Жаңа авторитаризм және екі ғасыр жобасы
Қытай мәдениеті мен өркениеті Батыс үшін де, Шығыс халықтары үшін де ғажайып сырлы әрі жұмбақ болып келеді. Дүниеге танымал төрт өркениеттің ішінде ғасырлар қойнауынан көктей өтіп, үздіксіз жаңаланып, жаңғырып, жаңа қан құйып, билік жүйесі қаншама рет жаңаланса да тегі мен тамырын жоғалтпай, миллиардтаған халықты айрандай ұйытып, бүгінге жетіп отырған бірден-бір өркениет ретінде есте қалып отыр.
Тарихта көрші жатқан көшпелілер осы топырақта Ляо [кидандар], Таң, Юань, Цинь сынды алып империялар құрды. Соңынан Қытай өркениетінің құрамына айналып кетті. Халқымыз айтатын «көп қорқытады, терең батырады», деген осы шығар.
Әр империя ыдырап, тарих сахнасынан шегінгенде бұл үдеріс зобалаңға айналып, зиянын қарапайым халық тартып отыратын бұл құбылыс біртіндеп халықтың менталитетіне айналып кеткен сияқты. 1946 жылы Жапонға қарсы соғыста жеңіске жеткеннен кейін, сол кездегі Қытай компартиясының орталығы - Яннаньға келген бір топ Қытай интеллигенттері төраға Маодан осы қауіпті синдромнан құтылудың жолын сұрағанда, Мао: «Оның жолын таптық, ол – биліктің халықтың қолына өтіп, демократияның салтанат құруы», деп жауап береді. Бұл жауап сол кезде бүкіл интеллигенция мен қарапайым халықтың жүрегіне жол табады. Әрине, кейінгі жағдайдың басқаша болғанын жұрттың бәрі біледі.
Дәстүрлі мәдениет пен интеллигенция және Қытай буржуазиясына арқа сүйеген Гоминь үкіметі үлкен-кіші милитаристерді, көтеріліс жасаған компартияны қатаң жазалағанымен, тұтас Қытайды бірлікке келтіре алмады. Аяғы екінші жиһан соғысына килігіп, Жапон милитаризм шапқыншылығына ұшырады.
«Үш үлкен таудың [империализм, феодализм, капитализм]езгісіне ұшыраған [Маодың сөзі]» Қытай халқы жаңа шығар жолды жаңа «изм» – коммунизмнен іздеді. Әуелі бұл «измді» Қытайға алып келген, насихаттаған - Пекин университетінің мүйізі қарағайдай профессорлары Cheng DuXiu мен Li DaZhao мырзалар болса, ары қарай ішкі соғыс кезінде жалғап кеткендер - талабы таудай, ұлтшыл, орайшыл жастар еді. Қытай компартиясы билікке келгеннен кейін 1955 жылы Парижде шетел журналистері сол кездегі Қытайдың премьер министірі Zhou Enlai мырзадан: «Сіз әлемге Қытайдың көзімен қарайсыз ба, әлде коммунисттің көзімен қарайсыз ба?» деп сұрағанда, Ол: «Мен алдымен Қытайдың өкілімін, одан кейін ғана коммунистпін», деп жауап береді. Кейінгі саяси оқиғалар мен үдерістер Қытай коммунистері үшін әрқандай «изм» билікке жету үшін қолданар тәсіл екені оларға әсте мақсат емес екенін дәлелдеп берді.
Бүгінгі жер шарының саяси, әкімшілік картасы екінші дүниежүзі соғысын аяқтау алдында, одақтастар елінің басшылары Рузвельт, Черчилль, Сталин сынды үш жоян Тегеран, Ялта қалаларында кездесіп, өзара саудаласа, кеңесе отырып қалыптастырғанын бұл күнде елдің бәрі біледі. Сонымен, Неміс, Корей, Вьетнам екіге бөлінді. Кескілескен соғыс жүргізіп жатқан коммунистер мен Гоминь үкіметіне одақтастар тарапынан ChangJiang өзенін шекара етіп, екі билік құру ұсынысы ортаға қойылды. Бірақ, коммунистер бұл ұсынысты қабылдамады.
Қытай негізінен бірлікке келді. Өз халқының менталитетін жақсы білетін, билікке қандай тәсілдермен келгенін ұмытпаған коммунистер ішкі-сыртқы саясатта тегеурінді бағыт ұстанды. Өзгеше ойлайтындар мен билікке иегі қышып ортақтасқысы келетіндердің ешқайсысын аямады. Пропоганданы монополиялап алды. Интеллигенция бұрынғы Гоминь үкіметі заманымен жылап көрісетін болды. Жеке басқа табыну шегіне жетті. Партия мен армияның қатаң бақылауы мен ұйымдастыруында, «үлкен көке» - совет одағының зор көмегімен алғашқы бес жылдық жоспарлар іске асып, экономиканы қайтадан құрып, сауықтыру модернизациялау орындалды. Алғашқы ядролық қаруға ие елдердің қатарына кірді. Әрине, бұның бодауы аз болған жоқ. Аштық, саяси қуғындау, таусылмайтын науқандар, жазықсыз жандардың көз жасы, текке төгілген қаны, бәрі де мемлекет деген алып машинаның мүддесіне қызмет етті.
Билікке Дэнь Сяо Пинь келгеннен кейін ішкі саясатта жалғасты төңкеріс жасап, таптық күресті арқау ету тоқтап, барлық күш экономикалық құрылысқа аударылды. Сыртқы саясатты әлем елдеріне төңкеріс тасымалдау, ішкі істеріне килігу тоқтап, инновация тартып, реформа жасап, есікті айқара ашу басым бағытқа шықты. Нарық дендеп еніп, жерге жекеменшік қалыптасып, халықтың санасында, өмірінде өзгерістер пайда бола бастағанда Қытай қоғамы жаңа қайшылықтарға бет келді. Зат құнсызданып, ақыл-ой еңбеккерлері қиындық қыспағында қалды. Ақшаға табыну басым құндылыққа айналып, ұры-қары мен орайшылдардың жолы болды. Дәрігердің қолынан сатыраштың қолы, мұғалімнің аузынан алыпсатардың айқайы мол табыс көзіне айналды. Бүкіл Қытайды сенім дағдарысы жайлап жезөкшелік, құмарпаздық қоғамның дертіне айналды. Біреулер шығар жолды Батыс демократиясынан іздесе, енді біреулер Конфуций идеясына жүгінді. Реформаторлар мен консерваторлар ашық майданға шығып өліспей беріспеуге қамданды. Мұның соңы 1989 жылы Тяньаньмэнь оқиғасына жалғасып, ішкі соғыстың қауіпі төнді. Кәрі тарлан Дэнь қайтадан сахнаға шығып: «Тұрақтылық – бәрінен де жоғары», деп кесіп айтты. Бас секретарь Джао саясаттан кетті, бейуаз студенттердің қаны төгілді, біраз батысшылдар иммиграцияға кетті. Өз халқының менталитетін, тарихын, халықаралық ойындарды жақсы білетін, талай тар жол - тайғақ кешуден өткен Дэнь ақсақал партия мен армияға сүйене отырып, экономикалық реформаны жалғасты түбегейлі жасады. Марксизм, ленинизм идеялары бірте-бірте қолданыстан азайып, қытайлық ерекшелікке ие социализм теориясы қалыптасып, практикадан өте бастады.
Бас секретарь Джаоның айналасына жиналған еркін ойлы ақылшылдар мен саясаттанушылар ортадан шеттетілді. Қытайға құйған миллиардтаған инвестициясын ойлады ма, әлде басқадай ымыраға келді ме?.. Батыс алғашқы арынынан қайтты. АҚШ елшілігіне қашып барып паналаған демократ ғалым Фан мырзаны экс-мемлекеттік хатшы Киссинджер еліне алып кетті. Қытайға қатаң санкция салынбай, дағдарыс бәсеңдеді.
Батыс ендігі стратегиялық мақсаты «бейбіт жолмен өзгерту» бағытына көшті. 1995 жылы Қытайдың қазіргі бас идеологы Уаң Хуниң мырза Шанхай Фудан университетіндегі басшылық қызметінен ауысып, ҚХР орталық партия комитетінің жанындағы орталық саясат зерттеу институтына келді. Идеология саласында талас тартыс әбден шегіне жетті. «Тегіміз социализм бе, әлде капитализм бе» деген сұрақ төтесінен қойылды. Саяси күресте үш рет құлап, үш рет тұрған прагматик реформатор Дэнь ақсақал «ең жақсы жауап - даму», деп оңтүстік сапарын қорытындылады әрі «реформа жасамаған адамға билікте орын жоқ», деп партияластарына ескерту жасады. Жері кең, жан саны мол көп ұлтты, көп дінді мемлекетке Батыстың жалпыға ортақ, біріңғай құндылықтары сай келмейтінін, компартияның мүмкіндігі таусылмағандығын, орталыққа бағынған тегеурінді билік қана даму мен реформаның кепілі болатындығын теориялық жақтан дәлелдеді. Сонымен, жаңа авторитаризм Қытайдың ішкі-сыртқы саясаттағы бағытын белгілейтін басты идеология болып қалды. Қытайдың экономикалық табыстары әлемді мойындатты. Әлемдегі ең үлкен өндіріс ошағына, экономикалық қуаты АҚШ-тан кейінгі екінші ірі ел деп танылды. Инфрақұрылым ерекше дамыды, шағын қалалар мен ірі қалаларды тұтастырған автобандар өрмекшінің торына ұқсап кетсе, ірі қалалар арасын жоғары қарқынды теміржол тұтастырып тұр. Әсіресе батыс-оңтүстік пен батыс-солтүстікті тұтастырып тұрған екі ірі қала - Чэнду мен Сиянь арасындағы 1000 километр ұзындықты жалғап тұрған жоғарғы қарқынды теміржолдың 800 километрі түгелдей тауды тесіп, туннельмен жалғасып, тарихта «Сычуань жолы – қиямет жолы» деген нақылды ұмыттырды. Ал Гонконг, Макао, Гуаньдонь тұтастыра теңізге салынған көпір тағы бір керемет ретінде айналасын таңдалдыруда.
Бұл күнде үш буын биліктің идеологы атанған Уаң Хунин мырза биліктің ұшар басындағы жеті адамның қатарына кірді. Дэнь ақсақалдың қолайына жаққан, сақа болған оқымысты ешқашан өз атымен сұхбат бермейді, көлбеңдеп көгілдір экранға жүгірмейді. Сабырлы қалпынан жазбай, ішкі ойын бүгіп қалады. Цзянь Цзэминьнің «Үшке уәкілдік ету» идеясы, Ху Цзинь Таоның «Ғылыми даму көзқарасы» Си Цзинь Пиньнің «Жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелікке ие социализм» идеясы, «екі ғасыр» жобасы мен «Жібек жолы: бір белдеу-бір жол» жобасы осы кісінің ақыл парасатымен айналымға шықты. Компартияның билікті сақтап, реформаны тереңдетіп, халықтың тұрмысын жақсартудағы басты бағдарламалық құжаты болып қалды.
Интернет дамып, әлем бір-біріне жақындай түскен, экономикалық текетірес, ақпараттық шабуыл үдеген мына саясиланған дәуірде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, кімдікі ақиқат, кімдікі сандырақ, деп таласып, екілеудің керегі жоқ. Билікті қолдан шығармай, нақты жұмыстармен айналысып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту басты нысана болуы керек. Ол үшін дамушы елдерді тегеурінді басшы ғана билікті ортаға шоғырландыра отырып, мемлекетті алға сүйрейді. Әрине, мұндай тұжырымға бас идеолог ойжота келе салған жоқ. Қытайдың бұрынғы-соңғы тарихын жақсы білген әрі өз ұлтының менталитетін, осал жерін тамыршыдай дәп басып барып келген болу керек. Екі жаһандық соғыстан кейінгі Азия, Африка, Латын Америкасы тарихындағы саяси дағдарыстар мен ішкі соғыстардың тәжірибесінен ащы сабақ алған болу керек. Қытайдың кедейшілікпен жүргізген күресінің 70%-ы орындалғанын БҰҰ мойындап отыр. Былтырдан бергі пандемиямен күресте өз халқының шып-шырғасын шығармай, әкімшілік ресурстарды қатаң қолдана отырып індетті тізгіндегенін еске алсақ, авторитаризм Батыстың сынына қаншама ұшыраса да заңдық танымы төмен, мәдениет өресі шекті дамушы елдерге керек екенін мойындамасқа шара жоқ.
Мао бастаған бірінші буын басшылар қарулы күрес арқылы билікті тартып алып, Қытайды біріктірді әрі аяғынан тұрғызды. Ал Дэнь бастаған басшылар Қытайдың экономикасын көркейтіп, дамудың даңыл жолына түсіріп, көкжиегін кеңейтті. Енді Си бастаған бесінші ұрпақ жаңа технология мен партиялық идеологияға сүйене отырып тілді, дінді, ұлтты тұтастандырып, құдіретті «қытай арманын» іске асырмақшы. Бұның бәрі жоғарыдағы «екі ғасыр жобасында» айқындалып, теориялық жақтан тұрақтандырылған.
Осы жылы шілде айының бірі күні Қытай компартиясының дүниеге келгеніне жүз жыл толса, алда 2049 жылы ҚХР-ның жүз жылдығы аталып өтеді. Жоспар бойынша алғашқы жүз жылда Қытай бүкіл инфрақұрылымды жаңартып, кедейлерді сүйемелдеу жоспарын 70%-ға орындаған. Марсты игерген Қытай келесі мерейтой қарсаңында экологиясы жақсарған, инновациясы күшейген, жоғарғы технологияға арқа сүйеген құдіретті елге айналмақшы. Сонымен бірге «әлемдік қалыптасқан тәртіпте өзгертуші емес, керісінше толықтырушы болмақшы». Қытайдың экс-сыртқы сауда министірінің орынбасары болған, ұзақ жыл Қытайдың дүниежүзі сауда ұйымына кіру үшін құрылған комиссияның бас өкілі болған, кейін Боау форумының бас хатшы әрі негізгі ұйымдастырушысы болған, ашық ойлы пікірімен Батыс сарапшылары санасатын Long Yingtai мырзаның пікіріне жүгінсек, «біріншіден, қай заманда бүкіл әлемнің сорпа бетіне шығарлары балаларын Қытайға жіберіп оқытады, керісінше, бүгінгі замандағыдай ұрпақтарымызды Америка Европаға жібермейміз? Екінші, қай заманда жер шарының жастары Қытайдың киносын, мәдениетін, кітаптарын сүйіп оқитын болады, керісінше, бүгінгідей Америка мен Европаның кино, кітаптарын көріп музыкасын тыңдамаймыз? Үшінші, қай заманда жер шарының тұтынушылары Қытайдың атақты маркаларын алдымен тұтынады?» Long мырзаның отандастарына қойған үш сұрағы біраз нәрсенің күрмеуін шешіп, жауабын тауып бергендей. «Қытай арманы» іске асып жатса, ежелгі өркениеттің отаны, әлемдік инновацияның көшбасшысына айналып, жер шарының толық қанды мүшесі ретінде көптеген жауапкершілік арқалауы сөзсіз.
19 ғасырда Наполеон Бонопарт сырлы Шығыс туралы: «Ұйқыдағы арыстанды оятпаңдар», деп өсиет қалдырса, 1949 жылы Мао Тяньаньмэнь алаңында «бүгіннен бастап Қытай орнынан тұрды», деп жариялады. Біз қалайық-қаламайық, сақтанайық-сақтанбайық, Қытайдың орнынан тұрғаны рас! Айналасына өктемси қарап, әлемдік саяси ойындарың ортасына бел шешіп кірісіп кетті. Жан-жақтан жақтастар іздеп, жаңа жобалармен көршілерін тартуда. Неміс философы Карл Смиттің жаңа мемлекетшілдік идеологиясын өзіне үлгі еткен, жаңа авторитаризм жолымен жүрген Солтүстік Корея синдромы - мұрагерлік механизм қалыптаспаған екі алып держава - Ресей мен Қытайдың ортасында қалған, Орталық Азия бойынша бірден-бір билік транзитін бейбіт жолмен ауыстырған Қазақстанға қаншалық талдау мүмкіндігі бар? «Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып ал», дегендей, екі алыптың арасынан жол тауып, әлемдік өркениетке, жалпы адамзаттық ортақ құндылықтарға қарай жол тарту оңайлыққа түспес, жаңа президент үшін он ойланып, бір кесетін нәзік те күрделі мәселе болмақ. Талай тайғақтан жол тауып, бүгінге жеткен Алаш баласын тәңірім өзі жебер.
Қорған Тұранұлы
Abai.kz