Айдос Сарым. Occupy Абай! Occupy Алаш!
Соңғы кездері қазақтың жікке бөлінуі туралы көп айтылып жүр. Өкінішке орай, оған дәлел де жетерлік. Әріден келе жатқан жүзге-руға бөлінгенді айтпағанның өзінде, соңғы бір ғасырда «нағыз қазақ», «шала қазақ», «даланың қазағы», «қаланың қазағы», «жаңа қазақтар», «ескі қазақтар», «пацандар», «мәмбеттер», «қазақшыл» және «орысшыл», «сопылар» және «сақалдар», «мұсылмандар» және «тәңіршілер», «ұлтшылдар» және «көпшілдер», «алашшылдар» және «кеңесшілдер» сияқты көптеген жіктер пайда болды. Бұл ненің нышаны? Түбі қайда апаруы мүмкін?
Оймақтай ғана ұлтты біріктіретін, бітістіретін, табыстыратын, ұйыстыратын тың идеялар бар ма? Құдай сақтасын, әрине, бірақ ел басына күн туа қалса бәрімізді бір окоптан табыстыратын қандай құндылық бар? Тарихында дәл осы бөлінуден талай опық жеген қазақ кез-келген жікке күдікпен қарайтыны анық. Олай болатын болса, «Бөлінгенді бөрі жейді» деп мақалдайтын ұлт бөлінуге неге құштар? Қызбалау әлдекімдер «Бөліну қазақтың ата кәсібі, ұлттық белгісі» дегенге дейін барып жатыр. Расында жүзге-руға бөліну тек қазақтың басында ғана бар қасиет пе? Жалпы алғанда бар қазақ - бір қазақ болып біріккен кездер болды ма, сірә? Қазақты біріктіру үшін тек сыртқы жау мен аттандау ғана шарт па? Осы туралы ойланып көрейікші...
Соңғы кездері қазақтың жікке бөлінуі туралы көп айтылып жүр. Өкінішке орай, оған дәлел де жетерлік. Әріден келе жатқан жүзге-руға бөлінгенді айтпағанның өзінде, соңғы бір ғасырда «нағыз қазақ», «шала қазақ», «даланың қазағы», «қаланың қазағы», «жаңа қазақтар», «ескі қазақтар», «пацандар», «мәмбеттер», «қазақшыл» және «орысшыл», «сопылар» және «сақалдар», «мұсылмандар» және «тәңіршілер», «ұлтшылдар» және «көпшілдер», «алашшылдар» және «кеңесшілдер» сияқты көптеген жіктер пайда болды. Бұл ненің нышаны? Түбі қайда апаруы мүмкін?
Оймақтай ғана ұлтты біріктіретін, бітістіретін, табыстыратын, ұйыстыратын тың идеялар бар ма? Құдай сақтасын, әрине, бірақ ел басына күн туа қалса бәрімізді бір окоптан табыстыратын қандай құндылық бар? Тарихында дәл осы бөлінуден талай опық жеген қазақ кез-келген жікке күдікпен қарайтыны анық. Олай болатын болса, «Бөлінгенді бөрі жейді» деп мақалдайтын ұлт бөлінуге неге құштар? Қызбалау әлдекімдер «Бөліну қазақтың ата кәсібі, ұлттық белгісі» дегенге дейін барып жатыр. Расында жүзге-руға бөліну тек қазақтың басында ғана бар қасиет пе? Жалпы алғанда бар қазақ - бір қазақ болып біріккен кездер болды ма, сірә? Қазақты біріктіру үшін тек сыртқы жау мен аттандау ғана шарт па? Осы туралы ойланып көрейікші...
Менің ойымша, бөліну қазақтың ғана емес, күллі адамзаттың эволюциялық белгісі. Кейбір әлеуметтанушылар «қоғамның асқан күрделілігі оның тұрақтылығы мен өміршеңдігінің нышаны» деп жатады. Қарап отырсақ, шындыққа саяды. Жікке бөлінбейтін ұлт жоқ. Кез-келген адам айналасын «өзіне тән», «өзіне жақын» және «өзінен ерекше», «өзіне ұқсас емес» дегендерге бөліп, өзіне түсінікті, үйреншікті дүниені қалыптастыратыны белгілі. Қазақтың қазақ болуы да өзгенің қазақ болмауына байланысты емес пе? Қазақты қазақ ететін оның өзгелерден ерекшелігі емес пе? Кез келген қоғам бөлінеді. Мысалы, әрқайсымыздың қазақшылықтан басқа бізді айрықшаландыратын қасиеттеріміз бен ұстынымыз бар. Мен қалалықпын, алматылықпын, Алмалы ауданының тұрғынымын, тарихшымын, кәсіпкермін, публицистпін, аңшымын, балықшымын, бильярдшымын, кітап оқуды жақсы көремін т.с.с. Егер жүз-ру, жер-аймақ дегендер табиғатта болмаса да адам баласы өзін де, өзгені де белгілі бір топтарға жатқызып, үлкенді кішірейтетін, көпті азайтатын жіктерді тауып алар еді. Ру-жүз болмаса велосипедшілер мен аңшылар болып бөлініп кетер ме едік? Бірақ осындай бөлінудің шегі бар ма? Бөлінудің бүлінуге алып келетін кезі қашан? Рудың іруге айналатын шағы қай кез?
Бүгінгі бөлінудің басты себебі - ұлтымыз бен қоғамымыздың алдында тұрған мақсат-міндеттердің таяздығында. Жалған мұраттар мен пайымдардың басымдығында. Егер ұлтымыздың күші мен жігері шын мәніндегі тың идеялар мен саяси-экономикалық бағдарламалардың айналасына топтасып, аса күрделі шаруаларды шешуге жұмсалып жатқан болса, біз бөліну түгілі, сіңбіруге уақыт таппас едік. Елімізде дұрыс қызмет етіп жатқан бірде-бір мемлекеттік я қоғамдық институт жоқ. Парламентіміз, партияларымыз, сотымыз, баспасөзіміз, қоғамдық ұйымдарымыз, полициямыз, армиямыз, бизнесіміз, зиялы қауымымыз, ауылымыз, қаламыз - барлығы да шала-жансар, шала туғандар. Оларды кемеліне жеткізіп дамытудың орнына, одан әрі аяқасты етіп, таптап, жермен жексен етіп жатқан қоғамбыз. Тіл, діл, дін, тарих, білім, мәдениет, қоғамдық пікір, мемлекеттік сана сияқты салаларымыз - кемтар, мүгедек, қос аяқтап ақсап жатыр. Осының кесірі болар, саясатымыз да өліарада. Қоғамдық, мемлекеттік институттардың жоқтығы не әлсіздігі бейресми, алыпқашпа, кертартпа институттардың өсіп-өркендеуіне алып келіп жатыр. Кез-келген қоғам мен адам дуализмге шалдыққан. Бір жағынан ыдырауға, бөлінуге құштар болса, екінші жағынан - топтасуға, бірігуге құмар. Егер соңғысымен айналысатын мемлекет, қоғамдық институттар болмаса, біріншісі басымырақ болады. Осы себепті болар, қоғам өз ырқымен топтасуға болатын, жарайтын-жарамайтын барлық әдістерді меңгеріп жатыр. Біреулер руға-жүзге бірігіп жатса, екіншілер - діни сектаға, үшіншілер - қылмыстық топтарға кірігіп жатыр. Бұл бөлінудің түбі - бүліну. Кешегі террористік акциялар, соңғы жаға жыртқан айтыс-тартыстар, тіпті қанды Жаңаөзен оқиғасының астарында осының салдарын байқауға болады. Басты-басты идеяларымыз қарын тойдырудан, мемлекетті тонаудан аспай жатса кімді кінәлай аламыз? Елді жегідей жеп жатқан жемқорлық та осының салдары. Бұған тек билік кінәлі деп өзімізді ақтай алмайтынымыз анық.
Оның үстіне жеріміз бен оның астындағы байлығына көзін алартып, сілекейін ағызып отырған сырт күштердің қашан да көп болғанын естен шығармағанымыз дұрыс. Ішімізде де «осылардың мемлекеті қараң қалсыншы, түптің-түбінде кешегі қызыл империяның қатарына барып қайта қосылсыншы» деп іштей тынып немесе белсенді әрекет етіп отырғандардың саны қаншама?! О бастағы табиғи тазалық, қан тазалығы идеясынан туындаған «Жеті ата» институтын бұрмалап, бұзып, бірімізге-бірімізді айдап салатын, шағыстыратын, шатастыратын құбылысқа айналдырған отаршылар емей кім? Жүз, ру, ата деген саяси-әскери ұғымдарды бөлінудің, бүлінудің синонимдеріне, баламаларына айналдырған саясат - отаршыл-импершіл саясат! «Бөліп ал да, билей бер» деген қитұрқы, кертартпа саясат! Сол саясат әлі де жібі үзілмей жалғасып келеді. Жалғасқаны былай тұрсын, санамызға сіңіп, жадымызға жазылып, қазақтың «ата кәсібі», «бизнесі», «ұлттық ерекшелігіне» айналып кетті. Осының негізінде өзіне атақ-ұпай жинап, өзінің жеке басының мәселелерін шешіп жүрген қандастарымыз да жоқ емес. Өздерінің шынайы бәсекелестікке қабілетсіздігін біле отырып, ру мен жүзін жалау етіп, жастардың миын айналдырып, бір-біріне қарсы қойып жүрген ақсақалдарымыз да жетерлік. Өресі мен ойлау кеңістігі румен, жүзбен шектеліп қалған азаматтардан не сұрайсың? Руым ғана, жүзім ғана деген ауруларға мемлекет пен ұлттың қажеті бар ма?
Кім біледі, бәлкім, біздер өзінің негізгі мәселелерін баяғыда шешіп тастаған, мақсат-мұраттарының барлығына қолын жеткізген зиялы ұлт болсақ осындай жіктер мен бөліністерге күліп қарайтын ба едік? Бірақ, жеткенімізден жетпегеніміз, білгенімізден білмегеніміз, көргенімізден көрмегеніміз, түсінгенімізден түсінбегеніміз басым шақта біздердің күлуге де, күрсінуге де тарихи уақытымыз жоқ сияқты болып көрінеді. Тарихта тарыдай шашылып, уыздай ұйып отыратын кезеңдер болады. Қазіргі кезең - топтасатын, бірігетін кезең. Жоқтан - бар, аздан - көп, кішіден - үлкен ететін заман. Бұл ұлт және мемлекет болуымыздың басты шарты. Тіпті табиғатымызда жоқ болса да жақсы, керекті қасиеттерді өзімізге таңа беруіміз қажет. Әлемдік әлеуметтануда Томас теоремасы деген ұғым бар. «Егер белгілі бір нәрсе не ұғым шынайы деп танылса, оның ықпалы мен салдары да шынайы болмақ» делінеді сол теоремада. Бұл теореманы бабаларымыз ықылым замандарда «Жақсы сөз - жарым ырыс» деп ықшамдаған ғой. Осы қағидаға жүгінбесек болмайтын сияқты. Қазақты қорлай бергеннен, басына ақырзаман төндіре бергеннен мүйіз шыға қоймас.
Олай болатын болса, бүгінгі күннің саяси ұрандары да жаңаруы тиіс. Өзгермейтін, ауыспайтын, мызғымайтын бір ғана мұрат бар - ол қазақтың тәуелсіз ұлттық мемлекеті! Қалғаны заманына орай өзгеріп те, жаңарып та отыруы керек. Қазақтықтың да, қазақ болудың да шарттары өзгеріп отыруы қажет. Қазақ ұғымы тек қаны қазақпен шектелмейді. Қазақ мемлекетін, оның заңын, тарихын, тілін, мәдениетін, дәстүрін мойындаған әрбір адам «қазақ азаматы»! Аталған мәңгілік мұрат үшін қолынан келген шаруасын атқарып отырғандардың барлығы біздің серіктесіміз, досымыз. Қазақты бөліп-жарып, бір-біріне айдап салып отырғандардың барлығы - біздің қарсыласымыз.Руын білу - міндет, руға бөлу - індет! Бұл тұрғыдан алғанда біздер кешегі империяның, бүгінгі биліктің жүгенсіздігінен салдарынан пайда болған жіктердің, бөлінудің барлық түрлеріне ашық рухани, ақпараттық соғыс жариялауымыз керек. Қазақ ұлттық мемлекеті идеясының жеңіске жетуі үшін барлық қазақтың, әсіресе қазақ жастарының біріккені ауадай қажет. Жеріміз - кең, еліміз - байтақ, ақылмен, парасатпен қимылдай білсек әрбір қазақ азаматына орын да, мүмкіндік те жетеді.
«Қазақ бол!» деп ұрандаған дұрыс шығар, сол «қазақ болудың шарттарын» жасаудың, қалыптастырудың кезі келген сияқты. Қазақ болу үшін не істеу керек? Қандай құнлыдықтарды бойымызға сіңіргеніміз абзал? Оның жолдары да айқын. Ең болмаса бүгінгі күндері Ресейді, әлемді қайран қалдырып жатқан хәкім Абайдың айтқандарын орындай білсек те аздық етпейді. «Асық» болатын да, «қашық» болатын да құндылықтардың барлығын Абайдан, Абайдан тәлім алған Алаш азаматтарының еңбектерінен табуға болады. Қызыл империя балта шабуға тырысқан мәңгілік Алаш идеясын, Абайдан бастау алған ұлттық-буржуазиялық үрдістерді түсініп, терең түйсініп, жалғастырып әкету бүгінгі Тәуелсіз ұрпақтың басты міндеті деп түсінемін. Кешегі империяның демократтары «Оккупай Абай!» деуден ұялмаса, біздер «Оккупай Абай! Оккупай Алаш!» деуден несіне қысыламыз?
«Ұлт Times» газеті