Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 7321 20 пікір 1 Шілде, 2021 сағат 14:27

Қосанов: Оппозицияның мені сынауға құқы жоқ

Жуырда саяси белсенді Ермек Нарымбайдың экс-премьер-министр Әкежан Қажыгелдинмен сұхбаты шықты. Қазақстандағы саяси жағдайларды талқылаған сұхбатта 2019 жылғы президент сайлауына үміткер болған Әміржан Қосан туралы да сөз болады. 

Қажыгелдиннің айтуынша, «Қосановтың арманы - Президентке үміткер деген «корочка» алу болған. Оның саяси аренадағы ең биік шыңы сол болды», - дейді.

Ал, Әміржан Қосан қиын сәтте өзін ешбір оппозиция жақтамай, жалғыз болғанын айтады. «Егер сол сәтте мені оппозиция қолдаса, жағдай басқаша болар еді», - депті. Біз Әміржан Қосан мырзаның сол пікірін оқырман талқысына ұсынғанды жөн көрдік.

Әміржан Қосан, саясаткер:

- Құрметті Әкежан Қажыгелдиннің Нарымбаевқа берген сұхбатында мен жайлы жағымсыз пікір айтылғаны туралы жекеме хаттар келіп жатыр. Онда менің саяси карьерам аяқталды деген секілді әңгімелер айтылыпты. 

Мен қазіргі режимге сын көзімен қарайтын кез келген адамды құрметтеймін. Ол да, Кажегелдин сияқты, жеке өзімді сынасын (бұл қалыпты жағдай), мен үшін, азамат және саясаткер ретінде, плюрализм үдерісінің өзі және балама көзқарастың болуы маңызды.

Әкежан аға өз елінің лайықты азаматы. Ол ең күрделі экономикалық реформалар кезінде премьер-министр болған. Қазір де елде болып, елге пайдасын тигізсе дұрыс болар еді.

Мен ешқашан өзімнің саяси карьерам туралы ойлаған емеспін. Егер сол күні (Президент сайлауынан соң) барлық жақтастарымды көшеге шығуға шақырсам, біріншіден, мені бірден полицияға алып кетер еді, екіншіден көшеде Желтоқсан мен Жаңаөзеннен өткен нағыз қырғын болар еді. 

Егер мен біріккен оппозициядан үміткер болсам, сол сәтте басқаша болар едім! Бірақ, мен жалғыз болдым. Және осындай қиын шешімді әдейі қабылдадым. Қажегелдин де, Әблязов та, Тұрсымбаев пен Сәрсенбаев та, Ерғалиева мен Бапи де, Жүкеев пен Мамай да, Бергей де сол сәтте менің қасымда болған жоқ. Олардың ешқайсысы маған келіп: «Әміржан, біз сенімен біргеміз!», - деген жоқ. Барлығы: «сен күрес, біз көреміз», дегендей ұстанымда болды. Жалпы алғанда, әлеуетті сайлаушылардың дауыстарын менің квази-серіктерім ұрлады. Егер біз бәріміз бірге болсақ, жағдай басқаша болар еді!

Енді қазір олар менің басты сыншыларыма айналды! Ашығын айтқанда, сол кезде мені қолдамағандардың қазір мені сынауға моральдық құқығы жоқ.

Сайлау кезінде Кажегелдин бір топ қазақстандықтарды өз қаражатына Парижге шақырды. Бұл қаражат сол кезде маған, үміткер ретінде көмектесер еді. Мүмкін Әкежан әлі де президент боламын деп ойлайтын шығар? Көрсін! Мен оны және демократиялық ұрандармен келген кез келген адамды қолдаймын!

Сол сияқты Тұрсымбаев пен Сәрсенбаев та Астанада кездесу ұйымдастырды, оған да қомақты ақша жұмсалды (ол ақша да командама көмек болар еді).

Жүкеев пен Мамай да сайлау кезінде үнсіз қалып, қазір мансаптарын анти-косанов тақырыбында жасап жүр.

Жүкеев мырза, мен сайлауға қатысқан кезде, өзіңіздің жақтасыңызбен бірге қайда болдыңыз? Жалпы алғанда, менің дауыстарымды азайтып, мені масқаралаған дәл осы оппозиционерлер болды!

Олардың барлығы маған қарсы жұмыс істеп, биліктің қолына өткен сияқты. Мүмкін олар сол үшін ақша алған шығар, білмеймін.

Менің үндеуім, шетелде отырып өзін оппозиция санайтын және апта сайын митингке шақыратындарға арналады!

Достар, сіздерге кофе ішіп отырып айту, елді көшеге шақыру оңай. Ал, сіздің жетегіңізге еріп қаны төгілгендер үшін кім жауап береді? 

Қазақстанға келіңіз. Сынақтарға, ұрып-соғулар мен арандатушылықтарға қарамастан елден кетпеген және осы жылдар ішінде елдің демократиялық дамуы үшін бірдеңе жасауға тырысқан Әміржан Қосановтың орнында болыңыз!

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379