Сенбі, 23 Қараша 2024
1587 0 пікір 9 Шілде, 2021 сағат 18:23

Туған жер: «Қоңыр Әулие» үңгірі жанынан қонақ үй ашылды

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы қасиетті орындардың бірі - «Қоңыр Әулие» үңгірі жанынан заманауи талапқа сай қонақ үйі бой көтеріп, туристердің игілігіне  берілді.  Тарихи ескерткіш кешені көркіне көз тоятын, ғажайып әсемдікке ие жаңа нысанмен толығып отыр.

- «Бизнестің жол картасы - 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр үңгірге электр желісі тартылса, биылғы жылы үңгір ішіне абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ал жиыны  жеті бөлмеден тұратын қонақ үйі қасиетті жерге тәу ете келген туристеріміз үшін өте қолайлы болмақ, - деді  ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров.

«Қоңыр Әулие» үңгірі – қазіргі таңда еліміздің Шығыс өңіріндегі тарихи маңызы бар  орындардың бірегейі. Жер астынан шығатын судың емдік қасиетін  шипа қылмаққа  жыл сайын  республиканың түпкір-түпкірінен туристер ағылып  келіп жатады. Қасиетті жерге келген қонақтар суының қасиетінен ем тауып қана қоймай, ас беріп, бір түнеп қайтады. Сол себепті де алыстан келген демалушылар үшін үңгір басында  заманауи талаптарға сай барлық қажетті жабдықтармен қамтылған қонақ үйдің болуы өте ыңғайлы. Асхана мен демалыс бөлмелерінен тұратын қонақ үй кешені өте жоғары деңгейде салынған.  Іші жарық, әрі жайлы.  Жатын бөлмелері заманауи тұрмыстық заттармен толық жабдықталған. Су мен электр желісі іске қосылған. Қасиетті үңгірді абаттандыру жұмыстары 2017 жылдан қолға алынған екен.

- «Қоңыр әулие» үңгірі 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі орындар картасына» енгізіліп, мемлекет қамқорлығына алынған болатын. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен қасиетті орынға сол жылдан бастап жаңарту жұмыстары жүргізілген еді. Қазір қасиетті мекен Абай аудандық Мәдениет үйінің қарауында. Туристер саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Пандемияға дейін қасиетті үңгірге жылына бес мыңнан астам турист ат басын тірейтін. Мұнда демалушылар негізінен маусым, шілде, тамыз, қыркүйек айларында келеді. «Қоңыр әулиеге» Германия, Аустрия мен Чехиядан келушілер болған. Көрші Ресейден көп келеді. Бірі үңгірді көруге келсе, екіншісі емдік қасиетіне сенеді. Үңгірге «Семей-Қарауыл» трассасы арқылы барсаңыз – 90 шақырым, ал «Семей-Қайнар» трассасы арқылы жолға шықсаңыз, 23 шақырым дала жолымен жүресіз, - деді аудандық әкімдіктің өкілі.

«Қоңыр әулие» үңгіріндегі ені шамамен 12-15, ұзындығы 18-20 метрге созылатын, ең терең жері 5 метрге дейін баратын көл суына, үңгірдің өзіне қатысты да ел арасында аңыз көп. Бір қызық, тылсым дүние - үңгірдегі  көл суының температурасы қысы-жазы +4 градустан өзгермейді екен. Ал үңгірдің ішіндегі температура +7. Қысы-жазы. Бұрындары жұрт үңгір ішіне шырақпен, бірінің қолынан бірі ұстап кіретін. Үңгір түбіндегі көлге жеткенде үңгір аузындағы тесік жалғыз нүкте болып қана көрінетін. Ал қазір үңгір ішіне жарық тартылған, самаладай жарық.

«Қоңыр әулие» үңгіріне келетіндердің бір тобы қызығушылықпен келсе, екінші бір тобы іштей бір сеніммен емделуге келетінін жоғарыда жаздық. Иә, біздің айтып отырғанымыз – келушілер түсіп жүретін бергі көл. Оның әр жағындағы көл туралы да аңызға бергісіз әңгіме көп. Кейбір басылымдарда үңгір түбінде көлемі 35х5 метр болатын тағы бір көлдің бар екендігі де айтылып жүр. Тіпті, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын еліміздің еңбек сіңірген туризм қызметкері С.Кистанов, Туризм және спорт ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі К.Миляев және «Тұран» университетінің доценті В.Волошин бастаған топ Қоңыр әулие үңгіріндегі көлдің түбіне сүңгіп, зерттеу жұмыстарын да жүргізіпті. Нәтижесінде, көл суының астында көлемі 10х10 м болатын қара қуыстың бар екені, оның арғы жағының тұңғиық теңіз екені анықталыпты. Ел арасында осы «Қоңыр әулие» үңгірінде әйгілі Шыңғыс хан жерленген деген де бір болжам бар екенін айта кетейік. Осыдан біраз жыл бұрын Сергей Афанасьев деген тарихшы да осындай тоқтамға келіп, онысын «Экспресс К» басылымы арқылы көптің талқысына ұсынған болатын. Ғалым «Шыңғыс хан секілді тарихи тұлғаны қарапайым адам тәрізді жерге көміп, оның үстінен жылқы айдап өтті дегенге сену қиын» дейді.

Үңгір ішіндегі тастардан әртүрлі түсініксіз жазуларды, қашалған әртүрлі бейнелерді да аңғаруға болады. Алайда бұған мұқият үңіліп, үңгір ішіндегі тастардағы таңбаларды зерттеп-зерделеп жатқан жан жоқ секілді әзірге. Ол болашақтың еншісінде деп ойлаймыз.

Сая Жидебаева

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5419