Нығматулиннің ұлы «Казфосфатқа» бастық болды
ҚР Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы Қазақстандағы фосфат өндірумен айналысатын бірегей компания «Казфосфат» ЖШС-ның төрағасы болды. Нұрхан Нұрланұлы бұл қызметке компанияның бұрынғы басшысы Мұқаш Искандеров кеткеннен кейін тағайындалған.
«Казфосфат» ЖШС - теміржол-көлік кешенінің көмегімен фосфаттарды өндіруден бастап, жеткізуге дейінгі толық өндірістік желіні иеленетін Қазақстан аумағындағы бірегей компания.
Ал, 27 мамыр күні компанияның сол кездегі басшысы Мұқаш Искандеров әлеуметтік желідегі парақшасында «Казфосфат» басшылығынан кеткенін жазған.
«Құрметті әріптестер! Құрметті достар! Осы жылдың 26 мамырында мен қырық жыл жұмыс істеген «Казфосфат» ЖШС-нің бас директоры қызметінен кеттім.
Мен өзімнің тобыма керемет кәсіби және адами қасиеттері үшін алғыс айтамын. Біз алдымызда тұрған қиындықтарды жеңу үшін көп нәрсе істей алдық. Мен сіздерге төзімділік пен кәсіби шеберліктеріңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін!»,- деп жазды ол.
Одан кейін «Казфосфаттың» Instagram парақшасында мамыр айының соңғы жексенбісінде атап өтілетін химия өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жөнінде ақпарат салынды. Онда компанияның жаңа басшысы Нұрхан Нұрланұлы екені айтылады.
«2021 жылы 28 мамырда үздік қызметкерлерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсімін «Казфосфат» ЖШС бас директоры Нұрланов Нұрхан Нұрланұлы ашты. Ол жиналғандармен амандасып, сала ардагерлеріне және компанияның кәсіпорындарында жұмыс жасайтындарға химия өнеркәсібіне қосқан құнды үлестері үшін алғысын білдірді»,- деп жазды компанияның әлеуметтік желідегі парақшасы.
Айта кетейік, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллиннің үш ұлы бар:
Нұржан Нұрланов - 1988 жылы туған. «ҚазМұнайГаз - Аэро» ЖШС-ның бас директоры.
Бұған дейін ол «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қаржы жөніндегі басқарушы директоры, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі»АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі, «ҚазТрансГаз» АҚ Басқарма мүшесі, «КазРосГаз» ЖШС Басқарма мүшесі, Қазақстан триатлон федерациясының тұрақты мүшесі, Каратэ-до WKF және Астанадағы дәстүрлі жекпе-жек өнері федерациясының құрметті президенті сынды лауазымды қызметтер атқарған.
Нұрхан Нұрланұлы - 1993 жылы туған. «Казфосфат» ЖШС бас директоры. Бұған дейін ол RBK банк басқарма төрағасының орынбасары, «KAZChemicals» ЖШС басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
Мәди Нұрланұлы - 2003 жылы туған.
Одан бөлек, Мәжіліс төрағасының інісі Ерлан Нығматуллин Қазақстанның ең ықпалды кәсіпкері ретінде Forbes тізіміне енген.
Ол «Сарыарқа Нан Қарағанды» ЖШС, «Балқаш Нан» ЖШС, «Пульс» ЖШС (бөлшек сауда, қонақ үй бизнесі, қалааралық жолаушылар тасымалымен айналысады), «Оркен Медиа» ЖШС және «Trend Capital» ЖШС (ауыл шаруашылығы) наубайханаларының жалғыз құрылтайшысы.
Сондай-ақ, «Вираж Сервис Қарағанды» ЖШС, «Авто логистикалық Қарағанды» ЖШС, «Qaz Qarbon» ЖШС, «Кварцит» тау-кен компаниясы, «Шығыс Өндіріс» ЖШС, «ЭКО ГлобалИнвест» ЖШС, «Ұлытау Нан» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы.
Кәсіпкер сонымен қатар, «АгроКапитал» ЖШС, «Тренд Капитал» ЖШС, «Тренд Плюс» ЖШС, «Тобыл Нан» ЖШС, «Сарыарқа Нан Қарағанды» ЖШС және «YDD Corporation» ЖШС акцияларына ие.
«Атамекен» ҰҚК Төралқасының, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жанындағы полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz