеткізген мәтіметтерінде «Ашыққан адамдар бірін бірі жеп жатыр. Өлгені былай тұрсын, өлмеген адамды қуалап жүріп өлтіріп, буындырып, сойып жеп жатты» деп жазды.

Кеңес өкіметі 1928 жылы ірі бай шонжарларды тонап, жаппай ұжымдастыруды қолға алды. Ұжымдастыру деген тонаудың саяси жолы. Бұл туралы заңдар мен қаулылар шығып, бай-манаптарды қудалады. Ұжымдастыру ( халықты тонау) кезінде Қазақстанда 40,5 миллона малдан 1933 жылдың соңында 4,5 миллион мал ғана қалыпты. Малдың барлығын күштеп тартып алды. 1929-1931 жылдар арасында Кеңес өкіметінің озбырлығына қарсы 372 көтеріліс болып, оған 80 мың адам қатысты.

1932 жылы шілде айында Ғ.Мүсірепов, М. Ғатаулин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышбаев бірлесіп, халықты аштықтан құтқарып қалу үшін азық-түлікпен қамтамасыз ету қажеттігі жайында Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф. Голощекинге ашық хат жазды. Бұл «Бесеудің хаты» деген атпен тарих сахнасынан орын алғаны белгілі. Бесеудің бірі Мансүр Ғатаулин 1937 жылы соттағы соңғы сөзінде өзімен бірге айыпталып отырған жолдастарын көрсетіп:

— Бұлар халық жаулары емес. Мен жаумын, - дейді. — Сондықтан мені ғана соттаңдар! Өзімді ғана. Бірақ мен де халық жауы емеспін, халық жауларының жауымын,- деп қасқайып тұрған.

Кеңес өкіметін мақтап, зауыттар салды, қалалар салды, көзімізді ашты деп жүргендер өкінішке орай әлі де жетерлік. Бірақ біз ұмытпаймыз! Біз саяси репрессияның құрбаны болып, ашаршылықтан қырылған халықты, текті тұлғаларды қашанда ұлықтаймыз! Ештеңе де естен шықпайды!

САЯСИ РЕПРЕССИЯ БҮГІН ДЕ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Әміржан Қосан:

- Бүгін, 31-мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн тек қылышынан қан тамған коммунистік дәуірдің ғана емес, елімізде бір адамға табынған қазіргі режимнің де құрбандарын еске алу күні болуы керек! Өкінішке орай, билік осы туралы жұмған аузын ашпайды. Әйтпесе, Арон Атабек бостандыққа шығуы керек еді емес пе?!

1991 жылдан бері билікке қарсы шыққан қаншама азамат қаскөй қанішерлердің қолынан қаза тапты, әділетсіз сотталды, түрме мен абақтыға жабылды, жұмысы мен оқуынан қуылды, шетел асып кетті, баспасөзде қараланды! Соларды да еске алайық бұл күні! Біразы арамызда жоқ, көбісі әлі де ортамызда жүр! Әсіресе, ауыл-аймақта жүріп, билікпен күрескен, күресіп келе жатқан қанщама азаматтар болды, бар да! Шейіт болғандарға - дұға, арамызда жүргендерге - шексіз құрмет!

АТҚАН СТАЛИНДІК ЖҮЙЕ БОЛҒАНЫМЕН, АТҚЫЗҒАН МЕН КӨРГЕН КІМ? 

Ықылас Ожайұлы:

- Социалистік схематизм жүйесінде мансап пен билік, әмәнда тұқым қуалайды деп жатамыз ғой. Рас, ілкідегі зиялыларымыздың обалымен ойнаған бұрнағы шолақ белсенділердің заузаты бүгінде биліктің кез келген жерінде отырған да шығар.

«Жазалының отына жазықсыз күйеді» қағидасымен қарасақ, осы шіркіндер алдағы ата-бабасының алаяқ әрекеттері үшін ар-ұят отына өртеніп, моральдық тұрғыдан мазасыз хал кешуі керек еді ғой. Ендеше неліктен олай болмай шықты? Бұл біздің ұдайы айта беретін тарихтан еш тағылым алмадық, сараптама жасамадық деген жалғыз-ақ ауыз сөзімізге саяды.

Ғылымда РЕСЕНТИМЕНТ деген жекелей түсінік бар. Мұны Абай өлшеміне айналдырсақ: «...Өзімнің иттігімнен болды демей, жеңді ғой деп шайтанға болар көмек». Яғни, өз мінің мен кінәңді мойныңа алмай, өзгеге жабу деген мағынаға саяды.

БҮГІН САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ (Осы күн Сталин мен Голощекиннің жеті бабасын желдей көшіріп, аруағына анофема айтып, қарғыс жаудыратын күн).

Бұл біздің тұрақты түсінігіміз бен мызғымас көзқарасымызға айналғаны қашан...

Біз бұл арада қос қандықолды ақтамаққа ешқандай да талпыныс жасап отырғанымыз жоқ. Тек өзімізді сүттен ақ, судан таза, өзгелерді кісәпір санайтын сәби санамыз (инфантилизм) турасында азғантай сөз шығындап отырмыз.

Ендеше айталық, кешегі Кеңес одағының тұтас территориясын шарпыған қанды репрессияда славьян тектестерді сөз қылмағанда қырғыздан 38, тәжіктен 2, өзбектен 7, ал Қазақстанда 67 мың адамның ажал құшуын нендей қисындармен түсіндіріп бере алар екенбіз? Атқан сталиндік жүйе екендігі айдай болғанмен, атқызған мен көрсеткен кім?

...Жаңаөзен оқиғасын... сосын Заманбек пен Алтынбекті де орыс аттырды деп ойлайсыз ба сонда?

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300