Сенбі, 23 Қараша 2024
5659 21 пікір 5 Шілде, 2021 сағат 10:29

КСРО-ға деген «сағыныштан» қашан айығамыз?

Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толады. Бірақ сонда да КСРО-ға деген сағыныш азаймай келеді. Оның үстіне, «ең дәмді балмұздақты» бұрын-соңды оның дәмін татып көрмегендер де, қазіргі уақытта жоғары сапалы балмұздақтың түр-түрін таңдай алатындар да аңсап отыр.

Сонымен, сізді мүлде жақсы көрмейтін ата-ананы сағыну қандай құбылыс және неге «Франкенштейнді» тірілтуге деген ұмтылыс күшейе түсуде? Мүмкін бұл өздігінен өтетін, араласуға болмайтын табиғи процесс, немесе...

Әрине, мұндай «ренессанстың» себептері және КСРО-ның мәйітін қайта жандандыруға деген әрекеттер жетерлік. Олардың арасында жастық шаққа қатысты әрі шындыққа сәйкес келетін, сондай-ақ психологияға негіздеп, «бәріне Путин кінәлі» деп үзілді-кесілді айыптайтындар бар. Бұған қоса «тегін пәтер», «тұрақты күндер», «сапалы шұжықтар», «жалпыға бірдей» сияқты және басқа да қате түсініктерді дәлел ретінде келтіреді. Алайда бұл пәтерлердің кеңес азаматына тиесілі еместігін, оларды кез келген уақытта қайтарып ала алатынын, сапалы шұжықты тек пара беріп қана сатып алуға болатынын және дәл осы жерде «теңдік» сөзі түсіп қалатынын айтып ешкімді сендіре алмаймыз.

Осы орайда Кеңес дәуіріне сағыныштың негізгі екі себебін айта кетейік. Олардың біріншісі – әлеуметтік-экономикалық себеп. Қазір дүкендерде бәрі бар болғанына қарамастан, халықтың белгілі бір бөлігі саналы және бейсаналы түрде «бұрын жақсы болған еді» деп ойлайды. Әрине, жоғарыда айтылған және басқа да көптеген дәлелдер әрқашан өтімді болмайды, бірақ бірдеңе дұрыс емес деген сезім үнемі іштен, кейде сыртынан жегідей жеп отырады. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі біз, Қазақстан (Ресей мен Беларусь сияқты) жақсы өмір сүре алатын едік деген ойдан шығады.

Шынында да, баршылық, сонымен бірге демократиялық өмір үшін бізде тәуелсіздік таңында барлық мүмкіндіктер болды. Алайда содан кейін, ең басында, дұрыс емес бағытқа бұрылдық және ары қарай да біз осы бағытта жүріп келе жатырмыз. Бұл тұрғыда қайта реформа жасасақ та, шамадан тыс жүктеме алсақ та ештеңе өзгермек емес. Қысқасын айтқанда, егер дүкен сөрелері толып тұрса, сондай-ақ пікір айтқанымыз үшін қудалауға ұшырамасақ, мұндай Кеңес Одағын аңсайтын сәтке куә болмас та едік.

Ал біздің ойымызша, екінші бір себеп – балалық пен жасөспірім шаққа деген сағыныш. Бұл жерде тек әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен кейбір саяси сәттер туралы ғана емес, сонымен қатар кейбір «кеңестік» басымдықтардың жоғалуы, соның ішінде атышулы «пролетариат гегемониясының» барлық көріністерінде, «партиялық бақылауда», сондай-ақ «Ұлы Ресей мәңгілікке біріккен» дейтін әнұранының сөйлемінде жасырылған нәрсе туралы айтылады.

Яғни, ендігі жерде біз жұмыс істеуіміз керек және өндірістен ештеңе сүйреп әкете алмаймыз, жоспарды ғана орындамай, бәсекеге түсуіміз керек, тіл үйреніп, жергілікті тұрғындармен санасуымыз керек. Бұл тізімдегі дәлелдердің әрқайсы үшін сіз өте нанымды қарсы аргументтерді бере аласыз. Әсіресе бірінші және соңғы айтылғандарға. Бірақ бұл көп жағдайда солай. Осыған қарамастан, егер Қазақстан Тәуелсіздік деп аталатын алғашқы жылдардан бастап дұрыс жолға түссе, оның ішінде ұлттық саясатты бір ізге түсірсе (нақты нарықтық реформалар мен демократиялық қағидаттарды енгізу туралы айтпағанда), «бұрын жақсы болып еді» деген дәлелдер аз болатынына ешкім дауласпайды. Бірақ біз бұрыс жолға түстік. Дегенмен осы тақырыптың маңызды факторларының бірі болса да, бүгінгі әңгіме бұл жайлы емес.

Шынында да, алғашқы уақытта немесе одан кейін өзін кеңестің өткенінен алшақтатқан елдердің қазіргі өмір сүру деңгейі пайдалы қазбалар мен пайдасыз шенеуніктерсіз-ақ бізден әлдеқайда жоғары екенін көреміз. Декоммунизация неғұрлым тез және айқын болса, соғұрлым аталған деңгей де жоғарылады. Соған сәйкес білім, мәдениет, сөз бостандығы, демократия да дамыды. Керісінше, қысым күшейіп, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары жабылып, саяси қозғалыстар экстремистік деп танылған сайын, Кеңестер Одағына сағыныш артып жатыр. Бұл да біз қозғауға тиіс өзекті тақырыптардың бірі. Дәл осы жерде мынандай сұрақ туындайды: адамдар неге «халықтар түрмесін» аңсайды және ол қашан өтеді немесе өтуі мүмкін?

Мұндай сағыныш өмірден соңғы «КСРО-да туғанның» өтуімен кетеді деген де пікір бар. Бірақ Тәуелсіз мемлекетте туылған 1991-2000 жылғы жастардың да кеңестік кезеңді айтып жүргенін көргенде бұл пікірді шетке ысырып тастаймыз. Егер өз еліміз бен КСРО-дағы бауырларымыз туралы айтар болсақ, өткеніміздің «жаман» жерін сызып тастаудың тиімсіз екенін көреміз. Өйткені маңдайшадағы жазу өзгергенмен, басшылықта әлі сол адамдар қалып отыр. Оның үстіне біздегі тек олигархтар, қазіргі саясаткерлер және басқа да шенеуніктер ғана емес, сонымен бірге өздерін оппозициямыз деп атайтындар да Комсомолдың 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мұның бәрі мемлекеттік әнұранның сүйемелдеуімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік туының астында болып жатыр!

Барлық кеңестік үгіт-насихат сол кезде де, қазір де ешқандай маңыздылыққа ие еместігін және тек насихат болып қала беретіні туралы бір ойды ескерсек, аңсаушыларды ойынан айнытудың еш пайдасы жоқ. Сонда Одақты жандандыруға тырысудың пайдасыздығын дәлелдеу үшін еліміз мен өмір салтымызды ғана өзгерту керек пе? Мұны, әрине, жоғарыда аталған идеологиялық кеңестендірмеуден басқа (коммунистік үгіт-насихат үшін қылмыстық жауапкершілікпен), қалыпты саяси және экономикалық реформалардың көмегімен жасауға болады, бірақ белгілі бір дәрежеде бұл да экстремистік әрекет болып саналмақ. Осылайша бір тұйық шеңбер пайда болады.

Оның өздігінен өтуін күту де ақымақтық және аздап қауіпті болмақ. Бір жағынан, КСРО-ны реанимациялау мүмкін емес деп үміттенуге болады, ал екінші жағынан, белгілі бір қауіп-қатерлер Қазақстанды ЕурАзЭҚ арқылы саяси алауыздыққа тарту әрекеттерінен туындайды. Жақында Ақорданың «антисанкцияларға» жауап ретінде бірдеңе айтқаны есімізде, ал Тұңғыш президент мезгіл-мезгіл барлық осы одақ пен интеграцияда саяси компонент жоқ деп мәлімдеді, бірақ мұның артында не тұрғанын бәріміз түсініп отырмыз.

Қазіргі Ақорда халықаралық имиджге айтарлықтай назар аударатындығын және путиндік (астын сызып айту керек) Ресеймен жақындығы бізге ешқандай «ұпай» қоспайтынын ескерсек, билікке деген үміт әлі де бар. Бірақ алдымен қоғам бас көтеруі керек. Бұл ресейлік насихатшылардың немесе отандық шовинистер-сепаратистердің арандатушылықтарына агрессивті реакция емес. Бұл жай ғана (бірақ соншалықты оңай емес) өзімізге деген үгіт-насихат, бұрыс жолға кетіп бара жатқанымызды жақсылап түсіну. Мұны бәріміз немесе көпшілігіміз түсінген кезде, одан әрі оңай әрі кеңестік кезеңді аңсаушылардың саны автоматты түрде азаятын болады.

Мирас Нұрмұханбетов

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377