Қайрат Жолдыбайұлы: Мешіт қызметкерлерін кіналау орынсыз
Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы «Нұр-Мүбарак» мешітінде бала зорланды» деген ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, мешіт қызметкерлері туралы теріс пікір жазбауға шақырды.
Айтуынша, аталған оқиғаның «Нұр-Мүбарак» университетімен, мешітпен, жатақханамен тікелей қатысы жоқ.
«Бүгін белгілі адвокат Айман Омарова ханым «Нұр-Мүбарак» мешітінің қарауылы бала зорлады деген күдікке ілінгендігіне қатысты ақпарат таратқан болатын. Осы ақпараттан кейін әлеуметтік желіде мешітті, мешіт қызметкерлерін кіналайтын түрлі теріс пікірлер тарап кетті. Осыған байланысты істің мән-жайын, анық-қанығын ашып айтуды жөн санап отырмын.
Біріншіден, бала зорлады деген факті әлі нақтыланған жоқ.
Екіншіден, бұл оқиғаның мына тұрған «Нұр-Мүбарак» университетімен, мешітпен, жатақханамен тікелей қатысы жоқ екенін астын сызып айтқым келеді. Өйткені аталған ғимараттар 6 гектар жерде орналасқан. Осындай үлкен территорияны күзету үшін «Нұр-Мүбарак» университеті «Скимен.KZ» атты арнайы лицензиясы бар, күзет агенттігімен ақылы негізде келісім шартқа отырған. Сондықтан осы бүкіл территоряны күзету ісі аталған агенттіктің мойнында.
Жаңағы айтылған оқиға орын алған жағдайдың өзінде, жауапкершілік осы компанияның қызметкерлеріне тиесілі болады. Жауапкершілік солардың мойнында. Сондықтан, бұл мәселеге қатысты мешіттің қызметкерлерін кіналау, олар жайлы теріс пікір жазу, осындай ақпараттарды тарату орынсыз деп санаймын»,- деді Жолдыбайұлы видеоүндеуінде.
Айта кетейік, бұған дейін заңгер Айман Омарова Алматыдағы Нұр-Мүбәрак мешітінде 18 жастағы бозбаланы күзетші зорлағаны туралы ақпарат таратқан.
«Күдікті баланы мешіттегі өз бөлмесіне алып кірген де, аяқ-қолын байлап отырғызып қойған. Осындай жағдайда оны ұзақ ұстаған. Азғындық көрсеткен, зорлаған, ұзақ уақыт қорлаған. Міне, енді осындай адамды Бостандық аудандық полиция басқармасы босатып жібермекші. Дәлел жинау үшін уақыт керек дейді. Бірақ, жәбірленуші оны бірден таныды, одан артық не дәлел керек екенін түсінбеймін», - деді Айман Омарова.
Заңгердің айтуынша, күдікті баланың дамуында тежеу бар екенін біліп, сол жағдайды пайдаланған-мыс.
Abai.kz