Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7673 24 пікір 7 Маусым, 2021 сағат 14:49

Ілкінің ізімен… немесе «Ел айырылған»

Ән естідім… Анығы, жырға елітіп, есім шық­ты. Бұл әнге қатысты ноғай бауырлары­мыз­дың жазған түсіндірме мәтіні (аннотация авторы аталмапты!) төмендегідей мазмұнда екен:

«Түркі халықтарының трагедиясы неден басталды? XV ғасырда Орталық билік әлсіреп, Алтын Орда бірнеше ұлысқа ыдырады. 1420 жылы Алтын Ордадан Сібір хандығы бөлі­ніп шықты. Сегіз жылдан соң, 1428 жы­лы Әбілқайыр хан да іргесін аулақ салып, Көш­пелі Өзбектер мемлекетін құрды. Қазір­гі қарлықтілді өзбектерден айырмасы – Шайбани әулетіне қарасты ұлыстың көшпелі өзбектері қыпшақ тілінде сөйлегендігінде. Тағы да он жыл өткен соң, 1438 жылы Ұлық Мұхаммед Қазан хандығының негізін қалады. Оған Василий Тёмныйдың қарауындағы Московия алым-салық төлеп тұрды. 1912 жылы аяқталған Василий Орловтың атақты тарихи картинасында Мәскеу билеушісі Василий Тёмныйдың Қазан ханы Ұлық Мұхаммедке ант беру сәті бейнеленген. Бір­де-бір кеңестік, я, ресейлік оқулықта, ғы­лыми еңбектерде бұл жайлы ештеңе айтыл­майды (Ол заңды құбылыс қой! – авт.)…

1440 жылы Алтын Ордадан Ноғай Ордасы «енші алып» шықты. Келесі, 1441 жылы Қырым хандығы да дербес дәулет болып, іргесін бөлек салды. Бауырлар бір-бірімен соғысып, Қырым мен Қазан хандықтары жер үшін, алым-салық төлеуші тәуелді (бодан) ұлыстар үшін өзара қырқысып жатты. 1480 жылдан бастап, бізге мектеп оқулықтарынан мәлім «Угра өзеніндегі тұрыстан (текетірес!)» кейін, Московия Қырым хандығының қарауы­на өтті. Сол жылы Үлкен Орда ханы Ахмет Мәс­кеу ұлысының шебіне келген-ді. Ол Мәс­кеуді Ордаға қосып, байырғы тұтастықты қалпына келтірмек болған еді. Түркі түмендері Угра өзеніне келіп тоқтады. Сол сәтте Ахмет­ке: «Орданың ту сыртынан Қырым қолы шабуыл­дады», – деген хабар жеткен. Мәскеуге кіріп үлгерместен, қалың әскер Сарайды қорғауға аттанды (Дұрысы, кері бұрылды! – авт.).

1465 жылы Ордадан Қазақ хандығы (?!) бөлінді. Сонымен, Алтын Орданың дәуре­ні аяқталды… Біртұтас, қуатты түркі мем­лекетінің орнына бірнеше, бір-бірімен қырғиқабақ, бауырлардың қанын суша сапырған түркі хандықтары дүниеге келді. Олар бір-бірін шауып, әлсіретумен болды. Бұл әрекеттері бұрнағы салық төлеуші төл боданы – Мәскеу ұлысының күшеюіне алып келді. Ал ол болса, екі жүз жыл өткен соң, 1700 жылғы Константинополь Келісімі («Константинопольский Мир») бойынша, біржола алым-салық төлеуді доғарды. Түр­кілерді мойындамай, 1721 жылы өздерін «Ресей Империясы» деп жариялады! Тап сол сәттен бастап, түркілер үшін үш ғасырлық зо­ба­лаң, нағыз «зар заман» басталды…

Аталмыш кезең турасында Қазтуған Сүйіні­шұлының жырында айтылады. Жы­рау Ел басына туған күңгірт күндерді сұм­дық суреттеген. Осынау жырдың но­ғай тіліндегі нұсқасын ғажап өнер иесі (ноғай әншісі һәм сазгері! – авт.) Майя Ис­маилова әнге түсірген екен (бейнебаянды газет сайтынан көре аласыздар! – авт.).

Тәуелсіздікті, жаңа мемлекеттің құрылуын ұлттың жат жұрттың бодандығынан босап (құтылып!), бостандық алған жағдайында тойлауға болады. Діні, ділі, тілі бөгде, мәдениеті мен руханияты бөтен болса… Дербес дәулеттердің Алтын Ордадан бөлініп шығуын қалай бағамдау – өз ырқыңызда! Алайда XIX ғасырда түркі ұлыстарының тәуелсіздігінен біржола айырылып, отарда омалуы һәм боданда бордай тозуы тап сол сәттен… Алтын Орданың ыдырауынан басталғаны сөзсіз…»

* * *

Майя Исмаилованың орындауындағы осынау шерлі, зарлы туындыны желіге жария­лауым мұң екен, маған көптеген хаттар келіп жетті. Бәрінің көкейіндегі сауал біреу: неге ноғай тілі біздің тілімізге сонша ұқсайды? Бауырларым мен қарындастарым, бұған таң қалмау керек… Біздің тілімізде еш айырма жоқ десе болады. Өйткені олар әу бастағы табиғатында бір тіл болғаны хақ! Алтай тілдік бірлестігінің түркі тілдер тобының қыпшақ қанатында қарастырылатын қос тілдің өз басым әлі де бөлек тілдер екеніне үлкен күмәнмен қараймын. Біздің тарихымыз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз, дүниетанымымыз, дініміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз ортақ! «Ер Едіге», «Ер Тарғын», «Алпамыс батыр» сынды эпостарымыз,«Қырымның қырық батыры» (Дұрысы,«Ноғайлының қырық батыры»!) секілді толағай дастандарымыз да бөліп-жаруға келмейді. Батырлық, ғашықтық дастандардың барлығы дерлік егіз елге тән дүниелер екені анық…

Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде «XV ғасырдың туындысы» деп көрсетілген мына жыр жолдарына назар аударалық:

«Орманбет би өлгенде
Он сан Ноғай айырылды,
Қазақ сыртқа (сартқа!) қайырылды,
Ну сан күңіренді, қайғырды…»

Осы жырдың «Хан Орманбет өлгенде, Он сан Ноғай бүлгенде» деп басталатын нұсқасын бала күнімізден естіп, оқып өстік қой. Қала берді, Құрбанғали Халидұлының Құдабай ақыннан жазып алған мына жыры бар:

«Тегінде, Ноғай – Қазақ, тегіміз бір,
Алтай, Ертіс, Жайықты қылған дүбір.
Орманбет хан Ордадан шыққан күнде,
Асан Ата қайғырып, айтыпты жыр!»

Егіз елдің баласы екеніміз – ақиқат, оған ешкімнің таласы болмаса керек. Кез келген ноғай оғланы мен қазақ ұланынан генетикалық материал алып, салыстырар болсақ, гаплотоптары бірдей (идентичные гаплогруппы) шығатынына шүбә келтірмесек те болады.

Екі елде де «Ел айырылған» тарихын баяндайтын мына жыр сақталған екен:

«Жылау, жылау, жылау күй,
Жылаған зарлы мынау күй.
Қазақ пен ноғай айырылды,
Қазақ сартқа қайырылды.
Ноғайлының ну елі
Күңіренді, қайғырды.
Қара Қыпшақ Қобыланды
Қара орынынан айырды,
Ел қанатын қайырды.
Зор күн туды, зор күндер,
Кетті күлкі мол күндер.
Жылау менен қоштасу…
Келер ме қайтып ол күндер?!»

«Ноғайлыдан Қазақ айырылғанда» деген атпен көптеген кітаптарға енген осы жырда «Қазақ сартқа қайырылды» деген жолдар бар. Кейбір үлгілерде «сыртқа» түрінде кездеседі. Тарихи оқиғалар желісіне сүйенер болсақ, екі нұсқаның да терістігі жоқ… Тарихи тұлғалардың есімдері (Бұрындық – Мұрындық), жер-су атаулары (Ем – Жем, Бұзтау – Мұзтау, Қобан – Құбан, Таң – Тең, Есен-Тоқа – Есен-Тұға /орыстар Ессентуки деп жүр!/), рулар (Жетіру – Йетисан, Қыпшақ – Екіпышақ, Алшын – Алышын), тағы басқа есім сөздерге қарап-ақ, бұл өзгешеліктерді тілдік түрлену деп қана қабылдаған орынды болар. Айтқандай, ноғайда қазақ руларының тоқсан пайызы бар. Бізде де ол рулардан бөлек, әр кезеңдерде келіп қосылған ноғай-қазақ, Бесағаш ноғайлары секілді рулар қазаққа сіңіп, бауырларымызға айналғалы қанша уақыт өтті. Мәселен, Бесағаш ноғайларын аса дәулетті бекзада Сәбит Ахметұлы Астраханнан Алматының төңірегіне 1774 жылы бастап келген екен. Орыстың қатын патшасы (Екатерина II) соңдарына түсіп, геноцидке ұрындыратын болған соң, біршама ноғай рулары Османлыға, біразы Ресейдің түкпір-түкпіріне барып паналап, жергілікті жұрттарға сіңісіп кетті… Өкінішті-ақ! Ал біздің айтып отырған ағайындарымыздың аталары Сәбит Ахметұлының әкесінің байырғы досы Балпық биді сағалап келіп, алдымен Алматы маңайына, кейін қазіргі Жамбыл облысына қоныстаныпты. Бесағаш ноғайлары атануы да сол жердің атауына байланысты…

Асан Қайғы (Қайқы!) атамызда мынадай жыр жолдары бар екен:

«Теңіз бастан былғанды,
Толқымай, тез тынса игі!
Тел құлындар адасты,
Енесін тез тапса игі!
Тең құрбыдан айырылдық,
Тентіретпей, қосса игі!»

Не жайлы айтылып тұрғанын түсіндірудің өзі артық секілді…

* * *

Шыңғыс хан тұқымынан шыққан Қаракөктің ұрпақтарын биліктен ығыстырған ықпалды Би Едігенің өз әулеті де басында ру-тайпаларды біртұтас Ноғай ұлысы ретінде ұстап тұрғанымен, түбінде үшке бөліп, соңында құлдыратып тынған-ды. Он сан Ноғайдың күні XVI ғасырда батқаны анық. Кейін ара-тұра бас көтергенімен бұрынғы дәурені қайтып келмеді. Заманында бір мезгілде 300000 қол шығара алатын ұлыстан бүгін қалғаны 130000 (кей деректерде 110000!) адам ғана… Қандай қасырет десеңізші… Пендешілік пікірім үшін сөге көрмеңіздер, бірақ түбінде егіз елдің баласы бірігіп, ұраны бір ұлтқа айналатынына үлкен сенім бар менде!

Ноғай бауырларымыз бізді әлі «Алаш» деп атайды. Ал Ноғайлыдан бөлініп кеткен тұсымызды «Қазақ шыққан» дейді. Түркітектес ұлттардың көпшілігінде осы «Қазақ шығу» ұғымы бар. Мұны «тоғышар билікке бой ұсынбай, безбүйрек ұлықтардан дербес, өз еркімен кету» деп түсінбек керек! Қазақ – азаттың синонимі… Бұл бөлек әңгіме болмақ…

Бүгінгі баянды өмірден өкінбей өткен өр бабамыз (ЕГІЗ ЕЛГЕ ОРТАҚ!) Азаулының Аймадет Ер Доспамбет Ағасының жырымен түйіндемекпін:

«Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Қол бастадым, өкінбен.
Тобыршығы биік жай салып,
Дұспан аттым, өкінбен.
Тоғынды сарты нар жегіп,
Көш түзедім, өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам
Тұлпар міндім, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Зерлі орындық үстінде,
Ақ шымылдық ішінде,
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен.
Бүгін соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын,
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен!»

ӨКІНБЕЙІК!!!

ДАСТАН ДАЛА
(поэмадан үзінді)

Шер

Әлқисса, Тарих-қарт абыз,
Толғасын жыр ғып өткенді.
Дүр Дала жайлы халқы – аңыз,
Қалдырған бізге көп белгі…

Не көрмеп еді бұ далам?!
Айтуға Ардан именем…
Қағанат жайлы құлаған,
Ақ Ордам жайлы күйреген!

Хандығым жайлы бірегей,
Еншілеп елді, сәл кейін
Алладан бірлік тілемей,
Дербестен салған дәргейін.

Бабалар жайлы қан құсқан,
Балалар жайлы зар құшқан,
Аналар жайлы қарғысқа
Ауысқан шері алғыстан!

Дегбірді ап дұшпан көптеген,
Амалын жасап жымысқы,
Кімдер бір келіп, кетпеген,
Алмаған кімдер тынышты?!

Арқамды, белді, жотамды ап,
Орыс та кеткен ой тастап,
Қоқан да кеткен қоқаңдап,
Ойраттар өткен ойқастап…

Құба да қалмақ құлаған,
Тұғырымды түріп, таптаған.
Алқакөл қылып сұлама,
Шұбырынды қырып… Ақтабан!

Аңырақай болып аңырағам,
Еңірекей болып еңірегем.
Қара шаңырақты айтсам қаңыраған,
Толассыз жылап, тебіренем!

Тұл жетім төлдей күй кешкем,
Тұлыпқа қарап мөңіреген.
Есті күнді аңсап үйлескен,
Ескі жырды айтып еміренем!

Оймауыт, Дүрбіт – ескі жау,
Бағасы бүгін бір биттік.
Бес жерден салып бес бұғау,
Түбі бір түркім қылды иттік…

Жеткенде жоңғар жалақтап,
Башқұрт та басқан балақтан.
Алғанда қалмақ қамақтап,
Татар бір орған тамақтан.

Дархан Даламнан қан тамып,
Үркердей елім үріккен.
Қызылбастарды арқа ғып,
Түмен боп тиген Түрікпен!

Сарт улап батыр, ханымды,
Дүрдараз жұртқа дау салып,
Қасықтап ішкен қанымды,
Қырғыз да сатып… қаусадық!

Ноғайым анау ағайын,
Еділді тастап, Қап қонып,
Өкпелеп, іздеп талайын,
Қазаққа кеткен жат болып!

Айтылмай қалған кімің бар?!
Кішігің, Ұлың, ұғыңдар:
Ұрынғандары – қырылған,
Даламда қандай құның бар?!

Дәулеттер, өлің, тірің бар,
Бәріңнен биік түбінде Ар!
Құдайға тәубе қылыңдар,
Құдайға құлдық ұрыңдар!

Е, Далам, ұлық ұлысым,
Аллаға шүкір, тірісің!
Сақ, Түркі, Қыпшақ, Ғұн үшін,
Қазақтың алған құнысың!

Е, Далам, есіл тынысым,
Бабамның байрақ-жырысың!
Қазақтың көрген күнісің,
Қазақпен ғана ұлысың!

2020 ж. 

Алаштуған 

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364