Жұма, 29 Наурыз 2024
Әне, көрдің бе? 5669 31 пікір 24 Маусым, 2021 сағат 15:12

Ресей туын ілгендерге қандай жаза қолданылады?

Қазақстанның Қостанай обысында Жітіқара дейтін аудан бар. 2019 жылғы дерек бойынша, 48 мыңға жуық тұрғыны бар. Ұлттық құрамы жағынан 44,76% қазақтар, 37,69% орыс этносы деп көрсетілген. Қалғаны украин, неміс, татар, башқұрт, корей, беларусь қатарлы өзге ұлттар.

Кешелі-бері қазақ интернет кеңістігінің қызу талқысын тудырған оқиға - үйінің төбесіне Ресей Федерациясының туын іліп қойған азаматтың әрекеті болып отыр. «YouTube» желісіне тараған шағын видеодан ұққанымыз, оқиға жаңағы Қостанай облысының Жітіқара ауданында болған. Әлдебір азамат (болжаммен Қазақстан азаматы) өз үйінің төбесіне Ресей Федерациясының мемлекеттік туын іліп қойған. Бұл жайт желі қолданушыларының ашуын тудырған. Кейбіреулері ілініп тұрған туды жұлып тастау керектігін айтса, енді біреулері полиция шақыру керек деп ұсыныстаған.

«Бұл ер адам Ресей туымен Қазақстанда тұрады», - дейді кадр сыртындағы дауыс.

«Google» іздеу жүйесінде «Российский флаг над казахским домом» деген атпен оншақты материал жарияланыпты. Барлығы дерлік Қостанай облысының Жітіқара ауданындағы оқиға жайлы қысқа ғана ақпараттар.

Естеріңізде болса, осыдан 5-6 жыл бұрын Астана қаласында тұратын Жандос Құрманбаев дейтін азамат балконына ту ілгені үшін кінәлі саналып, айыппұл төлеуге мәжбүр болған.

Боксшы Геннадий Головкиннің кезекті жеңісіне қатты қуанған ол өзі тұратын көп қабатты үйдің балконына еліміздің көк байрағын іліп, желбіретіп қояды. Бар «бүлдіргені»  - осы. Бірақ, Жандостың мұндай патриоттығын жақтырмаған әлдекім тап сол кезде қалалық әкімшілікке қоңырау шалып, мәселенің мән-жайымен құлағдар етіп үлгереді. Ал, әлгіндей хабар алған әкімшілік қызметкерлері қарап қалсын ба, «Мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдаланғаны үшін» Жандостың жанын шығармаса да, заңды көлденең тосып, оны айыппұлға жыққан еді. Бұл оқиға қазақ қоғамында қызу талқы болды. Жұрт наразылығын тудырды.

Ал былтыр қазан айында президент Тоқаев Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін пайдалану туралы заңды қайта қарау керегін айтты.

«Парламенттің бірқатар депутаттары мен патриот азаматтардың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын.

Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тиым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет», - деген еді Тоқаев.

Кейін желтоқсан айында Үкімет басшысы Асқар Мамин арнайы қаулыға қол қойып, Мемлекеттік туды балконға ілуге рұқсат берілетін болды.

Ал «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР 2007 жылғы 4 маусымдағы N 258 Конституциялық заңында (5 бап), «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туын және басқа да туларды Қазақстан Республикасының аумағында бір мезгілде пайдалану» туралы:

«Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерді, консулдық мекемелерді, халықаралық ұйымдарды және (немесе) олардың өкілдіктерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар мен өкілдіктер пайдаланатын шет мемлекеттердің тулары Қазақстан Республикасының мемлекеттік туымен бір мезгілде орналастырылады», - деп тайға таңба басқандай жазылған.

Ту ілудің де тәртібі бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) Қазақстан туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға тиіс. Басқа тулардан төмен орналастырылмайды.

Ал өзге мемлекеттің туын үйінің төбесіне ілген азаматқа қандай шара қолданылмақ? Құзырлы органдар мәселенің ақ-қарасын анықитады ма? Ресми жауап күтеміз...

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564