Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
4736 0 пікір 25 Шілде, 2021 сағат 11:38

Алматы облысында індетпен күрес қалай жүргізіліп жатыр?

Елімізде коронавирус індетіне қатысты жағдай тағы да ушығып тұр. Бүгінгі таңда Түркістан облысынан басқа он алты өңір «қызыл» аймақта. Алматы облысында эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен 26 шілдеден бастап жаңа шектеу шаралары енгізіледі.

Оған себеп -Алматы облысында соңғы тәулікте 230 адам індет жұқтырғаны белгілі болды. Осыдан екі апта бұрын коронавируспен ауырғандар саны тәулігіне 100 адамнан аспайтын. Аз уақытта вирус жұқтырғандар саны екі есеге өсіп отыр.

Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, облыс ішіндегі елді мекендердің өздері індеттің таралуына байланысты қызыл, сары, жасыл аймақтарға бөлінеді. Мысалы, эпидемиологиялық матрица бағалауы бойынша, ковид ең көп тіркелген Ескелді мен Талғар ауданы, Текелі мен Талдықорған қаласы «қызыл», Іле, Қаратал аудандары «сары», қалған қалалар мен аудандар «жасыл» аймақта.

Пандемия басталғалы Алматы облысысында ПТР нәтижесі оң көрсеткен 30 323 науқас тіркеліп, олардың 27 803-і індеттен жазылып шықты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында айтқандай, өңірде қазір барлығы 379 адам стационарлық ем қабылдап жатыр. Ауруханалардағы төсек қорының 48,6 пайызы пайдаланылуда. Бір тәулікте ауруханалардан 11 пациент шығарылды. Өткен жылдың тамызынан бері анықталмаған пневмонияның 5263 жағдайы тіркелсе, соңғы тәулікте - 11 жағдай анықталған. Олармен байланыста болған 10 адам медициналық бақылауға алынып, үй карантиніне жабылды.

Мамандардың айтуынша, негізінен, КВИ және «Дельта» түрленген вирустары вакциналанбаған тұрғындар арасында тіркелген. Осыдан-ақ жұқпалы вирустың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцина салдыру екенін аңғару қиын емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде өткізген кеңесте өткізді соңғы кезде індет жұқтырған адамдардың саны күрт артып кеткенін атап өткен болатын. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын. Бірақ эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады.

– Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу. Қалыптасқан ахуалдың өте күрделі екенін ашық айту керек. Пандемия өңір басшылары үшін нағыз сынақ болды. Бұл сынақты кем дегенде әкімдердің жартысы, ең жақсы дегенде, «үшке» тапсырады. Осындай жағдайда Үкіметтің үйлестірушілік рөлі бірнеше есе арта түседі. Бұл жерде сырттан тон пішіп отыратындардың пікірі маңызды емес. Үкімет пен тиісті ведомстволардың үйлестірушілік рөлін күшейту қажет, – деген еді сол жолы Президент.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының коронавирусқа қарсы екпе салу туралы мәліметтеріне сүйенсек,  бүгінде өңірде 244 екпе пункті жұмыс істейді, 71 мобильді топ, 17 жылжымалы медициналық кешен бар. Аймақта вакцина құтыларын сақтайтын 153 мұздатылған камера орнатылған. Сондай-ақ, 272 белсенді автомұздатқыш іске қосылған. Соңғы ақпарат бойынша, Алматы облысына вакцинаның бірінші компонентінен 544 310 доза жеткізілген. Ал екінші компоненттен 379 990 доза бар.

Сoronavirus2020.kz мәліметі бойынша, қазіргі таңда Алматы облысының 517 мың 457 тұрғыны екпенің бірінші компонентін ектірген. Екі компонентін де салдырған адамдар саны 300 мыңнан асты. Вакциналанғандар саны бойынша педагогтар (37 594) және медицина қызметкерлері (23 167) көш бастап тұр. Салалық басқарманың мамандары аймақта екпе алу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатқанын айтады. Телеарнаның тікелей эфирінде 60-тан астам материал дайындалған, 40 шақты сюжет көрсетілді. Республикалық және аймақтық газеттерде 500-ден астам мақала жарияланды. 800 мыңнан астам жадынама, түсіндіру парақтары таратылыпты.

Індетпен күресу мақсатында облыста жергілікті атқарушы органдар жанында 268 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар халықтың санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық шараларды сақтауын бақылайды. Жыл басынан бері мониторингтік топтар 22 мыңнан астам рейд жүргізді, 127 мың нысанды тексерген. Нәтижесінде карантин режимін бұзудың 1082  фактісі анықталды.

- 590 нысанға 69 миллионнан астам сомаға әкімшілік жазалар қолданылды, оның ішінде, 149-ы жаппай отбасылық және ұжымдық іс-шараларды (той, ұзату, құдалық және туған күндер) өткізу бойынша қоғамдық тамақтану объектілеріне салынды. Бетперде режимін сақтамағаны үшін жеке тұлғаларға 430 хаттама және отбасылық іс-шараларды өткізгені үшін 40 хаттама толтырылды, - деп хабарлады СЭС өкілдері.

Дүйсенбіден бастап Алматы облысында «Ashyq» жобасына қатысатын қоғамдық тамақтану объектілері, фудкорттардың жұмысына сағат 20:00-гe дейін, «Ashyq» жобасына қатыспайтындардың қызметіне сағат 17:00-гe дейін; «Ashyq» жобасына қатысатын фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, йога, спорттық-сауықтыру объектілері, сауналар, СПА-орталықтар, спорт объектілері, бассейндер сағат 20:00-гe дейін, «Ashyq»-қа қатыспайтындарға сағат 17:00-гe дейін шектеу қойылады.

«Ashyq» жобасына қатысуына қарамастан, сенбі және жексенбі күндері  қоғамдық көліктер жүрмейді, жоғарыдағы нысандардың ешқайсысы жұмыс істемейді.  Сондай-ақ, «Ashyq» жобасына қатысуына қарамастан ашық және жабық жағажайлар, аквапарктер мен аттаркциондардың қызметі тоқтатылады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1512
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3283
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5825