Путиннің 3 пайыз қолдаушысы бізге де қауіпті
Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили Батысқа бет бұрған сәтте Путин Осетия мен Абхазияны басып алғанын білеміз. Сол кезде абхаздар мен осетяндықтардың Кремльдің басқыншылық әрекетін қаншалықты қолдағанын білмедік. Грузияға маңдай тірегенімізде жергілікті халықтан осы мәселені сұрадық. Сондағы жергілікті халықтың айтқан әңгімесі мынау:
– Путин басқыншылық әрекетін жүзеге асырғанда Осетия мен Абхазияда тұратын халықтың 3 пайызы ғана орыстарды қолдады. Ал қалғандары Грузияның тұтастығын жақтады. Өз кезегінде орыстар осы жағдайды ескеріп, әскери операциясын жүзеге асырғанда әскери әуе күштерін пайдаланды. Абхаздар мен осетяндар орыс әскерімен тізе қосып, Грузияға қарсы соғысқан жоқ. Қазір абхаздар мен осетияндар әлеуметтік жағдай өте нашар. Грузияға қосылғыс келеді. Бірақ Кремль оларға ондай мүмкіндік бермеуде, – деді жергілікті тұрғындар.
Көпшіліктің абхаздар мен осетяндықтарға қарсы анау айтқандай өкпе-ренішін байқамадық. Байқағанымыз, империялық дерті қозған Путин халықтың өте аз бөлігі орысты қолдаса (бар болғаны 3 пайыз) соны желеу қылып кез келген елге әскер кіргізуге арланбайтынын ұдайы есте ұстауымыз керек екен.
Соңғы уақыттары Путиннің бұл дерті асқынып тұр. Бүгінде әрбір басқыншылық әрекеті оның саяси мансабын ұзартатын әдіс-амалға айналғаны жасырын емес. Қырым мен Донбаста да осы үшін басып кіргені анық.
Ертеңгі күні Жирик пен Федровтардың сөзін шындыққа айналдыру үшін Путин атқа қонса, таңқалмаңыз. Егер Путин Қазақстаннан өзінің 3 пайыз қолдаушыларын іздеп жатса, Тайшыбеков сынды орысқұл қазақтардың өздері 3 пайыздық межені әп-сәтте толтыра салуы мүмкін. Сондықтан Ресейдің Грузия мен Украинаға басып кіруінен билік те, халық та сабақ алу керек.
Қазақстанмен бірге ядролық қарудан бас тартқан, «Будапешт келсіміне» қол қойған Украинаға қандай сойқан салғанын білесіз. Ал мұндайда қазақтарды аяйды дейсіз бе?
Нұрлан Жұмақановтың жазбасы
Abai.kz