Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 4976 5 пікір 13 Шілде, 2021 сағат 18:20

Надандық пен жемқорлық - егіз ұғым

Кейде осы білім саласының осынша жыл былыққа батқанына, орта білім сапасы мен жоғары білім сапасының құлдырауына парақор қоғам шын мүдделі секілді көрінеді. Себебі жемқорлық пен надандық - бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Дәлірек айтқанда, надандық жемқорлыққа, жемқорлық надандыққа әкеледі. Бұл екеуінің қайсысы себеп, қайсысы салдар екенін анықтау мүмкін емес. Бейне «Тауық бұрын пайда болды ма, жұмыртқа бұрын пайда болды ма?» деген секілді.

Себебі надан адам надандығын жасыру үшін пара береді, жағымпазданады. Өзі пара берген, өзгеге жағымпазданған адам өзгенің де пара бергенін, өзгенің де өзіне жағымпазданғанын қалап тұрады. Өзі пара берген адамның пара алмауы ешқашан мүмкін емес.

Ал білімді, өзіне сенімді адам неге пара береді? Адал парасыз да өзін де, отбасын да асырай алатынын біледі. Ал пара бергісі келiп тұратын адамның біліміне шын күмәндімін.

Абай: «әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады;

әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді;

әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді;

әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді;

әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», - дейді. Иә, дәл осындай бір-бірінен туындап жатқан қоғам жемқор, тойымсыз, парақор болады.

Парақор адам білімді адамды ұнатпайды. Себебі өзінің надандығын ашып тастайды. Надан адамға парақор басшы лайық, мерекеде сыйлығын беріп қойып, өмірін сүре береді. Сондықтан надандық жайлаған сайын беру мен алудан жарыс өтеді. Жемқорлық қалыпты құбылысқа айналады.

Жемқор қоғамда сапа болмайды. Себебі сапа үшін адал жұмыс керек. Сондықтан жемқорлық жайлаған жерді сапасыздық жайлайды. Ал білімінен сапа кетсе, мектепке мұғалім пара беріп жұмысқа кірсе, студент пара беріп баға алса, онда елді надандық жайлайды.

Дәл солай бұл екеуі - бір-біріне себепкер. Сондықтан білім сапасын көтеру, шын білімді адамның қатарын көтеру ғана елдегі жемқорлықты тазарта алады.

Жемқорлықсыз қоғам болу үшін де, демократиялы қоғам болу үшін де адамда мемлекетке тәуелсiз, өзгелерге тәуелсіз өзiн-өзi асырай алатын қабілет болу керек!

Өзін-өзі асырай алу - адамның ең төменгі қабілеті, - дейді Конфуций.

Ал біз өзімізді асырау үшін деп кейде пара беру мен алуды ақтап аламыз. Сонша қабілетсізбіз бе?

Пара бермей өмір сүру әркімнің ең басты ұстанымы болу керек!

Пара алу қандай қылмыс болса, беру де - дәл сондай қылмыс!

Аятжан Ахметжанұлының жазбасы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1434
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5129