МӘЖІЛІСМЕН Мұхтар ТІНІКЕЕВ: «НАДОЕЛО УЖЕ...»
Қызметі көптен бері көпшіліктің көңілінен шықпай жүрген Парламент мәжілісінің депутаттары өткен жұма күні «айды аспанға» бір-ақ шығарды. Рас, жаңадан сайланған мәжілісмендер әл-әзірге белсенділік таныта қоймаса да, Парламент қабырғасындағы тәжірибесі «белі кетпегендердің» біразына жүк боларлықтай салмағы бар тісқаққан кейбір депутаттар Үкіметтің шаңын қағудай-ақ қақты. Былтырғы жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі мәселеге байланысты өткен жұма күнгі есеп беруде депутаттар тіпті Мәсімов Үкіметінің отставкаға кетуін талап етті. Бұл жолы мәжілісмендердің «хан талапайына» түсіп, терлеп-тепшіп есеп бергендер - Қаржы министрлігі мен республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті.
МИЛЛИАРДТАР ҚАЙДА, МЫРЗАЛАР?
Қызметі көптен бері көпшіліктің көңілінен шықпай жүрген Парламент мәжілісінің депутаттары өткен жұма күні «айды аспанға» бір-ақ шығарды. Рас, жаңадан сайланған мәжілісмендер әл-әзірге белсенділік таныта қоймаса да, Парламент қабырғасындағы тәжірибесі «белі кетпегендердің» біразына жүк боларлықтай салмағы бар тісқаққан кейбір депутаттар Үкіметтің шаңын қағудай-ақ қақты. Былтырғы жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі мәселеге байланысты өткен жұма күнгі есеп беруде депутаттар тіпті Мәсімов Үкіметінің отставкаға кетуін талап етті. Бұл жолы мәжілісмендердің «хан талапайына» түсіп, терлеп-тепшіп есеп бергендер - Қаржы министрлігі мен республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті.
МИЛЛИАРДТАР ҚАЙДА, МЫРЗАЛАР?
Ресми мәліметтерге жүгінетін болсақ, былтырғы жылғы бюджет Үкіметтің өтінішімен бірнеше мәрте өзгертіліп, өңделген болса да, игерілмей қалған қаржының көлемінен естіген адамның есі кетіп, басы айналады: 42 МИЛЛИАРД теңге! Не деген ақша десеңізші! Біреулер ақшаға жарымай жүрсе, кейбіреулер бар ақшаны игере алмай әуре болуда. Парадокс! Жыл сайын өшіп бара жатқан жоқ, жыл сайын ӨСІП бара жатыр - мемлекеттің игерілмей жатқан қып-қызыл ақшасы. 2010 жылмен салыстырғанда, өткен жылы игерілмей қалған қаржының көлемі 15 пайызға өсіп кетіпті! Қарапайым халықтың, қарапайым салық төлеушінің қалтасынан жиналып, бюджеттің бүйірін томпайтып жатқан ТЕҢГЕлер миллиондап емес, миллиардтап игерілмей жатыр. Және игерілмеген соң, «жылы ұясын» қайтып айналып тауып жатқан жоқ, миллиардтардың қаңғалақтап қайда кетіп жатқанын да ешкім білмейді. Ал есептегіштердің (есеп комитетін айтамын да) айтуларына қарағанда, бюджет қаржысын игеру барысында орын алған заң бұзушылықтар ақшаға шаққанда 272 миллиард теңгені бір-ақ құрапты!
Осындай мәліметтерді мәжілісмендер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында «ұялмай-қызармай» жайып салған құрылым - Қаржы министрлігі мен Есеп комитеті. Дәлірек айтатын болсақ, Қаржы министрінің «вицесі» (қазіргі кезде орынбасарларды осылайша атамасаң, кейбіреулері кәдімгідей ренжиді) Берік ШОЛПАНҚҰЛОВ пен республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан ӨКСІКБАЕВ.
Осы жерде мынандай бір кісәпір ойлар да көңілімізге еріксіз қонақтайды: «көтере алмайтын шоқпарды белге байлап» дегендей, игеруге шама келе бермейтін ақшаны қаржы министрлігі қай-қайдағы жобаларға неге бөле береді? Сондай-ақ игерілмей жатқан миллиардтарды, одан бөлек орындалу барысында орын алып жатқан заң бұзушылықтарды дер кезінде «бақылап» отырмаса, республикалық бюджеттің орындалу барысын бақылау жөніндегі Есеп комитеті нені бақылаған? Нені бақылап отыр? Нені бақылайды алдағы уақыттарда?
Хош, ары қарай әңгімелейік:
Мәжілісмендер алдында есеп беру кезінде Өксікбаев мырза қатты өкініп тұрып (өңінен білініп-ақ тұрғандай болды, байқауымызша), мазасын алған мынандай да мәселелерді жайып салды: көп жағдайларда аса маңызды әлеуметтік мәселелерге бюджеттік несиелер өте жоғары пайыздық бағамдармен бөлініп келген. Бір мысал: жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылынан бастап қызу қолға алынған «Ауыз су» бағдарламасы күні бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ. Осы бағдарламаның өзіне ғана өткен жылы бөлінген 5 миллиард теңге қаржының «топалаң» болғанын анықтап отыр «есептегіштер». Жеті мыңға тарта елді мекенді ауыз сумен жабдықтауды жақсарту мәселесінің ойдағыдай шешілмей қалғаны да осы жолы белгілі болып отыр. Аталмыш бағдарламадан Үкімет күткен нәтиже шыққан жоқ, өйткені өткен жылы бітуге тиіс болған 1522 инвестициялық жоба 167 деген цифрға жетіп, тоқтап қалған. Дәлірек айтатын болсақ, бұның теңгеге шаққандағы игерілгені - 154,4 миллиард теңге ғана. Бес миллиардтан игерілгені осынша сома ғана. Қалған қаржының «қай қалтаға қыдырып» кеткенін «бақылаудың басшысы» Өксікбаев білмейтін сияқты. Сонда кім біледі?
САНКЦИЯНЫ ТЕК ПРЕЗИДЕНТ ҚАНА БЕРЕДІ!
Естіген адамның есін шығарып, миын айналдыратын миллиардтаған сомалардан кейін есеп беру дейтін бас қосуда отырған біршама мемқызметкерлердің мәлімдемелерінен халық қалаулылары «нокаут» алғандай қимылсыз қалып еді, сөйтсек нокаут емес - «әшейін нокдаун» ғана екен. Парламенттің «ой-шұңқыры мен ұңғыл-шұңғылын» әлі игере қоймаған «сары ауыз балапан депутаттар» сияқты емес, ең бірінші болып есін жиған байырғы мәжілісмен Мұхтар Тінікеев бірден «контратакаға» шығып, Өксікбаевқа қарап дүрсе қоя берді:
- Мұндай баяндамадан кейін Үкімет отставкаға кетуге тиісті, - деген Тінікеевтің қабағынан «көктемнің көк нөсері құйып» қоя берді: - надоело уже каждый год одно и то же! «ҚазАгроға» 0,5 пайызбен мемлекеттік несие беріледі, ал олар болса, бұл несиені кәсіпкерлерге 5 пайызбен береді екен. Мұнымен қоса, несие алу үшін, кәсіпкер байғұсқа қаншама «тозақ отынан» өтуге тура келеді. Бұдан гөрі оларға он бес пайызбен кез келген банктен несие ала салу оңайға соғады ғой? Сіздер өзі «ҚазАгро-да» біреу-міреуді жазаға тарттыңыздар ма?
Тінікеевтің тіке қойған сұрағынан тіксініп қалды ма, есеп беруін екпінді бастаған Өксікбаевтың осы жерде жүні жығылып қалды:
- Біздің құзырымызда ешқандай санкция жоқ, біз тек қорытындылар жасап, нәтижесін ғана ұсына аламыз. Ал оны орындау, орындамау үкіметтің өз құзырында, - деп Өксікбаев «стрелканы» бұра салып еді, Тінікеев тіпті қуанып кетті:
- Онда біз сіздерге санкция берейік, «давай», - деп желпілдеп еді, болмады:
- Ондай санкцияны тек Президент қана бере алады, - деп есеп беру жиынының төрайымы депутат Гүлжан Қарағұсова Тінікеевті тоқтатып тастады.
Есеп беру осындай-осындай диалогтармен, бірсыпыра қарама-қайшы сұрақ-жауаптармен әйтеуір дуылдап барып аяқталды. Бәйгеге бүйірлеп келіп қосылған жаңалары бар, аламанға атам заманнан бері араласып, Парламенттің «секрет-мекреттерін» миларына сіңіріп қалған ескілері бар, әйтеуір депутаттар бұл жолы біршама қызмет істегендей болды. Сөйтсе де жиынға қатысқан журналистер қауымының көкейінде жантайып жатып қалған сұрақтар аз емес еді, оларға жауаптар, неге екені белгісіз, берілмейтін болды. Мәселен, Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қарулы күштерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысы, басқа да әскери құрылымдардағы бюджет қаржысының игерілуі туралы есеп берулердің қорытындылары журналистердің қатысуынсыз жасалатын болды. Халық қалаулыларының бұл жолғы беталысынан сескеніп қалды ма, әйтеуір «айдалаға кеткен алғашқы миллиардтар» туралы әңгімелерден кейін есеп беру жиыны «еріксіз антрактіге» шығып кетті. НЕГЕ?
Сөз саптастарына қарағанда, Қаржы министрлігі мен Есеп комитеті ендігі әңгімелерін журналистердің мүлде қатысуынсыз өткізгісі келетінге ұқсайды. Күмәнді ме? Солай сияқты. Мысалы, Қорғаныс министрлігін алайықшы. Тоқпақбаевтың кезіндегі, одан күні кешегі Даниал Ахметовтің кезіндегі талан-таражға түскен ақшалардың, соған байланысты дау-дамайға айналған «таудай-таудай тұлғалардың» тағдыры не болды? Ешкім білмейді. Шұқылай берсе, «белгісіз бағытқа бет алып кеткен» миллиардтар басқа да құрылымдардан жайлап-жайлап шыға беруі әбден мүмкін ғой?! Мүмкін.
Осы тұста менің есіме «Нұр ОТАН» халықтық-демократиялық партиясы жанындағы жемқорлықпен күресетіндерді басқаратын Орекең... Оралбай Әбдікәрімов түсті. Құдай-ау, осы Орекеңдер қайдағы бір «қуыс-қуыстардағы майда-шүйде шабақтарды» екі өкпені қолға алып қуалап әуре болғанша, мемлекеттің миллиардтарын асықпай-саспай қалтаға басып, «обедті Амстердамда», кешкі тамақты Киевте ішіп, Астанаға «ұйықтау» үшін ғана келетін мемлекеттік құрылымдардағы мафиоздармен неге айналыспайды екен, а? Олардың кімдер екенін білмесе, Өксікбаев-ақ айтып береді ғой. Тізім бойынша тізбектеп. Тек сұрай білу керек, Ореке, сұрай білу керек!
Марат МАДАЛИМОВ
«Халық сөзі» газеті