Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақордадағы кездесу 5532 26 пікір 10 Шілде, 2021 сағат 15:25

Омаров қызметінен алынды. Жаңа министр кім болмақ?

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің отырысын өткізді. Жиын онлайн форматта өтіп, мемлекет басшысы сан түрлі мәселені қозғады. Министрлерді сынға алды, сөкті, тіпті орнынан алды. Орнынан алынған ҚР ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров болатын. 

Ауыл шаруашылық министріне деген сын өте көп. Соңғы уақытта еселеп артты. Негізсіз емес. Себебі бар және нақты.

Жер сатуды қолдаған министр

Біріншіден, ауыл шаруашылық министрі Жер реформасында жеке меншік жерді халыққа сатуға қарсылық танытпады. Керісінше, ашық қолдады.

«Өзінің бизнесін тиімді дамытқысы келетін қазақстандықтарға ұзақ мерзімге жалға алумен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатып алуға рұқсат беру мүмкіндігі болуы керек. Сондықтан ауыл шаруалышығы министрлігінің ұстанымы: Жерді пайдаланудың екі институтын да, қазақстандықтар үшін ұзақ мерзімге жалға алуды да, сатуды да сақтап қалу қажет. Қазақстандық жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылық алқаптарына жеке меншік құқығы мен жалға алу құқығының экономикалық немесе шаруашылық тұрғысынан қайсысы қолайлы болса соны өз бетінше таңдай алу құқығы болуы тиіс деп санаймыз. Егер біз ашық бәсекелестік пен тиімді кәсіпкерлік құруға ұмтылсақ, ерте ме кеш пе Қазақстанда ауыл шаруалышығы жеріне толыққанды жеке меншік және оны сатып алу, сату бойынша еркін нарық пайда болады», деген еді министр.

Қуаңшылыққа қарсы жедел әрекет етпеді

Екіншіден, елдегі қуаңшылыққа байланысты нақты әрі жедел шешім шығара алмады. Еліміздің Батыс өңірінде мал шаруашылығы қуаңшылық салдарынан үлкен зардап шегуде. Маңғыстау мен Қызылордада тіпті жұт болып жатыр. Президент Тоқаевтың өзі бүгінгі жиында бір ғана Маңғыстауда ресми 3 мың бас малдың қырылғанын айтты. Ал бейресми тұрғыдан оның қаншалықты көп екенін елестетудің өзі қиын. Қызылорда өңірінде де дәл солай. Шөп пен жем тапшылығы байқалуда. Шаруалар бірнеше есе қымбаттаған шөпті сатып алуға мәжбүр. Бұл тек қана екі облысқа емес, тұтас Қазақстанға тән көрініс. Әрине, мұндай жағдайда жедел шешім шығарып, әрекет етпеген министрді орнынан алу әділетті деуге толық негіз бар.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпеді

Үшіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады. Еліміздің көптеген өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің қымбаттауы орын алды. Атап айтқанда картоп, пияз, сәбіз. Бұл тікелей ауыл шаруашылық министрінің жауапкершілігіндегі мәселе болатын. Қоймадағы көкөністі арзанға сатып, өзге елден үш есе қымбатқа сатып алу арқылы досқа күлкі, дұшпанға таба болған Қазақстан, нарықтағы бағаны шарықтату арқылы ел халқының қалтасына соққы жасады.

Әрине, айта берсек кінә көп, олқылық орасан. Министр орнынан кетті. Бұл шешімді әділетті деуге негіз бар. Алайда бұрынғы министрдің қателіктерін қайталамайтын жаңа министр кім болмақ? Міне, ендігі мәселе осы.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413