Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2473 0 пікір 18 Мамыр, 2012 сағат 07:19

Ермек Мұқанғалиев. Ұлт бәйтерегі ауыр дертке шалдықты

Былтыр біз еліміздің тәуелсіздігінің жиырма жылдығын атап өттік. Бұл тарихи өлшем бойынша онша ұзақ уақыт емес, бірақ қазіргі ХХІ ғасырдағы уақыттың космостық жылдамдықпен өтуіне қарағанда, аз да уақыт емес. Сол кезде дүниеге келген сәбилер қазір ер жетіп, білім алып, жұмысқа тұрып, отбасын құрып, саналы өмірді бастады. Яғни, осы уақыт ішінде елімізде бір ұрпақ өсіп жетілді. Олай болса, осы жиырма жылда қазақ халқы өзінің саяси тәуелсіздігін нығайтуда, рухани мәдениетін жетілдіруде, әлеуметтік экономикасын дамытуда қандай жетістіктерге қол жеткізді немесе неден кенже қалды? Газет авторы осы мәселелер жөнінде сөз қозғайды.

Біздің қазіргі ресми қоғамдық ақпарат құралдарының айтуына қарағанда, елдің дамуы ойдағыдай өтуде. Қоғамымыз демократиялық жолмен дамып, экономикамыз қарқынды өсіп, рухани мәдениетіміз гүлденіп келеді екен. Ал оппозициялық ақпарат құралдарының айтуынша, бәрі керісінше: қоғамымыздағы саяси жүйе авторитарлық жолға түсіп, билікте жемқорлық күш алып, экономикада біз әлі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы көрсеткіштің деңгейіне де жеткен жоқ екенбіз. Рухани салада халқымыз моральдық азғындыққа түсіп, ұлттық қасиетінен айырылып, ассимиляцияланып барады екен. Олай болса, осы қарама-қайшы пікірлердің қайсысы дұрыс және ақиқат-шындық кімнің жағында, соған жауап іздеп көрейік.

Былтыр біз еліміздің тәуелсіздігінің жиырма жылдығын атап өттік. Бұл тарихи өлшем бойынша онша ұзақ уақыт емес, бірақ қазіргі ХХІ ғасырдағы уақыттың космостық жылдамдықпен өтуіне қарағанда, аз да уақыт емес. Сол кезде дүниеге келген сәбилер қазір ер жетіп, білім алып, жұмысқа тұрып, отбасын құрып, саналы өмірді бастады. Яғни, осы уақыт ішінде елімізде бір ұрпақ өсіп жетілді. Олай болса, осы жиырма жылда қазақ халқы өзінің саяси тәуелсіздігін нығайтуда, рухани мәдениетін жетілдіруде, әлеуметтік экономикасын дамытуда қандай жетістіктерге қол жеткізді немесе неден кенже қалды? Газет авторы осы мәселелер жөнінде сөз қозғайды.

Біздің қазіргі ресми қоғамдық ақпарат құралдарының айтуына қарағанда, елдің дамуы ойдағыдай өтуде. Қоғамымыз демократиялық жолмен дамып, экономикамыз қарқынды өсіп, рухани мәдениетіміз гүлденіп келеді екен. Ал оппозициялық ақпарат құралдарының айтуынша, бәрі керісінше: қоғамымыздағы саяси жүйе авторитарлық жолға түсіп, билікте жемқорлық күш алып, экономикада біз әлі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы көрсеткіштің деңгейіне де жеткен жоқ екенбіз. Рухани салада халқымыз моральдық азғындыққа түсіп, ұлттық қасиетінен айырылып, ассимиляцияланып барады екен. Олай болса, осы қарама-қайшы пікірлердің қайсысы дұрыс және ақиқат-шындық кімнің жағында, соған жауап іздеп көрейік.

Бұл сұрақтарға дұрыс жауап табу үшін, біз әуелі мемлекет құрушы ұлт дегеніміз не, оның ұлттық мүддесі қалай қорғалуы керек және ол мемлекет құрушы ұлт ретінде толыққанды дамуы үшін, оның қандай белгілері болуы шарт деген сұрақтар қойып, оның теориялық негізін анықтап, қазіргі кезде ол еліміздің өмірінде қалай іске асып жатқанын білсек, шындықтың кімнің жағында екенін нақты білуге болады.

Ұлттың қалыптасуы - бұл тарихи процесс, ол алғашқы қауымдық құрылыстан басталып, белгілі бір қоғамдық-экономикалық формациялардың өзгеруінің әсерінен руға, тайпаға, онан ұлтқа айналып, дамып отырады. Былайша айтқанда, халықтың ұлтқа айналуы адамзат баласының қоғамдық, әлеуметтік, рухани дамуының ең жоғарғы сатысы деуге болады.

Ұлт болып қалыптасу үшін, оның территориясы, экономикасы, мәдени-тілдік ортасы болуы керек және ол ұлт осы құндылықтардың иегері болып, соған қожалық етуі тиіс. Сонда  ғана ол ұлт өзінің ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарын жасап, ұлттық мүддесін қорғап, оны әрі қарай дамытуына мүмкіншілігі болады.

Қазіргі кезде жер бетінде түгелдей бір тектес ұлттан тұратын мемлекет жоқ десе де болғандай. Көп мемлекеттерде бірнеше ұлт өмір сүреді, немесе бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Бірақ та көпшілік мемлекеттер сол мемлекетте өмір сүретін ұлттардың біреуінің атымен аталады және ол мемлекет құрушы, титулды ұлт болып саналады. Сондықтан ол мемлекеттің халқы бір ортақ тілде, яғни мемлекет құрушы ұлттық тілінде сөйлеп, алдарына бір ортақ мақсат қойып, сол үшін күреседі. Мемлекет құрушы ұлт сол мемлекеттің территориясында тарихи қалыптасқан және ұлттық құрамы басқа ұлттарға қарағанда сан жағынан анағұрлым басым болуға тиіс.

Бүгінгі Қазақстандағы мемлекет құрушы қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында осы белгілердің бәрі бар. Бірақ та қазақ халқының ұлт болып қалыптасуындағы бір әлсіз жері - ол тарихи даму барысында қоғамдық-экономикалық формациялардың капиталистік сатысынан өтпеуі. Мұның басты себебі - қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойы патшалық Ресейдің, онан кейін қызыл империяның отары болып, өзінің басында билігінің болмауы.

Әрине, жетпіс жылдың үстінде қызыл империяның құрамында болған кезде республикамызда индустрия дамып, өндіріс орындары, қалалар салынғаны рас. Бірақ та қалаларда тұратын халықтың, өндіріс орындарында істейтін жұмысшылардың басым көпшілігі басқа ұлт өкілдері болып, қазақтар ауылдық жерде мал шаруашылығымен айналысуға мәжбүр болды. Осындай себептердің салдарынан қазақ халқының әлеуметтік құрылымы негізінен шаруалар табы болып, олардың қоғамдық дүниетанымы ұлттық санасының уақыт талабынан кенже қалуының себебі сондықтан.

Ұлт толыққанды ұлт болып қалыптасып, дамуы үшін, оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы және ұлттық мүддесі болуы керек. Олай болса, бүгінгі күні қазақтар өздерінің саяси тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғаннан бері өткен жиырма жылдың ішінде ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарын қадірлеп, ұлттық мүддесін қорғауда қабілетті ел бола алды ма? Осыған ой жүгіртіп көрелік.

Ұлттық сана. Бірінші кезекте бұған идеологияны, психологияны, менталитетті, патриотизмді және тәрбиені жатқызамыз. Қазақ халқы өз алдына дербес мемлекет болып, көшпенді өмір салтымен өмір сүргенде онда негізінен рулық сана басым болды. Сол кезде қазақ қоғамының өмір салты соған бейімделген болатын және ол кездегі адамдар аталас, рулас болып топтасып өмір сүрді. Бұл үрдіс Ресейге отар болғаннан кейін де өзінің жалғасын тапты. Тек жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде большевиктердің қазақтарды күштеп ұжымшар, кеңшарларға орналастыруына байланысты және тоталитарлық жүйенің интернационалдық идеологиясының салдарынан рулық сана әлсіреп, космополиттік сана күш ала бастады.

Қазіргі кезде қоғамымызда идеология жөнінде сөз бола қалса, адамдардың санасына Кеңес Одағы кезіндегі коммунисттік идеология елестейді. Ол идеология бір жақты, таптық мақсатқа бейімделген идеология болатын. Оны Кеңес Одағының коммунисттік партиясы орыстардың ұлы державалық, шовинистік саясатының ықпалын дүние жүзіне тарату үшін пайдаланды. Сонымен қатар олардың мақсаты Кеңес Одағында тұратын басқа ұлт өкілдерін орыстандыру үшін, оларды «советтік өмір салтымен» өмір сүруге, яғни орыс тілінде сөйлеп, орыстардың мәдениетін қабылдап, солардың салт-дәстүрімен өмір сүруге мәжбүрлеу болатын.

Жетпіс жылдың үстінде тоталитарлық биліктің жүргізген саясатының салдарынан адамдардың психологиясы өзгеріп, көп адамдар демократиялық принциппен өмір сүруге болатынына сенімсіздікпен қарады. Оның үстіне қазақ халқының санасында феодалдық-патриархалдық дәуірден қалған, шығыс халқына тән менталитет те бар болатын. Ол менталитеттің негізгі сипаты - әлеуметтік өмірдегі енжарлық, қоғамдық өмірдегі самарқаулық және жай халық билікке қарсы келмей, шенеуніктердің заңсыз әрекетіне төзімділік көрсетіп, олардың айтқанын екі етпей орындауға тиіс деген түсінік.

Қазақ халқының осындай көнбістік менталитетін пайдаланып, қазіргі шенеуніктер өз міндеттеріне жауапсыздықпен қарап, көбіне өзінен жоғары басшыларға қайткенде жағынудың қамын ойлап, халыққа ойына келгенін істеуде. Сонымен қатар қазақтар қоғамдық-экономикалық формацияның капиталистік сатысынан өтпегендіктен, олардың санасында бұрынғы рулық қауымдағы ағайыншылдық, туысқандық психология әлі сақталған. Сондықтан қоғам ішінде заңдардың орындалмауы, әділеттіктің болмауы салдарынан адамдар билікке сенімсіздікпен қарап, көбіне өз шаруаларын тез шешу үшін, қайткенде шенеуніктерге пара берудің жолын қарастырады. Осыдан кейін қоғам ішінде заңсыздық пайда болып, адамдардың отанына деген патриоттық сезімі әлсіреп, әркім өзінің жеке басының мүддесін қоғамдық мүддеден жоғары қоятын болады. Мұның бәрі халықтың ұлттық санасының қалыптасуына зиянын тигізіп, ұлттық идеологиямызды жасауға кедергі келтіруде.

Ұлттың ұлт болып қалыптасып, дамуы үшін, ұлттық санадан кейінгі маңызды орын алатын мәселе - ұлттық құндылық. Ұлттық құндылыққа ұлтымыздың мәдениетін, әдебиетін, өнерін, музыкасын, спортын жатқызамыз. Бұл саладағы қазіргі қоғамның жағдайын әдебиеттің ауыр ахуалынан ғана көруге болады. Ал спорт болса, елдің мемлекеттік имиджі үшін ғана дамып, бұқаралық спорт бұғып жатыр.

Ұлттық мүдде. Ұлттық мүдде дегеніміз - сол ұлттың рухани, әлеуметтік, қоғамдық дамуында шешуші роль атқаратын оның басты белгілері. Біздің пайымдауымызша, бүгінгі күні қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде оның басты мүдделері - тәуелсіздігіміздің нығаюы, жеріміздің тұтастығы, тіліміздің дамуы, дініміздің сақталуы, салт-дәстүріміздің өркендеуі.

Тәуелсіздігіміз туралы сөз жүзінде айтылудан кенде емес және жылда 16 желтоқсанда оны атап өтуді ұмытпаймыз. Бірақ та тәуелсіздіктің шын мазмұнына үңіліп, оған сараптама жасап, ғылыми баға беріп жатқан ешкім жоқ.

Тәуелсіздік - саяси, экономикалық, рухани болып үш салаға бөлінеді. Қазіргі кезде халықаралық қауымдастық мойындаған саяси тәуелсіздігіміздің бар екені рас. Бірақ та ол - экономикалық және рухани тәуелсіздікпен бекімесе, уақыт өте келе ол тәуелсіздік құр декларацияға айналып, өзінің мазмұнынан айрылуы мүмкін. Бүгінгі күні біздің тәуелсіздігімізге осындай қауіп төніп тұр.

Егер де экономикалық тәуелсіздікке келетін болсақ, экономисттердің айтуына қарағанда, елімізге азық-түліктің 70 пайызы, жеңіл өнеркәсіп тауарларының 95 пайызы сырттан әкелінеді екен. Яғни, бұл дегеніміз - өз елімізде халық тұтынатын тауарларды шығару жоқтың қасы деген сөз. Оның үстіне биылдан бастап Ресей, Беларусьпен Кедендік одаққа кірдік, келесі жылдан бастап осы үш мемлекет ортақ экономикалық кеңістік құрмақ. Ол дегеніміз - үш ел арасында шекара ашық болып, тауар, капитал және жұмыс күші еркін бәсекелестікте болады деген сөз. Сол кезде тауар өндірмейтін біздің әлжуаз кәсіпорындар, банкротқа ұшырап жатқан банкирлер, мамандығы жоқ, базарда арба сүйреп, көше сыпырып жүрген адамдар Ресейдің олигархтарымен қалай бәсекеге түспек?

Мұның бәрі болашақта Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша: «Еуразия одағын» құрумен аяқталуы тиіс» екен. Олай болса, бізге келешекте экономикалық тәуелсіздігімізбен бірге саяси және рухани тәуелсіздігімізден де айырылып, қайтадан бұрынғы метрополияға бодан болу қаупі төніп тұр.

Еліміздің тәуелсіздігінен кейінгі қазақ үшін ең маңызды құндылық, ол - жер мәселесі. Қазақстанда жерді жеке меншікке сату жөнінде заң қабылданғаннан бері бұл да үлкен проблемаға айналып отыр. Себебі республикамызда ауыл шаруашылығына қолайлы, құнарлы жерлерді қалтасы қалың латифундистер меншіктеніп алған. Ауылдық жерде тұратын қарапайым халық аздаған малдарына жайылым, жем-шөп әзірлейтін жер таппай қиыншылық көруде. Оның үстіне үлкен қалалардың маңындағы бос жерлерді шенеуніктер өзінің жақын-жуық, туған-туысқандарына үлестіріп беріп, баспанасы жоқ адамдар үй салуға заң бойынша тиісті 10 сотық жерлерін де ала алмай жүр. Осы мысалдардың өзінен республикамызда жер мәселесіне байланысты проблемалардың қаншалықты күрделі жағдайда екенін білуге болады.

Қазақ үшін өте маңызды әрі күрделі сұрақ және рухани тәуелсіздігіміздің негізі болып табылатын, ол - тіл мәселесі. Қазақстан Ресейге бодан болғаннан кейін, қазақ тілі қоғамдық қатынас тілі болудан шеттетіле бастады, себебі іс қағаздары орыс тілінде жүргізілді. Соңынан Кеңес Одағы орнағаннан кейін де бірнеше ғасырлар бойы қолданыста болған араб қарпі әуелі латын, соңынан кириллицаға ауыстырылып, бұрын мұсылманша сауатын ашқан адамдар бір күнде сауатсыздар қатарына қосылып, өмірдің қоғамдық дамуына белсенді қатыса алмады. Оның үстіне Кеңес Үкіметі орыстандыру саясатын жүргізіп, қалалық жерлерде орыс тілін білмесең, жұмыс істеп, нан тауып жей алмайтын жағдайға жеткізді. Сондықтан көп адамдар амалсыз балаларын орысша оқытып, болмаса аралас мектептер ашып, қалай болғанда да орыс тілін үйрету басты мақсат болды. Соның салдарынан қазақ ұлтының бір бөлігі ассимиляцияға ұшырап, ұлттың қасиетінен айырыла бастады.

Еліміз саяси тәуелсіздігін алғанымен, ассимиляциялану процесі әлі де жалғасын табуда. Себебі үкімет басына билікке келген шенеуніктер сол бұрынғы коммунистік идеологияда тәрбиеленіп, орысша оқыған адамдар болатын және іс қағаздары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де сол бұрынғы орыс тілінде қалып қойды. Оның үстіне билік Қазақстан көп ұлтты мемлекет, сондықтан интернационалдық идеологияны ұстануымыз керек деп, мемлекет құрушы қазақ ұлтының құқығын көп диаспоралардың қатарына қосып, солармен теңестіріп қойды. Егер де қазақ ұлтының ұлттық мүддесі туралы кім сөз қозғаса, оған «ұлтшыл» деген кінә тағып, ондай адамдарға қарсы қоғамдық пікір тудыруға тырысады. Мемлекеттік тіл дегеніміз - бұл еліміздің тәуелсіздігінің - туы, гербі, ән ұраны, астанасы сияқты, ұлттық символдарының бірі. Конституциямызда «Қазақ тілі - мемлекеттік тіл» деп жазылған. Соған қарамастан бүгінгі күнге дейін тіл проблемасы шешімін табудың орнына, уақыт өткен сайын күрделеніп барады.

Қазақ халқы ислам дінін қабылдағанына он ғасырдан асты. Сонан бері оның ұлттық мәдениеті құран қағидаларымен сәйкестендіріліп, тілі араб сөздерімен байып, салт-дәстүрі мұсылман өркениетімен үндесіп, соның салдарынан қазақ халқының ұлттық санасы қалыптасып, ұлттық құндылықтары пайда болып, ұлттың мүддесін қорғай алатын іргелі ел болып тарихқа енген болатын. Кейіннен бірнеше ғасырлар бойы тілі басқа, діні басқа, салт-дәстүрі басқа патшалық Ресейге, соңынан атеистік қызыл империяға бодан болып, өзінің ата діні исламнан, мұсылман өркениетінен, шығыс мәдениетінен қол үзіп, өзінің ұлттық рухани құндылықтарының көбінен айырылып қалды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін парламентіміз дін жөнінде либералдық әлсіз заң қабылдауына байланысты түрлі діни секталар көбейіп, халқымыздың діни сауатсыздығын пайдаланып, адамдарға жалған діни қағидаларын уағыздап, көп адамдарды теріс жолға түсірді. Әрбір тәуелсіз ұлттың өзіне тән ұлттық бейнесі болуға тиіс. Ол ұлттық бейне сол ұлттың тарихи қалыптасқан салт-дәстүрі болып табылады. Сол сияқты қазақ халқының да өзіне тән ұлттық белгісі бар. Ол - қазақ халқының көшпенді өмір салтына бейімделіп, қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрі.

Бұрын қазақ халқы әдет-ғұрып, салт-дәстүрге өте бай халық болатын. Күнделікті тұрмыс-тіршілікке, отбасын құруға, бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрып, ырым-жоралар қазақ халқының өмір салтында берік орын алатын. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың бас кезінде қазақтар зорлықпен отырықшылдыққа көшуіне байланысты тарихи қалыптасқан салт-дәстүрінен, рухани мәдениетінен айырылып, «советтік өмір салтымен» өмір сүруге мәжбүр болды. Енді тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл болса да, қазіргі жастар ұлттық салт-дәстүрінен, ұлттық мәдениетінен, ұлттық болмысынан айырлып, дәстүрсіз ұлтқа айналып барады.

Еліміздің саяси тәуелсіздігін алғанына жиырма жыл толуына байланысты ұлттық санамыздың деңгейіне, ұлттық құндылығымыздың сақталуына, ұлттық мүддеміздің қорғалуына ой жүгіртіп көрсек, көңілге қонбайтын жағдайлар өте көп екен. Егер де ұлттық санамызға келетін болсақ, қазіргі қазақ қоғамында рулық санадан бастап, космополиттік санаға дейінгі неше түрлі идеялар орын алып, адамдардың дүниетанымын, өмірге көзқарасын қалыптастыратын, бәрін бір мақсатқа жұмылдыратын ұлттық идеология жасауға мүмкіншілік болмай отыр. Мұны кейбіреулер демократияның заңы деп түсіндіргілері келеді, ал шын мәнісінде бұл нағыз анархия болып табылады.

Ұлттық құндылық туралы да осыны айтуға болады. Бұрынғы қазақтың өмір салтына байланысты қалыптасқан рухани және материалдық құндылықтар күнделікті өмірде қолданыс таппай, ұмыт болуда. Оны кейбір білгіштер ескіліктің қалдығы деп қазіргі жас ұрпақтың санасынан аластап, болашақ қазақ халқының болмысын ұлтсыздандыру саясаты жүріп жатыр. Осы үрдіс осылай жалғаса берсе, болашақ ұрпақ ұлттық қасиетінен айрылып, толықтай ассимиляциялану қаупі бар.

Ұлттық мүддені қорғау саяси биліктің тікелей міндеті болуға тиіс, бірақ та қазіргі биліктің жүргізіп отырған саясаты біздің ұлттық мүддемізге қарсы бағытталған деуге болады. Мысалы, «Қазақстанды көп ұлтты мемлекет деу, жерді жеке меншікке сату, «Еуразия одағын» құру идеясы, «Үш тұрғылы тіл» туралы, «Қазақстандық ұлт» жасау мәселесі - осының бәрі қазақтың ұлттық мүддесіне зиянды, стратегиялық қате саясат болып табылады.

Демократиялық елдерде мемлекет құрушы титулды ұлттың мүддесі туралы даурығып ештеңе айтпайды, қайта сөз жүзінде барлық ұлт тең құқылы, жеке адам құқығы бәрінен жоғары болуы керек деген қағида ұсынады. Бірақ та күнделікті өмірде мемлекет басқарып отырған саяси биліктің мақсаты мен іс-әрекеті - қайткенде де бірінші кезекте мемлекет құрушы титулды ұлттың ұлттық мүддесін қорғау. Егер де билік ондай саясат жүргізбесе, халық оларды патриот емес деп, келесі сайлауда басқа саяси күшке дауыс беріп, оларды орнынан кетіреді. Ал бізде болса бәрі керісінше, сөз жүзінде ұлттық мүдде жөнінде көп айтылады да, іс жүзінде басқаша істеледі.

Егер де қазақ елін салыстырмалы түрде бәйтерекке теңесек, ол бәйтерек дұрыс өсуі үшін, оған күннің жылуы, құнарлы топырақ және қорек керек. Сол сияқты қазақ елінің де дұрыс өркендеп, дамуы үшін, оның ұлттық мүддесі қорғалуға тиіс.

Ағаштың гүлденіп өсуінде оның тамыры қандай роль атқарса, ұлттың өмір сүріп дамуында жастар сондай роль атқарады. Бүгінгі күні «Қазақ елі» деген бәйтерекке қауіп төніп тұр. Себебі ол ауруға шалдыққан. Ол аурудың аты ассимиляция және жемқорлық. Бұл екі аурудың пайда болуы бір-біріне байланысты. Себебі ана тілін, ата салтын ұмытып мәңгүрттенген адамда отанына деген патриоттық сезім, халқына деген мейірімділік болмайды. Сонан кейін өз қара басының мүддесін ойлайтын жемқорлар пайда болады.

Оған дәлел - ұлтымыздың болашағы қазіргі жастарымыздың көбі ана тілін, ата-салтын білмейді, сондықтан оны сыйламайды. Яғни, бұл дегеніңіз - болашақта қазақ халқы өзінің құндылықтарын жасап, оны дамыта алмайды деген сөз. Олай болса, ол ұлт тамыры солып, қураған ағаш сияқты өзінің тіршілік өмірін тоқтатады. Бүгінгі күні қазақ ұлтының басына осындай қауіп төніп тұр. Енді осы апаттан құтылудың қандай жолы бар?

Қазіргі кезде қазақтың ұлттық мүддесі туралы айтқанды тыңдайтын билік, оны қолдайтын халық болмай тұр. Бірақ та мұның бәрі уақытша жағдай. Ертең билік ауысып, қоғамда өзгеріс болғанда, бұл мәселе бірінші болып алға шығады. Сонда қазақ халқы өзінің конституциялық құқығын биіктен талап етері анық. Осындай жағдай бола қалған күнде қоғамымызда түсінбеушілік, қарама-қайшылық болмауы үшін, қазірден халқымыздың ұлттық мүддесін анықтап алып, оны бейбіт жолмен шешуіміз керек.

Бүгінгі күні қазақ қоғамында бес саяси қозғаушы күш бар, олар - халық, билік, зиялылар, оппозициялар және патриоттар. Алдағы уақытта осы бес саяси күш өзара келісімге келіп, бәрінің басын біріктіретін ұлттық идеология қабылдап, алдарына ортақ мақсат қойып, соған жетудің жолын іздеуі керек. Сонда ғана қоғамда өмір сүретін барлық халық ұлтына, дініне, нәсіліне, жасына, жынысына қарамай, бейбіт тату-тәтті, салауатты өмір сүріп, бақытқа қол жеткізері анық.

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 21 (149) 16 мамыр 2012 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470