Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7945 0 пікір 15 Мамыр, 2012 сағат 13:47

Қазаққа не керек?

Қазаққа не керек немесе жүз жыл бұрын қойылған сұрақтың жаңғырығы

Осыдан тура бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз кейін қалған халық, алға барып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», - депті «Қазақ» газетінде. Ұлттың шын мәніндегі жанашыр ұлының бұл сөзінің қуаты Құдайым-ау, ойлап қараған кісіге Қасым ақынша айтқанда, «лебі әлі күнге дейін үйіріп» әкететінін сезінесің. Ұлт қажеттіліктерінің жүз жыл бұрын жазылған қатарына тағы нені қосуға болады? Қазаққа шынымен де не қажет? Білім керек пе, ғылым керек пе? Жазушы керек пе, сатушы керек пе? Денсаулық керек пе, он саулық керек пе? Біз құндылықтарымызды ауыстырып алып, адасып жол таба алмай жүрген жоқпыз ба осы? Жаппай жаһанданудың жемтігіне айналып, жойылып кетуден қазақты құтқаратын құдірет не? Әлде осылай бір тойғанымызға мәз болып, «шегірткедей ән салып», селкілдеп билеп жүре береміз бе? Онда ертеңіміз не болмақ?.. Кешегідей емес, тізгінін өз қолына алған еркін елге бүгін ең алдымен не керек екенін айтпас бұрын, әуелі кешегі керектерімізді түгендей алдық па, жоқ па, соған ой жүгіртіп көрелікші.

Қазақтың бүгінгі жай-күйі еріксіз бір хикаяны еске салады. Қожанасырды әйелі бірде базарға май алып келуге жұмсапты. Не үшін бара жатқанын ұмытып қалмас үшін әлгі бейшара жол бойы «май, май» деп қайталай беріпті. Кенет, бір шұңқырға тап келіп, «оппа» деп секіріп өтіпті. Сөйтіпті де, әрі қарай «майдың» орнына «оппа, оппа» деп жалғастырып кете барыпты. Бүгінгі кейбір қылығымыз қажетінен жаңылған дәл сол Қожанасыр әрекетіне ұқсайтын сияқты. Неге дейсіз бе? Онда тарих көшінің қай кезеңінде де ұлтымыз үшін маңыздылығын жоймаған басты құндылықтарымызды әлі түгендей алмай жүрген бүгінгі күйімізді ой елегінен өткізіп көріңіз. Қазаққа бұрын не керек болып еді, ал бүгін ше?
Иә, жақсы өмір сүру үшін оқу-білім керек екенін халық ерте түсінді. Осы күні сауаттылығымыз жағынан алдыңғы орындарда тұрғанымыз бұған дәлел. Десек те, баласын оқу орнына білсін деп емес, «қызмет қылсын, шен алсын» деп беретін ескі бағдарымыздан көп жаңыла қойған жоқпыз. Кімді көрсең де, ертең менің балам әкім болады, бастық болады деп еркелетеді перзентін кішкентайынан. Оқыған-түйгенін ұлтының игілігі үшін жұмсасын, өз ісінің мықты маманы болсын дейтіндер әй, болса да саусақпен санарлық қана шығар. Бірақ, «қазақтың теңдігі бес-алты жігіттің төре болғанымен табылмайды, осындай жұрттың тіршілігін көркейтетін жұмыстармен табылады» бұл біздің сөзіміз емес, Смағұл Сәдуақасұлының сөзі.
Ал бай болу осы күні әр қазақтың мұратына айналды десек, жаңылыспайтын шығармыз. Баю үшін кімнің нені кәсіп етіп жүргені және қалай кәсіп етіп жүргені өз алдына бөлек әңгіме. Бір айта кетерлігі балаларымның ризығын адал кәсіппен тауып берейін дейтін пендені кездестіру қиын бұл күнде. Содан болса керек «көрсем, білсем» дегеннен гөрі, «ішсем-жесем» дейтін ұрпақ саны күннен күнге артып келеді.
Осы керектердің ішінде бүгінгі күнге дейін өзектілігін әлі жоймай келе жатқан нәрсе - халықтың ауызбіршілігі мен татулығы. Бұл мәселе бүгін, тіпті, кешегісінен гөрі маңызды, өзекті болып тұрған секілді. Себебі, біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыла жұмыс істейтін ынтымақты ел болуға тиіс едік. Ал қазір екі ауыз әңгімеден кейін туыс болып шыға келетін қарға тамырлы қазақ баласы өзге түгіл өз жақынын жатсынатын жаман пиғыл байқатады. «Қазақтың досы да, жауы да - қазақ» дегенді жүрек сыздатпай айтатын дәрежеге жеттік. Ал бізге «күшті болуға бірлік керек» болатын.
Кешегі қазақ үшін ынтымақ-бірліктен кейінгі маңыздысы - ар-намыс пен ұят еді. Ал осы күні «малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» дейтін жұрт арын малы үшін құрбандыққа шалудан алдына жан салмай жүргенге ұқсайды. Бабаларымыз өлімнен де күшті санаған «ұят» ұғымы, тіпті, қолданыстан шығып бара жатыр десек те болады.
Бір ғасыр бұрын А.Байтұрсынұлы ұлт қажеттіліктерін осылай санамалап берген болса, осыдан тура тоқсан жыл бұрын, яғни 1922 жылы, «Өртең» газетінде Смағұл Сәдуақасұлы «Қазаққа не керек?» мақаласын жазған екен. Яғни, ұлтқа не керек, неден сақтанып, неге ұмтылуға тиіспіз деген проблема қай кезеңде де өзінің өзектілігін жоғалтпаған. Автор аталмыш мақаласында қайткенде қазақ тұрмысын жөнге келтіруге болатыны туралы ой толғайды. Ең әуелі, қазақтың қазынаға мол қара жері мен сауса сүт, мінсе көлігі болған төрт түлігі ұлттың өз игілігіне жұмсалуы тиіс. Екіншіден, оқу-ағарту мәселесін дұрыс жолға қоюымыз керек дей келе, сол кезеңдегі қазақ баласы үшін өте өзекті болған осы екі мәселенің маңыздылығын жан-жақты ашып көрсетеді. Ал бүгін біз «Қазаққа не керек?» деген сауалды саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов мырзаға қойып көрдік.

 

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:

ШЫНДЫҚ БОЛМАҒАН ЖЕРДЕ, БІРЛІК БОЛМАЙДЫ

Шындығында сіздер көтеріп отырған бұл мәселе өте өзекті. Бұл сұраққа біз күнделікті жауап іздеумен келеміз. Менің ойымша, ең алдымен қазаққа бірлік керек. Өкінішке қарай, бізде айрандай ұйыған ынтымақ болмай тұр. Екіншіден, қазаққа қара қылды қақ жарған шындық пен әділет жетіспейді. Үшіншіден, тыныштық керек. 
Көп жағдайда біз бір-бірімізге өтірік айтамыз. Себебі, ылғи бір нәрседен сескеніп жүреміз. Бір-бірімізге деген сеніміміз жоғалған, бүкпесіз ашық әңгімеге дайын емеспіз. Сол себепті, дәл бүгін қазақ халқына бір отбасындағыдай бірлік керек. Себебі, бар-жоғы 15-16 миллион ғана халықпыз. Оның ішінде қазақ саны қанша екенін білесіздер. Заман ағымы лезде өзгеріп сала беруі мүмкін. Сондықтан қазір бір үйдің балаларындай тату, бір-бірімізге шын жанашыр болу бізге ауадай қажет. Айталық, осы күні бір-бірімізбен жақсы амандасамыз да былай шыға бере сыртымыздан жамандап шыға келеміз. Бір үйде дастархандас болып арқа-жарқа отырамыз да, шыға салысымен сыртынан өсек таратамыз. Қанша сыйлап тұрсақ та, бір-бірімізге жақындамаймыз. Себебі, сасық кеудеміз жібермейді. Кім-кімге бірінші сәлем беруі керек деген секілді түкке тұрмайтын нәрсені ойлаймыз ұялмай. Міне, осындай жаман әдеттерімізден арылуымыз керек. Отбасы мүшелері бір-біріне шындықты ашық айта алады, ертең қайталамас үшін қателігін аямай бетіне басады. Бала тәрбиесінде де ұрысатын жерінде ұрысып, шын жанашырлық пейілмен қарайды. Міне, бізге осындай бірлік қажет. Екіжүзділіктен құтылатын уақыт жетті. Құдай бетін ары қылсын, ертең сырттан жау тисе немесе іштен дұшпан шықса, күніміз не болады? Біз мұндай сынақтан өте аламыз ба? Біздің бірлігіміз бүгінгі таңда сөз жүзінде ғана болып тұр. Ал ертең осы сөзімізді дәлелдейтін күн туса, жан-жаққа бытырап бас сауғалап кетпейміз бе? Мәселе осында. Елімізде осындай ашық әңгіме болмай, біз нағыз бірлікке жете алмаймыз. Шындық болмаған жерде, бірлік болмайды.
Тағы бір мәселе, бізге намыс жетіспейді. Жай бір жұмысқа мәз болып жүре береміз. Біздің балалар неге ұшқыш болуды, «Нобель», «Оскар» секілді сыйлықтардың иегері болуды армандамайды. Неге өзіміз де, балаларымыз да басшы болуды бақыт санап кеттік. Мұндай пендешілік жағдайлардан қалай құтылуға болады? Алға қойған мақсат-мұраттарымыз неге бастықтықтан биік емес. Өйткені, ұлттық намыс жетіспейді. Өзге халықтар секілді қазақ та алдыңғы орындарда тұруы керек деп ұмтылатындар аз. Намысы болса, неге жоғары білімді адамдар такси жүргізеді, базарда сауда сатып тұрады. Өйткені, оларға тек қана оқыды деген қағаз керек болды.
Қазір бізде адам сөзінің орнын адами ресурстар ұғымы алмастырды. Яғни, су ресурстары, мұнай ресурстары, энергетика ресурстары деген секілді адамға да ресурс ретінде қараймыз. Өкінішке қарай бізде қазір түйіндеме (резюме) деген ұғым пайда болды. Кез келген жұмысқа түйіндеме арқылы қабылдайды. Бетпе-бет кездесіп, екі ауыз әңгімелесіп, ішкі жан дүниесіне үңіліп барып, жұмысқа алу жоқ бізде. Адамның бір-екі сауалға дұрыс жауап бергеніне емес, кескін-келбетіне, жымиғаны мен киінгеніне қарап баға береміз. Неге олай дейсіз ғой. Жаңа айтқанымдай нарық заманына өткенде, адам да өзге заттар секілді ресурсқа айналып кеткен. Адами құндылықтарға мән беру жағы осылай жоғалды. Біз неге олай болды деп жоқтаған да жоқпыз. Себебі, бәріміз жаппай «заманға күйлеп» жүрміз. Ал билікке, әкім-қараларға ресурстармен жұмыс істеу оңай. Біздің бүгінгі күйіміз бір армияны елестетеді. Мынау - дивизия, мынау - батальон, мынау - рота. Бәріміз бір адам болып көрінеміз. Ал әскерді «тұр, солға қара, оңға қара, алға жүр» деп айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп отыру анағұрлым жеңіл. Өзінің ойы, өзіндік көзқарасы жоқ армияны басқару өте ыңғайлы. Мәселен, Солтүстік Кореяға қарасаңыз, киімі де, түрі де бірдей халықтың сап құрап жүретінін байқайсыз. Халықты басқарудың ең оңай жолы осы. Бәрі бірдей киініп, сапқа тұрып жүргенде ешкімнің жеке үні естілмейді, бәрі бір адам секілді. Кеңес одағы кезінде біз де осылай бірыңғай армия болып тұрдық. Сол тұста шыққан өзінің ойы бар ақын-жазушы, драматургтарды, ғалымдарды түрмеге жапты, я болмаса, шетелге қуып жіберді. Себебі, билік олармен санасқысы келмеді. Біз осылар секілді армия болып кетуден сақтануымыз керек. Ол үшін адами қасиеттерге ерекше мән беруге тиіспіз.

Р.S. «Осы күні қазаққа керек нәрсенің көбі әркімге-ақ мағлұм. Қазаққа не керек екенін білмегеннен істей алмай тұрған адам жоқ. Қазақ керегі айтылып жатыр һәм айтылар да. Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді. Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады.» А.Байтұрсынов.

Айнара АШАНОВА

«Қазақ әдебиеті» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5523