Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2332 0 пікір 21 Мамыр, 2012 сағат 06:01

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Желтоқсанның бас кезінде қарлы борандата шауып жүріп, «Сарбас» дейтін жерден үйімді әрең таптым. Орқашар тауы жақтың қара суындағы жалғыз тамнан осы жазда ғана Барлық тауы жақтың «ақ суындағы» тағы бір жалғыз тамға кеп қоныстаныпты. «Сарбас» десе сарбас екен, қамысының да, құрағының да, шиінің де басы қар үстінен сап-сары болып көрінеді. Енді қасқыры да сары бас болса, «Құдайдың ең жарылқағаны» сол болар еді, нағыз сайтанша, көзге түспей келіп жара салады ғой.

Батыстан борай жауып тұрған қардың «арасымен» жан-жағыма жалтақтай желе отырып, екінтіде жеттім үйіме. Мақталы сарылардың сырты мұзбен сіресіп аттан сықырлай түскендігімнен, тон киген әкемнен басқа батырлардың ешқайсысы құшақтай алмады. Оның есесіне үйге кіргізген соң жабыла жұлмалауға кірісті. «Өңешіне» дейін қызарған темір мештің түбіне отырғыза сала, малмандай су көйлегімді де сыпырып алды шешем. Құрғақ киім киіндіріп болған соң ғана жай сұрасуға кірістік. Менің алдымен сұрағаным осы киімдер жөні, әсіресе ақ бұйра елтірімен жұрындалған етекті қара тон жайы болды. «Киім тілеу тілейді» деп, сәті келген лайықты киімді арнап ала берген екен. Ақшаның қайдан келгенін сұрағанымда, «Шағанобаға*» бір өгіз өткізсе «дүниенің кездемесі мен киімі» келетінін Биғазы айтты.

V

Желтоқсанның бас кезінде қарлы борандата шауып жүріп, «Сарбас» дейтін жерден үйімді әрең таптым. Орқашар тауы жақтың қара суындағы жалғыз тамнан осы жазда ғана Барлық тауы жақтың «ақ суындағы» тағы бір жалғыз тамға кеп қоныстаныпты. «Сарбас» десе сарбас екен, қамысының да, құрағының да, шиінің де басы қар үстінен сап-сары болып көрінеді. Енді қасқыры да сары бас болса, «Құдайдың ең жарылқағаны» сол болар еді, нағыз сайтанша, көзге түспей келіп жара салады ғой.

Батыстан борай жауып тұрған қардың «арасымен» жан-жағыма жалтақтай желе отырып, екінтіде жеттім үйіме. Мақталы сарылардың сырты мұзбен сіресіп аттан сықырлай түскендігімнен, тон киген әкемнен басқа батырлардың ешқайсысы құшақтай алмады. Оның есесіне үйге кіргізген соң жабыла жұлмалауға кірісті. «Өңешіне» дейін қызарған темір мештің түбіне отырғыза сала, малмандай су көйлегімді де сыпырып алды шешем. Құрғақ киім киіндіріп болған соң ғана жай сұрасуға кірістік. Менің алдымен сұрағаным осы киімдер жөні, әсіресе ақ бұйра елтірімен жұрындалған етекті қара тон жайы болды. «Киім тілеу тілейді» деп, сәті келген лайықты киімді арнап ала берген екен. Ақшаның қайдан келгенін сұрағанымда, «Шағанобаға*» бір өгіз өткізсе «дүниенің кездемесі мен киімі» келетінін Биғазы айтты.

- Өгіз қайдан келді? - деп жымиғанымда Биғазы саудагер: серкеш сатып қой етіп, құйын айналдыра айырбастап жүріп тай еткенін, тайы тайпалған жорғаға шығып, атан өгіз болғанын есеппен дәлелдеді. Қарасам үй ішіне де, аға-бауырларға да, әке-шешеге де шыр бітіп, көріктеніп қалған екен. Өмірі жалшылықпен өтіп келе жатқан Бигелді де биыл бой жазып, бып-биязы бойдақ жігіт болғанын байқатты. Оның да осы өткен жаздағы жалшылық өнімі тәуір болыпты. Менің күмәнімді арылту үшін, Биғазы оның да бір өгіз тауып, тағы бір рет Шағанобалатқанын айтып құтылды.

- Әйтеуір Оспаннан бірдеме алмадыңдар ма? -деп сұрадым соңында.

Кішкенесінше тағы да алдына алмақ болып, тақала отырған әкем:

- О... құлыным-ау! - деп, мойнымнан құшақтай тартты. Тізесіне жантайдым. - Сенің айтқаныңнан шығам ба мен, алмадық!

- Пәле, алмадық деуін, - деп Бигелді ыржыңдай күлді, - Оспанның бар сиыры, тайынша-торпағына дейін қазір біздің қорада тұр.

Басымды көтеріп алып, шошына қарадым:

- Не қып?!

- Қу шыбардың пәлені тағы да құйрығынан түртіп отырғанын қарашы! - деп әкем үлкен ағама әдетінше бадырая қарап қойды. - Біз шөпті жерге келіп қоныстанған соң, «қыстан шығаруға ғана» деп айдатып жіберіпті. Олардың жері биыл тақыр. Баққан ақымызға қар кеткен соң бір сиырын алып қана басқасын қайтарып жібереміз. Келісіміміз сол. Алаңдама, құлыным!

- Осы сарбасқа көшіп келуіміз сол қу молдаға жақсы бір орай болғандай ма, қайдан білейін? -деп шешем еселеп қойды. - Осы қалың қардың алдында ғана айдатыпты. Енді қайта айдап омбылатып, сонау Орқашарға қалай жеткізер, тұрса тұра тұрсын дедік.

- Ал, бұл жаққа не себепті көштіңдер?

- Көшіп емес, тұп-тура босып келдік! -деп Бигелді аға және күлді.

- Ол жаққа бесінші айда аржағынан «құйыршық» келіп, бұлаңшылық жүргізген! -деді Биғазы, - Жайырдың ескі уағын тіпті тотитып, темір тамның тақырына отырғызып тастады. Бар малын, тіпті, жаңарақ киіміне дейін сыпырып алып кетті. Бері қарай шеп жайып, тағы жылжығанын естіп отырдық. «Ескі уақпен әлде бір араздығы болғаны үшін тонаған шығар, енді келіп Дөрбілжіндегі гоминдаңмен соғысар, неде болса, тез жетсе екен» деген тілеулестікпен отыра беріппіз. Желдіқарадан бергі қорымсу, Көксуға келіп, үй-үйді қоймай тіміскілеп жүргенін көрген соң ғана Бигелдінің қожайынынан әкелген арбасымен осылай қарай көше жөнелдік.

- Арба жолына біз де түстік, «құйыршықтың» алды Бұрқанды қара суға да жетті! -деп әкем күрсінгенде Бигелді күлді.

- Маралсу бойына дейін келіп, керегін жиып алды да, арқаларын бөктеріншектеріне сүйеп, қайқая жөнелді. Керегі гоминдаң емес, сондағы елдің  көйлек-көншегі екен.

- Мұнысы несі? - деп түйіліп қалып едім, тиянақты жауапты Биғазы қайырды:

- Қазақ әскер де, партизан да емес екенін кейін естідік, осындай аласапыран тұсында мал жиып алуды көздеген бұлаңшылар екен. Әр ондығының арасынан бірер мылтық әрең көрінеді.

- Ондай бұлаушылар әлі бар ма?

- Қазір жоқ, «Шығыс Түркістан» армиясы Дөрбілжінді азат етуден қырық-елу күн бұрын, бесінші айда болған оқиға ғой. Онан кейін келмеді. Сірә, Оспан батыр естіп, тиып тастаған болса керек.

- Әй, білмеймін-ау, балаларым, -деп әкем күбірледі, - қара қорым, соншалық көп адам Оспанға білінбей қарақшылық қылар ма? Бір қанаты Қобықтың, бір қанаты Дөрбілжіннің халқын тонап жатқанда, аузына не түскенін көрмейді деймісің... Сол батырыңның өзінде бір сойқан бар ма деймін?!

- Қырау, мен олардың бір қызығын айтып берейін, - деп Биғаділ жыпылықтатты, - олардың алды Дөрбілжіннің дәл қасындағы кіші Ақсуға дейін келді. Біздің мына Биғайша сол күні таңертең Серікбосынның бәйге жиренімен жоғарғы қоржаға кеткен...

- Мен сақар сұратып жіберіп едім, -деп шешем кірісті сөзге, - қайдан білейін...

- Мен көргенімді айтып берейін десем... Ал ендеше, өзің сөйлей бер қызыңның батырлығын!

- Өй адыра қалғыр-ай, көрген сен ғана... Ал бұлтимай сөйлей бер, сөйлей ғой!

- Мен арбаға жүк шығарысып жөнелтіп, ешкі-лақты артынан айдағанмын, - деп Биғаділ қайта жадырай жалғастырды сөзін, - біз қалың шидің далдасына отырысымызбен Биғайша да жетті жұртқа. Мен бір төмпешікке шыға айқайлап, қол бұлғадым. Күн ап-ашық, мені көріп, бері аяңдап еді, аржағынан үш-төрт «құйыршық» шауып келеді екен. Биғайша оларды көре сала ат басын қала жаққа бұрып, қаша жөнелді. Құйыршықтар: ей қыз, «тоқта» деп ақыра қуалады. Биғайшаның олай қашқанына мен қатты ыза болдым. Сөйтсем, бұл қыз менен қу екен, құйыршықтарды біздің үстімізден түсірмеу үшін солай қашыпты...

- Ойпыр-ай, жиреннің жүгірісі-ай, шұңқыр, жыралардан орғығанда қызым ұшып кетеді ғой деп шошып едім, атқа көп мінбеген ғой, жалына жабысып, еңкейіп алыпты...

Шешесінің сөз қыстырғанына тағы түйіле қалған Биғаділ сөзін енді тіпті жітірмелете жөнелді:

- Бөктеріншектерін қолпылдатып қуып бара жатқан «құйыршықтар» екі рет мылтық атып еді, жирен пәле тіпті ұшып кеткендей болды. Маралсудың жарына жете ыршып, көрінбей кеткенде екеуі де күйреді-ау деп шошып едім. Аржақ жағаға тағы да ыршып шығып, құйындатып ала жөнелді. Ақсуға түсе маң-қарасын көрсетпей кетті. Төбе-төбеге шығып, қарай бердім. Әлгі төрт «құйыршық» дәл Ақсудан қайтты. Анадай жерден өтіп бара жатқанда отыра қалып сөздерін естідім: «Ішшу, ей кісім, бөктеріншегің ауып кетті. Түсіп жөндеп байла», «мына қыздың қорлығы-ай» деп атынан түсті біреуі. - «Қоржыны толы екен, амал қанша, асыл бұйымдар сияқты» дейді біреуі...

- Ырысқан қос уыс жүн беріп жіберген екен, көздеріне түскені сол ғой! -деп күле қосты шешем.

- «Атын атайын деп едім, қимадым, тым әлей екен» дейді біреуі. «Ең керегі сол жирен еді ғой, кісім», «амал қанша, аузымызды салып еткізді», «ей кісім, ей, ішшу, былай жүр» десіп, Қарасу қамысына қарай бұрылғанда мен ешкі-лағымды қуа жөнелдім. Маңратып қан жолдан өткізе қарасам, қу қыз көлденеңдеп шыға келді, күліп келеді, қала жақтан айналып, қалай жетіп алғанын білмеймін.

- Күлгенімді де, жылағанымды да сезбеппін аға, қорыққаннан есім шығып кетіпті, - деп Биғайша сықылықтады.

- Ал, енді өзің сөйле, құлыным, мына жел аяқ кері ат кімдікі, алдымен соны айтшы! - деді әкем тізесіне жатқан менің маңдайымды сылай түсіп.

- Жел аяқ екенін қайдан білдіңіз?

- Баяғы үкімет алған жиренімнің мүсінін ұмытты деймісің құлыным-ау?... Күніне неше қасқыр қусаң да қоймаушы еді ғой! -деп күрсінді әкем, мына кері дәл соның өзі сияқты екен.

Өлген шпионның аты десем, «жаман ырым» әлде «арам» санап әкемнің сатқызып жіберуі де мүмкін ғой. Жасыра тұрғым келді:

- Шихудағы бір досымның аты! -дей салдым.

- Көзеп жүріп, біреуден ұрлап міне қашқаннан саумысың?!

- Жоқ, әке, Биыл қасқыры көп жерге қыстағаныңызды естігенмін. Қасқыр соқсын деп, осы қысқа майын сұрап әкелдім.

- Міне қызық, Сарбастың ғана емес, бүкіл Мойынталдың қасқырын қырармын мынауыңмен. Бірақ, ыстығы бар көрінеді. Бабына келтіріп алып мінем ғой... Қажиякбар шіркіннің жақсылығын қалай ұмытайын, үш-төрт қасқырмен соны бір сыйласам алдымен!

Алпыстан асыңқырап қалған, өмірі түгел дерлік жоқшылық теперішінде, тұрмыс қыспағында өткен әке шырайының дәл қазір жасара қалғаны байқалды. Шаш-сақалы да жылтырап ақ қыраулары еріп кеткен сияқты.

- Өзің соғысқа кірдің бе? - деп, бағдарлай үңілді бір кезде.

Маған аса әйеншек әкенің соғыс бола қалса жібермей қою қаупінен тағы да сақтануым керек қой, көрген қатерлерімді түгел жасыруға тура келді:

- Жоқ, мендей хатшыны соғысқа кіргізер ме?

- Олай болса, майданда қалуға не үшін талап қойдың?

- Сонда қызмет істетіп соғысқа кіргізбей сақтайтынын білдім. Ойланғанымдай болып шықты, жер астындағы үйден шықпайтын хатшылыққа отырғыза салды, содан қайттым.....

Ертеңіне тағы да «ақсарбасы» мен тойлығын қоса сойып, маңайын шақырған, бұл жердегі шалдардың батасын тағы бір әперген әке-шеше:

- Енді мына аласапыран басылғанша қалаға бармайсың, құлыным! - деп бұйырды, - талабыңды кішкене кезіңнен-ақ қайтармай орындап келдік, оқыттық, солай ма?... Қан сөлден айрылып, сұрланып, суынып келгенің сезілді. Енді біздің осы талапты орындайсың!

- Сіздердің менен күтетін талапты орындайтыным рас! Ал, «мына аласапыран» дегендеріңіз не? Зұлым үкімет қуылды ғой?

- Жаңгүдейі кеткенімен Жаңгүдейшіл байының лаңы әлі бар, ана жақтан келді десе қирата беретіндер көп. Сендей кер кедейді кезеңнен тонайтындардың бар екенін көріп отырмыз.... Қыс кетсе де ызғары кете қоймаған шақты аласапыран дейміз бе, оны білсең сұрамай-ақ қой, жаз шыққанша керегіңді мен келтіріп тұрамын, талабым сол.

Аңқаулығынан ғана алдырып-алданып жүретін әкемнің қаншалық мұқалса да ақылдан тым можа еместігін білетінмін. Жаны енді ғана жадырағанда айтқанына көнбей, келе сала жүдеткім де келмеді. Тілін алғандай үнсіз жымиып қана қойдым.

- Мұса дейтін жігітті білемісің? - деп сұрады бір кезде, - Алтайдың жігіті көрінеді. Ішінде сол жігіт бар оншақты адам Үрімжіден автомобильмен келіп, жол-жөнекей осы біздің Дөрбілжінге түскен екен. Қайдан естіп, қалай құралғаны белгісіз, жүз шақты сотқар келе соққылап, Түркістан, Камалбек атты екеуін ұрып өлтіріпті. Мұсаны әкімдер келіп қорғап әрең құтқарып қалған екен. Сені көп сұрапты. Бұлар қандай жігіттер еді?

- Қашан келіпті олар?

- Үш күн ғана болды Мұсаның кеткеніне, ауыр мертігіпті дейді.

- Өлген екеуі гоминдаңшыл болатын. Мұса - біздің жақтың маңдай алды азаматының бірі... Япыр-ай, оны қапқаны несі екен иттердің!?... Гоминдаңға қарсы күресіп, түрме соққысын көп көріп еді.

- Міне, құлыным, қалаға жаз шыққанша барма деуімнің бір себебі осы. Қаныңды бұдан да қатты қыздыратын істер бар. Кейін көрерміз оны, қазірше осы Сарбастың қасқырын ғана аулай тұралық....

Қалаға таңертең кеткен Биғазы кешке жақын екі бөтелке арақ пен үш-төрт қапшық Совет темекісін әкеліпті. Әкемнің мені қалаға жібермеу үшін  «керегіңді мен келтіріп тұрамын» дегендегі шырғасы осы екенін сезіп, күліп жібердім.

- Мынауың не?! - деп Бииғазыға  тиістім сонда да. - Өміріңде бір өгіз тапқаныңа мәз болып, осылай шалқитын болып па едің?

- Жоқ, жоқ, жоқ, ол шалқымайды, құлыным, оны шалқытпаймын. Мұны мен саған алдырдым. Арықтап, жүдеп келіпсің. Іш те тарт, әйтеуір тамақты көп жеп, көңілің көтеріңкі болса, қаның толады!

- Арақ пен темекі толтырған қанның өзі «харам» болар деп қорықпайсыз ба?... Енді қартайғанда «күнәге» батқаныңыз ғой бұл!

- Сен үшін істеген бұл шипам күнә болмайтынына сенемін. Әйтеуір, денсаулығың түзелсе болғаны, Құдай алдында беретін жауабым дап-дайын, мен үшін қорықпай, іше бер!

Темекісін де, арағын да қоржынына қайта салып Биғазыға қайтардым:

- Осы маңдағы керек еткен біреуге сата сал, бұл үйге қайтып кірмейтін болсын!

- Жаңаша оқығаны бар үйге бұлар кірмей тұра ма, балам-ау? -деді шешем де шалының ниетін құптайтындығын білдірді. - Денсаулығыңа пайдасы тисе,... қайтер дейсің. Қалаға үйренген соң мына далада іші пысып қалмасын дейді ғой.

- Қой, апа, бұл кісінің мен туралы көзқарасын құптай көрме, әкем қазір енді ғана құлындаған кәрі бедеу сияқты, -дегенімде үй іші мойындағандай түгел күлді, -семьялық өмірлеріңде оқыған бір бала көрмей келген әке-шешесіңдер ғой, солай болуларың да қате емес шығар. Әрең оқытып, әрең келтірген баламыздың «іші пысар» деп те, «іші кебер» деп те күдіктеніп қызғышша қорғаштағыларың келеді. Менің ішімді пысыратын бір ғана жәйт бар: Сендерге аманат болып, ауырлық түсіргеніме жиырма жыл өтті. Қыр желкелеріңе кедейлікпен бірге қырсықша қонып, лоқы жауыр етіп өспедім бе. Енді сол қарызды өтеуге тездетіп кіріспесем, ішім пысқанды қойып, жарылып та кететін көрінеді. «Оқушылардан басқа ешкіммен таласы болмайтын» мұғалімдік қызметке уақытында орналасып алайын...

Әңгімені осылай бастадым да, әке-шеше ойындағы қауіп-күдікті екі тәулік сөйлесіп, әрең арылттым. Төртінші күні қалаға жүрерімде әкем:

- Әйтеуір, оқыған басқа жастардан парықты болып өскеніңді арақ пен темекіден аулақтығыңмен көрсеттің күшігім, Алла жар болсын! -деп қалды.

Алдымен аудандық сақшы мекемесіне кіріп, мәлімделіп едім, саяси бөлімдегі қою қара қасты, келте мұрынды аппақ жігіт мені ескі досындай «арсалақтай» қарсы алды. Шихаңзыдағы майдан штабының саяси бөлімі берген куәлік жолхат жолдағы жауыннан езіліп кеткен болатын. Оның еш жазуын ізінен танымаса да «көзінен» танығандай құптап, мен толтырған анкетпен бірге алып қалды.

Есіктен шыға бергенімде, алдымнан «Сәрсен Саясат» дөп келіп, сарғыш көк көзін тікірейте «амандасты». Борбайынан үрлегендей семіріп алыпты өзі, үні де нән.

- Е келдің бе?!

- Е, келдім!...

Дөрбілжіннен кеткеннен бері Саясат оқытушымен кездескенім осы ғана еді, сәлемдесуіміз де осылай ғана өтті.

Сақшының темір қақпасынан шыға сұрадым Биғазыдан:

- Өй, мына гоминдаң әлі жойылмаған ба?

- Бәле, жойыла ма бұлар, гоминдаң құлап бара жатқанда бұл домалап, тауға шығып ала қойған. «Гоминдаңға қарсы» ұран көтере жүріп, бай әкесінің «төңкеріске жәрдемін» төгіп-төгіп жіберді де, өрлеп сала берді. Әлгі Кәкім қанішер де осы әдіспен қалды. «Гоминдаң» деп қылшылдағанда алдарына жан салмайды қазір! Әлгі сақшың да гоминдаңның шүңгәні болатын. Аты - Мұқан. Бұрын Шәуешекте «ақ жендет» деп аталған екен. Халық жаққа лып етіп өте шыққан алдампаздығы үшін қазір «ақ сайтан» аталып жүр.

Бұлыңғыр сұры аспан биігіндегі сұрғылт сары күн құлақтанып, зәрін төгіп тұрғандай шатынай көрінді маған. Зәрлендіріп те, шатынатып та көрсеткен екі жағындағы қанды жебедей екі «құлағы» сияқты, әйтпесе ауа тып-тыныш, оншалық суық емес екен.

«Сәрсен Саясат» пен Кәкім бай қобалжытқан көңілім түстен кейін аудандық үкіметке кіргенімде сабасына түскендей болды. Ақ көңіл көне таныстарымнан бұл мекеме қызметіне орналасқандар көп екен. Ең төрдегі әкім кабинетіне қарай қаумалай жөнелді. «Қай қызметтің де үддесінен шыға алатын, жақсы оқыған азаматымыздың бірі қайтып келді» деп біреуі әкімге сырттай таныстырып жатқанын ести кіріп сәлем бердім.

Қалың қасы түксите көрсететін қоңыр жүзді, қою қырма сақал-мұртты әкім - Назарбек дейтін кісі екен. Отырған бойы күлімсіреп қолымды алды, мәуті үстел қарсысындағы орындықты нұсқап отырғызып, амандыққа  жалғастыра жайымды анықтап сұрауға кірісті.

- Жә, енді біраз дем алғың келе ме әлде өз үкіметіңе қызмет істеуге асығамысың? - деп сұрады соңында. Оқытушы болғым келетінін естіп, ойлана қарап кідірді. - Қызметкердің жетіспей жатқан салдарын да ескерелік. Тергеу бөлімінде істесең қалай? Бас тергеуші Сәрсен дейтін азамат та бұрын мұғалім болатын, танитын шығарсың, тез үйірлесіп кетесің?

Бас тергеушінің кім екенін естігенде төбе шашым тік тұрып, үрпие қалғандай сезілді. Сәрсеннің қол астында істеуден жиреніп те, шошына да қалдым. Ол жайымды білдірмей, басқа сылтау айтудың орайы табыла кетті.

- Мұғалімдік мектептен жаңа шықтым, өмірді білмеймін ғой, сондықтан, тергеуде орта дәрежелі де қызмет көрсете алмаспын. Бірақ, жақсы оқытушы болатындығыма сендіре аламын!

Әкім күліп жібергенде орсақтау ірі тістері де жып-жылы, тіпті мейірімді көріне қалды.

- Тергеушілікке өмір білімі көп қажет болатындығын білуіңнің өзі де толық білетіндік, шырағым. Бірақ, алғашқы талабың ғой, өз қалауың болсын.

Сөйтіп, оқу-ағарту бөліміне өттім де, ол бөлімнен «биылша» ұйғыр ерлер мектебіне тағайындалып, жолдама алдым. Мені сол мектеп маңында отыратын нағашы әпекемнің үйіне орналастырып, көңілі жай тапқан Биғазы ертеңіне таңертең қайтты.

Мектепті қоя тұрып, өзен сыртындағы Бағдарқанның үйіне бала кезде дағдыланған төте мұз жолыммен сырғи жөнелдім. Оның сүзекпен ауырып жатқанын естіп, көңілін сұрауға бір асықсам, Нұрасылдың жайын сұрауға екі асықтым. Нұрасыл туралы сұрағанымда әке-шеше де, ағалар да «әліге дейін із-тозсыз» деп күмілжіп қана қойған. Әкемнің Мұса жайын сөйлей келе: «қаныңды одан да қатты қыздыратын істер бар» дегені Кәкім бай мен Сәрсеннің әлі де «кісі» болып тұрғаны ғана емес шығар деген күдік дедектетіп барады. «Ана жылы Ерсұлтанның үйінде Кәкімнің Нұрасылға «сені әлі көремін» деп кінжуі, қанқұйлының қанмен шешілетін серті болмағай?»

Бағдарқанның үйіне осы күдікпен ширыға кіріп едім. Жүзі албырап, ерні кеберсіп жатқан Бағдарқан үн сала жылап жіберді:

- Әйтеуір... жеттің-ау, ағатай!... Маған жақындама!... Жұқпалы ауру... саған өз аузыммен айтып, тапсыра алмай кетер ме екенмін деп...  қиналып жатыр едім...

- Нені, Бағаш-ау, адам ауырады, жазылады, онда не тұр, жылама!

- Өзім үшін жыламаймын ғой, - деп, мықтап бекемделгісі келгендей тістене сөйледі Бағдарқан, - бірақ... бұл, қос дерт... былтырдан бергі өкпе ауруыма мына сүзек қосыла соқты... жазыла алмаспын.. Бұл екеуінен де ауыр дерт - Нұрасыл аға... ағатайым! - деп кемсеңдеп барып, қайта тістенді, - саған үй ішің... «келе сала қанқыздыға ұшырар» деп айтпай... жасыра тұрғысы келген сияқты ғой... несі бар, азамат дені сау болса... бәрін көтереді.... кек үшін көтеру керек.... Қасірет көтере алмасаң... кек қайтара алмайсың... мен асығыспын, айтайын... Нұрасыл ағаның сүйегі... жоғарғы Қарасудан табылды.

- Қашан?!... Неден қаза болыпты?!

- Осы күзде табылды... денесі бұзылып, күптей болыпты, киімі де шіріген.. тегі.... тегі, былтыр жазда өлтірілген.. пышақ, шоқпар ізін ауруханадағылар анықтады...  бірақ, кім өлтірген.. айғағы табылмай... қалып барады... мен осылай болдым... басқа бауырлары іздестірудің жолын білмейді... оқығандары тым жас... жеңгем мен жеті кішкенесі шырқырап... шулап... жылауды ғана біледі... дауысынан қинала бергендігімнен... осы жақында... кіші аға... төркінінің, нағашыларының... жұбатуына, уатуына апарып салды... ал, Биға... бұл кімнен болған өлім екенін... дәлелдей аламысың?

Үнсіз парлатып отырған көз жасымды жасыра сүртіп тастап сөйледім:

- Кімнен екені белгілі ғой... 41-ші жылдың бас кезінде Ерсұлтанның үйінде Кәкімнің не деп серт айтқанын естімеп пе едің? Білеубай да бар ғой!

- Ұмытпаған екенсің, Биға!... Ағатайым-ай, көкейге мықтап түйілген екен-ау!.. Есіңе түсірмек едім, болды енді...

- Сол кезде одан басқа жерлерде де айтып жүрген серттерін түгел білемін, әсіресе Дәмештің үйіндегі егестегі сөздері түп-түгел дәлел... Құрышбек аға біледі, сондағы күйеу Әділбек - қазір Шихаңзы майдан қолбасшылық штабында, полковник. Мен соның қасынан келдім... Бағдаш, кек алу ұзаққа кетпейді. Өзің сауыққанша бұл қасіреттен аулақ бол, сабырмен шыдап берші, бәрі орындалады...

- Кәкімдер әлі күшті, Биға... байлығымен «құрметті кісі» қатарына қосылып алды... Үкіметтің де, армияның да.. бар расхотын байлардың жәрдемі көтеріп отыр. Мұны қазір үкімет қорғайды... қазірше... әскердегі ағайындар қайтып келгенше... өзің де сабырлы болуың керек шығар... байқап, мерт болмау жағын ойлай істерсіңдер...

- Жоғарғы орындарға арыз жазып, оның қылмысын ашқан соң, қорғаушы болғанын көріп алармыз.

- Білеубай... майор болды... қазір бір баталионның бастығы... сол да.. қазірше ме екен.. Кәкімнің арқасынан қағып жүргенін естідім... әскеріне бөлке керек қой?

- Армия мұндай бір байдан бөлке жемесе де өлмейді, Башбайлар аман болсын... Білеубай егес жолында Кәкімнің атын жоғалтып еді, енді ағасының құны жолында несін жоғалту рауа болатынын түсінер... Алаң болма Бағдаш, «көш жүре түзеледі», күш күресе нығаяды.

- Көп сағынатыным... осының ғой, ағатайым... жасыңнан кекшіл едің.... айлалы едің... аман болсаң мына қан жылаудағы туыстарыңның кегі қайтар!

Біздің сөзімізді тыңдап отырған тетелес інісі мен кіші ағасы еңкілдеп жылай жөнелгенде мен де жасқа толы «қос шелегімнен» төгіп-төгіп жіберіппін, дастарқан ала кірген шешесі қосыла, жосылта төкті. Көз жасымызды парлата отырып шәй іштік....

Үрімжіден шыққанда «кек» деп шығып, соғыс майданына қалғанда «кек» деп қалып едім ғой. Бағдарқанның үйінен тағы да «кек» деп шықтым да, ертеңінде оқытушылықты да «кек» деп бастағандай болдым. Мына соңғысы тіпті кең көлемді, әрі түбегейлі кек алу жолы сияқты өзіме; туған елдің, бүкіл езілуші халқымның кегі аз болмақ па? Ойлап көрсем, туылғаннан бергі кеткен кегім шашымнан да көп екен. Соның бәрін жалғыз өзім қайтара алармын ба!? Сол жолға замандас-тетелес буындарды - інілерімді лек-легімен аттандыруым керек қой... уыттана кірістім.

Сағат ара демалыстарда гоминдаң мен Кәкім сияқты байларға басылған азуым ашылмайтын болып еді. Сонда бүлкілдеп қоятын шықшытымнан ішімдегіні жауларым біле қойды ма екен деймін, оншақты күннен соңғы бір сәскеде класқа «ақ сайтаны» кіріп келді. Аудандық сақшы мекемесіндегі әлгі арсалақтайтын «ақ сайтанның» дәл өзі. Кіре күбірлеп, «бір сәтке» сыртқа шыға қоюымды өтінді. Көзі күліп тұрған соң қайдан білейін, оқушыларыма сабақ пысықтай тұруды тапсыра сала «шыға қойдым», «бері келші» деп қақпадан шығарды. Бір ат шеккен, арқалықты орындығы бар, жеңіл қара шана тұр екен. «Шанаға отыра қойыңыз, біздің бөлімге барып сөйлесетін азғантай ғана сөз бар еді» деді, «отыра қойдым». Сақшы мекемесі емес, бергі бір шет көшедегі қара қақпаға кірдік. Күзетші сақшылардың босағадағы кішкене бөлмесіне ертіп кірді. «Ақ сайтанның» күлкіші сарғыш көзі тұна қалды енді, сөздің шынына енді келгендей:

- Кімнің үйінде жатырсың? Көрпе-жастығың бар ма еді? -деді.

- Оны қайтесің? -дедім тіксіне.

- Жоғарының бұйрығы бойынша, жатып тергелетін болдың, аз уақыт қана.

Осы сөзбен ғана екі сақшыға ым қақты. Сақшылардың айдауымен ауланың бір жағын тұтас алып тұрған қатар үйлердің біріне кіріп едім, гоминдаңнан қалған қараңғы, лас түрменің дәл өзі екен. Төр жаққа төселген шірік сабанның үстіне отыра кеттім. «Оқушылар сабағын шуламай пысықтап отыр ма екен, япыр-ай, мектеп кеңсесінен ешкімнің көрмей қалғаны-ай!...»

Есік жақ босағада, камераның жартысын алып жуан қара «жаңгүдей» жатыр еді. Бұрынғы аудандық сақшы мекемесінің бастығы екенін кейінірек ұқтым. «Талқандаса тозаңы қосылмайтын екі жаудың басын қосқан мына құдайға не шара» деп мырс ете түстім де, қисая кеттім. Гоминдаң бастық мені әлі де менсінбейтін кісіше төбедегі жалғыз көз терезеге бедірейіп, жуан тұмсығын көтеріп жатқанда мен аса сасық нәжіске байқаусызда қарап қойғандай мұрнымды жиырып алдым. Сол кеште нағашы әпекемнің үйінен көрпе-төсеніш келгенде ғана «өзіміздің гоминдаң екен» деп ойлағандай, маған басын көтере үңілген бастық махоркасын ұсынып, сөйлескісі келгенін білдірді. Темекісіне қолымды бір-ақ сіліктім...

Ләм деспей екі тәулік бірге жатқан екеумізді үшінші күні таңертең сақшы әскері шақырып сыртқа шығарды. Бұйрығы бойынша көрпе-төсенішімізді көтере шықтық та, нұсқауы бойынша қос атты үлкен шанаға түстік. Басқа бір камерадан тағы да екі қазақты әкеліп отырғызып, мол перезентті үстімізге жаба салды. Зырлай жөнелді шана сонсоң.

Шәуешек тас жолына түсіппіз. Сақшылар ешкімге көрсетпей қаладан шығарған соң перезентті алып, астымызға төседі де, төртеуімізді бір-бірімізге жабыстыра жайлап отырғызды. Мылтықты екі ғана қазақ сақшы, қол-аяғы бос, алпамсадай төрт қылмыстыдан сескенер емес. Неліктен қауіптенбейтіндіктерін айта, бізге иық сүйесе келіп отырды:

- Бес қазақтың арасында бір ғана жаңгүдей ханзу ғой, қайтер дейсің... тұнық ауадан дем ала отырсын деп аштық.

Орта жасты, етті-женді қызыл сары, келбетті қылмыстыны шырамытып, көбірек қарап қойып отыр едім, сақшының мына сөзіне сол кісі тойтарыс айтты:

- Шырағым, қылмысты болып айдалған соң қазақ деп сеніп кетуге болмас, мұндай бейғамдықтарыңыз өздеріңізге қатерлі болар!

- Е, ағай, сіздерде бізді өлтіре қашарлық қанша қылмыс бар дейсіз? - деп күлді әлгі сақшы, - әйтеуір, «жабу жап» деді, жаптық, «аймақтық сақшыға апар» деді, әкеле жатырмыз, аймақтық сақшы тексерер де шығарар. Мына жуан қара болмаса, басқаларыңыздың қандарыңыз бір емес пе және оқыған адам сияқтысыздар, біздің қанымыз төгілсе, өз қандарыңыз төгілгені екенін түсінесіздер ғой!

Алдыңғы жағымыздан жақындап келе жатқан екі аттыны көріп мылтығын көтере түрегелді сақшы:

- Ей, шығыңдар жолдан! -деп зірк ете түсті. - сол жерге тоқта... ары қарап тұрыңдар!

Сөйтіп, сақшылар кезіккендердің бәрін де жолдан шығарып, теріс қаратып қойып өте берді. Бізді шыбынға да көрсетпей жолдап беру тапсырмасы барын ғана түсініп, келбетті қызыл сарыға күрсіне қарадым:

- Ағай, сіздің атыңыз...

- Манап, -деді ол іркілмей, сонсоң толықтап таныстырды, - бұрын Толы мектептерінің нәзірі* болғанмын. Осы жерлік болсаң, танитын шығарсың?

- Таныдым. Мына березенттің астына қалай кіріп қалдыңыз? - деген сұрауыма тіл білмейтін жуан қарадан басқасы түгел күлді.

- Шырағым-ай, сасқанда құрым киізге орана қойып, қара қасқа болып шыққандар да, бәйбішесінің етегіне кіріп кетіп, бұлауланып шыққандар да болған. Біздің мұнымыз беті ашылмаған келіннің желегі ғана ғой... Керіскедей мені келінге айналдырған кім дерсің, алғаш атастырып, құйрық-бауыр асасып кеткен - жаз басындағы «құйыршықтардың» бұлаңшылығы болды. Кейінірек ұлттық армия тауымызға келе қалғанда сол бұлаңшылар екен деп мылтық атып қойғанмын. Атқаным құр кетпеуші еді, біреуінің білегін шаға кеткен сияқты. Сөйтіп, аудан азат болғанда, мен мына «қара бәйбішеге» абысын болып түсе қалдым, -деп жаңгүдейді нұсқай қарады да, зекіп қалды, - ей, бәйбіше, сүрт мұрныңды! ... Көзін жұма бұғып отырған бастықтың онымен шаруасы да болған жоқ, өлі иә тірі екенін сезбейтін сияқты.

- Ой масқара текем-ай! -деді Манап тыжырынып қойып, - бір кезде бақылдап, бүкіл аудан халқын бүруші едің, енді өз тұмсығыңның да өзіңді қорлап, не сойқан шығарғанын сезбейтін болыпсың-ау... ей шүңгән**, айт мына қожаңа, біз қасында отырсын десе жуан танауын тисын!

Үнсіз мелшиіп отырған сірке сары қазақ селк ете түсті де, бастықтың бүйіріне түйіп жіберіп, оны да селк еткізді. Жалт қарағанда тұмсығынан түртіп қалып жиғызды. Сірке сарының гоминдаң шүңгәні болғанын сонысынан танығандай қарқылдап күліп едім:

- Біз «ауылдың алты ауызын» айтып болдық, шырағым, -деп Манап маған қарады, қара елтірі малақайын алып, шекелі, кең маңдайын қаси күлімсіреді, - біздің әуен осылай, бастығын шүңгәнына сүзгізіп, текесін серкесіне мінгізіп жатқан жайымыз бар. Оқыстан өзімнің келін боп қалуымнан басқаның бәрі жақсы. Ал, өзің таныстыршы жайыңды.

- Мен - өздеріңіздің оқушыларыңызбын. Үрімжіге 42-ші жылы кеткенмін. Жақында ғана қайтып келіп едім, енді келін бол дер ме екен, әйтеуір ұзатып әкеле жатқан сияқты. Қайтсем де келін болмасыма ант ішемін; жап-жаспын, обал ғой. Жайымды түсіндіріп, күйеу болмыстың сақалынан ала түспекпін...

Өзімізбен бірге кешке шейін осылай күле келген айдаушылар Шәуешек шетіне іліне бергенде бүркенішті қайта жауып, сақылдай айдады шананы. Бір шақта, әлдеқандай бір темір қақпа шақырлап ашылып, шанамызбен жұтып әкеткендей болды. «Қарнына» жетіп болдық білем, бүркенішті жұлып тастап, бір-бірден жетектей жөнелді сақшылар. Тағы бір темір есік шарық етіп ашлыд да, мені тағы да «жұтып» кеп жіберді.

«Езіліп аш ішекке өткенім бе» дегендей, маңайыма үңіле қарасам, топ-тоқ ақ бөрте, жуан бір адам отыр екен. Шағантоғайдың бұрынғы әкімі Нұрақай дейтін кісі болып шықты. Түрмеге ас болғалы емес, ас толтырғалы келген кісі сияқты, сырттан кірген екі-үш мескей ет-сорпаны қатар тізіп қойыпты. «Кел, отыр, балам, алдымен ыстығында тамақтанып алалық» деп күрсініп ақ дастарқанын менің алдыма тартты...

Сырға сараң болса да тамаққа жомарт осы мықтыға кез болғаным ғана сәттілік көрінді; әйтеуір түрменің сұйық көжесі мен суық нанына пенде бола қоймадым. Оның есесіне ашу-ызаның құлы болып бара жатқаным соншалық, азу тісім өзі өсіп шыққан жақ сүйекке қайта еніп бара жатқан сияқты. Келгеніме үш күн өткенде бір анкет кестесін кіргізіп толтыртып әкетіп еді, онан соң дәт тыңдарлық ешкім көріне қоймады. Әр күні тергеу-сұрау күтіп сарыла-сарыла иегімнен сақал іздейтін  болдым, өзім іздеп-аңсап келген үкіметімнің мынау қылығы батып барады жаныма...

Иегімді сипалағаныммен үшінші аптаны да ештеңе таба алмай өткізген бір түні осы ызамның «шипасы» ойламаған жерден табыла кеткендей болды: қатарымыздағы есіктердің ашылып-жабылып жатқан шарқ-шұрқы біздің есікке де жетіп, мені ерте жөнелді бір сақшы. Сыртта қар борай жауып тұр екен. Ауланың түкпір жағынан бір мүйісті айналғанымызда, тақ-тұқ еткен балға үні естілді. «Темір дүкеніне апарып, мені қайтадан соқтырып шықпақ па» деп таңдана кірсем, темірші семіз Манапты алшайта отырғызып, кісен салып жатыр екен. Бір пар жаңа пиманың қоныштарын ішкі жағынан тіліп-тіліп жырып, кісен шынжырын сол жырыққа келтіре кигізді де, «бес» деп өткізді сақшыға. Мені де талтайтып жіберіп, таңдап әкелген кісенін шегеледі де, сап-сау пимамды жарып кигізіп, «алты» деді. Артымнан келген Нұрақай жуанмен жеті болғанымды біліп, айдаған жағына жүре бергенімде етпетімнен түстім. Бұл бұрын кісен көрмеген көрсоқыр өз аяғымның қылмысы екенін «түсініп», ашуым «басыла» қалғандай болды. «Шипасы» табылғаны осы емес пе, ыршып тұрдым да, қайта жығылып, қайта тұрдым.

- Сүндетке отырғызған балаша талтаңдай бассаң жығылмайсың! - деп жымиды Манап.

Сақшылар жем-шөп пен көрпе-төсеніштеріміз басылған шана жетеуімізді сығылыстыра отырғызып, айдай жөнелді. Батыс боранынан ыққаны ма, бізді қаладан тез алыстатуға асыққаны ма, аттарын қузап, желдіре жөнеліп еді, қала шетіне шыға бере шана бұлт ете түсті де, бар қылмыстыны бір-ақ төңкерді. Қарлы-боранды қараңғы түнде, омбы қарға көміле үйелеген өңшең кісенді «тобан аяқтар» тыпырлап, тұра алмай жатқанымызда артқы шанадағы бес сақшы жетеуімізді сүйемелдей тұрғызып апарып, қайта тиеді де, және зырқыратты. Борасыннан жол табылмай, арыққа тағы төгіліп қалып, тағы да тыпырладық. Бұл жолы сақшылар біздің шанадағы жүкті жадағайлап, қайта басумен әуреленгенде өзімізді өзіміз тұрғыза алмай ұзағынан тыпырластық.

Арты жырық қара тонымның қойнын да, жырық қара пимамның қонышын да қарға сықай толтырып алып, төрт аяқтай түрегеліп едім, қарсы алдымдағы бір үйме «қардың» да тыпырлап жатқаны көрінді. Құшақтап көтере бергенімде, екі аяғы бар адам сияқты тік тұра қалып:

- Биғабілмысың ей?! -деп қалғаны ғой, жетеудің бірі Қуат екен, өзі де құшақтай алды мені.

- Қуатпысың, қашан келдің?

- Бір апта болған, мына қарақшы қолына алдыңғы күні ғана іліндім.

- Қылмысымыз не болғаны? Білдің бе?

- Гоминдаңнан қалып жарамсақтанған өңшең шпион бізді шпион деп көрсетті ме екен, Құлжаға айдатты.

- Мына жырық пимамен, мына мұздай кісенмен, мына аязда ма?

Ашуым енді «мүлде басылғандай» болды, «шипа» қонғаны соншалық, Нұрия өлімінің ызасын да, Ақылбайдың қазасын да, тіпті ең жақында естілген Нұрасылдың кегін де «ұмытып», сақылдай жөнелдім, тұп-тура аяздың өзінше сақылдай «күліппін». Барлық ашу-ыза, наза-азадан «арылған» адамға «рахат күлкі» бітпес пе?

Әділетті тергеушім, осы көргеніме сіз тіпті рахаттанған шығарсыз. «Бәлеме осы лайық еді, шоқ-шоқ» -дерсіз-ақ. Солай да өзіңізге осының лайық жері тіпті көп екендігін біле күлерсіз. «Жылпостардың жылы бір» дегендей, суды ылайлап балық аулайтын барлық жолбике біткеннің жолы бір емеспе. Және бәріңізде аласапыраннан жаралғансыздар ғой. Аласапырандатпай аулай алмайсыздар. Ал бұл жолбикелер қылмыс өткізе алмайтындарды қуалап айдап жүріп қылмыс туғызу өнері жағынан сізге тіпті ұқсайды. Сіздің бұлардан артықшылығыңыз біреу ғана, («ұлы әділетті» аталуыңыз соныңыздың шарапаты болса керек.) Ол, сіздің аптаматтық техника істетіп, үздіксіз аласапырандатуыңыз. Үздіксіз аласапырандату сізден, үздіксіз қылмыс өткізу бізден болып отырмайма. Ал, мына мешеулердің аласапырановтары бұл жағынан сізден әлде қайда кем жаралғандығында дау жоқ, бірақ, тек жағынан да көп жағынан ұқсайсыздар-ақ.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Шағаноба (жер аты) - Қобық тұсындағы Совет шекарасынан ашылған сауда бөлімшесі.

* Нәзір - мектеп шарлаушы; инспектор. Ұйғырша меңгерме бастығы да (назарат бастығы) осылай аталады.

** Шүңгән - сақшының кіші офицері.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475