The Diplomat: Ресейге кімдер кетіп жатыр?..
Отандасымыз, тәуелсіз зерттеуші Алиман Жанмұқановтың «Қазақстан Ресейдің кесірінен ең дарынды жастарынан айырылуы керек пе?» (Is Kazakhstan Losing Its Most Talented Youth to Russia?) деген мақаласы шықты.
Автор орыс тілді және қазақ тілді қазақтардың Ресейге кетуінің себебіне өзіндік таңдау жасайды.
«Экономикалық жағдайымыздың арқасында білімді де, білікті жастардың саны арта түсті. Бірақ, соңғы кезде елімізде қауіпті құбылыс орын ала бастады. Ол – ең мықты, ең таңдаулылардың Қазақстаннан Ресейге көшуі», - дей келе, ТМД елінен шыққан айтулы «Грэмми» сыйлығының тұңғыш иегері Иманбек Зейкеновтің орыс тілді қауымдастықты таң қалдырып, қазақ елінің әлемдік музыка өндірісіндегі орнын нақ белгілеп бере алғанын мақтанышпен жазады.
Елінде еленбеген Иманбекті орыстар асты-үстіне түсіп, атағы шыққанға дейін өзіне тартқанының себебіне үңілген автор Ресей интеллектуалдық асылдарымызды өзін алғаш танытқан сәтте-ақ, назар аударып, өз адамы жасауға тырысатындығын ашына сөз етеді.
«Ұлттық деңгейдегі ғана емес, Халықаралық деңгейдегі жоғарғы бағаға ие болған Иманбек өз марапатын өзі тұрып жатқан Қазақстаннан емес, Ресей астанасынан бейнебайланысқа шығып алды. Ол аз десеңіз, Иманбек осыған дейін Ресейлік «Effective Records» лейблымен келісімге отырған және өзге де Ресейлік топтармен келісімшартқа отыруды жоспарлаған. Ресейлік Forbes Иманбекті болашағынан үміт күттіретін 30 ресейлік жастың тізіміне қосқан», - деп жазады.
Бірақ кетіп жатқан таланттар орыс тілді қандастарымыз екендігін, олардың болашақта ресейшіл «қаңбақ күшке» айналатындығын жадымызға салады.
«Ресейде танымал болу бар-жоғы 18 миллион тұрғыны бар қазақстандық әнші-сазгерлер үшін үлкен жетістік. Бірақ осы суреткерлеріміз Ресейдің қазанында қайнаған сәтте өзінің этникалық әм ұлттық ныспысынан айрылып шыға келеді де, қазақтың емес, Ресейдің сойлын соғатын қаңбақ күшке айналады», - деп жазады автор.
Автор бірыңғай орыс тілі арқылы ғана емес, ана тіліміз арқылы табысқа жеткендерге қатысты: «Тек ана тілінде немесе жарым-жартылай қазақ тілінде өнер көрсететін әртістеріміз әлемге танымал бола алды. Мысалға: «91» әм «Ирина Кайратовна» т.б. музыкалалық клиптері, бұрынғы Кеңестер одағында ғана емес, АҚШ мен Оңтүстік Корея, Еуропада миллиондаған тыңдарманды тамсандыруда. Қазақ жерінде тұру суреткерлерге жаһанға танылуға еш кедергі бола алмаса да, олардың көпшілігі өз мансап жолын әлемдік деңгейде өрістету үшін Ресейге жалт беретіні неліктен», - депті.
Автор мақаласын тек өнерлі жандардың ғана емес, кәсіби білікті жандардың ауа көшуін сараптау жасап, өткен жылы елден кеткендердің 54,3 пайызы жоғары білікті мамандар еді деп дабыл қағады. Бұның себебі этникалық азшылықтың өз тарихи отанына кетуінен деп түйіндейді.
Мақала: «2009 жылы өткен халық санағында қазақ еместер пайызы 36% төңірегінде болды. Ең ірі ұлттық азшылық ел тұрғындарының 23,70% құрап отырған этникалық орыстар болып табылады. Егер 2021 жылдың қаңтарындағы деректерге көз жүгіртетін болсақ, онда қазақ еместер көрсеткіші 30%-ды құрап, этникалық орыстар үлесі 18,42% дейін төмендегендігін байқаймыз. Қолымызда бар деректер этникалық қазақтардың үлесі артып, этникалық азшылықтың елден көшуі бел алғандығын білдіреді. Бұдан шығатыны Қазақстан нағыз ұлттық мемлекет құруға бағдар ұстанып, елдегі жалпы саяси әм экономикалық жағдай өздерін қанағаттандырмайтындықтан этникалық азшылық өз тарихи отандары мен өзге елдерден бақытын табуға ден қоюда», - деп түйінделеді.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz