Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8062 41 пікір 21 Шілде, 2021 сағат 13:59

Тоқаевты кім «тыңдап» жүр?..

18 шілдеде Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу ұйымы (OCCRP) өздерінің ресми сайттарында «Pegasus жобасы» атты көлемді зерттеу материалын жариялады.

«Олар ешқандай да қоңырау, ешқандай да сыбыр еткен дыбысты естіген жоқ. Алайда дәл сол сәтте олардың телефондарына цифрлық шабуылшы, қылмыскер дендеп еніп жатқан еді. Олардың жеке мәліметтері, олардың кәсіби жұмысына қатысты құпиялар әп-сәтте көпке мәлім болды. Тіпті, қаскүнем шабуылшы олардың телефондарындағы камераны қосқысы келсе қосып, қажетті суреттер мен бейне жазбаларды түсіріп отырды. Оларды аңдыған бұл қылмыскер – өздерінің үкіметтері болуы әбден мүмкін», - деп басталатын материалда әлдекімдер аңдыған, бақылаған журналистер мен белсенділердің тізімі жарияланған.

Pegasus – бұл Израильдегі NSO Group компаниясы жасап шығарған тыңшылық жасауға арналған бағдарлама. Ал NSO Group компаниясы – бұл кибербарлауға маманданған компания. Өнім авторлары аталған бағдарламаның (Pegasus-тың) әуелде террористер мен қылмыскерлерді аңдуға арналғанын айтады. Алайда Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу ұйымы (OCCRP)  ондаған елдің билігі бұл бағдарламаны журналистер мен қоғам белсенділерін аңду үшін де пайдаланғанын дәлелдеп шықан. Бұл санатта Қазақстан да бар екен. OCCRP дерегінше, Қазақстан билігі ұзын-ырғасы 2 мыңға тарта телефон номерін аңдуға берген.

Қазақстан үкіметі тыңшылық бағдарлама көмегімен аңдыды деген тізімде 5 адам болған. Оның екеуі журналист, қалған үшеуі қоғам белсендісі қатарлы тізімделген. Олар:  Informburo.kz порталының тілшісі, блогер – Серікжан Мәулетбай, ПЕН-клуб жетекшісі, 2017 жылы бопсалау бабы бойынша сотталған – Бигелді Ғабдулин, Құқық қорғаушы – Бақытжан Төреғожина мен Квентин Гиеме және Мартин Виом деген адамдардың аттары аталады.

«Азаттық» сайты, қазақстандық тізімдегі соңғы екеуінің – Квентин Гиеме мен Мартин Виомның шетелдегі экс-банкир Мұхтар Әблазовпен байланысы болуы мүмкін екендігін жазады.

Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу ұйымы (OCCRP) 20 шілде күні тыңшылық тізімінің Қазақстанға қатысты бөлігін жаңартты. Тізімге тағы үш адам қосылды. Олар: Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Ал Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу ұйымы (OCCRP) ресми сайтындағы: «Pegasus тізімінде ұзын-саны 2000 қазақстандық номер анықталған. Бұл дегеніңіз – олардың аталған бағдарламаның потенциалды нысанасы болғандығын білдіреді. Тізімде журналистер аз болғанымен, елдің іскерлік-саяси элитасының өкілдері көп. Олардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевтың серіктестері мен қарсыластары да бар», - деген ақпарат 18 шілдеде шыққан.

OCCRP сайтында 20 шілде күні жарияланған «Әлем лидерлері Pegasus тізімінде: Франция президенті Макрон, Марокко каролі Мұхаммед пен Қазақстан президенті Тоқаев» атты мақалада барлығы 14 елдің лидерлері тыңшылық нысаны ретінде алынғанын жазған.

Президент Тоқаев елдегі номері екінші саяси тұлға болып жүрген кезінде-ақ, аталған тізімге ілінген екен (Kazakhstan’s president was selected while he was still the regime’s number two).

Тоқаевты тыңдау туралы тапсырыс Қазақстаннан түскен

«Қазақстаның қазіргі Президенті мен Премьер-министрі, Мексика Президентінің айналасындағы адамдар мен Марокко Каролі мен Премьер-министрін аңду туралы тапсырыс өз елдерінен түскен», - деп жазады OCCRP (But Kazakhstan’s current president and prime minister, a circle of people close to the current president of Mexico, and both the king and prime minister of Morocco appear to have been selected by their own countries).

Зерттеушілер қазақстандық сандардың кластеризациясын және Pegasus Project журналистерінің Қазақстанның Pegasus-ты пайдаланатыны туралы зерттеуін негізге ала отырып, тапсырыс Қазақстаннан түскен деген пайымға тоқталыпты.

Әрі қарай, Тоқаевтың 2017-2018 жылдары сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі Қазақстандағы екінші саяси тұлға болғанын айтыпты.

«Назарбаев ел басқару ісінде айтарлықтай салмағы және «Елбасы» деген арнайы титулы бар. Ол Қауіпсіздік кеңесі мен билік басындағы «Нұр Отан» партиясының төрағасы. Оның сотпен қудаланбайтын және әскери мәселелерге қатысты бақылаушы статусы бар», - депті OCCRP.

Одан әрі 2019 жылғы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мандатын Тоқаевқа тапсырып бергенін жазады. Сол уақытта Назарбаев Бақытжан Сағынтаевтың орнына Асқар Маминді ел премьері етіп тағайындағанына тоқталыпты.

Тоқаев пен Мамин аңду нысаны болған кезде олар қазіргі қызметтерінде емес еді. Тоқаев Сенатты басқарып отырса, Мамин бірінші вице-пермьер еді.

«Тоқаев қызметіне кіріскеннен бастап реформатор ретінде көрінуге тырысқанымен, ол өзінің алдындағы адамның саясатына адал екенін көрсетті. Мамин атаққұмарлығы жоқ, технократ адам. Сондықтан олардың Назарбаев ықпалына еш қаупі жоқ», - деп жазады.

OCCRP дерегінше, әлемнің оннан аса елінде ұзын-саны 200-ге тарта журналист пен белсенді аңду туралы тапсырыс болған. Pegasus қызметіне Қазақстаннан басқа Әзербайжан, Венгрия, Мексика, Бахрейн, Үндістан, Индонезия Марокко, Руанда, Того, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтері жүгінген.

Әзірлеген Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

41 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379