Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 10264 11 пікір 22 Шілде, 2021 сағат 12:08

Ескертетін Президент, «ескермейтін» Үкімет...

19 шілде күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты арнайы жиын өткізді. Президент елдегі вирустың өршуін атап өтіп, Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. 

Арнайы жиында мемлекет басшысы ПТР тест тапсыру мәселелері, аймақтардағы ауруханаларды қамтамасыз ету, вакцинаның балама түрлерін жеткізу, вакцинация паспортын қолдан жасағандарды жазалау, вакцинаға қарсылармен күрес мәселелерін талқылап, Үкіметке аталмыш мәселелерді шешуге бір ай уақыт берді.

«Бүгін көтерілген барлық мәселелер Үкіметтің жіті бақылауында болуы тиіс. Нақты жоспар мен әрекет керек. Бір ай ішінде атқарылған шаралар жайлы мәлімдеуді сұраймын», - деді Тоқаев. Бұл Үкіметке президенттің тапсырып отырған алғашқы тапсырмасы емес.

10-шілде күні, Президент сенбінің таңында Үкімет мүшелерін жинап, онлайн форматта басқосу ұйымдастырды. Бұл жиында Үкіметке айтылған сын, ескертілген ескертпе көп болды. Президент еліміздің батысы мен Қызылорда аймағындағы қуаңшылықты атап өтіп, ауыл шаруашылығы министрінің жұмысын сынады. Сол күні министр Сапархан Омаров отставкаға кетті.

«Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді»,- деді Тоқаев. Әрине бұл тек қана ауыл шаруашылық министрінің кінәсі емес, тұтас Үкіметтің айыбы болатын.

Президент басқосуда қазіргі таңдағы ең маңызды мәселенің бірі вакцинаға келіп тоқталды. Мемлекет басшысы елімізде азаматтарға вакцинаның Батыстық түрі неге әлі жеткізілмегенін қатаң сынады.

«Былтыр мен тиісті тапсырмалар берген болатынмын. Дегенмен Pfizer вакцинасын белгіленген компанияларға жеткізу орта жолдан үзілді. Анықтама ретінде мынаны айта аламын. Келісім бойынша Қазақстанға биыл мамыр айында Pfizer-дің 2 млн дозасы жетуі керек болған. Үкімет препаратты жеткізудің үзілуін Pfizer компаниясының шарттарымен байланыстырып отыр. Бірақ бұл шарттар вакцина сатып алатын бүкіл елдер үшін стандартты болып есептеледі», - деді Тоқаев.

Вакцинаның балама түрлерін жеткізу аса маңызды. Себебі қоғамның бір бөлігі вакцина алуға мүлде қарсы болса, бір бөлігі вакцинаны алып жатыр. Ал үшінші тарап вакцина алуға қарсы емес, алайда ДДСҰ мойындаған Батыстық вакциналарды салуды қалайды. Дей-тұра мемлекетімізде ДДСҰ ұсынған вакцина түрлері жоқ. Халық ресейлік және қытайлықт вакциналарды алуға мәжбүр, ал қазақстандық КазВак өте аз көлемде шығарылуда. Бұл еліміздегі вакцинация үдерісін баяулатып отыр.

2021 жылдың 1 сәуірінде президент Үкіметпен өткізген жиында кезекті мәрте Үкімет жұмысын сынға алды. Мәмин мен Цой сынның астында қалды. Президент вакцинаны халықтың аз алғанына сын айтып, Цойды «сойып» салды.

«Алексей Владимирович, мен бұрын айтқанымдай, қазіргі уақытта Үкіметтегі басты міндет денсаулық сақтау министрі, сіздің ерекше құзыретіңіз бар. Сіз жұмысыңызды жақсы бастадыңыз да, кейіннен екпініңіз азайды. Сәуір айында сіз жағдайды қалыпқа келтіруге тиіссіз. Олай болмаған жағдайда сізді қапаландыратын кадрлық тағайындаулар болады. Бұл тек қана денсаулық сақтау министрлігіне ғана емес, жалпы Үкіметке қатысты», - деген еді. Аталмыш жиында да президент Үкіметке тапсырмаларды орындап, атқарылған шараларға қатысты нақты ақпарат беруге бір ай уақыт берген еді.

2020 жылдың 18 шілдесінде де тура осындай сын айтылды. Әрине Үкіметті президент кезекті мәрте сынға алған болатын.

«Баяндамаларға қарасам, жағдай қалыпты және бақылауда сияқты. Алайда шынайы іске келсек олай емес. Мен өзімнің әкімшілігіме еліміздегі дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен тапшылығын тексеруді тапсырдым. Нәтижесі қуантарлықтай емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында дәрі жетіспеушілігі байқалады. Дәріге кезекке тұру, қажет дәрілердің тым қымбаттап кетуі орын алуда.

Әкімдерде қауырт жағдайда жұмыс істеудің тәжірибесі жоқ. Туындаған мәселелерді шешуді, халыққа мемлекеттік саясатты түсіндіруді қалай жасау керектігін білмейді.

Мемлекетік органдар тарапынан нақты жұмыс болмағандықтан халық бұл мәселені өз бетінше шешуге кірісіп кетті. Бұл нонсенс! Халық жаппай оттегі толтырылған баллондар сатып алуда. Бұл ауруханалардың тікелей міндеті. Өндірістік өттегі баллондарын үй жағдайында қолдану фактілері тіркелуде. Үкімет пен әкімдікке бес күннің ішінде ауруханаларда және үй жағдайында қолдануға болатын өттегі толтырылған баллондармен қамтамасыз етуді тапсырамын», - деп Президент тапсырма берген болатын. Содан бері тура бір жыл уақыт өтіпті. Президент ескертіп, сын айтудан жалыққан емес, Үкімет мінін түзеуде асығар емес.

Қуаңшылықтан кейін екі ай араға салып Үкімет басшысы Асқар Мәмин еліміздің Батыс өңіріне сапарлап барды. Осының өзі Үкіметтің мәселелерді шешу жолындағы жылдамдығы мен шешім қабылдау реакциясын білдіреді.

Ка Мырза

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1432
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3198
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5110