«Абай үйі» әлемнің тағы үш елінде ашылмақ
Дана Абайдың көшелері мен кітапханалары, еңселі ескерткіштері әлемнің көптеген елдерінде бар. Абай мұрасын таныту, насихаттау маңызды. Өйткені Абай идеясы мен көзқарасы тек қана қазаққа ғана тән емес, күллі адамзатқа тән десек те болады. 2021 жылдың 12 шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласында «Шетелде тұратын қандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту туралы» тақырыбында брифинг өткен еді. Іс-шараға «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов та қатысты.
Брифинг барысында М.Сарбасов шетелде тұратын отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған жобалар туралы және ҚР АҚДМ мен ҚР СІМ қолдауымен іске қосылған «Abai Uii» мәдени-іскерлік үйлерін дамыту жобасы сәтті жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде айтып берді.
«Қазіргі таңда «Abai Uii» 5 мемлекетте ресми түрде ашылып, жұмыс істеп жатыр. Енді 2021 жылдың екінші жарты жылдығында «Abai Uii» әлемнің тағы үш елінде, атап айтқанда Моңғолия, Ресей және Қырғызстанда ашу жоспарланған. Осы орайда Қоғам шетелдегі қандастарды қолдау шараларын барлық этникалық қазақтарға қатысты жүзеге асырып келеді. Қазір әлемде 250-ге жуық қазақ мәдени орталықтары бар. Бүгінде «Отандастар қоры» КЕАҚ мәдени-гуманитарлық шаралар ұйымдастыру мақсатында 71 қазақ мәдени орталығымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды», - деді Мағауия Сарбасов.
Сонымен қатар «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президентінің айтуынша тағдырдың тәлкегімен әлемнің сан еліне шашырап кеткен шетелде тұратын қазақтар үшін қазақ тілін үйрету бойынша 31 онлайн-сынып ашылған. Оларға қатысушылар саны 1163 адамды құрайды. Әрине бұл аса көп болмаса да, жақсы көрсеткіш деуге толық негіз бар. Аталмыш курс шеңберінде 333 тегін онлайн-сабақ өткізіліп, 400-ге жуық қандас сертификаттарға ие болды. 2021 жылы 440 онлайн сабақ өткізіліп, 900 адам өз білімдерін арттырды.
Сонымен бірге Қазақстан билігі шетелдегі қандастарымызға арнайы гранттар бөліп, еліміздің ЖОО-ры мен колледждерінде терең білім алуына жағдай жасап келеді. Жыл өткен сайын гранттар санын арттыру да іске асуда.
Abai.kz