Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3218 0 пікір 18 Мамыр, 2012 сағат 07:07

Кенжебек Құдысұлы. Даму философиясы (жалғасы)

Мақаланың басын мына жерден оқи аласыздар: http://old.abai.kz/content/kenzhebek-kydysyly-damu-filosofiyasy

Ақиқатпен (мейлі ол абсолютты немесе салыстырмалы мәндегі ақиқат болсын), объективті заңдылықтармен (мейлі ол табиғат заңдылықтары немсе қоғамдық заңдылықтар болсын, жалпыға ортақ заңдылықтар болсын, жекелеген заңдылықтар болсын), қағидалармен, ғылыммен, ғылымилықпен, түрлі білім-іліммен мазмұны байытылған теориялық негіздерге сүйенбеген (теориялық негіздері мықты қаланбаған, теориялық фундаменті жұқа) кез-келген бір қоғам - даму жолын таба алмай адасуға бейім тұрады. Сондықтан, бір ел (бір қоғам, тіпті бір кәсіп орын, жеке бір адам болсын) шынымен дамуда ма, жоқпа және болашақ болжамы қалай болады деген мәселеге баға беру үшін әуелі оның дамудағы сүйенген дұрыс (ғылыми) теориялық негіздемелеріне, сүйенген философиясына қарау керек.

Автор

Мақаланың басын мына жерден оқи аласыздар: http://old.abai.kz/content/kenzhebek-kydysyly-damu-filosofiyasy

Ақиқатпен (мейлі ол абсолютты немесе салыстырмалы мәндегі ақиқат болсын), объективті заңдылықтармен (мейлі ол табиғат заңдылықтары немсе қоғамдық заңдылықтар болсын, жалпыға ортақ заңдылықтар болсын, жекелеген заңдылықтар болсын), қағидалармен, ғылыммен, ғылымилықпен, түрлі білім-іліммен мазмұны байытылған теориялық негіздерге сүйенбеген (теориялық негіздері мықты қаланбаған, теориялық фундаменті жұқа) кез-келген бір қоғам - даму жолын таба алмай адасуға бейім тұрады. Сондықтан, бір ел (бір қоғам, тіпті бір кәсіп орын, жеке бір адам болсын) шынымен дамуда ма, жоқпа және болашақ болжамы қалай болады деген мәселеге баға беру үшін әуелі оның дамудағы сүйенген дұрыс (ғылыми) теориялық негіздемелеріне, сүйенген философиясына қарау керек.

Автор

ДАМУДАҒЫ АЛУ-БЕРУДІҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІК ЗАҢЫ

І. ЖАЛПЫ ДАМУ ТУРАЛЫ

Тірі адам бір сәтте тоқтамай тыныс алып тұрады. Тыныс алу дегеніміз ауадан оттегін алу, сонымен бір уақытта көміртегі қос тотығын денеден сыртқа шығару. Егер бұл процесс тоқтаса адам тұншығып өледі. Адам организмге қажетті қоректік заттар мен энергияны қамтамасыз етіп тұру үшін күнде тамақтанады. Тамақтану дегеніміз - организмге қажетті қоректік, энергиялық заттарды қабылдау және (заталмасудың нәтижесінде пайда болған) қажетсіз қалдық заттарды шығару процессі. Адам тәбиғи және қоғамдық ортаға өзінше бейімделе отырып дербес өмір сүруге тырысады. Ол үшін үйренеді, өзгелермен қоғамдық қарым қатынаста болады. Үйрену, қоғамдық қарым-қатынас іс жүзінде өзінің өмір сүруіне, қызмет етуіне қажетті информацияларды (ақпараттарды) алу деген сөз. Адамдар бір-бірімен сөйлескен, пікір алмасқан кезде өзгкелерден ақпараттарды (информацияларды) алып қана қоймай, өзгелерге де құнды ақпараттар береді. мысалы, менің осы мақалам да өзгелерге ақпарат беруге жатады. Қарап тұрсақ, өмір дегеніміздің өзі - зат, энергия, ақпараттарды алу және беру процессі, яғни алмасу процессі екенін байқау қиын емес. Біз айтып жүрген заталмасу тіршіліктер организміндегі биологиялық қозғалыстардың бір түрі ғана. Тіршіліктер өмірінде ғана зат, энергия, ақпарат алмасу процессі болып қалмастан, барлық заттардың өмір сүруінде, дамуында зат, энергия, ақпараттарды алу және беру, яғни алмасу процессі жүріледі.

1) Алудың (қабылдаудың) ерекшеліктері

Түрлі металлдарды алдыға жайып қойып, осының ішінен өзіңе ұнаған бірісін ал десе, егер оның ішіндегі ең бағалысы күміс болса, әр бір адамы сол күмісті алғысы келер еді. Егер ішіндегі бағалысы алтын болса, онда әр қайсысы да алтынға жүгіреді. Сол сияқты, он мың теңгелік, бес мың теңгелік, мың теңгелік ақшалар қойылып соның ішінен өзің қалаған біреуін ғана аласың десе, әр бір адам міндетті түрде он мыңдығын алғысы келеді. Әлі махаббатын жолықтырмаған жас жігіт, сыртқы түрі мен тұлғасы да, ішкі жан дүниесі де сұлу қыз жолықтырғысы келеді. Өмірде мақтауды жаны сүймейтін адам да некен саяқ. Шығатын қортынды: Адам әр қашан құнды, бағалы, пайдалы, жақсы, әдемі нәрселерді алғысы (қабылдағысы) келеді. Бұл әр бірімізге тән тәбиғат. Сіз де солайсыз, менде солаймын. Ылғи да осындай нәрселерді алуы немесе алғысы келуі өзінің дамуына пайдалы. Адам пайдалы, құнды нәрселерді алған соң оны қозғамай сақтап қоймайды. Керегіне жаратады, пайдаланады, өзгертеді, өңдейді, жасайды. Мысалы, алғаны көкөніс, ет болса; одан дәмді тағам жасап жейді. Ақшаны бір қажетіне пайдаланады. Алтын, күмістен зергерлік бұйым жасатады. Кітапты оқиды, одан өзіне пайдалы рухани азық алады дегендей т.б. Сондықтан, зат, энергия, ақпаратты алғаннан кейін оны пайдалану, өзгерту, өңдеу процессі орын алады. Алу (қабылдау) сол адамның өзінің организмін және рухани әлемін дамытуға бастайды. Мысалы, білім алу және тәжірибе жинау (алуға жатады) адамды ақылдылыққа, қабілетілікке, іскерлікке жетелейді.

2) Берудің (ұсынудың) ерекшеліктері

Бере алатын болу үшін өзінде бар болу керек (бұл алғы шарт). Әр біріміз құнды, пайдалы нәрселерді алуды қалайды екенбіз, кез-келген екінші бір адамнан, өзгелерден осыны күтеді екенбіз, олай болса өзгелерге қандай нәрсе беруге тиістіміз? Әрқайсымыз құнды, пайдалы нәрселер алғымыз келеді, алып та жүрміз. Бірақ, әр біріміз өзгелерге құнды, падалы нәрсе бермей (мысалы, жақсылық істемей) құнсыз, пайдасыз, зиянды нәрселерді берсек не бергіміз келсе, сонда әрқайсымызға құнды, пайдалы нәрсені кім береді? өз-өзімізге қайшы келгендік емеспе. Біреу өзіңе пайдасыз, зиянды нәрсе берсе қалай қарар едіңіз? Сол сияқты сіз біреуге пайдасыз, зиянды нәрсе берсеңіз немесе зиян келтірсеңіз, ол қалай қарайды деп ойлайсыз? Өз тәбиғатымызға қайшы келмей, дұрыс шешудің жолы өзгелерге де құнды, пайдалы, жақсы нәрсе беру керек екені түсінікті болып тұр*. Әрі әр адам өзіне құнды, пайдалы нәрселерді алу, алғысы келу тәбиғаты болғаннан кейін, мейлі ол зат, энергия, ақпарат болсын, өзгелерге де құнды, пайдалы нәрселер беруге мүмкіндігі болады. Яғни, беру қажет болған кезде қолыңда қандай бағалы, пайдалы нәрсе бар, содан бере алады. Өзінде жоқты, ғайыптан пайда қылып бере алмайды. Алу (қабылдау, мысалы: үйрену) өзінің дамуына ғана пайдалы болғанмен, Беру өзгелердің (алушылардың, қабылдаушылардың) дамуына пайдалы болады. Сондықтан да бергенінің құны алғанының құнынан жоғары болу қағидасы сақталады. Яғни, құнды, пайдалы нәрселерді өзі ғана алып (қабылдап) қалмастан, өзгелерге де бергені үшін, нәтижесінде көптеген адамдардың (мысалы, халықтың) құнды, пайдалы нәрселерге ие болғандығы үшін беру алудан да құнды болады.

Беруден бұрын, өзгелерге (алушыларға, қабылдаушыларға) берілетін зат, энергия, информация алдымен өңдеуден, өзгертуден, өндіруден өтеді. Мысалы, әңгіме, повесть, романдағы кейіпкерлер мен уақиғаларды жазушы өмірден алады. Бірақ, нақты өмірді ксерокстен өткізгендей көшірмесі емес. Белгілі өңдеулерден, қажетті өзгертулерден өтеді. Жазушының өз шеберлігі арқасында тартымды, мәнді әңгіме, повесть немесе роман болып халыққа жетеді. Ал оны оқыған оқырмандардың рухани дүниесі байып, олардың рухани мәдениет жағынан дамуына пайдасы болады. Мүғалімнің сабақ өтуі (беруге жатады) оқушылардың білім үйренуіне пайдалы. Сондықтан да беру өзгелердің, халықтың дамуына пайдалы. Кез-келген заттың дамуында жоғарыда айтылған екі түрлі процесс қатар жүріледі. Біреуінің тоқтап, енді біреуінің жүрілуі болмайды. Егер ондай болған жағдайда даму тоқтайды, кері кету процессі басталады, зат жойылуға бет алады. Мысалы, Бірде бір оқырман (алушы, қабылдаушы) болмаса жазушының әңгімесі, романы кімге керек. Оқушы (алушы) болмаса мұғалім (беруші) партаға сабақ өтпейді.

*Ескерту: жабайы жыртқыш аңдар қажетті азықтығын өздері өндіре алмағандықтан, өсіріп көбейте алмайтындықтан, тәбиғат қойнауындағы өзге жануарларды (мысалы, шөп қоректілерді) іздеп жүріп, ұстап жеп өмір сүруге тура келеді. Олар тек алуға ғана бейімделген, беруге жоқ. Сондықтан мейрімсіз, қатігез, жыртқыш келеді.

3) Ала білу құнды, бере білу одан да құнды

Құнын, бағалылығын, маңызын, пайдасын білу адамзат (адам) үшін өте қажет. Өзге жануарларда жоқ, адамға тән бір басымдылық деуге болады. Құнсыз, мәнсіз нәрселерге адамдар бара бермейді. Беру алудан да құнды және бергенінің құны алғанының құнынан жоғары болу қағидасы, яғни, құнды нәрселерді алу (қабылдау), одан да құнды нәрселерді беру қағидасы сақталама? Жауап: әрине сақталады. Бұл өз ішінен екі мазмұнды қамтиды:

(1) Құбылысты байқау: қоғамда немесе тәбиғатта пайда болған кез-келген жағымды не жағымсыз нақ болған бір құбылысты, жайтты, оқиғаны байқау, оны қоғамның назарына ұсыну да - адамдар үшін құнды нәрсе бергенің болып есептеледі. Бұл жерде құнды нәрсені (уақиғаны, жайтты) өзі ғана біліп, хабардар болып (алуға жатады) қалмастан өзгелерді де хабардар етті (беруге жатады), соның арқасында көп адам құнды ақпарат алды. Сол үшін де бергені алғанынан құнды болады.

(2) Құбылыстың мәнін ашу. Әр құбылыс, әр бір нәтиженің артында бір немесе бірнеше себеп жатады. Себепсіз еш құбылыс, нәтиже орын алмайды. Сипаты бір-біріне ұқсайтын, бірнешелеген немесе көптеген құбылыстардың астарында бір заңдылық, бір саясат немесе халықтың бір ортақ идеасы, ұстанымы, дүние танымы жатады. Құбылысты байқаумен ғана шектеліп қалмай, оның арғы терең жағында жатқан сол заңдылықтарды аша білу, ең маңыздысы сол болар еді. Себебі заңдылығын таппасақ, сол құбылыстардың мәнін де аша алмаймыз. Егер адамдарға, халыққа жағымсыз, зиянды құбылыс болған жағдайда, заңдылыққа сүйенбей оны өзгерту де қиын. Яғни, дамуға қол жеткізе алмаймыз. Мейлі құбылысты байқап, оны халыққа жеткізгеніміз болсын, мейлі құбылыстың мәнін ашып, заңдылығын тапқанымыз болсын, барлығында елге құнды, пайдалы іс істегеніміз болып табылады. Бәрі де дамуға үлес қосқанымыз. Егер құбылыстың мәнін ашып, заңдылығын тауып жатсақ, онда (қоғамнан, тәбиғаттан) алғанынан да бергені құнды болғаны. Яғни, өзі құнды, пайдалы нәрсе алып қалмастан, одан да құнды нәрселерді өзгелерге беріп отыр (үлес қосып отыр). Мысалы, жазушының өз романындағы кейіпкерлердің тағдыры арқылы халыққа жеткізген басты ойы (негізгі идеасы), халықтың нақты өмірден көрген, естіген уақиғаларынан әлде қайда құнды. Белгілі өңдеуден өтіп тұтынуға болатын дайын товар (бергені), әуелгі шикізаттан (алғанынан) құнды. Себебі, шикізатты (мысалы, темір рудасын) адамдар бірден тұтына алмағанмен, одан жасалған бұйымды (мысалы, балғаны, пышақты, шегені т.б.) халық  тіке пайдалана алады, қажетіне істетеді. Сонысымен құнды (бұл ара да құнды деп бағасы айтылып тұрған жоқ). Жай топырақтан кірпіш құнды т.б. Сондықтан, жоғарыда айтылған екі түрлі мазмұнға байланысты, әдетте бергенінің құны алғанының құнынан жоғары болу қағидасы сақталады. Ендеше, әр бір адам құнды нәрсе алғысы келеді екен, өзгелерге де құнсыз, мәнсіз нәрселерді бермеуге тырысуы, «бергені алғанынан да құнды болу» қағидасын ұстанғаны дұрыс болады. Себебі, даму заңдылығының талабы солай.

4) Алу-беру (алмасу) процессінің тепе-теңдігі

Әр бір адамның қабілеті шекті, дүниені тануы да шектеулі болғандықтан, мақсатты не мақсатсыз түрде, жиі болмаса да тәбиғатқа, өз тәбиғатына, заңдылыққа қайшы ақымақтық іс істеуден біржолата арыла алмайды. Әрине адамдардың мұндай әрекеті дамуға тұсау (кедергі) болатындығы түсінікті жайт. Мысалы, әр біріміз құнды, бағалы, пайдалы нәрселерді алғымыз келеді, өзгелерден де сондай нәрселерді алуды күтеміз. Бірақ ондай нәрселерді өзгелерге бергіміз келмегені өз-өзімізге қайшы келгеніміз екенін жоғары да айттым. Сол сияқты алғымыз келеді, өзгелерден алуды күтеміз, бірақ бергіміз келмесе немесе әр қайсымыз өзгелерден көп алып, өзгелерге аз бергіміз келсе, сонда көп беретін кім бар? айналып келгенде бұл да өз-өзіне қайшы келу, өз тәбиғатына қарсы келу емеспе. Дұрыс шешім әрине қаншалықты алсаң соншалықты бере білу. Осылайша алу мен берудің өзара тепе-теңдігі қалыптасуға ұмтылады. Әрі осы тепе-теңдікке жету дамудың ең шапшаң болатын кезеңіне жатады. Сондықтан, белгілі бір заттың (мысалы, жеке адам, белгілі бір кәсіпорын, қоғамның кез-келген бір саласы, бір ел т.б.) дамуы дегеніміз оның өзі өмір сүріп жатқан сыртқы ортамен немесе екінші бір затпен «зат, энергия, ақпарат» алмасу процессі. Яғни, одан (сыртқы ортадан, екінші бір заттан, мысалы: тәбиғаттан, қоғамнан) алу, сонымен бір уақытта және оған беру. Дамуда осы екі бағыттағы алмасу процессі қатар жүріледі, уақыт өте өзара тепе-теңдікке жетуге ұмтылады. Әрі дамудың алға қарай жылжуына байланысты тепе-теңдік те қарапайымнан күрделіге қарай өзгеріп, деңгейі көтеріліп отырады, жаңарған тепе-теңдікке айналып отырады. Яғни, бір орында қатып қалған тепе-теңдік емес, үздіксіз ілгерлеп, биіктеп отыратын динамикалық тепе-теңдік. Сондықтан даму - алу-беру (алмасу) процессінің динамикалық тепе-теңдігі. Онсыз дұрыс даму болмайды.

Мысалы, су қоймасында су толы болғанымен, оны төменгі жағында орналасқан егістікті немесе шаппалық шөпті суаруға бермесе (яғни, дамудағы беру жоқ болса), су қоймасында су жоқ болғанмен бірдей пайдасыз емеспе. Адам қанша білімді болғанымен оны өзгелердің, қоғамның, халқының игілігіне жаратпаса білімі жоқ бір өте қарапайым адаммен бірдей емеспе. Су қоймасында су болғанымен қажет кезде беріп тұрса пайдалы. Білімді болғанымен оны халқының мұқтаждығы үшін істетсе ғана пайдалы. Дегенмен, бермесе де су қоймасында су жоқ болғаннан да судың болғаны жақсы. Халқының қажетіне істетпесе де білімсіздіктен де білімді болғаны пайдалы.

Су қоймасы пайдалы зат екенін бәріміз білеміз. Әрі қоймада толған су болса ғана пайдалы. Су қоймасына бас жағынан су құйылып жатады, тоспаның (бөгеттің) қақпасынан тура сондай мөлшердегі су жоспарлы түрде шығарылып тұрады (тепе-теңдікті сақтау үшін болады). Әйтпегенде жиналған су белгіленген (қауіпсіздік) деңгейден асып, бөгетті бұзып әкетеді. Бөгетке орнатылған су электр станциясы судың қатты ағыс күшінен пайда болған механикалық энергияны (яғни, кинетикалық қуатты) қабылдаса, су электр станциясының құрылғысы сондай мөлшердегі электр энергиясын шығарады. Егер бұл арада су қоймасының қақпасынан су ағып тұрмаса (жоғары жағынан сондай мөлшердегі су келіп тұруы шарт, әйтпегенде су таусылып қалады) энергияның айналуы да болмайды. Әр үйде жарықта болмас еді. Адамзат қоғамының дамуы үшін электр энергиясының қаншалықты маңызды екенін бәрімізде өте жақсы білеміз. Яғни, судың кіруі мен шығуы (ағуы), тепе-теңдік (судың деңгейі) болмаса энергияның айналуы болмайды. Энергияның айналымы болмаса даму да болмайды.

Мәселенің өзге бір қырынан тағы бір қарапайым мысал, Біз «жастар білім үйрну керек,  білімді болу керек» деп жиі айтып жатамыз. Білімді істету, қолдану үшін және қажет болса ары қарай зерттеп сол білімнің өзін тағы да жаңа мазмұндармен байыту, дамыту үшін үйренеміз. Еш қолданбаса, білімді көп үйренгеннен не пайда. Біліктілік үйрену және үйренген білімін қолдана білу арқылы қалыптасады. Біліктілік адамның кәсіби дамуының көрнісі, жемісі екені түсінікті. Осы мысалдан да көрініп тұр даму - алу (мысалы, білім алу) мен беру (қоғамның кез-келген белгілі бір саласында қолдану) процессінен тұрады. Тек білім алу бар, бірақ,  оны қоғамда қолдану (беру) жоқ болса қандай кәсіби өсу, яғни, біліктілікке қалай қол жетеді. Сондықтан, дұрыс дамуда алу мен беру процессі қатар жүреді,  белгілі тепе-теңдік, баланыс орнайды. Осы процесстердің кез-келген бірі немесе екеуі де баяуласа не тоқтаса даму да баяулайды, тоқтайды. Алу-берудің тепе-теңдік заңы бойынша, егер белгілі бір қоғам бәрінде тамыр-таныстыққа жол беріп, жұмысқа, кадрлыққа білімі, қабілеті бойынша емес, тамыр-таныстығы, туыстығы, жерлестігі т.б. бойынша алатын болса, әрі алған адамы білімсіз, қабілетсіз болса, бұл қоғам дұрыс дами алмайды, қарқынды даму болмайды. Ары қарай кері кете бастайды. Себебі тамыр-таныстығымен жұмысқа орналасқан әлгі білімсіз, қабілетсіз адам өзгелерге, қоғамға, халқына ештеңе бере алмайды (үлес қоса алмайды).  Ал даму үшін алу да керек, беру де керек. Әрі алу-беру белгілі тепе-теңдікке жеткен кезде қарқынды (жедел) даму болады.

Менің білім алуым өз жеке басымның дамуына пайдалы, ал алған білімімді өзгелердің, қоғамның игілігіне жаратсам олардың дамуына да пайдалы болады. Егер алған білімімді өзгелердің, қоғамнның қажетіне жаратпай қойсам, жаратуға мүмкіндігім болмаса оның өзгелер үшін, қоғам үшін пайдасы болмайды деген сөз. Бір адамның мәдениетсіздігі, тәрбиесіздігі, білімсіздігі, біліксіздігі, өзімшілдігі немесе жалқаулығы т.б. тура сондай нәтиже береді, өзгелерге пайда әпермейді. Себебі ол өзгелерге, қоғамға жарытып ештеңе бере алмайды, бергісі келмейді, бермейді. Қоғамнның, елдің дамуын адам жүзеге асыратындықтан, әр адам өз деңгейінде, өзінің дамуы үшін ала білуі және өзгенің дамуы үшін бере білуі қажет. Әрі алу (қабылдау) мен беру (үлес қосу) белгілі алу-берудің (алмасудың) тепе-теңдігіне жетуге ұмтылғанда, оның қосқан үлесі ең жоғары (максимальды) деңгейге жетеді. Әр бір адамның қосқан үлесін «бір тамшы» деп есептесек, көп адамның қосқан үлесі «көл» болады. Яғни, ұлт, жалпы халық дамуға ие болады.

Бір ұлттың рухани мәдениетінің өсуіне дамудың алу-беру (алмасу) заңы бойынша талдау жасауға болады. Әр ұлттың өзіне тән мәдениеті, рухани байлықтары, құндылықтары болады. Бірақ бұл өзге ел, өзге ұлтта озық мәдениет жоқ дегенді білдірмейді. Біздің ұлттан, біздің елден басқа ұлт немесе елде іліп алар ештеңе жоқ деп қай ұлт, қай ел айта алады. Сондықтан өзге ел, өзге ұлттың мәдениетімен, рухани әлеміндегі жетістіктерімен де әр дайым санасып отыруға, олардың біз үшін, жалпы адамзат үшін де құнды, озық мәдениетін үйренуге міндетті болады (егер дамуымыз керек деген ниет болса). Бұл біріншіден дамуы үшін керек болса, екіншіден өзіндегі олқылықтар мен кемшіліктерді танып білуге, өзін тануға, олқылықтары мен кемшіліктерінің орнын жауып, ары қарай оны оң бағытта өзгертуге, кемшілікті артықшылыққа айналдыруға, олқылықты жетістікке айналдыруға түрткі болады. Өзге ел, өзге ұлттан үйрену - дамудағы алу (қабылдау) процессі. Өзге ел, өзге ұлттан үйренгеніміз арқылы өзіміздегі олқылықтар мен кемшіліктерді басқа көзбен қарап білу және оны оң бағытта өзгерту - дамудағы беру процессі. Өзге ұлт, өзге елдің біздің жетістіктерімізден үйренуі де біздің ел үшін дамудағы беру процессіне жатады. Бұл арада «алу» яғни, өзге ел, өзге халықтан үйрену «беру»-дің яғни, халқымызға, елімізге берудің, халқымызды, елімізді дамытудың бір қозғаушы күшіне айналып отыр. Сондықтан, өзге ел, өзге ұлттан үйрене білу дұрыс нәрсе. Мәселе олардың несін үйрену керек, озығы қайсы? құндысы не? Соны айыра тани білуімізде (ажырата алуымызда).

Сауда саттық та алу-берудің (алмасудың) динамикалық тепе-теңдік заңы бойынша дамиды. Саудада сатып алу (завод немесе фаврика бағасымен) және көтерме (оптом) бағасымен сатып беру қайталанып жүріле беретін процесс. Сатып алу мен сатып беру осы екі процесс тепе-теңдікті құраған кезде сауда жақсы жүреді. Егер сатып алу оңай, бірақ, сатып беру қиындап кетсе (товар өтпесе не тұтынушы сатып ала алмаса) немесе сатып беру оңай болғанмен, бірақ сатып алу қиынға соқса (не сатып алатын товар жоқ болса, өндіріс жоқ болса) немесе екеуі де қиынға соқса сауда жүрмейді, сауда-саттық дамымай қалады. Экономиканың басқа салаларының дамуы да «дамудағы алу-берудің динамикалық тепе-теңдік заңы» на бойсынады. Мысалы, жердің асты-үстінен шығатын әр түрлі тәбиғи байлықтарды (мысалы, ағаштар, асыл тастар, түрлі металдар т.б.) «алу» мен оны өңдеу, қайта өңдеу, жасау арқылы  тұтынуға болатын товарға айналдырып халыққа «беру (ұсыну)» процессі белгілі алу-беру тепе-теңдігін қалыптастырған кезде жедел эконмикалық даму болады. Әдетте мұндай деңгейге жеткен мемлекеттерді өнеркәсібі (ауыр және жеңіл өнеркәсібі) дамыған ел деп есептейді. Мысалы, Рессейде орман (ағша материялы) көп болғанымен, оны өңдеп адамдар тұтынатын товарға айналдырмағаннан кейін, оның көптігінен халқына не пайда. Бәрібір халқының бір бөлімі Қытай мен Беларустың ағаштан жасалған жиһаз және басқа ағаш өнімдерін тұтынуға тура келеді. Естуімше рессейдегі тісшұқығыштардың өзі Қытайдан барады екен дейді, рас-өтірігін білмедім. Ал бізде мал терісі көп болғанымен, бәрі бір туркияның тері киімдерін киюге мәжбүрміз. Яғни, мал терісі осы бір байлық түрі бойынша, алу бар (тері жеткілікті әрі арзан), бірақ оны өңдеп халыққа қайта беретін қабілет жоқ. Дамудағы алу-беру тепе-теңдігі қалыптаспаған.

Кез-келген заттың дамуында «алу»дың сандық шамасы белгілі бір деңгейге жеткенде «беру»ге де мәжбүр етеді. Себебі дамудың талабы солай. Уақыт өте келе «алу» мен «беру» белгілі бір алу-берудің динамикалық тепе-теңдігін қалыптастырады. Бұл кез жедел дамудағы кезең болып саналады. Ағаштардың, жеміс ағаштарының жапырақтары мен тамырлары (күн нұрын, көміртегі қос тотығын-CO2, су және минералдарды) алу (сіміру, қабылдау) үшін жаралғандай. Олар алып қана қалмай сонымен бір уақытта жоғары да аталған неорганикалық қарапайым заттардан (олардан да құнды) кереметтей дәмді жеміс, оттегін және әдемі қош иістерін де береді. Сондықтан алу-беру тепе-теңдігі жалпылық сипатқа ие.

Барлық саланың дамуы да осындай заңдылықтарға сүйенеді. Заңдылықтар теорияның негізін құрайды. «Теориясыз эксперимент - соқыр» деген сөз бар. Сондықтан, даму үшін дамудың теорияларына, заңдылықтарына негізделуге адамдар ертелі-кеш бәрі бір мүделі болады. Құдай әлемді құраған заттарды (онсегіз мың ғаламды) жаратты әрі оларды белгілі бір заңдылық бойынша мәңгі қозғалыста болатын етіп қойды. Ендеше, сол заңдылықтарды зерттеп тану (тәбиғат, қоғам және рухани дүниеге қатысты барлық заңдылықтарды меңзейді), заңдылыққа құрмет етуден басқа амал жоқ. Заңдылыққа қарсы шығуға болмайтынын, адамзаттың заңдылықты өзгертуге шамасы жетпейтіндігін, бірақ оған сүйенуге, одан пайдалануға болатындығын ғылымның да, философияның да көзі жетіп отыр. Енді одан аттап өтіп басқаша бір даму жолын, сүйенетін негіз таба алмауымыз мүмкін.

ІІ. АДАМНЫҢ ДАМУЫ

Қай саланың дамуы болмасын, бәрінде адам істейді. Адам даму субъектісі, қозғаушы күш болғандықтан, қоғамның маңызды деген салаларымен қоса адамды да дамыту қажеттілігі туындап отырады. Нақтылап айтқанда адамның білімін, қабілетін және адамгершілігін дамыту қажет болады. Қазақтың «шала молда дін бұзар, қисық арба жол бұзар» деген мақалы да адам қабілетінің қаншалықты маңызды екендігін ұғындырып тұрмайма. Иниститутта оқымай-ақ дипломын сатып алған шалғай ауылдағы қабілеті төмен бір дәрігер науқастың ауруын емдеп жазғаны былай тұрсын, ауруының үстіне ауру қосып беруі де әптен мүмкін ғой. Сондықтан даму үшін адамдардың қоғамдық санасын ояту, білім деңгейін, қабілетін көтеру, біліктілігін артыру маңызды.

Егер мәлім бір адам, оның рухани әлемінде ештеңе жоқ бос болса, ол өз ұрпағына, өзгелерге, қоғамға және еліне не бере алады? Ештеңе де бере алмайды. «Жоқ жомарт жанның қолын байлайды» демейме. Бұл жердегі «жоқ» заттық дүниеге, заттық байлыққа қаратылып айтылса, рухани байлықта да тура солай. Рухани байлығы жоқ болса өзгеге (мысалы, баласына да өнеге көрсете алмайды, тәрбие бере алмайды, т.б.) ештеңе бере алмайды. Керісінше, мәлім бір адам қанша білімді, қабілетті, іскер болғанымен өзінің әртүрлі жеке себептеріне мысалы. жалқаулығына, еріншектігіне, қоғамдық санасының төмендігіне байланысты және қоғамның себептеріне байланысты (мысалы: тамыр-таныстық, сыбайластық т.б.) өзгелерге, халқына, өзі өмір сүріп отырған қоғамына еш пайдасын тигізбесе (үлес қоспаса) не оның үлес қосуына мүмкіндік бермей қойса, бұл адамның алғашқы (біліміз, надан) адамнан қанша айырмашылығы бар. Екеуі де өзгелер үшін, халқы, қоғамы үшін пайдасы аз, жоққа тән болады. Сондықтан адамның дамуы қоғамның дамуымен байланысты болып отырады.

Бере алу үшін өзіңде бар болу керек екені түсінікті жайт. Өзіңде бар болу үшін есту, көру, жазба материялдардан оқу, өзгелерден үйрену, зерттеу арқылы өзіне қабылдауы, яғни, дамудағы «алу» процессін үздіксіз орындауға тиісті. Әрі сонымен бір уақытта үлкен мидың арқасында белгілі «өңдеуден өтіп» мазмұны жаңарған, байытылған, дамытылған, өздестірілген рухани әлемдегі жетістіктерін өзгелерге береді. Яғни, дамудағы «беруді» де орындауға тура келеді. Алғаны аз болса, ол қайтіп көп бере алады. Алғаны (үйренгені, зерттегені, өз ойына түйгендері) көп болғанымен, аз берсе немесе бермесе одан өзгелерге қанша пайда.

Философиядағы бір заңдылық: сандық шама өзгерісі сапа өзгерісін тудыратыны бәрімізге түсінікті. Егер әр бір адам өзгелерден, өз қоғамынан, өзге елдерден, тәбиғаттан адамға, екінші біреуге, жалпы халыққа пайдалы нәрселерді неғұрлым көп үйренсе, қабылдаса, сонымен бір уақытта өзгелерге, қоғамға, халыққа солғұрлым көп бере білсе даму да соншалықты тездейтін болады.

1) Қоғамдық қарым-қатынас

(дамудағы алу-берудің динамикалық тепе-теңдік заңының адамдар арасындағы қоғамдық қарым-қатынаста қолданылуы)

Дамудағы алу-берудің тепе-теңдік заңы бойынша: Мәдениетсіз, тәрбиесіз, білімсіз, ақылсыз, қабілетсіз бір адам немесе тәрбиелі, мәдениетті, білімді, қабілетті бола тұрса да өзгелерге тәрбиесіздік, мәдениетсіздік, білімсіздік көрсететін бір адам өзгелерге ештеңе бере алмайды. Сондықтан, әр бір адам күнделікті қоғамдық қарым-қатынаста, дамудағы алу-берудің (алмасудың) динамикалық тепе-теңдік заңының талабы бойынша: (1) Әр бір адам іштей өзгелердің өзін құрметтеуін қалайды. Бұл бәрімізге тән тәбиғат. Енді сол өзіңді құрметтеген екінші адамның орнына қойып көр. Сол кезде өзің екінші біреуді (алғашқы өзіңді) құрметтеудесің. Сондықтан, екінші бір адамға құрметпен қарау керек. а) Біреуге құрметпен қарасаң, ол да саған құрметпен қарайды. «Сыйға - сый, сыраға - бал» демейме. Әдетте түсінігі мол адамдар осылай істейтінін көз көріп жүр. Екінші бір адамды құрметтеу дамудағы «беру»ге жатады. Екінші адамға пайдалы іс істеп тұр. Бұл бірінші жақтың (бірінші адамның) өмірден өзіне пайдалы, құнды нәрселерді ала білгенінің нәтижесі. Себебі жақсы, пайда, құнды нәрселерді ала білген адам өзгелерге де пайдалы нәрсе бере біледі. ә) Сол сияқты, біреуге қадалып ұрыса берсең, ол да сенімен ұрысатын болады. Жаны қаламаса да ол оған амалсыз барып отыр. Бұл жерде адамның тәбиғатына қайшы келудің орын алғаны байқалады. (2) Біреу аман-сәлемнен кейін кемшілігіңді, қателігіңді бетіңе басып айтуды бастап кетсе, қаламас едіңіз. Әр қайсымызда қаламаймыз. Сондықтан, алдымен адамның жақсы жағын, адамшылығын, тәрбиелілігін, мәдениеттілігін бағалауға тырысқан жөн. Себебі сонда ғана өзгенің бойындағы жақсы қасиетін тани алуға, әрі одан үйренуге болады (алуға жатады). Өзге адамдарды бірден өзіне қарсы қойып алса, өмірде өзінен басқа «жақсы адам» жоқ болып қалады. Жақсы өнеге көрсете білмеген адам (өзгеге бере алмау ) өзінің жақсы адам екенін өзгелерге қалай дәлелдейді. (3) Біреу біреуді асырамаса да өзара аялай білген дұрыс. Мен көз көрмейтін, дауыс жетпейтін анау африкадағы африкалық біреуді барып аялайық деп тұрған жоқпын. Әуелі бір-бірімізді, өзімізді, өз халқымыздың азаматтарын деп отырмын. Аялау - екінші адамның қалыпты өмір сүру, даму мүмкіндігіне кедергі болмау, қолдан келсе көмектесе салу, оның өзгеге зияны тимейтін қателігіне, жетіспестігіне кешірімділікпен қарау, түсіністік таныту деген сөз емеспе. (4) Адам әуелі өзін өзгелерге сендіруге тырысу керек. Сонда өзгелер оған сене бастайды, өзара сенімділік осылай қалыптасады. Өзімді біреуге сендіре алмасам, ол маған қалай сенеді. (5) Қолыңнан келсе, қабілетіңнің жеткенінше өз көмегіңді беруге ниетті бол, көмектесуге тырыс. Екінші бір адамға бірауыз жақсы сөз, жақсы лебіздің өзі үлкен көмек. Осының өзі өзгелерге, қоғамға қосқан үлес деп білу керек. Өзінен өзгеге еш көмегі жоқ болса, өзгелерден қалай көмек күтеді. (6) Әрбір адамның бойында да белгілі бір талант болады. Бойында құрығанда бір өнері, таланты жоқ адамның болмауы мүмкін емес. Сондықтан, екінші бір адамның пайдалы жағын, озық жағын, бімді, білікті, талантты жағын бағалауға тырысу қажет. Алдымен кемшілігін іздеп жүріп табуға тырыспаған дұрыс. Ылғи да тырнағының астына қарай бермеген жөн. Кемшілікті көп іздеген, соңында сол кемшіліктерді өзіне жұқтырып тынады. Халқымыз «сынықтан басқаның бәрі жұғады» демейме. Алдымен кемшілігін, қателігін іздеп табатын өзі. Енді ол оған жұқпай қалсынба. (7) "Үйрен де - жирен" - Абай, "көп үйрену - адамды ақылды етеді" - Шығыс халықтарында бар мақал. Өмір бойы үйрену (үйренуге болатын барлық нәрселерден) қытай халқының неше мың жылдан бергі өмірлік ұстанымына айналғандай. Еврей халқы да үйренуге аса мән береді. Үйрену оларды әлемдегі танымал, ықпалды ұлттардың біріне айналдырды. (8) Кемшіліксіз, қателіксіз адамның болмайтынын жақсы білеміз. Сондықтан, қателігін, кемшілігін тану, айту да маңызды. Дұрысында дұрыс, бұрысында дұрыс деп бас иіп, шұлғып отыра берсек, онда ессіздіктен, жәрместіктен қанша парқымыз болады. Дұрыс жолды қалай табар едік. Ар-ұжанына, шамына, намысына тигізіп алмай айтуды былай қойғанда, қателігін, кемшілігін айтумен қатар дұрысы қайсы екендігін, қалай істеу дұрыс болатындығын бір рет те айтпасақ, көрсетпесек; қателікті, кемшілікті жүз қайталап айтудан не пайда? Қателікті, кемшілікті айтудағы соңғы мақсат оны түзету емеспе, ендеше түзуін көрсету (дамудағы беру процессіне жатады) әрі өзгелердің де көзін жеткізу үшін мүмкіншілік болып жатса дәлелдеп беруге тырысу қажет. Елдің құлағына жеткізу маңызды, көзін жеткізу одан да маңызды.

Түйінін айтқанда, адам өзгелердің бойынан өз ішкі жан дүниесіне жағымды, ізгілікті, пайдалы қасиеттерді көп қабылдаса (дамудағы алу процессі), өзгелерге де көп пайдасы (беру процессі) тиетін болады. Адамның адамға пайдалылығы бірлікті шақырады. Бірлік тұқым қуаламайды, өзара түсіністік арқылы орнайды. «бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес.» - Абай. «Түсіністік» ұғымында екінші бір адамның бар жақсы, жағымды қасиеттерін, артықшылығын, өнерін, талантын жоққа шығармаушылық басты орында тұрады. Керісінше әр қашан екінші адамның кемшілігін басты орынға қойған, алдымен қателігін көруге асыққан адамның түсіністікке қалай қол жетеді.

Жақсылықтың антоним сөзі (қарсы мәндес сөзі) жамандық; жағымдының антоним сөзі жағымсыз; мейрімділіктің антоним сөзі мейрімсіздік, қатыгездік; көпшілдің антоним сөзі өзімшіл,  қайрымдының антоним сөзі қайрымсыз, рақымсыз; ізгіліктінің антоним сөзі жамандық, жамандық жасу, пайдалының антоним сөзі зиянды, қатерлі; құндының антоним сөзі құнсыз т.б. Аталған антоним сөздерді бір жерге топтастырсақ адамның тәбиғатына жат жыртқыш аңдарға тән қасиеттерді (инстинктті) байқауға болады. Бұның өзі заттардың дамуындағы алу-берудің динамикалық теп-теңдік заңы, адам адамға қасқыр емес (теледидардан небір сұмдықты естіп те жүрміз, көріп те жүрміз), қамқор болу тиіс екендігін, адамға адам пайдалы іс істеу керек екендігін, адамға адам жақсылық жасауды т.б. талап етеді. Заңдылықтың талабы да, маңыздылығы да: ала да білу, бере де білу; өзіне де пайдалы, өзгеге де пайдалы болу; адам өз тәбиғатына өзі қарсы тұрмау; өз-өзіне қайшы келмеу. Қасқыр сияқты жыртқыш аңдарда мұндай қасиет жоқ. Олар құрбандығын тез олжалау, өзінен күшті өзге жыртқыштарға жем болмау мақсатында шағын топ болып, күш біріктіру арқылы өмір сүреді. Бірақ, құмырсқа, ара сияқты өз патшалығын құра алмайды. Өзі қасыр адамның қасында өзі сияқты қасқыр ғана жүрмейме. Өзі қасқыр адам маңайындағыларды да қасқыр етеді. Көнбегендерді азық қылып жеп қояды. Қасқыр қасқырға не береді? ештеңе де бермейді. Ашықса бірін-бірі жейді. Өз күшігін өзі жейді. Егер жейтін азық мүлдем жоқ болса, ең соңында жалғыз қасқыр қалуы да қажап емес. Жер бетіндегі тіршіліктер тарихында динозаврлар да азықтыққа таласып бірін-бірі өлтіріп, бірін-бірі жеп құрыса керек. Адам тәбиғатты бүлдірсе, өзге аңдардың бәрін құртса, бір-біріне қас болса,асықпай айналып келіп өзін де құртып бітіреді. Сондықтан, адамның дамуы жыртқыш аңдардың бойында болатын әсіре өзімшілдік (тек ғана алу), мейрімсіздік, қатыгездік, қауіптілік, жыртқыштық (бәрі де өзгелерге бермеуге жатады)т.б. инстинктіне сүйенбейді. Ақыл-парасатқа (ақыл-парасаттың соңғы жетер шыңы - білім-ғылым, ақиқат т.б.), заңдылыққа сүйенеді. Егер аңдар адамзаттан озық болса ұлттық парктің ішінде қамалып жүрмес еді. Ұлттық паркті де сол аңдар құрып кетпесін деп шегарасын белгілеп немесе сыртын торлап тастамады ма. Екі миллион жылдан бері өмір сүріп келе жатқан қарт Қолтырауын (Крокодил) да қанша ұрпақ алмастырса да сасық көлшіктен шыға алмай жатыр емеспе. Егер даму сезімге, түйсікке, әсіре өзімшілдікке, дүниеқорлыққа, мейрімсіздікке, қатыгездікке, күштілігіне, жыртқыштыққа арқа сүйейтін болса керісінше адамзат ұлттық парктің ішінде немесе сасық көлшіктің ішінде, ал аңдар адамзат жүрген жерлерде жүріп, адам істеген істің бәрін істей алар еді.

2) Адамдардың өзара ақпарат алмасуы (пікір алмасуы, бір-бірінен үйренуі)

Жоғарыда адам әрқашан құнды, бағалы, жақсы, әдемі, жағымды, ізгілікті, игілікті, пайдалы нәрселерді қабылдағысы (алғысы) келетінін, жаны соны қалайтынын, тәбиғаты солай екенін түсіндік. Ендеше сондай пайдалы нәрселерді қабылдауға мүделі болады. Ал өзі қабылдағысы келмеген, құлағына жағымсыз, жүрегіне суық, адамшылығына жат, өміріне пайдасыз, құнсыз сезілген нәрселерді өзгелерге де бермеуі керек. Боқтық, лас, кекету, мұқату, келсін-келмесін даттай жөнелу (әрине, қателігін айтпау, кемшілігін көрсетпеу дегенді білдірмейді) т.б. сөздерді естігісі келмейме, онда өзгелерге де ондай сөз айтпауы тиіс. Адамның тәбиғаты солай жаралғаннан кейін, оған қарсы келіп іштеңе тындыра алмаймыз. Сондықтан алу-беру заңы екінші бір адамның, өзгелердің, халықтың, қоғамның өсуіне, дамуына пайдалы, құнды нәрселерді қабылдауды көрсетеді. Пайдалы нәрселерді көп қабылдаса өз кезегінде өзі де сондай пайдалы нәрселерді, тіпті оданда жақсы нәрселерді өзгелерге бере алады. Мейлі бір жеке адам болсын, мейлі бір ұлт болсын ол осылай істеу арқылы тоқырауға ұшыраудың, кері кетудің, азғындаудың жолын кесе алады. Адам организмі де өзіне пайдалы коректіктерді, витаминдерді қабылдау нәтижесінде оспейме, денсаулығы нығаймайма. Ал сол қоректі заттар мен витаминді тәбиғат беріп отырған жоқпа.

Бір елдің, бір ұлттың дамуы - ең кішкентайы әр бір жеке адамның дамуынан, рухани дүниесінің өсуінен, мәдениеттілігінен басталады. Адам ізденбесе, үйренбесе, өзара бікір, идеа алмаспаса, өзге елдермен мәдени қарым-қатынас жасамаса, мен білемін, менікі ғана дұрыс (дұрыстығын дәлелдеп көрмесең, сүйенген ғылыми теория жоқ болса), меннен басқасынікінің бәрі қате деп есептесе, көзқарасында айырмашылық болғандарды, бірдей болмағандарды жамандай жөнелсе, қарсы шыға кетсе ол адам қалай дами алады. Мүндай жағдайда дамудағы алу процессі тоқтайды. Ары қарай алу-берудің тепе-теңдігі туралы сөз айтудың өзі артық. Сондықтан, әр бір адам бірден қолын жеткізе алмаса да, дұрыс, пайдалы, құнды нәрселерден бастартпай, қабылдауға ұмтылуы керек. Алуға, қабылдауға бейім адам немесе ұлт әрқашан өзін кішпейіл ұстайды, еңбекқор келеді. «Бәсең 'кішпейіл' болсаң бәйгеге қосыласың, асқақ 'менмен' болсаң аспаққа асыласың» деген мақал осыған қаратылып айтылған. Өзгелердің жақсы жағын көре білген, жақсы жағын көп қабылдаған (дамудағы алу процессі) адамның өзінен де көп жақсы нәрсе шығады (дамудағы беру процессі). Халқымыз «не ексең, соны орасың», «құс ұядан нені көрсе, ұшқанда соны алады» демейме. Сондықтан, жақсы үлгі, өнеге ала білген адам, өзгелерге де жақсы өнеге көрсете алады. Құтты өсімдіктертің тәбиғаттан күн нұры, су, СО2, түрлі минералдар қабылдап, адам және өзге де тіршілік иелеріне дәмді жеміс, жасыл жапырақ, оттегі, қош иіс бергені сияқты. Ал алудан бастарса, өзінен басқаға оңған ештеңе бермесе, алу-беру процессі орындалмаса, кері кетпей қайда барады.

Егер бір адам өзінің сүйенген еш теориялық негізі болмаса екінші бір адамдыкі қате екенін, оның істегені бұрыс екенін қалай біледі? Егер екінші бір адам оның ата жауы емес екенін біле тұра керісін істейтіні несі? Жоқ әдейі істейме? Әлде бір ұлт дамуының әр басқан қадамына өзінше кедергі жасап бағуға тырысатын әлде біреулер барма? Әсіресе мұндай жайттарды ғаламторда (интернетте) жарияланған мақалаларға білдірілген оқырмандардың пікірлерінен байқап қаламын. Өзгелер де байқап жүрсе керек. Әдемі жазылған, жақсы идеасы бар мақала болса да, елге еңбегі сіңген азамат болса да әйтеу тырнақ астынан кір тауып лас сөздермен боқтап жатқан, кекеп, мұқап жатқан, әйтеу қолынан келген бар жамандығын жасап қалуға тырысатын көрінеді. Бұл адамшылыққа жат нәрсе, ұят сияқты. Одан да маңыздысы, мұндай әрекеттер дамуға қайшы, дамудың алу-беру динамикалық тепе-теңдік заңына қайшы. Ұлтты адастыруға, аздыруға, өсірмеуге итермелейді. Бір халықтың дамуында немесе кері кетуінде, ұлы елге немесе құрып-жойылуында ішкі және сыртқы себеп болады. Ішкі себеп сол халықтың өзі. Ішкі себеп әрқашан шешуші рол ойнайды. Әр адам құнды, пайдалы, жақсы нәрселерді қабылдағысы келетінін білдік. Қабылдаса дамиды. Сондықтан, әр біріміз екінші бір аға-бауыр, әпке-қарындасымызға, азаматтарымыз бен азаматшаларымызға құнды, пайдалы, жақсы нәрселерді беруге, ұсынуға тырысуымыз керек. Онсыз, мақаланың авторын боқтау, кекеу, мұқау, табалау; мақаласын не кітабын жамандау, теріс жағынан көрсету арқылы халқымыздың дамуына қалай оң ықпал ете алады. Меніңше, сайт жетекшілері, редакторлары мүмкіндік болған жағдайда мұндай пікірлердің (кеде пікір деуге де келмейді) бірін де қалдырмай, құртып отырса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Сонда ғана халықтың рухани жақтан өсуіне мүмкіндік болады. Сондай дәмді тамақ дайын болғанымен, оның ішіне у қосылған десе кім жейді. Керек болса оқырмандарға қалай пікір білдірудің үлгісін (образецін) көрсету, белгілі талаптар қойылуы керек шығар. Себебі ондай көргенсіз пікірлердің авторға да, жалпы халыққа да бере еш бір пайдасы (құны) жоқ. «Демократия», «сөз бостандығы» деген ұғым, аузына не кесе соны айту, халыққа кері түсінік қалыптастыратын, кесірі тиетін лат сөздерді, жекелеген адамдардың ар-ұжданына тиетін сөздерді, өзге де көптеген оқырмандарды үркітетін сөздерді қарша боратып айта беру деген сөз емес. Сондықтан, әрбіріміз құнды, пайдалы нәрселерді алғымыз келетіндіктен, беруде де (мысалы, оқырмандардың білдірген пікірі) құндысын беруге, құнсыз дүниені өз жадынан да шығарып тастау қағидасын ұстанған дұрыс балар еді.

Адам өзін дамытпағаны, өзгелердің дамуына да кері әсерін, зиянын тигізгені, өзін кері кетуге итермелегені болып қалмастан, өзгелердің, ұлттың дамуына да кесірін тигізіп, кері кетуге итермелегені. Себебі, ол өзі пайдалы нәрселерді алмағанымен қоймай, өзгелерді де құнды нәрселерді алмауға шақыруда. «Бір қарын майды бір құмалық шірітеді» деген Қазақтың мақалы әсілі осыған қаратып айтылған. Сары май адам организміне қажетті энергия көзі ретінде адам үшін құнды. Қойдың құмалағы тыңайтқыш ретінде топырақ үшін, топырақта өсетін өсімдік үшін құнды болғанмен, сол шөпті жейтін мал үшін де, сол малдың етін жейтін адам үшін де құнсыз. Көріп тұрсыз, қаншама құнды нәрселерді (мысалы, бір қарын майды, бір жақсы мақаланы, бір жақсы идеаны, т.б.) бір ғана құнсыз нәрсе (мысалы, бір құмалақ, бірауыз бейбастақ сөз, еш негізі 'қисыны, жүесі' жоқ қарсы пікір т.б.) шірітіп жіберді. Зиянынан басқа, еш пайдасын көре алмай тұрмыз. Халықты кері кетуге, жойылуға итермелегеннен басқа, дамуға еш септігі жоқ. Меніңше өзіміздің арамызда кейбіреулер өзге ел, өзге халықтың философиясын былай қойғанда, өз дана халқымыздың философиясын түсінбейтін, түсінгісі келмейтін, түсінсе те соған сай әрекет етпейтін болып бара жатқан сяқты. Тіпті кейбіреулер (мысалы, кейбір оқырмандар) көргенсіз, бейбастақ болып бара жатыр (интернетте жарық көрген мақалаларға бікір білдірушілердің (әрине, көп санды оқырмандардың өте жақсы пікір білдіргенін мойындау керек) арасындағы кейбіреулердің бір істің байыбына бармай жатып, бір адамның идеасын, көзқарасын, ұстанымын түсінбей жатып қарсы келе кететіндерге, артықшылығы мен жетістігіне мүлдем көз жұмып, кемшілігі мен қате кеткен тұстарына ғана жабысып алатындарға, даттай, боқтай жөнелетіндерге, еш нәрсе, ешкім жақпайтындарға қаратып айтып отырмын). Осындай бірлі-жарымды адамдардың ақылға келгені дұрыс болар еді. Әр уақыт ата-бабаларымыздың даналығына жүгініп отырған жөн. Адамның ойына келгеннің бәрі ақыл болмайды. Ойланбай жаза салған бірауыз сөз, құнды пікір болып есептелмейді. Ақиқатқа (философияның негізгі бір мақсаты ақиқатты тану), заңдылыққа, ғылымилыққа сүйенген, жалпы халықтың мүдесін көздейтін, әркімге де пайдалы дұрыс дүние таным, ақиқат, дұрыс идеа ақыл болады.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5467