Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 8767 8 пікір 15 Шілде, 2021 сағат 15:18

«Қазақ поэзиясынан артық поэзия жоқ!»

Әйел біздің тағдырымыз...

– Исрайыл аға! Мен бір күні үйдегі үстелдің үстінде Абайдың бір томдығымен қатар жататын Жұмекеннің кітабын ашып қалдым. Ашқан бетте мынадай сөздер бар екен: «Бір шырағдан жанды түнде. Көлеңкелер, дір-дір қақ!» Көлеңке жайлы аз жазылған жоқ, бірақ, мынадай тіркесті бірінші кездестіруім. Бұл шынында да тек ұлы, ойшыл ақынның ғана қаламынан туатын дүние. Ойшыл болу үшін туа бітті таланттан бөлек адамның өзі де көбірек оқуы тиіс қой. Мысалы, мен сіздің өзіңіз барыңызбен көзге ұрып сыртқа шығара бермейтін мінезіңіз бар екенін білемін, сөйте тұра сіздің көп ақыннан білімді екеніңізді, көп оқитыныңызды, білім көкжиегіңіздің кең екенін байқаймын.

– Біздің Жұмекенге тісіміз батпайтыны содан ғой. Сол ағалардай біз де, бізден кейінгілер де көп оқуымыз керек. Білім сол сәтте атып сыртқа шықпауы мүмкін, кейде олай болуы керек те емес шығар, бірақ, адамның миы оқылған білімді қорытпай тұра алмайды. Сондықтан ол сені байытады, ол сенің өзіңнің микроәлеміңді жасауға мүмкіндік береді және сен керек еткен бір күні сыртқа теуіп шығады. Сені дара адам етеді. Алпыс жылдығыма орай «Менің өз әлемім бар» деген мақала жазғанмын. Не көрсем де мен өз әлемімнің ішіне кіріп, сонда бәрін қорытып отырамын. Мені құтқаратын – білімге деген ұмтылыс.

Елге белгілі тұлғаларды айтпағанның өзінде жай білімдар адамдардың, жалпы, елдің еркелері мен серкелері саналатын азаматтардың да қасында сүйген жарлары бар... Жастау кезімде бірде Қадыр ағамыздың үйіне жаңадан шыққан кітабының сигналдық нұсқасын алып бардым. «Жазушы» баспасының поэзия бөлімін басқарамын ол кезде. Ағам риза болып қалды. «Жеңгең үйде жоқ, бірақ, суық сорпа бар» деп оны өзі ысытты. Түбінде 50 грамдайы қалған коньяктің бутылкасын әкелді. Екі рюмкаға бөліп құйып, енді ала бергенімізде жеңгей келді. Орысшалап: «Даю пять минут – освободите кухню!» деді. Қадыр аға «осылай еркелейді бұл» деп жуып-шайып жатыр, ал, менің тамағымнан ас өтпей қалды... Сөйтсем, жеңгеміздің ондай мінезіне ағай үйреніп кеткен екен...

– Исрайыл аға, «жеңге» демекші... Мен өзім осы алып денелі «Мұқағалидың бар-жоғы 45 жасында өмірден өтіп кетуі марқұм Лашын жеңгемізден болды, себебі, ішіп алып үйіне барғанда ол кісі Мұқаңды кіргізбей қойған, мен «үйге жүріңіз» дегенімде намыстанып қалып кетті, таң атқанша бетон баспалдақта ұйықтап шығыпты» дегенді бір емес, екі ақынның өз ауызынан естідім. Екеуі де өмірде бар. Осы жайлы не айта аласыз?

– «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүрген кезім. Бір күні бас редакторымыз Шерхан Мұртаза мені шақырып алды. «Исрайыл, өзің білесің, басқалар да, біз де Мұқағалидың туған күніне орай жыл сайын шығармаларын беріп жатамыз. Биыл тағы да сол таптаурын сүрлеумен жүру маған ұнап тұрған жоқ. Мен осы мәселенің шешімін табуды саған тапсырайын, сен жаңа бір жолын тапшы» деді....

Ол кісіге оңай, тапсырма берді-дағы кетіп қалды, ал, мен не істеуім керек? Әрі ойландым, бері ойландым, басым ауырып кетті. Ақырында «Мұқағалидың үйіндегі Лашын жеңгеймен сөйлесу керек» деген ойға тоқтадым. Қоңырау шалдым. «Апай, Мұқаңның туған күні келе жатыр, соған арнап жылдағыдай ол кісінің өлеңдерін бере салуға болар еді, бірақ, соны биыл өзгешелеу етсек деп отырмыз. Бұл – тікелей Шерхан Мұртазаның тапсырмасы. Мен сізбен жолықсам деп едім. Жолыққанда қоятын үш қана сұрағым бар. Бірақ, оларды, әрине, телефонмен емес, барған соң айтамын» дедім. «Кел, қарағым, кел!» деді. Барсам ет асып қойған екен, екеуміз ет жедік. Ол кісі үстелге арақ әкеліп еді, «апай, мен ішпейтін едім» деп бас тарттым. «Ішпейтінің жақсы екен!» деп жатыр. Шай үстінде ананы-мынаны айтып дегендей, аз-кем әңгімелестік. Апай: «Мұқаң сені, Иран-Ғайыпты айтып мақтап отыратын, сен екеуіңді білемін, жазғандарыңды да оқығанмын» деді. Ішім жылып қалды. «Ал, қарағым, қоятын сұрағыңа көше бер» деді шай ішіліп біткен соң. «Апай, бірінші сұрағым, Мұқаң, Мұқағали ағамыз өлеңді қалай, қашан, қай жерде жазатын еді! Күй таңдайтын ба еді?

Екінші сұрағым, ол кісі үй ішінде, отбасында ақын емес жай пенде ретінде қандай адам еді? Өзіңізге, бала-шағаға қандай еді?

Үшінші сұрағым, оны қоймасыма болмайды, себебі, елдің аузына сіз ол кісіні «бірнеше рет ішіңкіреп келген кезінде үйге қондырмай қойған екен» деген әңгіме тарап кеткен. Осының шын-өтірігін өз аузыңыздан естісек деп едім».

«Мұқағали денесі еңгезердей дәу болғанмен, бала дегенде жаны қалмайтын, өте балашыл еді, - деп бастады сөзін апай. -«Мен – түйемін!» деп Жұлдыз, Майгүлден бастап бәрін өзінің үстіне мінгізіп алып, үйдің ішін айналып жүретін. Майгүл өлгенде оған арнап қаншама өлең шығарды!..

Ал, енді өлеңді қалай жазатын еді дегенге келсек, ол өлеңді күн сайын жазбайтын. Жүреді, жүреді, Жазушылар одағына барса ішіп қайтады... Содан бір күні моншаға барады, қырынады, жуынады, сосын маған қарап: «Бәйбіше, кеттім мен Қарасазыма!» дейтін. Мен неге, не үшін деп сұрамаймын... Себебі, ол қаланың ішінде жаза алмайтын. Он күн, он бес күн, бір ай жоғалып кетеді сол кеткеннен. Ешқандай хабар-ошар болмайды. Бір күні арып-ашып өзі оралады. Сақалы өсіп кеткен, жағы суалған, көзі шүңірейген... «Көжең бар ма?» дейді. Сусынға ашытпа көже ішкенді жақсы көретін. Соны сіміріп алады да, үйге де аялдамайды, «бәйбіше, менің көкірегім қуыс, мен сол қуысты толтыруым керек. Одаққа кеттім!..» дейді. «Одаққа бармасай...» деп айтып үлгермеймін. Барғасын ішіп келеді...

Жүдеп-жадап келгенде мен оның құр қол келмейтінін, шығармашылық шабыты денесін буып, бабына келген кезде ғана кететінін білемін. Ол Қарасазға барғанда далада жаза ма, үйде отырып жаза ма, күні-түні бұрқыратып өлең жазатын. Шығармаларының бәрін сол жақтан жазып әкелетін. Кеудесі қуыс болып, босап келетіні содан оның. Қаладағылар болса бұл дүниелердің сол ішіп жүрген күндерден кейін туғанын көргеннен кейін «Ой, Мұқағали, арақ ішпесе жаза алмайды!» деп өсек тарататын. Ал, Мұқағали бірде-бір өлеңін арақ ішіп алғаннан кейін жазған емес! Бірде-біреуін!

– Қисыны келеді, Исрайыл аға. Себебі, «сен неге осы жазғандарыңды өзгелер секілді ешқашан өңдемейсің? Өңдей берген сайын өлең деген жұмырланып, жұтынып, одан сайын құлпыра түсетінін білмейді емес, білесің ғой, неге олай етпейсің?» деп қоймаған жолдастарына бірде: «мен өлеңді өзім жазбаймын, менің құлағыма өлеңді сыбырлап тұрады, мен оны тек қағазға түсіремін!» деп жауап берген екен. Яғни жоғарыдан келетін өнер болса, оның арақ ішіп тойып алған адамға келе қоюы қиындау ғой, шынында...

– «Ал, енді үшінші сұрағыңа келетін болсақ,.. - деді Лашын жеңгеміз. - Несін жасырайын, үш рет кіргізбей қойғаным рас. Мұқаң жас аралығы алшақ болса да сөзі жарасып, бірге көп жүрген Тоқаш Бердияровпен болсын, басқалармен болсын, елді аралап кетіп қалып жүрген кезде үйі бар екенін, әйел-бала-шағасы бар екенін ойламайтын. Кейде тіпті қара су мен наннан басқа ішерге тамақ таппай қалатын шақтарымыз да болды. Балалар жылайды шырылдап... Мұқағали болса үйге мас болып келеді. Балаларға деп те ешнәрсе алмай келеді. Содан «осылай істесем есін жияр ма екен, менің бар екенім, үш-төрт баласы бар екені есіне түсер ме екен» деп бір күні түн жарымында келгенінде үйге кіргізбей қойдым... «Көрейінші» дедім... Жұрт айтса айта берсін. Ондағы мақсат жаңағы болатын. Осы тірлікті мен әр кезде бір емес, үш рет істедім. Бірақ, одан өзгерген, ертесіне маған ұрысқан, мені сабаған Мұқағали болған жоқ! Түк болмағандай жүре беретін. Демек, менің ол әдісім ешқандай нәтиже бермеді...

Бір күні науқас меңдеп, бауыры іріп-шіріп жатқан Мұқағалиға ауруханаға ол өзі өте жақсы көретін түшпара алып бардым. Ол терлеп-тепшіп тамақ ішіп отырғанда мен үстелдің үстінде жатқан, жаңадан өлең жазылған бір парақ қағазды көріп қалдым. Төбесіне «Тағдырыма тура келген серігім!» деп тақырып қойыпты. Жүрегім дір ете қалды. Мынау тура бір қоштасу хат секілді сезілді маған. Мұқағали: «Сенің көзің де көрмейтін нәрсені көргіш-ау. Мен бұл өлеңді осы бүгін таңертең ғана жазып едім. Бәлкім, бұл менің соңғы өлеңім де болуы мүмкін. Оқы!» деді. Оқыдым да ебіл-дебіл болып жыладым. «Тағдырым менің осындай болды, саған да еш жақсылық көрсете алмадым-ау» деген сипатта жазылыпты. Мұқағали жұбатып жатыр: «Қой, жылама, қазір палатаға біреу кіріп қалса ұят қой» дейді...».

– Бастығыңыз айтқандай, ешкім баспаған соны соқпақты тауыпсыз ғой. Көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап алыпсыз, ол кісі де ішіндегісін шығарып арылғандай болып, бір жеңілдеп қалыпты...

– Мен газетке берген мақаланың тақырыбына Мұқағалидың осы сөзін шығардым. Тіпті, сол өлеңнің өзін де бердім ғой деймін. Үш сұраққа да берген жауабы шынайы. Шерхан аға риза! Жұрт жан-жақтан қоңырау шалып жатыр: «Мынау бір өте құнды дүние болып шығыпты. Ақиқатты жазған екенсің, біз білмейтін нәрсе көп екен...». Сол күні кешке Жұмекеннің жесірі Нәсіп жеңгей телефон соқты. «Айналайын, Исрайыл, мен мына жазғандарыңды жылап отырып оқып отырмын. Сен маған келсең, Жұмекен жайлы да осындай мақала жазсаң... Келсең мен де саған бәрін айтар едім. Келші, айналайын!». «Ойбай-ау, сіз шақырсаңыз мен неге бармаймын?» Бір аптадан кейін бардым. Бір пәпкі толы қағаз берді: «Осының ішінде Жұмекен жайлы жазылған нәрсенің бәрі бар!»

Бірақ, бұл мақалам өткендегі мақаланы қайталамау керек, оны берудің жаңа жолын қарастыруға тиіспін. Ол жолғы үш сұрақ пен Мұқағалидың соңғы өлеңі сәйкес келіп, әдемі кетті. Бұл жолы не істеймін?.. Оның үстіне Мұқағали басқа-дағы, Жұмекен басқа ақын! Жұмекендей философ ақын жоқ. Абайдан басқа! Жұмекеннің өлеңдерін түгел оқып шықтым. Сөйтіп, мақаланың кілтін әлі таба алмай жүрген күндерімнің бірінде Нәсіп апай хабарласты: «Жұмекен жайлы телеарна хабар түсіріп жатыр еді, қазір баламды жіберейін, әнеукүнгі пәпкіні бере тұршы». Жарайды дедім де беріп жібердім. Пәпкі сол бойы қайтып оралмады маған...

– Жұмекен жайлы мақала жазылмады ма?

– Жазылмады... Өзім сұрауға ыңғайсыздандым. Апай қайтарып бергенде мен оның кілтін қалайда тапқан болар едім...

– Исрайыл аға, сіздің Мұқағали жайлы «Тәңіртау» деген поэма жазғаныңыз белгілі. Ақындардың әріптесіне поэма арнауы деген өте сирек құбылыс қой. Әсіресе, бізде...

– Мен Мұқағали жайлы түс көрдім ғой. Таң алдында. Түсімде Алатау орнынан қозғалып, Алматыға қарай жылжып келе жатыр екен. Ауа сондай тап-таза, мөп-мөлдір, айнала төңіректің бәрі керемет! Иә, кәдімгі Алатау қозғалып келеді! «Ойпырмай, енді не болады, қаланың халқы қырылатын болды-ау!» деп ойлап қоямын. Қарасам, көше толған халық – біреу жаяу, біреу машинасымен, бәрі дүркіреп, бет-бетімен қашып бара жатыр...

– Сіз қайдасыз?

– Мен биіктемін, бәріне сырттан қарап тұрмын ғой. Алатау қалаға жақындап қалды... Сол кезде тау адамға айналды да, алып Мұқағали шыға келді. «О, қызталақтар, мен өзімнің Алматымды басып-жаншып өтпеймін ғой, несіне қорқасыңдар? Ұсақталып кетіпсіңдер ғой, құмырсқа болып кетіпсіңдер ғой... О, қызталақтар, бұлай болмайды, бұлай болмайды...» Сосын кейін шегінді, тау қайтадан өз қалпына келді, мұнар басты, мен ояндым...

Есеңгіреп қалдым. Сол кезде оның сексен жылдығы болып жатқан, мен ауырып бара алмай қалғанмын. Кетіп бара жатқандарға «маған сарқыт ала келіңдерші» деп едім, ырду-дырдумен бәрі ұмытып кетіпті...

Мемлекеттік сыйлық соншалық биік мәртебе ме?..

– Исрайыл аға, осы тұста ақын-жазушылар үшін «ақаңнан» кейінгі екінші аты-шулы тақырыпқа айналып бара жатқан Мемлекеттік сыйлыққа деген көзқарасыңыз қандай? Осы сыйлықтың жақсы жағы мен жаман жағының қайсысы басым екенін бағамдай алмайтын кезге жеттік-ау деймін... Менің өзіме, алпысыншы жылы мектепке барып, «алыптар шоғырының» шығармаларынан армансыз сусындап өскеннен кейін бе, жыл өткен сайын оған лайық ақындар азая түсетін секілді көрінеді. Екі жылда бір рет берген дұрыс-ау деген ойға да келем. Солай дейін десем, ол сыйлыққа деген талас-тартыс жыл өткен сайын күшейе түспесе, бәсеңдейтін сыңайы байқалмайды...

– Бірде маған Тұманбай мен Қадыр ағаларым «біздің тірі кезімізде өзіңді Мемлекеттік сыйлыққа ұсынбайсың ба?» деді. «Әрине, комиссияда сіз екеуіңіз маған дауыс бересіздер. Ал, басқалары ше?.. Мен сосын бір жыл бойы бар ойым сыйлық болып, алаңдайтын да жүретін боламын ғой. Жазуым жайына қалады. Ұсынатындар ұсына берсін, алатындар ала берсін, мен осы құбатөбел күйімде жүре берейін, ең бастысы – жазғаным халыққа жетсе болды емес пе» дедім. «Ай, сенің оны алатын ретің бар ғой». «Ретім бар да шығар, бірақ, сол үшін додаға түсіп, өлең жазуды жиып қойып неғыламын?»

– Иран-Ғайып ағамыз жеті рет түсті ме?

– Алты рет. Ең бастысы, ол «алмай қоймаймын» деді ғой. Алды, ал, содан не өзгерді? Соншалық биік мәртебе ме ол? Менің ойыма да кіріп шықпайды, мысалы.

– Шынында да, өзін-өзі ұсынатындарды түсінбей-ақ қойдым мен. Мемсыйлық тұрғай, маған біраз жыл бұрын «Мәдениет қайраткері» атағына ұсынамыз» дейді. «Е, жақсы». «Онда құжаттарыңызды жинап өткізіңіз». «Мен өзім жинап өткізуім керек пе?» «Енді кім?» Өзім жүгіріп, өзім қол қойдырады екенмін... «Ой, рахмет онда..!»

– «Халқым барда, әл-дәрменім - дін-аман,
Өлеңімнен өзге байлық сұраман!
Келбетінде періштенің кейпі бар,
Жер бетінде жүріп жатыр бір адам!»

Менің ұстанымым – осы! Соның өзінде мақтаныңқырап кеттім.

– Мақтана қоймайтын ақын едіңіз, бір мақтанған екенсіз де!

– Иә, мен мақтанып отырмын. Періште болғым келетіні де рас. «Періштеге ғашықпын» деген өлең де жазғанмын. Періште болмасам да соның кейпі бар. Түсінген – түсінсін, түсінбеген – қойсын... Менің кредом – осы.

Жәркен де өзін үш рет ұсынды. «Жәркен, болмайды мұның» дедім. «Сен онсыз да жақсы ақынсың. Сыйлық алсаң, мұрат-мақсатыңа жеткенің бе? Сонымен тоқтайсың ба? Неге сендер биікке секіретін спортшы сияқты өздеріңе таяқ қоясыңдар?»

Жалпы, ақынды, жазушыны сыйлыққа халық ұсынатын болсын! Олар кім үшін жазады, сол халық үшін жазбай ма?! Ендеше, мына шығармалар лайық деп халық өзі ұсынбай ма? Иә, мұндай тәртіп, ережені бірден енгізе қою оңай емес, бірақ, сол арқылы халықтың өзін де өнерге тартатын боламыз.

Қазір 15 комиссия мүшесіне қосымша тағы сонша адамды жоғары жақ тағайындайды екен... Мен мұны мүлдем түсіне алмаймын. «Бірде маған марқұм Дүкенбай Досжанов «Исрайыл-ау, неге өзіңді ұсынбай жүрсің?» деді. «Неғылам оны?» «Жоқ, ұсынсайшы, нағыз лайықты адамның бірі сенсің. Өз сыбағаңды өзің іздемесең, ешкім алдыңа әкеліп бермейді». «Жарайды, сонда не істеуім керек?» «Шынымен ұсынасың ба?» «Ойланып көремін, бірақ ең болмаса жол-жобасын біліп алайын да».

Дүкең марқұм бүге-шігесіне дейін айтып берді... «Біздің комиссияға қосымша жоғарғы жақтан тағы 17 адам тағайындалады, сен сол отыздан астам адамның бәрінің үйінің, жұмысының телефонын, адресін тауып алуың керек. Сосын сөмкеңе ұсынылатын кітабыңды, коньягыңды, конвертіңді салып аласың-дағы үйлеріне барасың. Жалпы, ақынды, жазушыны сыйлыққа халық ұсынатын болсын! Олар кім үшін жазады, сол халық үшін жазбай ма?! Ендеше, мына шығармалар лайық деп халық өзі ұсынбай ма? Бір жыл уақыт бар ғой, қайда асығасың? Бетімнің арын бес төгіп барсам, өлердегі сөзімді айтсам... «Жоқ, Дүке, менің қолымнан келмейтін шаруа екен» дедім...

– Осы Мемсыйлықтың қаржысы қаншалықты қомақты?

– Сегіз мың доллар. Соңғы жылдары елу мың долларға көтерді ғой деймін. Мен үшінші болып платиналы «Тарлан» сыйлығымды алғанда жүлдеге 10 мың доллар алғанмын.

– Одан бөлек халықаралық «Алаш» сыйлығымыз бар...

– Халықаралық, мәртебесі мемсыйлықтан жоғары, ал, беретін жүлдесінің құны – 1 мың доллар...

– Иә, бір жылда шүлен таратқандай 42 адамға берген соң онда не қадір-қасиет қалды дейсіз...

– Соны айтсаңызшы.

Ақын болсаң бәрін білуге тиіссің, білмесең – білуге тырысуға тиіссің!

– Мен Ташкентте елшілікте үш жыл жұмыс істеп келгеннен кейін бір жыл «Иман» журналының редакторы болдым. Дұрысы, оны өзім аштым. Сол кездегі бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлиев бірге оқыған курстасым ғой, сол кісі маған: «Бізде газет бар, журнал жоқ, соны ұйымдастырып берсеңіз, қаржысы бізден» деді. «Жақсы, тек атын өзім қоямын» дедім. Пушкиннің «Құранға мадақ» деген өлеңін, Гетенің, Толстойдың, т.б. жазғандарын аударып беріп отырдым. Бір жылда алғашқы алты нөмірін шығарып берген соң «жұмысты жолға қойдым» деп мүфтиятпен қоштастым.

Сол кезде орталық мешіттің бас имамы болды. Аты Махамбет пе еді... Бір күні сол имам маған келіп, «намазға қашан жығыласыз?» дейді. «Махамбет, сен көріп отырсың, мен «Иман» деген журнал шығарып жатырмын. Бұл салада айтары жоқ адам ондай іске кіріспейтін шығар?.. Кел, былай етейік, сен екеуміз жұма намаздан бір-екі сағат бұрын, жамағаттың алдында рухани дүние жайлы сұхбаттасайық. Ол пікірталас емес, сен маған сұрақ қоясың, мен саған сұрақ қоямын, осыған дайынсың ба?» Үндей алмай қалды...

Асқа, құдайы тамаққа, тағы да осындай жиындарға барғанда, мен соған келген имамдардың сөзін тыңдап отырамын. Сосын «шырағым, сен мешітте уағызда айтқан сөзіңді бұл жерде қайталамасайшы, – деймін. – Ондағы контингент пен бұл жердегі контингенттің айырмасы үлкен. Бұл жерде небір мықтылар отыруы мүмкін. Сен адамдарға білім берсейші».

– Бәрекелді! Мен де кейде шамам келгенше «тек о дүниені айта бермей, Ислам, Құран, Хадис бұ дүние жөнінде не дейді, соны да айтсаңдаршы» деп бір ауыз сөз қосып қалатыным бар. Маған, мысалы, Пайғамбарымыздың (с.ә.с.) «мәңгі өлместей тіршілік ет, бүгін өліп кетердей құлшылық ет» деген сөзі өте қатты ұнайды.

– Мен – ақынмын! Ақын болсаң бәрін білуге тиіссің, білмесең – білуге тырысуға тиіссің! Құдайға шүкір, мен рухани бай адаммын. Сопылық ілімді он екі жыл зерттегенмін. Оның кілтін ашқым келді. Шығыстың атақты шайырларының бәрі де – сопылар. Рухани білім менің өзіме керек, мен сол үшін көп оқимын, көп ізденемін. Ал, біздің жас ақындар оқымайды...

– Дұрыс айтасыз, біздің бұрынғы ақындарымыздың бәрі ғұлама болған ғой. Он бестегі Сараның өзі Біржан салға «Қисасұл-әнбияні» оқымап па ең, соны да білмейсің бе, сен ақымақ?!» демей ме? Бәріміз оқыдық па соны?..

– Рухани байлық – Шығыста, бізде! Батыста – техника, технология бар, қару-жарақ бар. Жастарымыз алдымен қазақ ақындарын, жырауларды оқып, қала берсе Шығыс жұлдыздарын оқып, үйренудің орнына постмодернизм деп ұйқасы жоқ бірнәрсе жазады. Қазақ поэзиясынан артық поэзия жоқ! «Батырлар жырын», Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбетті оқы. Ақтамберді, Махамбетті оқы!

Мен Абай айтқан «кемел адам» болғым келеді. Менің жасымда біреу бір нәрсені айтқанда сөз қоса алмай, өз пікірімді білдіре алмай, мыңқиып отырған өте ұят қылық. Білім керек маған! Сенің әрбір жазған өлеңіңнен ішкі дүниеңнің бай екені байқалып тұруы керек! Қадыр ағамыз сондай-тұғын, мен Қадыр ағамды сол үшін жақсы көремін, менің ұстазым ол кісі. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз!» Мен өмір бойы Қадыр ағамдай білімдар болуға тырысып келемін. Тұмағаң «мен күн сайын жүз жол өлең жазбай ұйықтамаймын, жаза бер» дейтін. Әркімнің өз жолы бар ғой, маған ол жол онша келіңкіремеді. Жаза берсем, оқу қайда қалады?.. Мен оқимын, оқимын, сосын ол бір күні өзі миымның қазанында балқып, қорытылып, өлеңге айналып сыртқа шығады.

Менің болмысым осындай, айналайын. Мен оны ешкімге айта бермеймін, мақтанбаймын, бірақ, білген үстіне біле бергім келеді.

– Мен оны білемін, байқаймын, аға. Жүсіп Баласағұн атамыз «Білім өзін білдіртпей тұра алмайды» деген, сіздің біліміңіз байқалып тұрады. Сіз Тәшкендегі елшілікте өткен үш жылды да керемет пайдалана алғаныңызды білемін.

– Мен Ташкенттен Нақышбанди, Ясауи, Ғазали туралы, тағы басқалар туралы қанша кітап алып келдім. Имам Бұхаридің 8 мың хадисін алып келген болатынмын. Соларды көтеріп тұңғыш мүфтиіміз Рәтбек қажыға барайын. «Маған бір-екі жігіт берсеңіз, өзбекшеден аударайық» дедім. Мүфти күлді: «Менде оның арабша төрт том хадисі тұр, содан аударамыз» деді. Жарайды дедім, алайда, бетім қайтты. Кейін мүфти болғанда Әбсаттар қажыға бардым. «Қарындасыңыздың қолынан шай ішіңіз» деп үйіне ертіп барды. Үйінде тұрған Бұхаридің арабша бес томдық хадисін көрсетті: «Осыдан аударамыз». Әлі аударылған жоқ... Мен өзім үшін шетінен аударып қойып жүрмін.

"Сен ертең өлесің!.."

– Исрайыл аға, мен Мұқағали туралы көрген түсіңіздің әсерінен әлі арыла алмай отырмын... Түс демекші, мен жаңылыспасам, сіздің осындай бір керемет түстер көретін қасиетіңіз бар сияқты...

– Оның рас, мен өз өмірімде, бала күннен бастасам, отыз шақты аян түс көріппін. Олардың біразы айнымай келген болатын, сондықтан аян түс деп отырмын. Кейінгі біреуін айтатын болсам...

Үйде ешкім жоқ еді. Кітап оқып жатып ұйықтап қалыппын. Қап-қара бір бұлт қоюланып келді де, менің үстіме төнді. Жарты метрдей жерде тұр-ау деймін. Тыпыр ете алмаймын. Сол кезде бұлт адамның бейнесін қабылдады. Бет, мұрын, көз, ауыз, бәрі пайда болды.

– Түрі қазаққа ұқсай ма?

– Білмеймін, жалпақ, шойын қара. Сөйтіп, төніп тұрды да, маған: «Сен ертең өлесің!» деді. Сосын қайтадан бұлтқа айналды, бұлт болып көтеріліп, ұшып кетті...

Оянған соң есімді жия алмай бір сағаттай жаттым. Басымды қозғалта алмаймын, тұрайын десем миыма қан құйылып кететіндей. Ойым – онға, санам – санға бөлініп, «не істеуім керек, не істегенім дұрыс, не істей аламын?» деп аласұрып жатырмын. Рас қой, бір-ақ күн өмірім қалғанын естідім, ол бір күнде не істеп, нені бітіріп үлгеремін, ең бастысы – қаптаған істің қайсысын қолға алып, қайсысын бітіріп кетуім керек?

Бір уақытта Алла тағала маған қанша уақыт ғұмырым қалғанын емес, жаңа шығарманың, драманың тақырыбын ұсынып отыр деген ой келді. Сол сол екен, жанарым жарқ етіп, сынып бара жатқан басымның ауырғаны бірден басылды. «Алла маған ғана емес, мен арқылы барлық адамға өзінің өміріне есеп беріп, жақсы жағы мен жаман жағын саралап, кез келген уақытта айтып келмейтін ажалға дайын жүруі керектігін ескертіп отыр» деп жорыдым мен түсімді. Мен бұған дейін де өлімге арнаған өлеңдер циклін жазған, «Екі дүниелік періште» деген, «Жаға мен су» деген реквием жазған адаммын. Бай да өледі, байғұс та өледі, хан да өледі, қараша да өледі, «тумақ – сүннет, өлмек – міндет» деген ғой. Ол пьесаның сұлбасының, сызбасының бәрін дайындап қойдым. Тақырыбы да дайын: «Сен ертең өлесің!..» Алланың өзі берген тақырып. Енді толғағы жеткен күні үстелге отыруым ғана қалды...

– Құдай қаласа, теңдессіз дүние болатын түрі бар екен, дегеніңізге жетіңіз, аға! «Қиялдайтындай өмір бер, ұялмайтындай өлім бер» дейді ғой дана қазақ, ләйім, бар қазақтың маңдайына соны жазсын!

– Әумин!

Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт,

«Оңтүстік Қазақстан»

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510