Жер мәселесі түбегейлі шешілді ме?
Осыдан алты жыл бұрын халықты соншалық дүрліктірген жер кодексіне ендірілген екі-үш өзгеріс: «пайдаланылмай жатқан 1,5 млн гектар жерді аукцион арқылы сату немесе жалға беру, 49 жылға жалға берілген жерді сатып алуға иелерін міндеттеу, демек жекеменшікке айналдыру және шетелдік тұлғаларға жерді жалға беру мерзімін 25 жылға ұзарту» еді.
Мемлекеттің бұл қадамы еліміздің болашағын ойлаған азаматтардың наразылығын тудырып, Атырау және басқа қалаларда көп адамдар қатысқан шерулерге ұласты. «Дат» газетіне берген сұхбатында (07.07.2016) Фермерлер Одағының сол кездегі төрағасы Ә. Даринов Ұлттық экономика Министрлігінің жоспары жалға берген жерді иелеріне бір жылдың ішінде сатып алғызып, соның есебінен мемлекет бюджетіне 500-600 млрд қаржы түсіру болғанын айтқан. Сонымен жерді сату және шетелдіктерге жалға беруді 2016 жылдың аяғына дейін тоқтатып, кейін бес жылға мораторий жарияланды. Негізгі мақсат «Нұр Отан» партиясы арқылы үгіт-насихат жұмыстарын үдетіп, көпшілікті жерді сатуға және ұзақ мерзімге шетелдіктерге жалға беруге көндіру еді. Бұл өзгерістердің ешқандай қауіп-қатері жоқ екендігіне сендіру үшін Ауыл шаруашылық министрлігі егістіктердің құнарлығын тұрақты бақылап, «көрсеткішінің төмендеуіне жол бермейміз, агрохимия мекемелерінің қызметкерлері осы жұмысты атқаруға сақадай сай» деп мәлімдеп жатты.
Үстіміздегі жылы 13 мамырда Президент ауылшаруашылық жерлерін шетелдік заңды және жеке тұлғаларға сатуға тиым салу жайлы Заңға қол қойды. Ақпарат көздерінде жарияланған мақалаларда: «Жер сатылмайтын болды», деп бөркімізді аспанға аттық. Бір қызығы жер мәселесі жайлы екі комиссия құрылып, олар қатарласа жұмыс жүргізіпті. Біріншісі көпшілікке белгілі ауылшаруашылық жерлері бойынша, екіншісі орман алқаптары жайлы жұмыс жүргізіп, «оларды 25 жылға шетелдіктерге жалға беруге болады» деген шешім қабылдапты. Бұл ұсыныс ақпарат көздерінде қызу талқыға түсіп, парламентте қабылданбады.
24 сәуірде Президент жарлығымен құрылған ауылшаруашылық жерлері жөнінде комиссиясының соңғы отырысы өтіп, оларды еліміздің азаматтарына сату мен жеке меншікке беруге 5 жылға мораторий жариялау жөнінде шешім қабылданды. Демек жер мәселесін ол толығымен шеше алмады. Белгілі саясаткер Дос Көшімнің «Дат» газетіне берген сұхбатында: «Жерді жеке меншікке беру керек деушілер аз болған жоқ. Бірінші сөз алған ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров мырза бүгінгі таңда бұл аса өзекті мәселе деп өз пікірін дәлелдеуге тырысты. Оны Түркістан мен Қызылорда облыстарынан сайланған комиссия мүшелері де қолдады», депті. Қазір бір гектар жердің құны 400 доллардың айналасында көрінеді. Автор жер сататын тауарға айналғанда, иесі баға көтерілгенде оны сатып, пайдаға кенелетінін жазыпты.
2006 және үстіміздегі жылы құрылған жер комиссиясының мүшесі болған Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасының төрағасы И.А.Сауэр «Ведомости Казахстана» сайтында жарияланған сұхбатында: «У сторонников на частную собственность есть ярые противники и ярые сторонники. Сегодня земля продается налево и направо, но не оффициально», деп екі комиссия да жұмысын жерді жеке меншікке сатуға мораторий жариялаумен аяқтағанына тоқталыпты. Аталған сайт: «Жерді жеке меншікке сатпау жөнінде заң қабылдасақ бизнес пен экономиканы осыдан 40 жыл бұрын орын алған тығырыққа тірейміз», деп байбалам салды. Сонда олар өткен ғасырдың 80 жылдары Қазақ КСР ауылшаруашылығы өркендеген, ет пен сүт өнімдерімен, әсіресе бидаймен бүкіл орталық Азия және Балтық жағалауындағы елдерді қамтамасыз етіп отырғанын білмегені ме?
2016 жылы жер мәселесі жөніндегі ой-пікірімді «Дат» газетінде жарияланған едім, өткен жылы Ұлттық сенім Комиссиясына нақты ұсыныстарымды жібердім. Төменде біраз өзекті мәселелерге тоқтала кеткенді жөн көрдім.
Ауылшаруашылық айналымындағы жерлер кімнің иелігінде? Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2015 жылы елімізде ауылшаруашылық айналымындағы жер көлемі 215, 4 млн болса, оның 24,8 млн гектары егістік екен. Соңғысының 14,4 млн-ы серіктестіктер мен акционерлік компанияларға тиеселі, 9,2 млн - фермер мен шаруақожалықтарына жалға берілген, 387,4 мың га ауылшаруашылық кооперативтерінікі, мемлекеттік заңды тұлғалар қарамағында - 139,4 мың га жер болыпты. Бүгінгі таңда ауылшаруашылық айналымдағы жерлердің 1,3 млн га шұрайлы және құнарлы жерлер немесе 1%-ға жуығы сатылған. Сенат депутаты А.Күрішбаевтың мәліметіне қарағанда, 2002-2016 жылдар аралығында 1,2 млн гектар сатылып, мемлекет бюджетіне 40 млрд теңге түскен, бұл үлкен қаржы емес.
Республика бойынша жер иеленіп отырған шаруа қожалықтары мен басқа заңды тұлғалар саны 189 мыңнан асатын болса, оның 76 018-і яғни 40,2%-ы халық тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысында, 45 936-сы немесе 24,3%-ы Алматы, 16 687-сі яғни 8,8 %-ы Жамбыл облыстарында. Дәнді және майлы дақылдардың басым бөлігін өндіріп отырған Қостанай облысында 5558, Ақмола - 4224, Солтүстік Қазақстан облысында 3046 заңды тұлғалар бар. Енді жеке және заңды тұлғалар жалға алған жер көлемі бойынша талдау жасап көрелік. Оңтүстік Қазақстан облысында 50 гектарға дейін жері бар шаруа қожалықтар саны 58 366, 500 - 1000 гектар аралығындалар - 185, 1000-нан 10000 га дейінгілер – 78, Қостанай облысының салыстырмалы көрсеткіштері - 291, 697 және 735. Алматы мен Солтүстік Қазақстан облысын салыстырсақ, жағдай шамамен осындай. Келтірілген деректер оңтүстік өңірдегі шаруа қожалықтар саны солтүстік өңірмен салыстырғанда он есеге жуық көп, бірақта олардың 94-99%- ның жер көлемі шағын екенін көрсетеді, керісінше солтүстік өңірде ірі жер иеленушілер үлесі 30-40%-ға жетеді, шағын жер көлемі барлар - 17-21%.
Көкөніс, жеміс-жидек, бау-бақша, мақта мен қант қызылшасы сияқты дақылдарды өсіретін оңтүстік өңірді алсақ, онда жердің шекарасы айқындалған, нақты иесі бар. Ескере кететін мәселе - оңтүстік өңірдегі ірі жер иеленушулер негізінен мал шаруашылығымен айналысады, демек олардың қарамағында шөлейт аймақтардағы жайылымдық жерлер. Егемендіктің алғашқы жылдары Премьер Министр қызметін атқарған С.А.Терещенко сияқты бірен-саран жеке немесе заңды тұлғаларда ғана мыңдаған гектар егістік жер бар.
Еліміздің солтүстік өңіріне келсек, мұнда ауылшаруашылық айналымындағы 3 млн гектардан астам жер үш ірі компания немесе холдингтің иелігінде. Мәселен «Иволга» тобының Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында және Ресейдің Оңтүстік Орал аймағында 1,5 млн гектар егістік жері болған. Оның негізгі құрылтайшысы Василий Розинов банкіден алған 80 млн доллар қарызын өтей алмағандықтан сотты болып, 2018 жылы агрохолдинг таратылып, оның орнына «Олжа Агро» бірлестігі құрылған. Аталған холдингке А.Есімовтың қатысы болған көрінеді, ғаламторда оның күйеубаласы Тілеубаев құрылтайшысының бірі болғаны жайлы ақпарат бар. Екінші – мысал ретінде «ҚазЭкспортАстық» АҚ келтіруге болады, оның қарамағында - 1,0 млн егістік жер болған, негізгі құрылтайшысы Р.Молдабеков. Бюджеттен алған 80 млрд-тан аса қарызын өтей алмағандықтан дефолт жарияланған. Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жүз мың гектардан аса егістік жері бар «Агроцентр Астана», «Әлібиастық», «Цеснаастық», «Маслодел», «ЕВРАЗИЯ» тобы және т.б. осы топқа жатқызуға болады. Аталған компаниялардың құрамына дәнді және майлы дақылдарды өсіруге маманданған егістік жер көлемі 20-30 мың гектарға жететін серіктестіктер кіреді, сондықтан, жер кімнің меншігінде екенін нақты айту қиын. Мәселен Солтүстік Қазақстан облысының құнарлы жерлерінде орналасқан «Ясная Поляна», «Вишневский» ЖШС, «Степноишим тәжірибе шаруашылығы» және т. б. жауапкершілігі шектелген серіктестіктер «ҚазЭкспортАстық» құрамына кіреді.
Қостанай облысының Қарабалық ауданының ең шұрайлы жерінде «Зерновая Индустрия» мен «Агротор» деп аталатын ірі шаруашылықтар бар, олардың негізгі құрылтайшысы автокөлік королі Нұрлан Смағұлов көрінеді. Ақмола облысының Щучье ауданы Кенесары ауылында егістік жері 10 мың гектардан асатын «Есіл-АГРО» ЖШС-нің иесі Солтүстік Қазақстан облысындағы бір ауданның әкімі екенін естіген едім. Кезінде Көкшетау облысының әкімі қызметін атқарған Кулагин мырзаның қарамағында 80 мың гектар егістік жер болған. Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданындағы «Тұқым» деп аталатын ірі ЖШС-нің құрылтайшысы Алматы қаласының тұрғыны Талғат Ақаев, шаруашылықты оның сенімді өкілдері басқарды. Осындай серіктестіктердің көпшілігі өз жеріне қоса механизаторлар мен ағарту және т.б. мекеме қызметкерлерінің, Ресейге қоныс аударған жер иелерінің үлесін сатып немесе қосып алған. Сондықтан ауылшаруашылық жерлерінің жекеменшікке айналғаны латифундистерге тиімді, бүгінгі таңда оларды жеңілдікпен меншігіне айналдырып, арада біраз жыл өткеннен кейін қымбатқа сатып байлыққа шаш етектен кенелуі мүмкін.
Бәсекеге ірі мамандандырылған шаруашылықтар төтеп бере алады. Егемен еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі көрсеткіші болып саналатын астық, сонымен қатар майлы дақылдар мен іріқарамал өсіруге мамандандырылған ірі шаруашылықтардың жері мемлекет немесе ұжым меншігінде болғаны жөн, жекеменшікке сатылмауы керек. Олар өнімділігі жоғары заманауи техниканы тиімді пайдаланып, бәсекеге төтеп бере алатын ауылшаруашылық өнімдерін өндіре алады. Мәселен көп жылдан бері И.А.Сауэр басқаратын, Елорданы азық түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасын алайық. Ол ылғал мардымсыз түсетін аймақта 50 мың гектар егістік жерде дәнді және майлы дақылдар егіп, 6 мыңға жуық асылтұқымды мүйізді іріқарамал өсіріп, жемшөппен толық қамтамасыз етіп отыр. Серіктестіктің құрылтайшылары 450 адам, ішінде оқытушылар, дәрігерлер және т.б. бюджет қызметкерлері бар. Бір кезде агрофирманы өндірістік кооператив ретінде тіркемек болған екен, заңға сәйкес құрылтайшылар міндетті түрде сол мекемеде жұмыс істеуі қажет, сондықтан ЖШС ретінде қалыпты. Оның орталығында тұрғындар үшін бәрі жасалған, спорттың неше түрімен айналысуға арналған кешендер, балалар бақшасы, мектеп, мәдениет үйі, мұражай, шіркеу, кафе, мейрамхана, дүкен сөрелерінен күнделікті өмірге қажет азық түлік өнімдерімен қатар, басқа тауарлардың бәрі табылады. Жас мамандар үшін арнайы салынған жаңа жекежайлар, ауыл тұрғындары мен өнеркәсіп нысандарын электр энергиясымен қамтамасыз ететін қуатты жел қондырғылары, орталық жылу жүйесі.
«Ведомости Казахстана» сайтына берген сұхбатында Иван Адамович: «Почему у Сауэра и Зенченко получилось развитие своего хозяйства, потому что, они друзья Президента», - деп ойлайды жұрт деп келіп, :«На самом деле мы пахари, хорошо знаем свою отрасль, 34 года руковожу этим хозяйством. Сам здесь живу, и дети мои живут здесь и внуки. Я считаю, что настоящий патриотизм заключается в том, чтобы жить жизнью своей страны, а не кататься по заграницам. У нас принято считать, что сельское хозяйство бедное. Но есть среди труженников АПК те, кто покупают личные самолеты и яхты. Я не знаю? Почему в нашей стране не принято искать успех в труде? Чего стоит ситуация в машиностроении, вложили в его развитие миллиарды, видимого эффекта нет. Вы посмотрите сейчась северный Казахстан задавили сеялкой «Омичка», которую везут из России. Но это же казахстанская сеялка, её делал «Казахсельмаш» и весь Советский Союз у нас покупал», - деп түйіндепті
2015 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданындағы тың игеру кезінде құрылған «Харковский» кеңшарының негізінде ұйымдастырылған С.Б.Буканов басқаратын «Қаркен» серіктестігінің жетістіктерімен танысқан едім. Сайран Бәлкенұлы көп жылдан бері осы шаруашылықты басқарады, жаппай жекешелендіру кезінде кеңшардың тоз тозын шығармай сақтап қалған. Дәнді және майлы дақылдар өсірумен айналысады, егіс көлемі 20 мың гектарға жуық. Серіктестік құрылтайшылары механизаторлар мен мамандар. Топырақ өңдейтін, тұқым себетін, егістерді күтіп, баптайтын, өсірілген өнімді жинайтын заманауи техникалармен толық қамтамасыз етілген. Ауыл көшелері тап таза, тұрғын үйлер айналасында жасыл желектер мен гүлзарлар жайқалып тұр. Онбір жылдық мектеп, балалар бақшасы, дәрігерлік пункт, бәріне серіктестік көмек жасайды. Жұмысшыларға арналған кең таза асханадан дәмді түскі ас іштік, ауыл тұрғындарының той томалағы да осында өткізіледі екен. Президенттің жарлығымен С.Б.Буканов Еңбек Ері атағымен марапатталыпты. Осы сияқты жеке басының ғана емес, ауыл тұрғындарының жағдайын ойлайтыншаруақожалық құрылтайшылары басқа облыстарда да бар. Осыдан онжылдай бұрын Талдықорған аймағындағы О. Баяділов басшылық еткен серіктестіктің жұмысынан да жақсы әсер алған едім.
Ірі мегаполстер айналасындағы аса құнды жерлерді жекеменшікке немесе жалға беруге бола ма? Әсіресе орман алқаптары мен көлдер және табиғи қорықтарды жекеменшкке сату, немесе ұзақ мерзімге жалға беру неге әкеп соқтыратыны жайлы да тоқтала кеткенді жөн көрдім. Тәуелсіздік жылдары Алматының айнасындағы тау баурайындағы табиғаты әдемі жерлерді қаржы жымқырудың айлалы жолын білетін, түйені түгімен жұтатын дүниеқоңыз шенеуніктер мен кәсіпкерлер табыстың қайнар көзіне айналдырды. В. Храпунов қала әкімі болып тұрғанда Алатау бөктері мен өзен арналарының жағалауындағы жерлерді мемлекет шенеуніктері мен тамыр таныстарына бөліп берді. Оңтүстік астананың символына айналған Шымбұлақты коммерциялық игеру 1997 жылы басталып, 2007 жылы И. Тасмағамбетов қала әкімі болып тұрғанда онымен қатар Медеу аймағындағы ауқымды жер бөліктері 49 жылға жалға берілді. Ұлттық саябақ аумағындағы заңсыз берілген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі Бірінші Президент пен құқық қорғау органдарының тапсырысына қарамастан, қалған жерді 2017 жылы Бауыржан Байбек үлестірді.
Туристік меккеге айналдыруға болатын «Chimbulak Development» компаниясына жалға берілген Шымбұлақ таушаңғысы курортының жағдайы қазір адам аярлықтай аянышты көрінеді. Оның құрылтайшысы Қайрат Боранбаев, Елбасының құдасы, қайтыс болған Айсултанның атасы, кезінде «Росгаз» бен «Қазгазды» басқарған. Ақпарат жүйесіндегі мәліметтерге қарағанда ол жобаны толықтай іске асыра алмай, үлкен қаржылық шығынға - триллион теңгеге ұшырапты. Қ. Боранбаев ірі кәсіпкер, Қазақстан мен Ресейде бірнеше мейрамхананың, Алматыдағы «Capiye partners», «Esentai Mall», «Esentai Tayer» сауда орталықтарының, «Рахат Палас» қонақүйінің иесі. Оның байлығы 350 млн доллар көрінеді.
Не себепті ауылда мал жаятын жерлер жетіспейді? Көбінесе халық тығыз орналасқан оңтүстік өнірде жиі кездесетіні күнделікті ақпарат көздерінен белгілі. 1990 жылы жаппай жекешелендіруге дейін Қазақстанда 36,4 млн қой мен ешкі өсірілген, қазір 22 млн-нан аспайды, демек саны екі есеге жуық кеміген. Ірі қарамал салыстыра алғанда 4 419 мыңнан 8,8 млн-ға, жылқы - 1 618 мыңнан 3,2 млн- ға, түйе - 142,5 мыңнан 243 мың басқа өскен. Бұрын жыл мезгіліне байланысты мамандандырылған кеңшарлар мен ұжымшарлар жайылымды ауыстырып отыратын, төрт түлікті жаз айларында жайлауда, күз, қыс мезгілінде күзем мен қыстауда бағатын. Жайылымдық жерлердің жетіспеуінің басты себебі жекелеген ірі шаруақожалықтар болмаса, малдың көпшілігі алысқа ұзамай ауыл маңында жайылады. Осыған байланысты мал тұяғымен олардың топырағы нығыздалып, шығымдылығы төмендеген.
Сонымен қатар елді мекендердің айналасындағы біраз жерлер, әсіресе суғармалы танаптар, жалға берілген, немесе жекеменшікке сатылып, иелері өзіне тиеселі жерін қоршап алған, немесе мал кірмесін деп айналасына ор қазған жағдай да кездесуде. Мәселен Алматы облысы Кеген ауданындағы «Жаңа Ақтасты» деп аталған серіктестік бұрын мемлекет меншігінде болған «Тасашы» тәжірибе шаруашылығының барлық жерін тікенді сымтемірмен қоршап алып, ауыл тұрғындарының малдарын жайып, жепшөп дайындайтын жерлерін тарылтып қыспаққа алған. 6000 бас асыл тұқымды сиыр тұратын кешенді салу үшін тек 2019 жылы 1,9 млрд тенге қаражат жұмсалған. Қазір мал санын 1500 басқа әрең жеткізіпті, жемшөп қорын өндруді жолға қоя алмағандықтан, мал азығын 200-300 шақырымнан тасымалдауда. Өткен жылы Бөлексаз елді мекенінде орналасқан «Meet Processing und Service» ЖШС- нің елуден аса шетелден әкелінген асыл тұқымды сиыры індеттен қырылып, өлекселері өртелінбей, қидың астында сақталуы ауыл тұрғындарының наразылығын туғызды.
Кәмелетке толған әр азаматқа 10 соткадан жер телімін неге бере алмаймыз? Осыдан он жылдай бұрын мемлекет арнайы қаулы қабылдап, қала тұрғындарына үй салу үшін 10 соткадан тегін жер телімдерін бермек болған, бірақ ол толығымен іске аспады. 2016 жылы жарияланған ақпаратқа сәйкес тұрғын үй салу үшін жер алуға Алматы қаласы бойынша 200 мыңға жуық, Астанада 100 мыңдай адам тіркелген көрінеді.
Егемендіктің алғашқы жылдары Алматының айналасындағы жеміс беріп тұрған бақтар түбімен қопарылып орнына биік дуалдармен қоршалған 2-3 қабат қамалдар мен көпқабатты зәулім үйлер салына бастады. Қыс кезінде түбімен қопарылған алма ағаштары көктемде гүлдегені есімде, Апортты осылай құрттық. Бұрын ауылшаруашылық мақсатында пайдаланылып келген қала маңындағы жерлер 7-10 соткадан телімдерге бөлініп сатылды. Оңтүстік астана айналасындағы ұжымшарлар мен кеңшарлардың жұмысшылары көбінесе соғыс жылдары Кавказдан жер аударылғандар еді. Сатушылар көбінесе солар, ал сатып алушылар кеңшаралар мен ұжымшарлар таратылуынан жұмыссыздық белең алған ауылдардан, Қарақалпақстан, Семей және басқа аймақтардан көшкен ұлтымыздың азаматтар болды. Табысы мол - мұнайлы өлке Атыраудан келіп, Алматы төңірегінен жер алып, жайғасқандар да аз емес. Бастапқыда бір жер телімінің бағасы 1-2 мың доллардан аспаса, бірте-бірте шарықтап қала түбіндегі бір сотка жердің құны 50-70 мың долларға дейін көтерілді. Сол кезде менің бір көршім жекежайымен қоса 10 сотка жерін 700 мың долларға сатқан еді. Маңдай терсіз байлыққа кенелген қалталы депутат, әлі жарты ғасырдай тұратын екі қабат үйді сыдырып, орнына автокөлік жуатын кешен салды.
Мен қаланың күнбатыс жағында орналасқан, Рахат шағын ауданында осыдан 50 жылдай бұрын ғалымдар үшін арнайы салынған коттежде тұрамын. Күнделікті Асқаров және Сыдықов көшелерінің бойымен серуендеймін, жолдың екіжағында бай манаптар мен олигархтар тұратын хан сарайынан кем түспейтін екі үш қабат үйлер, әрқайсысының жер аумақтары жоқ дегенде 10-15 сотых. Елбасы мен құдасы Көлебаевтар әулетінің гольф алаңдарының аумақтары 20-30 гектардан кем емес. Оңтүстік астананың маңындағы шұрайлы жерлер осылай талан таражға түсті. Менің нақты білетінім Алматының батысы мен шығысы және солтүстігіне қарай 50-60 шақырым аумақта бос жатқан жер жоқ, бәрі бөлінген, иелері бар. Одан ары тіршілік нәрінсіз шөлейт дала, немесе тау-тастар, ондай жерді алуға кім барады?
Жерді тиімді пайдаланудағы Қытай тәжірибесі. Жер реформасын дайындағанда өндірісі қарқындап дамыған 1,5 миллиардқа жуық халқын жұмыс және азық түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған көршіміз Қытайдың төжірибесіне назар аударған жөн болар еді. Қандасымыз Сейтқамызұлы Abai.kz порталында жарияланған мақаласында Қытайда жердің түпкілікті иесі мемлекет екенін, егістік пен жайылымдық жерлер ауылдағы отбасы мен әрқайсысындағы жан басын ескере отырып бөлініп берілетініне тоқталыпты. Автор біздің елде реформа қате жүргізіліп жатқанын, жерді ешқашан тауарға айналдырып сатуға болмайтынын, оны сатып, жалға беріп, елдің еңсесін көтерем деген ойдан арылу керек екеніне тоқталыпты.
Құқық саласын жақсы білетін қандасымыз, заң ғылымдарының магистрі Бағашар Мұхамеджанұлы Қытайда 1987 жылы екінші рет жер реформасы жасалып, ол әр отбасының жан санына байланысты келісім шарт арқылы ауыл тұрғындарына үлестірілетінін, малшыларға төрт маусымдық жайылым (көктеу, қыстау күзеу, жайлау), егін салатын суғармалы жер берілетінін жазыпты. 1997 жылы үшіншші рет реформа жасалып, егістік жерді жалға беру 30 жылға, жайылымдық - 50, орман алкапттары 75 жылға ұзартылыпты. Автор бұл елде жерді сату, түбегейлі жекеменшікке беру жоқ, ол қылмыс ретінде саналады - деп ойын түйіндепті.
Ақмола облысынының Родина агрофирмасын біраз жылдан басқарып келе жатқан Иван Адамович Сауэр «Общественная позиция» газетіне 2016 жылы 26 мамырда берген сұхбатында: «Я все- таки считаю, что надо прописать в законе: «Попытка продажи земли иностранному гражданину приравнивается к измене Родине, и это людей успокоит», - деп өз пікірін білдірген екен.
Менің ұсыныстарым. Комиссияның белсенді мүшесі, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанның ҚР азаматтарына ауылшаруашылық жерлерін түбегейлі сатуға тиым салу жөніндегі ұсынысын қолдаймын. Тұрғын үй немесе жекежайдың айналасындағы жерге ғана жекеменшік құқығы сақталуы керек. Қалада оның көлемі 0,05-0,10, ауылдық елді мекендерде 0,15-0,25 гектардан аспағаны жөн.
Кодексте ауылшаруашылық жерлерін 50 жылға жалға берілетіні, ары қарай да ұзартылатыны жазылған, демек жер әкеден балаға, одан немере шөбереге қалады деген сөз. Оның мерзімін 20-25 жылмен шектеп, иесі тиімді пайдаланса 10-15 жылға ұзарту қажет. Егер қазір айналымдағы жердің бәрін жалға беріп немесе сатып жіберсек, үлес тимегендер, әсіресе ұлтымыздың 1/4 жуығы тұрып жатқан оңтүстік өңірдің азаматтары, олардың балалары мен немерелері не істемек? Жер иелерінің жалдамалы жұмыскерлеріне айналмақ па?
Жалға берілетін ауылшаруашылық жер көлемін шектеу қажет, ондаған, тіптен жүздеген мың егістік жер бір жеке немесе заңды тұлғаға берілмеуі керек. Солтүстік өңірде жеке тұлғаға жалға берілетін жер көлемі 1000-2000, заңды тұлғаға - 15-20 мың гектардан, халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірде бұл көрсеткіш тәлімі жерлерде он есеге жуық төмен, суғармалы жерлерде 10-20 және 100-200 гектардан аспағаны жөн.
Кезінде қызмет бабы мен тамыр-таныстықты, елімізді жайлаған жемқорлықты пайдаланып, меншігіне ауылшаруашылық айналымындағы және көпшілік демалатын, серуендейтін жерлерді иеленгендер оларды мемлекет меншігіне қайтаруы қажет. Жұртшылық жер иесінің қанша жері бар, одан қандай табыс тауып, мемлекет бюджетіне қанша салық төлеп жатқанын нақты білуі қажет.
Жер комиссиясының мүшесі болған, сенат депутаты А. Қ.Күрішбаевтың ауылшаруашылық жерлері сатылмау керек, бірақ жерді жалға беру құқығы сатылу керек деген ұсынысынқолдамаймын. Мәселен, латифундистің онбес мың гектар жері болса, сонда оның пайдалану құқығын бөлшектеп бірнеше адамға сатып, маңдай терсіз орасан пайда табуы мүмкін.
«Инвестиция құйылып жатыр», - деп жер астындағы байлықтарымызды шетел компанияларына таратып бергенімізге мәз болмай, ауылшаруашылық жерлерімен қатар, жалпы Жер мәселесі, оның қазба байлықтарын, әсіресе жыл асқан сайын тапшылығы арта беретін су ресурстарын тиімді, халық игілігіне пайдалану, оларды болашақ ұрпақтарға аманат етіп қалдыру әр азаматтың борышы болу керек.
Жер заңы мен кодексі жайлы Бүкілхалықтық референдум өткізуге де болар еді, бірақ дауыс беретіндердің көпшілігі қалада тұратындықтан (40% ауылда тұрып жатыр деген ақпаратқа сенбеймін) он сотық жерді тегін береміз дегенге мәз болып, жерді жеке меншікке сату керек деп дауыс беруі мүмкін.
Мұрат Қойшыбаев
Abai.kz