Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2012 0 пікір 8 Шілде, 2021 сағат 14:28

Елбасы және Қазақстанның Қарулы күштері

Елбасымыздың республикамыздың қорғаныс қуатын арттырудағы тарихи рөлі өлшеусіз екені дау тудырмады.

Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы айтулы жетістіктерінің қатарына кәсіби армияның жасақталуын қосқан жөн. Осы жөнінде Елбасы: «Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз кәсіби армия қалыптастырды, ел мүддесіне толық сай келетін әскери доктрина түзілді. Біздің қасиетті топырағымыз әуеде де, жерде де және суда да қорғаныс аясында. Біз барлық көршілес елдермен достық қарым-қатынастамыз. Қазір армия кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Бұл – әскери қызметшілер алдына мемлекет қойып отырған міндет», деген сөзінің астарында зор тағылымды мән-мағына жатыр.

Енді ғана өз тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттің сенімді әскери қауіпсіздік жүйесін құру қажет болды. Өйткені, ел аумағында Кеңес Одағынан қалған әскери құрылымдардың қару-жарағы мен әскери техникасын тәуелсіз Қазақстанның заңды құзыретіне көшіру қажеттілігі өмір талабы еді.

Ұлттық Қарулы Күштерді жасақтауда Елбасымыз ұстанған бағыт нақтылай айтар болсақ, сан емес, сапа болатын. Нұрсұлтан Назарбаев әскер санының көп болуынан гөрі шағын әрі ұтқыр армия маңызды деп санады. Соған отыз жылда қол жеткізе алдық.

Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштері тек қорғанысқа көңіл бөлген, жаппай қарулануды жақтамайтын, кәсіби деңгейі жоғары құрылымға айналды. Егемендік тарихында қабылданған төрт Әскери доктринамыздың барлығында қорғанысқа басымдық берілді. Сөйте тұра, бұл құжаттарда елге төнуі мүмкін ықтимал қауіп-қатерлер мен әлемдегі әскери-саяси жағдайлар ұдайы ескерілген. 2017 жылы қабылданған соңғы доктринада кибер және ақпараттық қауіпсіздік, гибридті соғыс пен оған тосқауыл қою амалдары да қарастырылды. Мұның өзі әскери саланың заманауи сын-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беруге икемділігін көрсетеді.

Осы кездердегі Елбасымыздың рөлін тәуелсіздік жылдары Қорғаныс министрі қызметін атқарған армия генералы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев: «Нұрсұлтан Назарбаев көзқарасының прагматизмі қиын-қыстау сәттерде шешімін тауып, бұрынғы бірқатар Кеңес елдері басынан өткерген қателіктерді жібермеуге тырысты», деп еске алады.

Бүгінгі ширақ қимылды әрі әскери дайындығы мығым тас қамал қарулы күтеріміз соқыпалы да, соқпақты жолдан жөнін тауып өте білді. Ал, отыз жыл бұрын хан иеміз Кенесарыдан кейін тұрақты әскер ұстамаған біздің еліміз жол айырығында тұрған болатын.  «Әскери күшіміз қандай болуы керек?», «Әскери білікті мамандарды қалай дайындау қажет?», «Кеңестен қалған әскери күшті қаржы және техникалық жақтан қалай қамтамасыз етуге болады?» сынды шешуі қиын сан алуан сауалдар кескестеді. Осы күрмеуі қиын сауалдардың бәрі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күні-түні мазасын алып, дегбірін кетірді. Бірақ, еліміздің Бас Қолбасшысы жауапкершіліктен бойын аулақ салмай, қазақ армиясының іргетасын қалап, керегесіне кеңге салуы жолында алдында кезіккен қиындықтарды шешімін тауып орынды жеңе алды.

Елбасымыздың осы жолдағы әр салиқалы қадамы – ҚР ҚК қалыптасуының айшықты мезеттері болып салады. Өйтпей ше, Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялаған тұста біздің республикамыздың аумағында сансыз көп әскери бөлімдер және базалар, әскери-зерттеу нысандары мен полигондар орналасқантын.

Осының бәрін орын-орнына қойып, бір ізге салуда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты осы бір маңызды міндеттерді абыроймен орындап, зор өзгерістерге қол жеткізуге себеп бола алды. Бұл біздің 30 жылдағы басып өткен алып қадамымыздың айшықты ізі.

Қазақстан Қарулы Күштері ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғауға атсалысып, 9,5 мыңнан астам сарбаз бен офицеріміз тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Ал 2005-2008 жылдар аралығында «Қазбат» батальоны Ирак жерін минадан тазарту жұмысына белсене көмектесті.

Қазіргі таңда Елімізде Қарулы Күштерінде Ресей, Беларусь, Израиль, Түркия, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ, Франция сияқты мемлекеттердің түрлі техникасы қолданылып жүр. Қазақстан радио-электронды байланыс құралдарын, радиолокациялық жабдықтарды, түнде көру құрылғыларын, бронды көліктерді, әскери катерлерді құрастырып, патрон өндіретін деңгейге жеткені бәрімізді қуантады.

Қазақстан әскері мол тәжірибеден өткені, сарбаздардың білімі мен біліктілігінің артқаны, әлемдік қауымдастық алдында ел беделінің өскені көңіл жұбатады. Бұның барлығы да Елбасымыздың басшылығымен жүргізілген әскери реформаның арқасында мүмкін болды десек, еш артық айтпаймыз.

Егемендіктің арайлы 30 жылында еліміздің қорғаныс қуаты барынша еселеп артты. Енді әскери күштеріміз басып өткен осы бір тарихи кезеңге көз жүгіртер болсақ, өткен ғасырдың 90-шы  жылдарының басында қалыптасқан жағдайды және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескерген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешімге келді. Сөйтіп, Қазақ КСР-інің Президенті Н.Ә.Назарбаев республиканың тәуелсіздігін, аймақтық тұтастығын, қорғаныстық және басқа да өмірлік маңызды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатымен 1991 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығын жария етті.

Аталған Жарлықты жүзеге асыру үшін Министрлер кабинеті Мемлекеттік қорғаныс комитеті республиканың әскери инфрақұрылымының мемлекеттік басқармасының органы ретінде танылып, оның қарамағына әскери комиссариат пен Азаматтық қорғаныс штабы өз құзырындағы бөлімшелер мен мекемелерімен қоса берілетіні жөнінде қаулы қабылдады. Осыған орай екі ай мерзім ішінде Мемлекеттік қорғаныс комитеті жөнінде жоба әзірлеу керектігі сөз етілді. Осыған сай республика аумағында орналасқан КСРО Қорғаныс министрлігінің құрамалары мен бөлімдерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру, жұмылдыру және азаматтық қорғаныс мәселелерін шешу міндеті алға қойылды.

Бұл міндетті жүзеге асыруға тартылған мамандар екі ай ішінде өте көп жауапты құжаттарды жүзеге асырды. Сөйтіп, желтоқсан айының ортасына қарай негізгі лауазымдық тұлғаларды тағайындау жұмыстары жүргізілді.

Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов тағайындалды.

Сағадат Нұрмағамбетов бұған дейін КСРО Қарулы Күштерінің сапында ІІ Дүниежүзілік соғыстағы орыс-неміс майданын бастан өткерген Кеңес Одағының Батыры атанған танымал командир әрі жоғары басшылық құрамында болған қолбасшы еді. КСРО Қорғаныс министрінің 1989 жылғы 6 маусымдағы № 0398 бұйрығының негізінде құрметті демалысқа шыққанымен әскери өмірден қол үзбеген жан. 1990 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Коммунистік партиясы атынан Қазақ КСР-ның депутаттығына ұсынылған. Сол жылғы 16 қаңтардан бастап Республикалық соғыс және еңбек ардагерлері Комитетінің төрағасы, ал 19 наурызда Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Қысқасы, ол армиядан «алыстағанымен», оның өзекті проблемаларымен қол үзбестен үздіксіз айналысып отырды.

Мемлекеттік қорғаныс комитеті Бас штабының бастығы әрі төрағаның орынбасары лауазымына полковник Сейілбек Алтынбекұлы Алтынбеков (кейіннен генерал-майор), төрағанының Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары лауазымына генерал-майор Николай Иванович Хлюпин, Төрағаның қорғаныс өндірісі жөніндегі орынбасары лауазымына Михаил Михалович Сафрыгин, жетекші басқармалар мен бөлімдердің бастықтары болып полковниктер мен подполковниктер Ким Серікбайұлы Серікбаев, Қалижан Қуанышбайұлы Әлжанов, Эмиль Ағыбайұлы Алманиязов, Леонид Кусманович Бакаев, Қадыржан Исмаилұлы Байжігітов, Николай Егорович Бортников, Абай Бөлекбайұлы Тасболатов, Бақытжан Ертайұлы Ертаев, Вячеслав Григорьевич Кобылянский, Мүбарак Орынбекұлы Орынбеков, Леонид Михайлович Селезнев, Николай Александрович Сухов, Сағитжан Досымұлы Тасмағамбетов, Мэлс Жұманұлы Шәмпиев, Совет Сәуменұлы Тауланов т.б. өз ісіне адал әскери тұлғалар тағайындалды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылғы 8 желтоқсанда күштік ведомстволар құрамалары басшылары мен командирлерінің алғашқы жиналысында: «Біз – егемен, тәуелсіз мемлекетпіз, сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ішкі және сыртқы саясатты қалыптастырудың жалпы құрылымындағы ең өзекті мәселе болуы қажет. Сол себепті бізге саны жағынан шағын, бірақ заманға сай қару-жарақпен жабдықталған, жоғары ұтқыр, білімді, егемен елімізді қорғау мүддесі үшін кез келген жағдайда түрлі іс-қимылға даяр армия қажет», деген кесімді пікірін айтты. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде Қазақстан армиясын қалыптастыруда әскери саладағы алғашқы нақты қадамдарды белгілеп, іске асырды.

Елбасымыздың бел шеше араласуымен ТМД кеңістігіндегі сан салалы саяси ынтымақтастық келісім арқылы тәуелсіз еліміздің территориясына орналасқан әскери бірлестіктер, құрамалар, бөлімдер, мекемелер, ұйымдар, полигондар, арсеналдар, сақтау базалары мен  қоймалар, жылжитын және жылжымайтын әскери мүліктер бұдан былай Қазақстан Республикасының заңды мүлкі болып табылатындығы, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамында болатындағы туралы тарихи шешім қабылданды.

Осылайша, енді ғана өз тәуелсіздігін алған Қазақстанның жаңадан құрылған Қарулы Күштерінің тарихи жасампаз шеруін бастады. Елбасымыз осы жағдайды кейін: «1992 жылғы 7 мамырда менің Жарлығыммен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Бұл салада біз барлығын жаңадан бастаған едік: штаттық кесте бойынша офицерлердің 40-45 пайызы ғана қалған; әскерлерді басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ; ескірген техникаға толы қоймалар; тәжірибелі ұшқыштар мен отынның жоқтығынан ұшпай тұрған ұшақтар; берекесі кеткен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі ғана бар еді» деп еске алды.

Міне, осы тұста қабылданған Қазақ КСР-і Президентінің 1991 жылғы 12 қыркүйектегі «Әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығы әскери мәселелерді мемлекеттік дәрежеде шешудің алғашқы бастамасы болды десек еш артық айтпаймыз. Бұлай болатын себебі, аталған құжат негізінде бұдан былайғы кезеңде Қазақстанның азаматтарын әскерге және әскери қызметке шақыру тек республика басшылығының бақылауымен ғана жүзеге асырылатындығы еді. Бұл орайда ерекше атап өтерлік дүние, осы Жарлық арқылы Қазақстанның әскери комиссариаттарына республикалық органның мәртебесі беріліп, әскерге шақырылушыны республика аумағынан тыс жердегі әскери құрылыс және ішкі әскерлерге жіберуге тас қамал тосқауыл қойылғандығы болды.

Міне осы бір қиын-қыстау шақта Мемлекеттік қорғаныс комитеті уақытпен санаспай жұмыс істеп, аз уақыттың ішінде өте көп іс-шараларды жүзеге асыра білді. Қадап айтар болсақ, басқару жүйесін орталықтандыру, әртүрлі бағыттардағы ұйымдастырушылық және шығармашылық сараптау жұмыстары, бақылау функциялары сияқты толып жатқан іс-шаралардың әрқайсысы бір-бір кітапқа арқау боларлықтай тағылымды ғибрат. Өйткені, олардың әрқайсының астарында толып жатқан құжаттар мен іс жүзіндегі іс-әрекеттердің бар екендігі көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір адамға айтпаса да түсінікті дүниелер болып табылады.

Мемлекеттік қорғаныс комитеті атқарған жұмыстардың тағы бір бағыты –Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен қатар алыс-жақын шет елдермен жүргізген келіссөздер. Шетелдік әріптестермен кездесулер барысындағы ондай келіссөздердің тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстан армиясына берері аса зор болатын. Сол кездердегі тарихи құжаттарға көз жүгіртсек, сонау 1992 жылғы қаңтар айында Америка Құрама Штаттарының жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктердің Қазақстан еліне келгенін көреміз. Оларды АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Р.Бартоломью бастап келген еді. Біздің елдің басшылығының шешімімен оларды Мемлекеттік қорғаныс комитеті қабылдады. Осы маңызды кездесуді қазақстандық әскерилер тарапынан Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов, Сейілбек Алтынбекұлы Алтынбеков, Ким Серікбайұлы Серікбаев және Сағитжан Досымұлы Тасмағамбетовтер сәтімен өткізе білді. Оның үстіне екі елдің бір-біріне деген сенімінен гөрі күдігі басым кез болғандығын жасырып жабуға болмайды. Содан да болар келіссөздер мен пікірталастар өте алаңдаулы жағдайда өтті.

1992 жылғы 19 қаңтардағы Мәскеу кездесуінде оған қатысушы ТМД елдері басшыларының мәлімдемелерінен кейін әр елде өздерінің жеке ұлттық әскерін құрылатындығы айқындалды. Бұдан әрі ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында Қазақстан территориясында орналасқан Қарулы Күштердің қатары азайды. Дәл осы кезде әскери бөлімдер мен әскери мекемелерде Жарғылық тәртіптің сақталмауы күрт белең алды. Офицерлер мен мерзімнен тыс қызметтің әскери қызметшілері арасында өздерінің туған елдеріне кетіп қалу фактісі арта түсті. Бұл кезде әскери міндетін өтеуші сарбаздардың топ-топ болып әскери бөлімдерді өз еріктерімен тастап кетуі заңды құбылысқа айналғантын.

Тап осы уақыттарда, әсіресе, бұған дейін орталық бағыныста болған көптеген әскери бөлімдердің, қоймалар мен арсеналдардың әскери қызметкерлері енді кімге бағынатынын білмей, әрі-сәрі күйге түсті. Олай болуы әбден орынды еді. Өйткені, оларды бұрынғы Түркістан әскери округі де, КСРО Қорғаныс министрлігі де қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес ешкімге өткізіп берген жоқ. Елімізде жаңа ғана құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитеті оларды қабылдай алмады. Мамандардың айтуынша, ол мәселе Комитеттің міндетіне кірмейтін.

Елбасымыз осы күрделі де, шешуі қиын дүниені орайын тауып, сәтімен шеше білді. Осындай алмағайып заман Президентімізден Қорғаныс министрлігін құруды талап етті. Және ол солай болды да.

Сонымен, 1992 жылғы 7 мамырда шыққан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қорғаныс комитетiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi етiп қайта құру туралы» 1992 жылғы 7 мамырдағы № 738 Жарлығының негізінде сол күнге дейін қызмет етіп келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитеті ендігі жерде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Аталған Жарлықта сонымен қатар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты министрліктің атқаратын негізгі мәселелері егжей-тегжейлі  айқындалды.

Дәл сол, 7 мамыр күні Қазақстан Республикасы Президентінің тағы бір, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» №745 Жарлығы да қоса жарияланды. Онда Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әскери бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдердің, мекемелердің, ұйымдардың, полигондардың, арсеналдардың, сақтау базаларының, қоймалардың, жылжитын және жылжымайтын әскери бұйымдардың ендігі жерде Қазақстан Республикасының заңды мүлкі болып табылатындығы және Қарақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілетіндігі тайға таңба басқандай етіп көрсетілді. Жаңадан құрылған Қорғаныс министрлігіне 3 ай мерзім ішінде аталған әскери құрылымдарды қабылдай отырып, әскерлерді басқару жүйесін қамтамасыз ету және олардың жауынгерлік әзірліктерін тиісті жағдайда ұстау тапсырылды. Әскерлер мен әскери құрылымдардың басшылығына Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімінсіз әскери бөлімдер мен мекемелердің тұрақты мекенжайларын ауыстыруға, сондай-ақ техникаларды, қару-жарақтарды, материалдық-техникалық мүліктерді Қазақстан Республикасының территориясынан шығаруға тыйым салынды. Құжатта бұлармен қатар ең бастысы, Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетіне әскери құрылымдардың барлық үлестік және қамтамасыз ету сұрақтарын шешу жүктелді. Сөйтіп, егемен еліміздің дүниеге келген өз әскерінің алғашқы қадамы басталды.

ЖАЛҒАСЫ БАР...

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379