Нәзира Байырбек. Кедейлер кімдер?
Осы аптада «Forbes Kazakhstan» журналы еліміздегі байлығы асқан елу азаматтың тізімін жариялады. Дүниесі миллионды артқа тастап, миллиардтармен өлшенген қалталылар қатарына қазақтың кешегі қарадомалақтарының да қосылғанына қуандық.
Байларға әркім көзін тігеді. Тіпті, халықаралық шығармашылық топтар да олардың дүние-мүлкін санап, қызығушылық танытып жатады. Байлардың мұңы аз ғой. Ал, кедейлерді кім көзге іліп жатыр? Ақын Иран-ғайып жазғандай, «өмір сүрмей, өмірге сүріліп жатқан» қазақтарды санап, олардың мүддесін қаншалық ойлап жүрміз? Осы сауалды алдымызға көлденең тартып көрдік.
ҚЫРЫҚ ЖАНЫМЫЗҒА ҚОРҒАН БОЛҒАН 43 ТАУАР
Бүгінгі күні елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесі 5,3 пайызды құрайды екен. Мұны өткен айларда Парламентте есеп берген ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
«2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңның 9-бабына сәйкес, 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жалақының ең төменгi мөлшерi - 17 439 теңгені құраған. Статистика агенттігі күнкөріс минимумын да 17 439 теңге деп белгіледі. Бұл - адам бір ай бойы 17 439 теңгеге өмір сүре алады деген сөз. Яғни, біздегі бекітілген заң бойынша, азық-түлік себетіне енетін тауарлардың бағасын есепке ала отырып ұсынылған сома.
Осы аптада «Forbes Kazakhstan» журналы еліміздегі байлығы асқан елу азаматтың тізімін жариялады. Дүниесі миллионды артқа тастап, миллиардтармен өлшенген қалталылар қатарына қазақтың кешегі қарадомалақтарының да қосылғанына қуандық.
Байларға әркім көзін тігеді. Тіпті, халықаралық шығармашылық топтар да олардың дүние-мүлкін санап, қызығушылық танытып жатады. Байлардың мұңы аз ғой. Ал, кедейлерді кім көзге іліп жатыр? Ақын Иран-ғайып жазғандай, «өмір сүрмей, өмірге сүріліп жатқан» қазақтарды санап, олардың мүддесін қаншалық ойлап жүрміз? Осы сауалды алдымызға көлденең тартып көрдік.
ҚЫРЫҚ ЖАНЫМЫЗҒА ҚОРҒАН БОЛҒАН 43 ТАУАР
Бүгінгі күні елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесі 5,3 пайызды құрайды екен. Мұны өткен айларда Парламентте есеп берген ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
«2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңның 9-бабына сәйкес, 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жалақының ең төменгi мөлшерi - 17 439 теңгені құраған. Статистика агенттігі күнкөріс минимумын да 17 439 теңге деп белгіледі. Бұл - адам бір ай бойы 17 439 теңгеге өмір сүре алады деген сөз. Яғни, біздегі бекітілген заң бойынша, азық-түлік себетіне енетін тауарлардың бағасын есепке ала отырып ұсынылған сома.
Әрине, 17 мың қалталы адамның бір шәй ішкенінен артылмайды. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар үшін 43 тауар мен қызмет түрінің бағасы деп белгіленді. «Тарта жесең, тай қаладыны» алға тартса керек, мұның 20,3%-ы - ет пен балық сатып алуға, 14,8%-ы - сүт, май және жұмыртқа алуға, 14,6%-ы - жемістер мен көкөністерге, 7,7%-ы - нан және жарма өнімдеріне, ал, қант, шәй және дәмдеуіштер үшін 2,6%-ы жұмсалады дейді агенттік дерегі.
Алайда, ет жеп, қымыз, шұбат ішіп келген қазақ бұл шығынды билік нұсқағандай жаратпайтыны анық болды. Айталық, 2011 жылы тіркелген есеп-қисап бойынша, халықтың ең көп тұтынатын тауары сүт пен сүт өнімдері де, екіншісін - жұмыртқа, үшіншісін - нан және жарма өнімдері, төртіншісін - сәбіз, пияз, капуста секілді көкөністер құраған. Қазақтың негізгі асы ет тамақ өнімдерінің ішіндегі тұтынымдылығы жағынан бесінші орынға жылжыған. Ал, көп жағдайда кедейлер қарны ашқанда қуырып жей беретін картоп алтыншы орынды алыпты.
Бұдан, әрине, көп қазақтың менталитетіне жат болса да, көбіне ыстық тамағына көкөніс тұтынуға көшкені аңғарылады. Ұлттық сусындары - қымызы мен шұбаты дүкендегі сүт өнімдерімен алмастырылғаны анық.
Айтпақшы, сусын демекші, әлемдегі әрбір мемлекет өз тұрғындарының ең төменгі күнкөріс деңгейін белгілеу барысында азық-түлік себетін әртүрлі өнімдермен толтырған. Мәселен, Ресейде ең төменгі деңгейде өмір сүру үшін ай сайын 156 түрлі тауар мен қызмет түрі қажет деп есептеледі. АҚШ-та бұл көрсеткіш - 300-ді, Францияда - 250-ді, Англияда - 350-ді, Германияда 475-ті құрайды.
Атап айтарлығы сол, Ресейде күнкөріс минимумы белгіленгенде әр адам үшін 18 шаршы метрлік өлшемдегі бас-пана шығыны қоса есептелген. Оның сыртында арнайы мәдени орындарға бару ақысы тағы бар. Яғни, бұл ел ең тұрмысы төмен халықтың өзі мәдени орындарға барып, көңіл көтеруге, дем алуға хақылы деп біледі.
Спортпен айналысып, мәдени орындарға баруға, тағатын мойын шәлі мен орамалына, тұтынатын көрпе-жастығына дейін есептеу, әрине, өркениетті елдердің бәріне тән. Ең қызығы, жергілікті халықтың менталитетіне қарай Еуропа елдері, тіпті, алкогольді сусындарды да күнкөріс себетіне енгізген. Мәселен, Франция тұрғындарының тұтыну себетін есептегенде, ішілетін шарапты, ал, Германия сыраны қоса есептейді.
Тағы да айта кету керек, біздің еліміздегі күнкөрістің ең төменгі сатысындағы азаматтар үшін белгіленген азық-түлік тұтыну себетінде бар болғаны 43 түрлі тағам мен қызмет түрі бар. Олардың 40%-ы - азық-түлік өнімдері.
ЕУРОПАНЫҢ КЕДЕЙЛЕРІ ОРТА АЗИЯНЫҢ ОРТА ТАБЫМЕН ТЕҢ
Халқының кедейлігі жағынан Еуропа елдері арасындағы қара тізімнің басын Латвия (тұрғындарының 26%-ы), Румыния - (23%), Болгария - (21%), Литва (20%) құрайды екен. Мұндағы ең кедейі аз ел - Чехия. Онда кедейлердің үлес салмағы 9% дейді дерек көздері.
Қызығы сол, азық-түлік себетіне 475 өнім енгізілген Германия осы тізімнің басынан орын алған. Бұл елде кедейлердің үлесі - 15%. Ал Австрия, Дания, Швеция кедейі аздау мемлекеттерге жатады.
Айта кететін бір жайт, Еуроодақ мемлекеттер орташа күнкөріс деңгейінің 60%-ынан төмен табыс алатындарды ғана кедей деп санайды. Ал, орташа күнкөріс сомасын белгілеу - одақ құрамындағы елдердің бұлжымас дәстүрі. Бұл, әрине, халықтың шын мәніндегі әлеуметтік жағдайын саралап отыруға мүмкіндік береді. Яғни, бұл елдерде елдің тұрмысы азаматтарының табысының жоғарылығы, орташа және төменгі күнкөріс деңгейі бойынша есептеледі. Ал, орташа табысты қанша адам табатыны тағы сараланады.
Осы орайда, тағы бір қызықты дерек: күнкөріс минимумы ең жоғары мемлекет Люксембург екен. Онда бір айда 1545,83 евро табыс таппаған адамдар «тұрмысы төмендер» болып саналады. KNA ақпарат агенттігі таратқан мәліметке қарағанда, бұл қатарды әрі қарай Дания (мұнда ең төменгі күнкөріс табысы айына - 1208,08 евро), одан кейін - Ирландия (1146,66 евро), Ұлыбритания (1113,25 евро)... болып кете береді. Ал, азаматтарының бір айлық табысы 108,53 евродан кем болмауға тиіс Болгария мен 97,75 евро таппағанды кедейлер табына жатқызатын Румыния кедейшілік етек алған елдер қатарында саналады.
Әлгі кедейлерінің көптігі бойынша алдыңғы қатарлардан орын алды делінген Германияның өзінде кедейшілік шегі - 912,75 евро. Ал, АҚШ-та ай сайын 1837,5 доллар таба алмағандарды мемлекет қамқорлығына алады.
Бұл елдердің көпшілігінде кедейлік орташа айлық көрсеткіштің жартысын таба алмағандықпен өлшенеді. Тұтынушы себетінің түрлі тауармен қамтылып, томпиып тұрғаны да сондықтан.
Бірақ, бұл елдердің нарықтағы бағасы біздегімен шамалас.
Бұдан аңғарылатыны, «кедей» деген статустың өзі әр елде әртүрлі деңгеймен өлшенеді. Батыс елдеріндегі ең кедей адамдардың өзінің тұрмысы біздегі көңілі орнықты дейтін орта таптың тұрмыстық жағдайына тең.
88 МЫҢ АДАМ КЕДЕЙШІЛІКТЕ КҮНЕЛТУДЕ
Биылғы ақпанның 28-інде еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Қазақстан Республикасы аз қамтылған азаматтарына әлеуметтік көмек көрсеу критерийлерін бекіту мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көлемін анықтау үшін Қазақстан Респуб-ликасы статистика агенттігінің өткен тоқсанға есептеген 2012 жылғы екінші тоқсанындағы кедейлік шегін төменгі күнкөрістің 40%-ы деңгейінде анықтауды бұйырамын», - деген құжатқа қол қойды.
Бұл - күнкөріс минимумы 17 439 теңге десек, биылғы жылы кедейліктің шегі 6 975,6 теңгеге теңестірілді деген сөз. Яғни, бізде осы сомадан бір тиын артық табыс таппайтындар ғана кедейлік табына кіреді. Айталық, бір отбасында үш адам болып, үйге 21 мың теңге көлемінде кіріс кіретін болса, олар кедейге жатқызылмайды. Коммуналдық шығындары, тамағы, білім алуға немесе жұмысқа баратын жолкіресі, қысқасы барлық шығыны сол 21 мыңмен қамтылады деп есептеледі.
Десек те, осы кіріске де қол жеткізе алмай отырғандар да аз емес екен. Статистика агенттігінің мәлімдеуінше, 2011 жылы еліміздегі 16734 мың адамның 0,5%-ы, яғни 83670-сі азық-түлік қоржынының құнынан төмен табыспен күнелтетіні анықталған. Ал, табысы күнкөрістің ең төменгі шамасынан төмен халықтың үлесі - 5,3%, яғни, 886902 адам. Бұл өткен жылға қарағанда кедейшілік 28 пайызға қысқарғанын білдіреді дейді агенттік.
Айта кетер бір жайт, алға үлкен міндеттер қойылып, түрлі әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқан елімізде елдің әл-ауқатын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан әртүрлі жәрдемақылар қарастырылған. Жалпы айтсақ, қазір бес миллионға жуық отандасымыз, яғни, халықтың үштен бірі әртүрлі әлеуметтік жәрдемақы алады. Мұндағы мемлекеттік төлемдердің 61%-ы балаларға тиесілі. Бұл, әрине, елде демографиялық өсу үрдісі орын алғанын көрсетеді. Әлеуметтік зерттеу мәліметтеріне қарағанда, біздегі негізінен кедейшілікке бейімдер осындай еңбекке қабілетсіз балалары, зейнеткерлері, мүгедектері бар отбасылар. Ал, жаңа шаңырақтың бой көтеруімен қатар, ең бастысы, баспана мәселесі бірге туатынын ескерсек, отбасына тырбаңдап жұмыс істегенде кіретін кірісі пәтер жалдауға кететінін тағы да түсіне беруге болады. Алайда, 17 439 теңгеге бір адам бір ай өмір сүре алады деп күнкөріс минимумын белгілеген билік әр адамның баспана үшін жұмсайтын шығынын қарастырмаған.
Бұл орайда, қалаға жұмыс іздеп келген көп қазақ қалталы азаматтардың табысының құрбанына айналады. Олай дейтініміз, нарықта тариф орташа жалақы мөлшеріне қарай белгіленеді. Ал, орташа жалақы екінің біріне тие бермейді. Айталық, Астанада бүгін 30-40 мың теңге жалақыға жұмыс істейтіндер де көп.
Қала кедейшілігіне қатысты тағы бір мәселе, жұмыссыздық едәуір азайып келеді дегенмен де, қалада ең төмен табыс табатындар - өз бетінше тіршілік жасайтындар. Әлеуметтанушылардың айтуынша, өлместің күнін көрем деп, жеке кәсіппен айналыса бастағандар мемлекет тарапынан бақыланбайды.
Десек те, республика бойынша, кедейшілік негізінен ауылды жерде орын алған. Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың соңғы мәлімдемелеріне сүйенсек, ауыл тұрғындары арасындағы кедейшілік қалалықтарға қарағанда екі есе үлкен. Сол себепті де, әлеуметтік көмек алатындардың 60%-ы ауыл тұрғындары болып келеді. Біздің елімізде орташа жалақы 128 мың теңге болса, жалақының ең төменгі мөлшерін алатындар да - сол ауылдағылар, яғни ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Олар орта есеппен бар болғаны 36 477 теңге алады. (Айта кету керек, еліміздегі жұмысшылардың ең жоғарғы орташа жалақы - 241 мың теңгеден асады.)
СӨЗ СОҢЫ
Байлар мен кедейлердің әлеуметтік жағдайы арасындағы алшақтық - өмірдің қалыпты құбылысы. Коммунизм орнатамыз деп ұрандатқан Кеңес үкіметі де әлеумет теңдігін қалыптастыра алмады.
Тарихқа зер салсақ, бай мен кедей теңестірілген заман ежелгі Иллада елінде ғана болған. Әділеттілік, ортақтық принципін ту еткен Ликург заңы бойынша, бұл елде «менікі» емес, «біздікі» деген сөз жасады. Барша қауым ортақ дастарханнан дәм татып, бірдей өмір сүретіндей жағдайға жетті. Көппен бірге тамақтанбай, тартыншақтай бергендерге «жасырын тамақтанып, өзгелерден бөлектеніп жүр» деген айып тағылған...
Бүгін, әрине, ешкім ешкімнің аузын аңди алмайды. «Мен қара базардан киім киіп, базардан азық-түлік алып жүрмін, сен неге супермаркеттен аласың?» деп, ешкім ешкімді сөге алмайды. Тіпті, «мен сенен гөрі көп жұмыс істеймін, бірақ неге тоя тамақ жемеймін» деп де ешкім ешкімді жазғырмайды.
Әйтсе де, қазақ журналистикасына өшпес із қалдырған Камал Смайылов: «қазақ жері 20, 30 миллиард адамды асырай алады» деген. Африканың да жерінің асты бай, ал қамсыз болғандықтан халқы кедей екенін еске салған.
Қазіргі күні Қазақстанда кедейлер 5-6 пайыз ғана дейді Статистика. Еуропа елдерінің ең кедейі аз дегендерінде кедейлер 9 пайыз болса, бізде 5-6 пайыз екен. Үкіметтің есебіне қарағанда, біздің халық бай тұрады. Жағдайы, тіпті, Еуропа елдерінен де жақсы сияқты... Бірақ, көз алдымыздағы шындық сол: қазақтың үштен бірі - үйсіз, күйсіз. Орташа жалақы республика бойынша 128 мың теңге болса, ондай жалақының бес адамның біреуі алмайды. Банктегі есеп шоты барлар қазақстандықтардың 17 пайызы болса, бүкіл банктегі депозиттердің 50 пайызы халықтың 0,1 пайызының үлесінде. Яғни, байлық санаулылардың ғана қолында.
Ендеше, ойланып көрейікші: кедейшілік деген не? Қалың көпшілік жүретін орындарда алақан жайып, қайыршылық жасап отыру ма? Әлде дорбаны иыққа асып алып, көше кезіп, диуаналық ету ме?..
Бәлкім, әркімнің байлыққа ұмтыла білуі қажет те шығар?..
«Абай-ақпарат»