Қытай компартиясы білім саласына ауыз салды...
2021 жылдың 24 шілде күні Қытай коммунистік партиясы орталық аппараты мен үкімет кеңсесі «міндетті білім беру кезеңіндегі оқушылардың тапсырма жүктемесі мен мектептен тыс бейімдеу-баптау жүктемесін жеңілдету туралы шешімін» жариялады.
Шешімнің талабы бойынша, «мемлекттік мерекелерде, демалыс күндері, қыстық-жаздық каникулдарда күндіз қосымша сабақ берілмейді, ол тек дүйсенбі-жұма күндері кешке және сағат 2030-ға дейін қойылуы, әрі әрбір сабақтың уақыты жарты сағаттан аспауы тиіс. 9-шы сыныпқа дейінгілерге жетілдіру-баптау сабағын ұсынатын мектептен сыртқы бейімдеу-баптау мекемелері ендігәрі ашылмайды, қазіргілері пайда табуды мақсат етпейтін болып қайта тіркелулері шарт».
Осыдан кейін-ақ, білім саласы акциялары іркес-тіркес құлдырады дейсің... Мысалы, 26 шілдеде Қытайдағы ең ірі бейімдеу-баптау мекемесі «New Oriental Education & Technology Group-ның» акциясы бірден 31,42%-ға құлады. Қызметкерлерді қысқарту, оқушының ақшасын қайтару, ата-аналардың алаңы, оқушылардың каникулда үйреншікті дағдыларынан ажырап, бағдарсыз қалуы сынды қым-қиғаш қарбаластар басталды да кетті.
Түсіндірілуінше, шешімнің мақсаты – «мемлекет пен үкіметтің мектептердің білім беру деңгейін көтеру, мектептен сыртқы жетілдіруді тәртіпке келтіру, міндетті білім беру кезеңіндегі тапсырма жүктемесі мен мектептен тысқарғы білім беру жүктемелерін жеңілдету» үшін жасап жатқан көрінеді. Қытайда ЖОО-ға түсудің кім-кімнің де өз тағдырына бұрылыс жасауының, сол арқылы тіпті, тұтас әулеттің өміріне ықпал жасайтын тетігіне айналғаны, сондықтан да ата-аналардың барын салып балаларын емтихан сынақтарынан сүрінбей өтуге сүйреуі, біртекті әлеуметтік ауқымға айланып қалғаны бар.
Нәтижеде, көпшіліктің осы психологиялық-өмірлік қажеттілігін дәп басып, мектептердің қосымша сабақтар ұйымдастырып табыс табуы, бейімдеу-баптау мекемелерінің неше түрлі тәсіл ойлап тауып, оны пайда көзіне айналдырып алғалы қашан. Пайда түсер жерге капиталдың үйір келетіні заңдылық. Сонымен, білім саласы туа бітті миссиясын атқарумен қатар, ірі индустрияға айналған-ды. Қытайдың ең ірі интернет кәсіпорындарының ішінде аталмыш сала алыптарының да аты жиі кезігетіні содан. Мысалы, 2020 жылдың қазанында «Yuanfudao» онлайн білім беру компаниясы 2,2 млрд доллар инвестиция тартып, елдің интернет компаниялары ішінен бір реттік инвестиция тартудың ең жоғарғы сомасын орындаған.
Пандемия кесірінен онлайн оқыту алдыға шыққан 2020 жылы, білім саласына инвестиция тарту тарихтағы ең жоғарғы деңгейге жетіп (68 млрд юан), 2019 жылдан бірден 5 есе ұлғайыпты. «Қытай кәсіпкерлері» журналының деректеуінше, елдегі бейімдеу-баптау мекемелері 700 мыңға, ондағы жұмыс жасаушылар саны 10 млн адамға жетіпті. Мұншама ауқым өз кезегінде ҚКП-ның назарынан қағыс қалмасы түсінікті де. Өйткені жақынғы екі жылдан бері ҚКП қаржы ағымы мен интернет құдіретінен секем алып қалғандығын аңғартып алды. Әрқайсысының неше жүз миллион клиенті бар және оларға қатысты түпсіз информациялар қорына ие, орасан қаржымен ойнап отырған «Alibaba», «Tencent», «Uber», «Meituan» сынды интернет алыптарын «монополияны шектеу, бәсекелестікті қамтамасыз ету, қадағалауды күшейту, ретке келтіру» тәрізді желеулермен тәртіпке шақырып алғаннан кейін, енді өзге салаларға көз тіге бастағаны байқалады.
Сондықтан да аталған шешімде «мектеп сабақтарымен қатысты бейімдеу-баптау мекемелерінің капитал нарығына шығып, инвестиция тартуына жаппай шектеу қойылатындығы, шетел капиталының ендігәрі акцияны тізгіндеу немесе акция иелену жолымен бұл салаға енуінің қатаң шектелетіндігі» анық.
Бұл саланың жаңағыдай қаржылық әлеуетін айтпағанда, оның коммунистік идеология мен тұжырымдардан басқалай «бөтен» ойлар мен таным-түсініктердің еніп кетуінің саңылауы екендігі, тіпті де, назар аудартуға тиіс. Өйткені, мектеп қабырғасындағы қосалқы дәрістерден оқушылар жаңа әдістемелермен бірге, жаңа информацияларға ие болуы, қызықтырарлық тың ойларға құмартуы мүмкін ғой. Ал мектептен тыс мекемелердің оқушыға берері онан да көп. Шынтуайтыне келгенде, қытайлық жасөспірімдер сырт әлем туралы ең алғашқы хабарларды, шетел информацияларын, ғаламшардың өзге түкпірлерінде не болып жатқанын, басқа елдегі құрдастарының нендей қиялмен өмір сүретінін алғаш осы арадан табады. Бұл компартияның түпкілікті мүддесі мен мызғымастай жасағысы келетін үстемдігіне түпкілікті жат дүние. Демек, жеткіншектердің жаңаша идеялар қабылдап, өзге көркем әлемнің барынан хабар тауып кетпестігін казірден қолға ала бастапты. «Оқушылардың үстемесін жеңілдетудің» міне, осындай астарлы қабаттары да бар. Бұл да Қытай коммунистік партиясының қоғам мен қоғамдық ойды шеңгелдеуінің жаңаша тәсілі-дүр.
Мұқаметхан Қонарбай
Abai.kz