Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жаңалықтар 4084 0 пікір 9 Шілде, 2009 сағат 06:51

Думан АНАШ. Абай елiнде (жолжазба)

Сiбiр жақтан Семейге енген жолаушы осы бiр тұстағы табиғат ауысымын iлезде байқар едi. Жап-жасыл орман-тоғайлы, қарағайлы өлке қаланы басып өтiп түстiкке қарай бет алғанда құба жон, сары белге айналып шыға келедi. Арқаның бiр шетi. Көдесi мен жусаны, селеуi мен көкпектiсi биiктеп өспесе де, көлбеуiнен сұлап жатқан даланың бiрден-бiр әрi осы тықыр шөптер. Уiлдеген дала желi қыр шүйгiнiн теңiз айдынындай толқытып тұрады.

Сiбiр жақтан Семейге енген жолаушы осы бiр тұстағы табиғат ауысымын iлезде байқар едi. Жап-жасыл орман-тоғайлы, қарағайлы өлке қаланы басып өтiп түстiкке қарай бет алғанда құба жон, сары белге айналып шыға келедi. Арқаның бiр шетi. Көдесi мен жусаны, селеуi мен көкпектiсi биiктеп өспесе де, көлбеуiнен сұлап жатқан даланың бiрден-бiр әрi осы тықыр шөптер. Уiлдеген дала желi қыр шүйгiнiн теңiз айдынындай толқытып тұрады.

Семейден шыққаннан кейiн Күшiкбау бұлағынан өттiк. Бұл жерде Мұхтар Әуезовтiң «Қорғансыздың күнi» атты әңгiмесiндегi басты кейiпкер Ғазиза жерленген. Уақтың батыры Күшiкбай бейiтi де осы жерде. Одан кейiн Үштөбе, Итжон, Қанай, Жымба атты жерлер соңымызда қалды. Мұның бәрi «Абай жолы» тарихи эпопеясындағы оқиғаларды бастан өткерген, қым-қуыт замананың үнсiз куәгерлерi болған тарихи өңiр. Жалпы, Абай ауданына жолы түскен мейман «Абай жолы» эпопеясын қайта парақтап шыққандай әсерде болатыны рас. Бiз де бұл сезiмнен тыс қала алмадық. Таң бозарғанда жолға қамданып, күн арқан бойы көтерiлгенде «бiсмiллә» деп қаладан шыққан едiк. Түс әлетiнде  Бөрiлiге келдiк. Бұдан әрi қарай Қасқабұлақ, Абай бұлағы деген жерлердi басып өттiк. Бұл жерде 1845 жылы 10-тамыз күнi Абай атамыз дүниеге келген бұлақ бар. Жергiлiктi жұрт та, сырттан келген мейман да бұл бұлақты қасиеттi санайды. Одан әрi қарай Еңлiк-Кебектiң ескерткiшi. Төрт қабырғалы, шаншыла салынған қырлы күмбездi Еңлiк-Кебек ескерткiшiнiң сол жағында Ералы жазығы көсiлiп жатыр. Ералы - қасиеттi, дiн жолындағы аруақты жан болған екен. Ел-жұрт Ералы бейiтiнiң жанынан қол жайып, құран бағыштап өтедi. Бұл бейiт жолдың сол жағында алыстан мұнартып көрiнедi. Сондай-ақ жол Ақшоқы, Жидебаймен жалғасады. Абай атамыз осы жерлермен Семей қаласына апталап жүрiп келедi екен.

 

Бөрiлi

 

Бiздiң жолкеруенiмiз бiрiншi ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов туған, балалық балдәуренiн өткiзген Бөрiлiге кеп тоқтады. Қазақтың заңғар жазушысын берген мекенге ат басын алдымен бұрғандықтан, жолсапарымыздың әлқиссасын осыдан бастайық.

Бұл жер Бөрiлi деп аталады. Себебi бұл өңiрде қасқыр көп болған деседi. Яғни, бөрiлi мекен. Төбе басында тұрған жалғыз үй. Иә, осыдан бiр ғасырдан астам уақыт бұрын бұл үй Омарханның шаңырағы болған. Бұл күнде Мұхаңның туған елiндегi бiрден-бiр мұражайы. Сыртқы сипатына келсек, тапал келген тоқал там үй.

Бiздi жәдiгерлермен мұражай меңгерушiсi Шағжан Исабаев пен ғылыми қызметкер Гүлзат Сәлiмқызы таныстырды.

 

Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28-қыркүйекте осы жерде, осы үйде дүниеге келедi. Алғашқы әлiпбидi араб тiлiнде атасы Әуезден оқып, сауат ашады. Бiз ұлы жазушы аунап-қунаған үйдi Мұхтардың атасы Әуез қожаның бөлмесiнен бастап аралап көрдiк. Жазушының арғы аталары қожа болған екен. Яғни, Әбдi қожадан тараған ел. Әбдi қожадан Бердi қожа, одан Әуезхан қожа, одан Омархан, Омарханнан Мұхтар дүниеге келген. Әуезхан қожаның бөлмесi үлкен етiп салынған. Мұхтар алғашқы әлiпбидi араб тiлiнде атасы Әуезден оқып, сауат ашады. Мұнда Мұхтар Әуезовтiң алғашқы қарiп түсiрген дәптерi қойылған. Мұхтардың атасы Әуезхан қожа үлкен молда кiсi болған. Атасы Мұхтарды 5 жасынан бастап арабша оқытқан. Сондағы арабша мүрсейiт қолжазбаларының беттерi сақталған. «Балалық шағым ауылда өттi, қара тани бастағанымда, сол кез немерелерiн атам Әуездiң өзi оқытатын», деген Мұхтардың өз сөзi де бұл әңгiменi дәлелдей түседi.

«Атамыз апта аралаған сайын үйге шақырады бiздi. Қолындағы қалың қолжазбаны көргенде неге шақырғанын бiле қоям. Атам маған кiтаптағы араб әрiптерiн көрсете бастайды. Айтуға бiр оңайы болса игi, бiрiнен-бiрi өткен қиын, бұл кiтап Абай өлеңдерiнiң жинағы. Атамыз бiздi өзiнше оқытатын. Ал шәкiрт байғұстың көз жасы тимей кетушi едi. Аздап қара таныған соң, өлеңнiң бiрiнен соң бiрiн жаттадым», - дейдi Мұхтар Әуезов өз жазбаларында.

Одан кейiн анасы Нұржамал мен әкесi Омарханның бөлмесi, ағасы Қасымбек пен жеңгесi Ғалияның бөлмесi, яғни төрт бөлме ерсiлi-қарсылы салынған. Бер жағындағы екi бөлмесi мал қора болған. Бұрынғы уақытта малқора үймен жапсарлас салына беретiн. Ескi там үйге 1977 жылы қайтадан жаңғырту жұмыстары жүргiзiлген.

Мұхтардың әкесi Омархан 1909 жылы, шешесi Нұржамал 1912 жылы қайтыс болады. Сол кiсiлерге арналған кесененiң суретi (1997 жылы жазушының жүзжылдық мерейтойында қайта жаңғыртып салған түрi) мұражайда тұр.

Мұхтардың жастық шағы, балалық дәуренi осы жерде, осы үйде өтедi. Бұл мұражай 1987 жылы Мұхтар Әуезовтiң 90 жылдық мерейтойына орай ашылған. Мұражайда Мұхтар Әуезовтiң дүние есiгiн ашқан қыстау үйiнiң 1977 жылға дейiнгi бастапқы көрiнiсiнiң суретi қойылған. 1977 жылы сабан кiрпiштi үй әбден ескiрiп, тозығы жеткен соң құлатып, қайтадан iргетасын көтерiп, жаңғыртып салынған екен. 1987 жылы ресми түрде мұражай болып ашылды.

Бiр бөлмеде Мұхтардың Семейдегi 5 сыныптық училищеге (қазiр педагогикалық колледж) 1912 жылы ағасы Қасымбектiң жетектеуiмен барып, оқуға түскен кездегi фотосуретi қойылған. Семей қаласындағы 5 сыныптық училищеде оқыған кездегi аттестатының көшiрмесi осында, ал түпнұсқасы Алматыдағы мұражайда сақталған. Сондай-ақ мұнан екiншi сыныпта оқып жүрген кезiндегi жазу үлгiсiнiң көшiрмесi мен сия сауыты, пайдаланған оқулықтары, училищедегi ең алғашқы ұстазы Малаховтың суретiн көруге болады. Сол кездегi Мұхтар Әуезовтiң татардың «Яшь» деген футбол командасы құрамында жартылай қорғаушы болып ойнап жүрген кезде түскен фотосуретi тарихымыз үшiн таптырмас құндылықтардың бiрi екендiгi даусыз.

 

Мұхтардың отбасы, ұрпағы туралы бiр сөз

 

1917 жылы Мұхтар 20 жасында бiрiншi әйелi Райхан Кәкенқызына атасы Әуезхан қожаның айттыруымен осы үйде үйленген болатын. Райхан ол уақытта 15 жаста болған екен. Яғни бұл үй Әуезовтiң алғаш отау тiккен үйi. Осы кiсiден туған Мұғамилә деген тұңғыш қызының қазiр көзi тiрi. «Әкем мен шешем айрылысқанда мен төрт жаста едiм. Бөрiлiде сот үкiм шығарып, ұл әкеде, қыз шешеде қалады дедi. Бiрақ әкем сегiз айлық Шоқанды алмай, 4 жастағы менi алып, қалың Қанайдың қарағына тығылып жаттық. Содан менi Семейге апарып, Кәмилә тәтемнiң тәрбиесiне бердi. Мен өгей шешемнiң тәрбиесiнде болдым» деген Мұғамиләнiң естелiгi бар. Биыл бұл кiсi 91-ге толады. Мұхтар 1922 жылы екiншi рет Мағауияның қызы,  яғни Абайдың немересi Кәмилә сұлуға үйленедi. Кәмилә асқан сұлу адам болған деседi. Мұхтар өзi ұнатып, бiреудiң атастырып қойған қалыңдығы болғандығына қарамастан, атастыру салтын бұзып, Кәмиләны алады. 1926 жылға дейiн екеуi бiрге тұрып, заңды түрде айрылысады. Оның себебi, Кәмилә сұлу өкпе ауруына ұшырайды. Екiншiден, ол кiсiден Мағрипа, Зере деген екi қызы туған. Бiрақ бұл балалары жастай шетiнеп кеткен. Яғни екiншi әйелiнен ұрпақ қалған жоқ. 1926 жылы Мұхтар Ленинградта оқып жүргенiнде Валентинамен жақсы достық қарым-қатынаста болады да, Кәмилә сұлу құсадан бар-жоғы 30 жасында Семейдiң сыртындағы Қуқала деген жерде қайтыс болады. Сөйтiп Мұхтар 1926 жылы Валентина атты орыс қызына үйленедi. Ол кiсiден Ләйла, Ернар, Елдар, Елдос деген төрт бала туған. Қазiр Ләйладан Елнар, Диар деген екi жиені бар. Ернардан Лола, Асқар деген екi немересi бар. Бұлардың барлығы  Алматыда тұрады. Ал Мұрат Әуезовтiң шешесi Фатима Ғабитқызы болатын. Мұрат 1941 жылы туған. Мұраттың шешесi Фатима Ғабитқызы қазақтың бiртуар ұлдары Бiләл Сүлеевтiң, Iлияс Жансүгiровтiң әйелi болған адам. Осы кiсi 1941 жылы Мұхтар Әуезовтен Мұрат атты ұлын сүйедi. Фатима Ғабитқызының ұлты татар. Бұл негiзiнен заңсыз неке болған. Фатима Ғабитқызының Бiләл Сүлеевтен Жәнiбек атты баласы, одан кейiн Iлияс Жансүгiровтен Ильфа, Үмiт, Болат атты үш баласы, Мұхтар Әуезовтен Мұраты бар. «Халық жауының» әйелi болып, қудалауда жүрсе-дағы, қазақтың үш бiрдей алыбының балаларын өсiрiп, сондай iрi қайраткерлердiң қолжазбаларын сақтаған адамға бас имеске амалың қайсы?!... Мұхтар 1961 жылы 64 жасында дүниеден қайтты. Әйелi Валентина 1978 жылы қайтыс болды. Сонда қазiр Мұхтардың өз кiндiгiнен тарған Мұғамилә, Мұрат, содан кейiн 8 немересi, 16 шөбересi Алматыда тұрып жатыр.

 

Еңлiк пен Кебек

 

Мұхтар Әуезовтiң осы мұражай-үйiнде «Еңлiк-Кебек» пьесасының алғашқы қойылымы туралы шағын көрiнiс-тақта қойылған екен. Негiзiнен, «Еңлiк-Кебек» спектаклi алғаш рет «Ойқұдық» жазығында қойылды. Еңлiк пен Кебектiң жұрттан қашып тығылған үңгiртасы осы жазықтан алыс емес. Кiшi Орда тауындағы осы үңгiрде Еңлiк пен Кебектiң бесiктегi балалары қалған. «Надан елдiң болады дiнi қатты..., кеш батқанша шырылдап жатқан бала» деп өлең жолдарына арқау болған бесiктегi Ермек атты баладан бүгiнде ұрпақ бар деседi...

1917 жылы Мұхтар 20 жасында оқуынан босап, Абай ауылына демалысқа келедi. Ол уақытта қазақ даласында спектакль, пьеса деген болмағаны белгiлi. Сонда Мұхтар Әуезов өзiнiң алғашқы шығармаларының бiрi «Еңлiк-Кебек» пьесасын тұңғыш рет Абай атамыз бен Әйгерiм апамыздың үйiнде қойған. Киiз үйдiң iшiнде сандық тұрады. Сол сандықта Мұхтар тығылып отырып, кейiпкерлерге суфлер болып сыбырлап отырған екен. Бұл қойылымдағы рөлдердiң бәрiнде ер адамдар ойнаған. Мәселен, Еңлiктiң рөлiн Ахметбек Әуезов деген Қасымбекпен бiрге туған немере ағасы ойнаса, Еңлiктiң шешесiнiң рөлiн Мағауияның баласы Жағыпар, Кебектiң рөлiн Ақкенже Ақмағамбетов, Жапардың рөлiн Тұрағұлдың баласы Жебiрайыл ойнайды. Яғни алғашқы қазақ пьесасына Абай ауылының жастары қатысады.

Еңлiк пен Кебек сынды қос ғашыққа жаза кескен жер - Шiлiктi кезеңi деп аталады. Бұл жерде кейiн Абай алғаш рет Әйгерiммен кезiгедi. Әйгерiмнiң шын аты - Шүкiман. Абайдың «Әй, керiм» деп тамсанғаны осы жерде өткен, яғни Шүкiман «Әйгерiм» деп алғаш осы жерде аталған.  Сондықтан Шiлiктi кезеңiн бабалардың асыл сезiмдерiнiң куәсi ретiнде қастерлеген абзал.

Ру ақсақалдарының үкiмiмен ғашықтарды асаудың ту құйрығына байлап жiберiп, 15 шақырым жердегi Ащысудың бойындағы жыраға келгенде арқан үзiледi. Екi ғашықтың сүйегi сол жерде қалған. Елдiң тiлегi бойынша екеуi сол жерге бiр қабiрге жерленген екен. Мiне бұл жер Шыңғыстың бiрiншi бөлiгi Бауыр деп аталады. Ұлы ақын Абай атамыз бен ұлы жазушы Мұхтар атамыз да Шыңғыстың бiрiншi бөлiгi сол Бауырда дүниеге келген.

 

Мұхтар Әуезовтiң Бөрiлiдегi мұражай-үйiне кірген  адам алдымен  тура алдындағы тамаша суреттi көрер едi. Қабырғадағы жiпсурет (гобелен) қолмен тоқылған. Бұл картинада Шыңғыстаудың сай-саласы, шөбi, табиғаты, тауда қашқан арқары, жайқалған селеуi көрiнiс тапқан. Суретшi Ирина Хмелова мұражайға өз қолымен тарту еткен екен. Шыңғыс елiнде шөп биiктеп өспейдi. Мұнда көделi, жусанды, көкпектi, тықыр шөптер өседi. 100 пайыз шөптiң 56 пайызы ем-домға қолданылады екен.

Сонымен қатар жазушының кiсi бойындай бюстi да мұражайға кiре берiсте қасқайып қарсы алдыңыздан қарап тұрады. Мұхтар Әуезовтiң 90 жылдық мерейтойында мұражай ашылған кезде қойылған бұл мүсiн жазушының 48 жаста түскен фотосуретiнен алынып жасалған. Мүсiншiсi - абайлық архитектор-монументалист Мұратбек Жанболатов. Талдықорған жерiнен әкелiнген мәрмәр тастан жасалған.

Сонымен бiрге Бөрiлiдегi бұл мекенге жәдiгерлер ретiнде көшпелi заманның заттары қойылған. Абай ауданындағы Шәкәрiм атындағы совхозда соғып алынған арлан қасқырдың терiсi 1987 жылы мұражайға жәдiгер ретiнде тарту етiлген. Бөрiнiң қасында сiлеусiннiң терiсi бiрге iлiнген. Абай атаның үлгiсiмен жасалған домбырасы, бұрынғының көне заттары: шақша, қын, пышақ, қамшы, күмiстен жасалған бұйымдар: бiлезiк, сырға, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, түйенiң мойнақ терiсiнен тiгiлген сусын құятын 3 литрлiк торсық, еттабақ, сүйектен жасалған шөмiш, келi, биешелек, саптыаяқ, жезсамаурын, ожаулар мұражайдың ХIХ ғасыр соңындағы қазақ ауылының тұрмыс-тiршiлiгiнен хабар бередi. «Абай жолы» романында Мұсақұл шайқасы деген айтылады. Бұл Мұсақұл төбенiң басында болған шайқас. Осы шайқаста қолданылған қару-жарақтар: найза, қылыш, қолшоқпар, сонымен бiрге ат әбзелдерi: үзеңгi, кiсендi де мұражай төрiнен көре аласыз.

 

Әуезов мұражайынан жазушының алғаш рет әлеуметтiк қызметке араласқан кезiнен де анық ақпар болуға болады. Мәселен, Семей губерниялық атқару комитетiнде қырғыз бөлiмшесiнiң меңгерушiсi болып iстеген кезде түскен суреттерi бар.

Мұхтар өзi оқыған Семейдегi 5 сыныптық училищеде 1924-25 жылдары қазақ тiлiнiң мұғалiмi болып жұмыс iстедi. Сол кездегi бiтiрушiлердiң ортасында түскен суретiн тамашаласаңыз, санаңыз бiраз жылдарды шарлап кетедi. Қазақтың айтөбел ұлдары Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов, Мұсатай Ақынжановтардың барлығы Мұхтар Әуезовтiң шәкiрттерi болған. Бұл суретте сол кездегi шәкiрттер Әлкей мен Шәкендердi көре аласыз. 1924-25 жылдары ауылға демалысқа келген кезде Бөрiлiдегi қыстаудың жанында түскен суретi қойылған.

Мына бiр әйнек iшiндегi тозығы жеткен қағаз көңiл аудартпауы мүмкiн. Бiрақ осы қағаздан кейiн Әуезов Семейден кетiп, үлкен ортаға түстi. Ол ортада кiмдер жоқ десеңiзшi?!... Кiл ХХ ғасырдың әдебиет пен өнер майталмандары. Бұл қағаз - Әуезовтiң Семейден кетуiне байланысты қызметтен босату жөнiндегi өтiнiшi. 1925 жылы жазылған.

Семейден кеткеннен кейiн 1926 жылы Ленинградта Әлкей Марғұлан, Марат Хабибуллин үшеуiнiң семейлiк жерлестер болып түскен суретi де жазушының үлкен ортадағы алғашқы қадамдарынан сыр шертедi.

Мұхтармен бiрге Ленинградта оқып жүрген кездегi Валентина Әуезованың естелiгi мұражайда сақталған екен. Олар бiр факультетте оқыған.

Абайдың Тұрағұл Ибрагимов, Көкбай Жанатаев, Кәкiтай Ысқақұлы, Әлихан Бөкейханұлы сынды ақын шәкiрттерiне арналған жеке тақта. Бұлардың бәрi Абайдың тәлiмiн көрген. Әлихан Бөкейханұлын тұтқындаған кезде қоржынынан Абайдың өлеңдерi жазылған қолжазбалары шығатыны бекер болмаса керек. Сол уақытта: «Бұл қолжазбалар - қазақ халқының қарашығы. Оған тимеңiздер» деген сөзi Әлиханның қандай тұлға екендiгiне ғажап мысал болмай ма!

«Татьянаның Онегинге жазған хатының» аудармалары, қазақша басылымы мұражайдан орын тепкен. Сондай-ақ Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толғанда алғашқы музыкалық әдеби кештi ұйымдастырған, қазақ әйелдерiнен шыққан тұңғыш ғалым Нәзипа Құлжанова мен оның күйеуi Нұрғали Құлжановтың суреттерiмен танысуға мүмкiндiк туды.

Әуезовтiң алғашқы шығармаларының бiрi «Көксеректiң» қолжазбасы мұражайда сақтаулы тұр. Бұл шығарма 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналында басылып шыққан болатын. Орысша нұсқасы да осы жылы басылды.

Абайдың дарынды балалары Әбдiрахман, Ақылбай, Мағауияның бейнелерi. Абайдың үлкен ұлы Ақылбай Бауырда жатыр. Сол жерде Ақылбайдың атымен аталатын қыстауы бар. Сондай-ақ Абайдың екi әйелi - Дiлдә мен Әйгерiмнiң бейiттерi де Бауырда орналасқан.

Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолын» жазғандағы қолжазбаларының 60 парақтайы осы мұражайда сақталған екен, ал түпнұсқалары Алматыда. Бұл парақтарда романдағы «Түн түнекте», «Қат қабатта» тарауларынан үзiндiлер бар. Мәселен, бұл үзiндiлерде Шыңғыстың iшiнде Қодар құлаған деген құз жартас бар. Сонда қатал Құнанбайды бейнелеген, Қодарды құздан құлатып, қырық рудың қырық кесек тасымен өлтiргенiн көрсеткенiн жазған тұстары осы қолжазбаларда көрiнiс тапқан. Жазушының өзi «Абай жолы» романын жазу - менiң бүкiл өмiрiмдегi творчестволық iсiм десем болады» дейдi ғой.

 

Сыр шертер сурет көп. Мысалы, 1926 жылы Жүсiпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Әлiмхан Ермеков, Мұхтар Әуезов және Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев бәрi бiрге суретке түскен екен. Алаш арыстарының жұп жазбаған кезi...

1951 жылдан 1961 жылға дейiн Алматыдағы өзi тұрған үйi 1961 жылы жазушы қайтыс болғанда мемлекет қарауына берiлген болатын. Қазiр Ләйла деген қызынан туған Диар Қонаев деген немересi осы мұражайда меңгерушi болып жұмыс iстейдi. Бөрiлi мұражайындағы қолжазбалардың барлық түпнұсқалары Алматыдағы мұражайда сақталған.

Бүгiнде белгiлi мәдениет қайраткерi, ойшыл ғалым Мұрат Әуезовке әкесiнiң «Мұрат-ай, айналайын, Мұрат, милый мой» деп қазақ және орыс тiлдерiнде жазған хаттарының көшiрмелерi де мұражайда сақтаулы тұр.

Мұхтар Әуезов 1955 жылы Тәж-Махал кесенесiнде, 1958 жылы Чехословакияда болады, осы кездегi және қытай жазушылары арасында түскен фотосуретi, Токиода атом-ядролық бомбасына қарсы III халықаралық конференцияда сөйлеп тұрған кездегi фотосуретi, мүсiншi Саранжидiң «Әуезов саяхатта» деген құймасы, Әуезов Үндiстанға барғанда өзi алып келген күмiстен жасалған күлсалғышы, ағаштан жасалған сәндi ыдыстардан 14 түрлi сервисi, Мәскеуде түскен суретi, Қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң онкүндiгiнде Сәбит Мұқановпен бiрге болған кездегi фотосуретi, қайтыс боларынан бiр жыл бұрын 1960 жылы Америкада жүрген кезде түскен фотосуретi, Америка сапары туралы мақаласынан үзiндiлердiң барлығы жазушы ғұмырының соңғы жылдарындағы елеулi оқиғаларды қамтиды.

Мұхтар Әуезовтiң алған куәлiктерiнiң көшiрмесiмен де таныса аласыз. Мәселен, «Абай жолы» романының екi томдығы үшiн Сталиндiк сыйлық алғандағы куәлiгiнiң көшiрмесi, Қазақ КСР Ғылым академиясының мүшесi, Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңiрген ғылым қайраткерi, ғылым докторының дипломы сынды атақ-дәрежелерiнiң құжаттары жинақталған.

Жазушының жеке iсi туралы хаттамада 1917 жылы партияға өтiп, 1922 жылы өз еркiмен партиядан шыққаны жөнiнде айтылады. Сол кезде өз қолымен толтырған.

Әуезовтiң 60 жылдық мерейтойын атап өткен кезiнде жерлестерi жирен төбел жүйрiк ат мiнгiзiп, соңғы рет туған жерде болған кезi. Бiрге ере келген достарының арасында сол уақыттағы ЖенПИдiң ректоры Мастура Сармузина, Есмағамбет Исмайлов, Қыдыралиндер бар. Осы кiсiлермен бiрге туған жерiнде, Жидебайда, Абай музейiнде және ұлы ақынның ескi бейiтiнде түскен соңғы суреттерiмен таныстық.

Жазушының 80 жылдық мерейтойын қызы Ләйла, немересi Ернар әкесiнiң туған жерiнде атап өткен болатын. Сол жылы немересi Ернарға ауыл ақсақалы Бығали Ақмолыұлы ақ бота мiнгiзген едi.

Ал 90 жылдық мерейтойында осы мұражайдың ашылу салтанатында түскен суреттер iлiнген. Бұл суреттерде тұңғыш қызы Мұғамилә, Ләйла, Зоя Кедрина, Камалиденов, Мұрат Әуезов барлығы қатысып, мұражай iргесiне ағаш отырғызғаны көрiнiс бередi.

Әуезовтiң жақсы көрген iнiлерiнiң бiрi - Қайым Мұхамедханов. Осы кiсiмен 1941 жылы түскен фотосуретiнде: «Талапты, талантты iнiм, аса сүйiспеншiлiк көңiлмен Мұхтар Әуезов. 1941 жыл, 6-ақпан» деген Мұхаңның сөзi жазылған екен.

Әуезовтiң 100 жылдық мерейтойында әке-шешесi Омархан мен Нұржамалдың кесенесi Маңғыстаудың ақ тасынан тұрғызылып, қайта жаңғыртылады. Сол мерейтой кезiнде Әбiш Кекiлбаев, Үкiмет жетекшiсi болған Иманғали Тасмағамбетовтердiң түскен суретi бар.

Мұражайдағы бiр бөлме тегiс сыйлықтарға арналған. Оның iшiнде қызы Мұғамиләның мұражайға тарту еткен табағы бар.

 

Жидебай

 

Бiз Бөрiлiдегi Мұхтар Әуезовтiң мұражай-үйiнен шыққаннан кейiн Жидебайды бетке алдық.

Жалпы, бiздiң бiлуiмiзде Жидебай қорық-мұражайының  6400 гектар жерi бар екен. Бұл ұлы тарихи мекен тiкелей мемлекеттiң қарауына алынған, яғни облысқа, аудан әкiмдiгiне қарасты емес. Осы аумақта (6400 гектар жерде) 16 тарихи орын бар. Соның бiрi - Абай мұражайы болса, екiншiсi, Абай мен Шәкәрiмнiң кешендi кесенесi.

Жидебай - Құнанбайдың құтты қара шаңырағы болған мекен. Құнанбайдан кейiн оның кенже ұлы Оспанға қалдырылған. Оспан қайтыс болғаннан кейiн қазақтың әмеңгерлiк жолымен келiнi Еркежанды алған Абай 1894 жылдан бастап, он жыл ғұмырын осы Жидебайда өткiзедi. Қазiргi мұражай Абай атамыздың 1895 жылы өз жобасы бойынша салғызып кеткен үйi. 1971 жылы Абайдың 125 жылдық тойы қарсаңында мұражайға қайта жаңғырту жұмыстары жүргiзiлген болатын. Бiрақ әр бөлменiң биiктiгi, көлемi тұрғысынан алғанда ешқандай өзгертулер жасалған жоқ.

 

Абай мен Шәкәрiм кесенесi

 

Абай мен Шәкәрiмдей қазақтың қос алыбы жатқан кесене туралы айтар болсақ, мұның құрылысы ҚР Президентiнiң Жарлығы негiзiнде 1993 жылы басталды. Бұл уақытта Абай тойы әлемдiк деңгейде өтетiнi белгiлi болған-тұғын. Сондықтан мемлекет басшысы осы мерейтой аясында Абай мен Шәкәрiм басына тұрғызылатын кесене де көрнекi, мәңгiлiк болуы керек дедi. Осыған орай түрлi жобалар байқауға түстi. Осы байқауда үздiк шығып, бас жүлденi жеңiп алған сәулетшi - Бек Ибраимов. Сәулетшi өз идеясында, тұтас кесене Сарыарқаның кең даласының төсiнде поэзия айдыныда баяу жүзiп бара жатқан Абай мен Шәкәрiмнiң қос желкендi кемесi сынды болып көрiнуi керек деген шешiмге келген болатын. Бұл кесененiң кеме сияқты жақсы көрiнiс беретiнi, күн қатты ысыған кезде далада сағым көтерiледi. Көрген адамға осы сағымда алыстан теңiз толқығандай болып тұрған заматта, Абай-Шәкәрiм кесенесi сол сағым-теңiздiң үстiнде үлкен бiр ой құшағында қалықтап тұрған, ойдың алып кемесi сияқты әсер етедi.

«Кесененiң iргетасының ұзындығы  - 200 метр. Көлдеңiнен (енi) - 65 метр. Бұл - қазiр әлемде үлкендiгi жағынан бiрiншi орында тұрған алып космостық құрылыс. Өйткенi, жер бетiнде мұның ауқымындағы ескерткiш-зират жоқ», - дейдi бiзге Абай мен Шәкәрiм кесенесiн таныстырып жүрген Жидебай қорық-мұражайының меңгерушiсi Қайыржан Күзембаев.

Абай атамыздың күмбезiнiң жерден биiктiгi - 38 жарым метр. Ал, Шәкәрiм қажының күмбезiнiң биiктiгi - 37 метр. Шәкәрiм күмбезiн Абайдан бiр жарым метр аласа қылғанының себебi, Шәкәрiм Абайдың немере iнiсi, шәкiртi. Яғни бiр мүшел жас кiшi болған. Iшкi шеңбер аумағы жағынан Абай кесенесi - 16 метр болса, Шәкәрiмдiкi - 8 метрдi құрайды. Мұның себебiн бiздiң жолбастаушымыз былай түсiндiрдi:

- Қазақта «Он алты қанат Ақ орда» деген қасиеттi сөз, қастерлi ұғым бар. Осы ұғыммен келгенде, Абай - қазақ поэзиясының аспанында жарқыраған күнi. Сондықтан қазақ поэзиясының он алты қанат Ақ ордасы - Абай күмбезi болса, Шәкәрiм соның жанынан жаңа шаңырақ көтерген жас отау сынды. Неге? Себебi, Шәкәрiмнiң сүйегi 30 жыл Құрқұдықта жатты. Қажының денесi де, еңбегi де кеңес үкiметiнiң құрсауында болды. Шәкәрiм атамыз қазақ егемен ел болғаннан кейiн ғана толық ақталды. Оны Шәкәрiмнiң кесенесiнде былай суреттеген. Шәкәрiмнiң күмбезiнде егемендiктiң сегiз қырлы елтаңбасын келтiредi. Одан жаңадан атқан күн сәулесiн шашыратып қойған. Бұл егемендiктiң жаңа таңы атқанда, Шәкәрiм ақталып, жарыққа шықты деген үлгiдегi ойды бiлдiредi. Кеңес үкiметi кезiнде Шәкәрiм шығармашылығы қараңғы түн сияқты түнерiп жатты. Халқы, ел-жұрты Шәкәрiмнiң өлеңiн оқымақ түгiлi, атын атауға қорықты. Яғни Шәкәрiм кесенесiнде заманы орашолақ, азалы, тауқыметтi, қаралы өмiр болды деген мағынаны бейнелеп келтiрген, - дедi Қайыржан Күзембаев.

Бұл арадағы құлпытастар жерден 6 метр биiктiкте орналасқан. Алайда оны орнату барысында қабiр басындағы топырақты жаншып, басып тастамай, бос қойып көтерген екен. Құлпытастар тек қабiр бетiндегi қақпақ сияқты. Қазақтың өзiндiк ғұрпында марқұмның қабiрiн сипап, топырағын үгiтiп, «жатқан жерi жайлы болсын, топырағы торқа болсын» дейдi. Сондықтан мемориал кешенге кiре берiсте гранит тастан жасалған қазандықтың үстiне топырақ қойылған. Бұл - Абай мен Шәкәрiмнiң жамбасы тиген жерден алынған топырақ. Зиярат етушiлер осы бiр уыс топырақтан алады.

Кесененiң сәулет өнерi екi мағынада суреттелген. Бiрiншiсi, қазақтың баспанасы киiз үй, ұлы шаңырақ, одан тараған уықтар, уықтың астына түсе бергенде көгiлдiр текемет оюлар, қазақ қыз-келiншектерiнiң қол кестелерiнiң үлгiлерi. Бұрыштар - уыққа керегенiң бекiген басы. Желбауда қазақтың қошқар мүйiз оюлары өрнектеле келiп, аяқ жағындағы әдемiлiк үшiн жасалатын желбау шашақтарына арабша жазу қашалған. Бұл жазуларда он сегiз мың ғаламды жаратқан Алланың 99 есiмi жазылған екен. Күмбезде шаңырақ бейнеленiп, бұл нұрын шашып тұрған күн сияқты әсер бередi. Кәдуiлгi көк байрақтағы күннiң бейнесi. Қабырғасы қырлы қатпарлар - поэзия кiтабының ашып қойған, бөлек-бөлек парақталған беттерi деген мағынаны бередi. Сондай-ақ кесене төрiнде жетi шырақ тұр. Бабалардың «шырағың сөнбесiн» деген сөзi бар екенi белгiлi.

Бұл кесене ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 1995 жылы ашылды. «Қазақ халқының киесi, ары мен намысы, ақылы мен жүрегi - Ұлы Абайдың аруағына басымды идiм», - деген болатын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Қабырғасы Маңғыстаудың әк тасынан қаланған. Ғалымдардың айтуынша, бұл тастың ерекшелiгi заман өткен сайын өздiгiнен ағара бередi екен. Сонымен қатар берiктiгi арта түседi. Үшiншiден, бiр-бiрiне жымдасып, беки бередi. «Расында, ең басында әкелгенде, жақындап қарағанда сары болып көрiнетiн. Ендi жыл өткен сайын ағарып келедi. Кейде бiр әжелерiмiз «кесененi неге әкпен сылайсыңдар?», деп ренжiп жатады. Олай емес, бұл өздiгiнен ақшаңқан болып тұратын тас. Сондай-ақ басында бұл тас қазiргiдей қатты емес, жұп-жұмсақ болатын. Үшiншiден, жыл өткен сайын жымдасып, тегiстелiп барады. Яғни ақуыз жұмыртқадай, табиғаттың жаратқан мәрмәр тасындай, жiктерi өздiгiнен бекiтiлiп келедi. Бiз әлемнiң жетiншi кереметi Мысыр пирамидалары десек, оның кереметтiгiнiң сырын алдыңғы жылы әлем ғалымдары дәлелдедi. Яғни пирамидадағы биiк тастардың жiгiне ине сұға алмайсыз. Мысыр ғаламатын да осы Маңғыстаудың тасындай тастан соққан екен. Яғни Египеттiң жер қыртысында осындай ұлутас бар деседi. Сондықтан бұл кесене де пирамида сияқты болашақта жұмбақ кесене болып қалмақ», дейдi Жидебай қорық-мұражайының меңгерушiсi.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай - мәңгiлiк тұлға. Бiз Абай арқылы бүкiл әлемге мемлекеттiлiгiмiздi танытамыз. Екiншiден, бұл кiсiнiң басына тұрғызылатын кесене де сол мәңгiлiк ұлы тұлғаға лайық әлемдiк деңгейдегi кесене болуы керек» деген болатын о баста кесененi тұрғызар сәтте. Осының айналасында ғалымдар арасында көптеген талас-пiкiр туды. Бiреуi кесененi мәрмәр тастан қалайық дестi, ендi бiрi шет елден қымбат тастар мен кiрпiштер әкелiп қалайық дестi. Бұл ұсыныстарға Елбасымыз қарсы болды. «Өзiмiздiң жерiмiздiң асты да, үстi де бай. Бiз өз байлығымыз арқылы елге танылуымыз керек. Өз байлығымызды басқа елдерге көрсете бiлуiмiз керек» деген едi мемлекет басшысы өз ұсынысында. Осылайша Елбасының ұйғаруымен кесене Маңғыстаудың әктасынан тұрғызылды. Кесененiң жобасын жасаған - сәулетшi Бек Ибраимов. Абай мен Шәкәрiмнiң кесенесiн жаңғыртып салуға 97 жоба қатысқан болатын. Кесене биiктiгiн сәулетшiлер о баста 150 метр қылмақ болды, «оған үлгермеймiз, қысқарту керек» деген соң 59 метр биiктiкте қалдырмақ едi. Алайда кесене 38 жарым метр болып салынды. 38 жарым және 37 сандарының Абай мен Шәкәрiмге еш қатысы жоқ. Десе дағы, Елбасы мен қазақ зиялы қауым өкiлдерi ақылдаса келе мынадай шешiмге келдi. Әлемде мазарлардың биiктiгi жағынан бiрiншi орында тұрған - Қожа Ахмет Йассауи мазары. Оның биiктiгi - 41 метр. Бұл жерде қазақтың бабаларды пiр, үлкендердi құрмет тұтқаны көрiнiс бередi. Яғни ата-балалар салып кеткен жолдан айнымайық, адаспайық деген оймен, бабалардан ұрпақтарды оздырмайық деген пiкiрмен Абай кесенесiн Қожа-Ахмет-Йассауи мазарынан екi жарым метр аласа қылды.

Шәкәрiм мазарының қабырғасы - сегiз қырлы. Қазақтың «сегiз қырлы, бiр сырлы адам» деп сипаттауы бар. Яғни Шәкәрiм тек қана ақын емес, сонымен қатар әншi, композитор, музыкант, шебер, iсмер, атақты құсбегi, мықты аңшы, тарихшы, географ, әдебиетшi, этнограф һәм философ. Осы сипаты оның мазарындағы қабырғасы арқылы көрiнiс тапқан.

Абай-Шәкәрiм кешендi кесенесiне кiре берген бетте, екi мазардың ортасында «Абай» амфитеатры бар. Бұл поэзия құрметi үшiн салынған амфитеатр. Жыл сайын Абай мен Шәкәрiм атындағы республикалық поэзия күнi осы жерде өтедi. Қазiргi кезде республикалық поэзия сынында жүлде алып жүрген балалардың алды Абай мен Шәкәрiмнiң 450 өлеңiне дейiн жатқа бiледi. Амфитеатрда адамдар отыратын орын, кеш көруi үшiн ортада шеңберлi сахна жасалған. Алайда о баста Абайдың 150 жылдық мерекесiнде мәдени iс-шара өткiзуге лайықталып жасаған амфитеатрға адам симай қалды. Кесене ашылу салтанаты кезiнде мұнда 25 мыңнан астам халық келдi. Бiрақ халық сыймаса да, амфитеатр сол мезетте Абай әнiн әуелеткен орынға айналды. Осы амфитеатрда 300 адамнан құралған хор Абай өлеңдерiн орындап тұрған едi. Олардың жүзi - жас балалардан құралса, жүзi орта жастағы әншiлерден, жүзi - қариялар хорынан құралған болатын. Жидебай аспанын қалықтатқан үш жүз адамдық хордың дауысына елден, шет елдерден келген меймандардың өзi таңырқап, Абай әндерiне бас игендей болды.

Кесененiң төрт бұрышында шошайған төрт үшкiл - мұсылман зиратының төрт құлағы сынды. Екiншiден, бұл жерге ниет етiп, тәу етiп келген адамдарға түнеп жатар, зиярат етер бекет орындарының қызметiн атқарады. Абай мен Шәкәрiм басына ниет етiп келетiндердiң көбi өнерге, мәдениетке, поэзияға жақын адамдар. Шығармашылық саласында кейбiр көкiрегi сайрап тұратын, алайда соны жазайын десе қаламы жүрмей қоятын, айтайын десе, сөзiн елге анық жеткiзе алмайтын дарынды жандар болады. Мiне, адамдар осы жерде өз ойымен оңаша отырып, ұлы адамдардың рухының арқасында рухани күш-жiгер, шабыт алғысы келедi.

Абай атамыз өмiрден өткенде ақынның қайтқанын естiп, ат аяғы жететiн жерден бiр уыс топырақ саламыз деп жер қайысқан халық келген. Осы жердегi Шошақтас - Абай атамыз өмiрден өткенде халқы мен ел-жұрты жиналған деген мағынаны бередi.

Ал Шәкәрiм қажы сот үкiмiнсiз-ақ «халық жауы» деп атылып кеткенi белгiлi. Оның сүйегiн осы жерден 96 шақырым жердегi Құрқұдыққа киiзбен орап тастап кеткен. Мiне, сонда ел-жұрт Шәкәрiмнiң басына бiр уыс топырақ салмақ түгiлi, қасына жолауға, маңайына баруға, тiптi кеңестiк заманда «Шәкәрiм» деп атын атауға қорықты.

Абай қабiрiнiң жанында iнiсi Оспанның зираты бар. Абай iнiсiн қатты жақсы көрген. Сонымен қатар Шәкәрiм қажы баласы Ақатпен бiрге жатыр. Негiзiнен бұл арада ең алғаш Оспанның зираты болған. 1891 жылы Оспан қайтыс болғанда, Абай атамыз саман кiрпiштен төрт құлақты зират орнатып, қабырғасына құлпытас қойғызған. Бұл құлпытас қазiр мұражайда сақтаулы тұр. Оспаннан кейiн бiр мүшел уақыт өткенде 59 жаста, осы Жидебайдан 86 шақырымдық жердегi Шыңғыстаудың iшiндегi Балықшақпақ деген жайлауда Абай атамыз өмiрден өтедi.

Абайды туыс-туғаны Ақшоқыға, әкесi Құнанбайдың қасына жерлеймiз деп шешiм шығарған екен. Ақшоқы - Жидебайдан 70 шақырымдай жерде. Сонда Абай қайтыс болған жайлау мен екi аралық 150-160 шақырым болып кетедi. Ол кезде жүрдек көлiк жоқ. Сүйектi алып Жидебайға жеткенше, екi-үш күн уақыт өтiп кетедi. Ақшоқыға дейiн бiр-екi күндiк жол бар. Абайдың құлағынан қан кете бастайды. Онда апарар болса, Абай атамыздың мәйiтi бұзылып кету қаупi тұрды. Соны ойлаған Шәкәрiм, елдiң игi жақсы, ағайын-туғанын жинайды. «Әй, кешегi тiрi кезiндегi жақсы адамды о дүниеге сасытып, бұзып жiберу бiз емес, бiзден кейiн бүкiл ұрпақ кешiрмейтiн үлкен күнә болады. Сондықтан Абайды бiз тезiрек жер қойнауына берейiк, осы Оспанның қасына жерлейiк» дейдi Шәкәрiм. Немере iнiсiнiң сөзiне ағайын-туған түгел қарсы болады. «Абайға Құнанбайдың еншiлеп берген жерi Ақшоқы ғой, сонда апару керек. Бұл Оспанның еншiлеген жерi емес пе?!» дейдi ағайындары. Сонда Шәкәрiм ол кiсiлерге мынадай басу айтқан екен: «Әй, ағайын! Абайдан Оспанды бөлiп жаратын ештеңе жоқ. Себебi, екеуi бiр әке, бiр шешеден туған. Екiншi, Оспан өмiрден өткеннен кейiн осы құтты қарашаңыраққа Абай он жыл иелiк еттi. Абайдың бұл жерден алар еншiсi бар». Осылайша Шәкәрiмнiң ұйғарымымен Абайды Оспанның қасына қояды. Кейiн зираттың басында биiктiгi 10 метр гранит тастан салынған ескерткiш қойылған болатын. Ол ескерткiш талай сынға алынды. Өйткенi кеңес үкiметi кезiнде әр аудан, совхоз орталықтарында сол ауылдан соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен адамдарға арналған ескерткiштер болды. Бұл ескерткiштердiң төрт жағына хабарсыз кеткен, опат болған жауынгерлердiң есiмдерi жазылған болатын. Абайдың басында да дәл сондай, тек төбесiнде жұлдызы жоқ, екiншiден, төрт жағында кiсiлердiң есiмдерi емес, Абайдың төрт өлеңi жазылған ескерткiш қойылған едi. Бұл ескерткiш егемендiгiмiздi алғанша тұрды. Кейiн кесене салынғанда алынып тасталды.

 

Зере мен Ұлжан

 

Құнанбайдай, Абайдай дала алыптарын дүниеге әкелген Зере мен Ұлжан аналардың зираты Жидебай жақтан Абай-Шәкәрiм кесенесiне келе жатқан жолдың орта белiнде. Киiз үй iспеттi тастан қаланған. Бұл арада ең алғаш Құдайбердiнiң зираты болған екен. Құдайбердi өмiрден қыршын жас кезінде өтедi. Құнанбайдың Құдайбердiге еншiлеп берген жерi Шыңғыстың бер жағындағы Қарашат деген жер. Құдайбердi қайтыс болғанда ол жерге Зере әже жерлетпеген екен. Өйткенi сыртта қалып қояды, елеусiз болады. Әрi Құдайбердi - Күңкеден туған жалғыз. Қазақ айтады: «бала балдан тәттi, немере жаннан тәттi». Зере әже Құдайбердi пәниден өткенде: «Тұңғыш сүйген немерем осы Құдайбердi. Құдайбердiнi менiң көз алдыма осы жерге жерлеңдер. Өйткенi халық, елдiң ортасы. Екiншiден, менiң басына барып, Құран оқығаныма жақын болады» деп, басына саман кiрпiштен зират орнатқызған. Кейiн 90 жасқа тақағанда Зере әже «Мен өлгенде басқа емес, Құдайбердiнiң қасына қоясыңдар» деп аманаттаған екен. Себебi, ол кiсiнi бүкiл Тобықты елi «Кәрi әже» атаған ғой. «Менiң басыма өткен-кеткеннiң бәрi келiп Құран оқиды. Сол кезде жанымда жатқан Құдайбердiнi көредi де, оған да Құран бағыштайды. Мiне, сонда Құдайбердi мәңгiлiк өлмейдi» дептi Зере әже.

77 жасында Ұлжан ана да өмiрден өтедi. Ол кiсi ауырып жатқанда мынадай аманат айтқан екен: «Мен өлгенде менi басқа жерге емес, Зере енемнiң қасына қоясыңдар. «Келiн ененiң топырағынан жаралған» деген. Мен енемдi аттап ешқайда кетпеймiн» дептi. Мiне, аманат негiзiнде Ұлжан ананы да осы жерге жерлейдi. Бұл - екi ананың да ұлылық, даналық зерделiлiктерiнiң көрiнiсi ғой.

Кейiн кеңес үкiметi кезiнде табиғаттың жауын-шашынына төтеп бере алмай, зираттың екi-үш қабырғасы құлап қалған. Сонан кейiн Мұхтар Әуезовтiң 90 жылдық тойы қарсаңында, 1987 жылы Шығыс үлгiсiнде екi ананың үстiнен қазiргi мазарды тұрғызған.

Ал бұрынғыдан аман қалған саман қабырғаның бетi жауын-шашын шаймауы үшiн бетi жабуланып қойылған. Өйткенi қандай тарихи дүние болса-дағы, жаңасымен емес, ескiлiгiмен құндылық. Бұл екi анаға қойылған зиратты көтеру барысында Құнанбайдың да, Абайдың да қолының табы қалды. Ұлтымыз бiреу зират көтерiп жатса, «сауап болады, бiр кiрпiш қалайын, лай салайын» дейдi.

Екi ананың қасында осыдан екi жыл бұрын қайта құлпытас қойып жаңғыртқан екi зират тұр. Бiреуi, Ғабитхан молданың зираты. Ғабитхан молда Құнанбайға Ескiтам деген жерде мешiт-медресе ашқызып, бүкiл ауыл балаларын оқытқан. Яғни Құнанбай, Абай балаларына, осы өңiрге қалам ұстатқан ең алғашқы ұстазы, меншiктi молдасы болған адам. Оның қасында жатқан Шәукенбай деген кiсi. Шәукенбай - Оспанның, кейiннен Абайдың малшысы болған адам. Жидебайдағы үйге еңбегiмен де, терiмен де сiңген адам.  Оның бiр айғағы, Абай атамыз бiрде үйден шығады. Сол жерде Құнанбайдың құдығы бар. 1840 жылы Құнанбай осы жерге келгенде қазғызған. Сол құдық басына саяқ малдар жиналып қалғанда, Шәукенбайға Абай атамыз айғай салады: «Әй, Шәукенбай, құдық басына мал жиналып қалыпты. Неге суармайсың?», - дейдi. Сонда Шәукенбай Абай атамызға қарап тұрып: «Барып, бiр-екi қауға су тартсаң, iшiң кеуiп қала ма», - дептi. Сонда Абай атамыз үйге кiрiп ойланады. «Шәукенбай неге өйдедi?... Сөйтсе «Шәукенбай, малға бар», «Шәукенбай, отын әкел», «Шәукенбай, мал суар», «Е-е, байғұс, жалғыз өзi шаршап, қажып жүр екен ғой. Жалғыз үлгере алмай жүр екен ғой», - деп, қасына қосымша кiсiлер алып берген екен. Мiне, сол Шәукенбайдың моласы осы жерде. Мұның маңайында тағы да қорым көп. Оның бәрi әлi белгiсiз, зерттеудi қажет етедi.

 

Жидебайдағы Абай мұражайы

 

Абайдың кейiнгi он жыл ғұмыры өткен мұражайға бас сұқтық.

Шығыс Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң бастауымен келген бiз бұйдалы тайлақтай солардың жетегiнде жүрген едiк. Облыс әкiмдiгiнiң қызметкерлерi Семейге тезiрек жету қажеттiгiн, онда құзырлы орындардан келген үлкен меймандардың күтiп қалғанын жеткiзiп, бiздi асықтырып бақты. Үстiрт қарасақ та, бiр жәдiгердiң байыбына барғанның өзi бiз үшiн үлкен олжа болды.

Мұражай ауласына енген бетте жиекжолдың оң жағында Абай атамыздың бюстi қойылған екен. Үйге жапсарлас салынған малқорада Абай мiнген күйме доғарулы тұр. Шiрiмесiн деген болуы керек, ағашына қара май жағып тасталыпты.

Үй iшiне енген сәтте көзге оттай басылғаны, тұрқы өзгеше домбыра болды. Кәдуiлгi - Абайдың үш iшектi домбырасы. Абай бұл домбыраны баяу, шертiп қана тартқан деседi. Мұндай домбыраның үлгiсiн алғаш Алматыдағы Жарқын Шәкәрiм ағамыздың үйiнен көрген едiм. Домбыра жанында ғұламаның күмiс қалта сағаты iлiнген. 1909 жылы Кәкiтай Ысқақұлы мен Әлихан Бөкейханұлының ыждаһаттылығымен Петерборда басылып шыққан алғашқы өлеңдер жинағы және сия сауыты мен қаламсабын тамашаладық.

Абай өмiрiнде екi ғана фотосуретке түскен. Бұл суретке Абай - 1903 жылы өзiнiң отбасымен бiрге түседi. Яғни қайтыс боларынан бiр жыл бұрын, ақ шапан киiп отырған суретiне ақын 58-ден 59-ға қараған жасында түседi. Бұл суретте жанында үшiншi заңды әйелi Еркежан бар. Еркежан - Абайдың әмеңгерлiк жолымен алған iнiсi Оспанның әйелi. Еркежанда бала болмаған. Осы Жидебайдағы қыстау үйде Абай Еркежанмен он жыл бiрге тұрған. Сондай-ақ қасында ұлы Мағауия, немере келiнi Кәмәлия (Ақылбайдың баласы Әубәкiрдiң әйелi), Ақылбайдан туған Пәкизатпен бiрге түскен.

Сонымен қатар Абайдың бет орамалы мен асыл тастан жасалған, Абайдың әйелдерi таққан әшекейлi бұйымдар, оның iшiнде сом күмiстен жасалған бiлезiк, таза алтыннан жасалған өңiржақ, түйме, маржан моншақ, қаусырма, таспиық тастарын көруге мүмкiндiк туды.

Абай үйiнiң «үтiгi» сақталған екен. Сол заманның сөзiмен айтқанда -шомбал. Абай ғұмырында түскен екi ғана суретiнде ақ шапан киiп отырады. Өзi ұзын, өзi ақ шапан. Яғни күтушiсi осы шомбал арқылы жұмыр таяққа шапанды орап, қолына кiр шомбалды ұстап, шапанды үтiктеген екен. Қатты үйкегенде физикалық заңдылық бойынша үйкелiс күшi пайда болады да, ағаш шомбал ысиды. Осылайша шапанның қыртысы жазылып шығады. Яғни Абай үйiнiң үтiгiн отқа қыздырмайды, суға салмайды, тек екi қолдың күшi керек.

Абай мен Еркежанның айнасы, пошымы түрлi-түрлi сандықтары да мұражай төрiнде. Ол заман кiшкене сандықшаға әшекей дүниелерiн салса, үлкен сандықтарға киiмдерiн салған.

Абайдың төсек-орны жүгi бұзылмай сол күйi иесiн күтiп жатқан сияқты. Мұнда түсi оңған бозқызғылтым шымылдығы мен төсек-орны, жастығы, тұскиiзi тұр. Тұскиiзде Абай заманынан келе жатқан үш үкiлi тұмары iлулi. Бұл ұлы ойшылдың Аллаға сенiмiн, жаманшылықтан сақта деген пейiлiн бiлдiрсе керек. Бiздiң сипаттағанымыз Абайдың отау бөлмесi.

Абай өзiнiң қалауы бойынша  әр бөлмеге голланд пешiн салғызған.

Бiз танысқан тағы бiр бөлмесi - шошала. Былайша айтқанда ас бөлме. Қарағайдың қарсы бiткен бұтағы сынды адалбақандар қойылған. Қыстау үй болғандықтан мұнда қыста соғым сояды. Соғым етi осында, яғни адалбақанның бұтағында қазы-қарта, жал-жая iлiнiп тұрады. Сондай-ақ сырғауыл ағаштарды iлiп, қалған еттердi соған iледi. Содан кейiн қазандықтың астына тобылғыны үйiп жағады да, еттi ыстайды. Ысталған ет ұзақ сақталады әрi өте дәмдi болады.

Шошаланың қабырғасы тастан қаланған. Абай Өртең тауына аңға шығып отырған. Шошала сол Өртең тауынан әкелiнген тастардан салынған. Бiрақ бұл шошала 1971 жылы Абай мұражайы ашылғанда үлкен өзгерiстерден өткен. Мұны - ХIХ ғасырдың тоңазытқышы деуге де болады. Кiрiп келгенде ептеп салқын, сыздауыт бөлме екенi сезiледi. Қазiр тас еден төселген. Ал Абайдың заманында еденi қара жер болған. Қарын-қарын май, қап-қап бауырсақ, барлық Абай үйiнiң iшiп-жемi, азық-түлiк осы шошалада сақталған.

Жалпы, Тобықты жұрты үш болыс ел болған. Үшеуiнде де Абайдың өзiнiң туыс-жақындары болыс болғаны тарихтан белгiлi. Шыңғыстың болысы -Абай мен Оспан болған. Қарамола болысы - Абайдың iнiсi Ысқақ болса, Қызылмола болысы - Абайдың немере iнiсi Шәкәрiм болған. Абай елуге келiп, өз туыстарын болыс қойған кезде халықтың тұрмыс-тiршiлiгi жақсарады. Әр жерде мешiт-медресе ашады. Дау болса Абайдың қарасөзi әдiл билiк айтып, той болса Абайдың әнi шырқалып жатады. Абай қыста соғымы жоққа соғыммен көмектесiп, көлiгi жоққа көлiк берiп, отын-су берiп ел-жұрттың ықыласына бөленедi. Алайда Абайдың үстiнен көре алмаушылар арыз түсiредi.

Осы кезде Абай ауылына Сiбiр генерал-губернаторы Баден Табе iстi тексере келедi. Шыңғыс болысына келген губернатор Абаймен жүздеседi. Бұл 1890 жыл болатын. Бұл жылдар Абайдың орыс тiлiн жетiк меңгерiп, ғылымға әбден бойұсынған шағы. Губернатор онымен жұмыс туралы емес, ғылым туралы сөйлесiп кеткенiн аңдамай қалады. Абай қай салада сөйлесе де, губернатордың ауызын ашқызып, құлақ құрышын қандырады. Осы сәтте Абайдың ғұлама даналығына бас иген дала губернаторы №49 Жарлығын шығарып, «Шыңғыс болысының құрметтi азаматы, оқымысты ғұламасы - Ибраһим Құнанбайұлына» деп үш ауызды берен мылтықты сыйлаған екен. Абайды құртам деп келген губернатор осылайша ақынға шын ыждаһатымен құлап, сый сыйлап қайтады. Мұражайда бүгiнде губернатор сыйлаған мылтық iлулi тұр.

Абайдың Әйгерiмге сыйлаған күмiс ер тоқымы, Әйгерiмнiң жасауы, бiрiншi әйелi Дiлдәнiң жасауымен келген тұскиiз, сонымен қатар Абай шаңырағы тұтынған жез леген, жез құман, күмiс самаурын, ағаш еттабақ, ағаш ет астау, құрт езуге арналған астау, кебеже, қымыз тегене, мүйiз ожау, кебежеаяқ та сол заманның тұрмыс-тiршiлiгiнен қалған жәдiгерлер. Бiз Абай үйiнiң орталық бөлмесi мен жұмыс бөлмесiн араладық.

Семейде Әнияр Молдабаевтың үйiндегi Абай бөлмесiнде тұрған заттар қазiр осы мұражайда. Мұнда шарайна, қабырға сағат, қызыл пүлiшпен қапталған диван, жазу үстелi, орындық, кiтап сөресi бар. 1941 жылы Әнияр Молдабаевтың ұлы Сейiтқали мұражайға өткiзген екен.

Абайдың жазу үстелiнiң үстiнде Данте Али Керидiң «Божественные комедия» кiтабы, 1900 жылы шыққан Гогольдiң жинағы, Михаил Лермонтов, Некрасов өлеңдерiнiң толық жинағы, Белинскийдiң 1860 жылы Мәскеуден шыққан «Белинского сочинение» кiтаптары да Абайдың қаншалықты оқымысты болғанының айғағы.

Абай пайдаланған заттар, оның iшiнде тоғызқұмалақ, дойбы, алғашқы есеп шот, жасанды (протез) тiс ақынның жұмыс бөлмесiнде жер үстел бетiнде тұр. Бұл заттар Абай бақиға озған соң Еркежанда болған екен. Кейiн Кәмалия 1941 жылы мұражайға өткiзген.

 

P,S:

Мұражай ауласынан шыға берiсте үшкiл гранит тас қойылған. Бұл символдық түрде кәрi құрлықтың кiндiгi деген мағынаны бередi. Яғни тасқа «Еуразия кiндiгi» деп қашап жазылған. Шындығында, Абай ой-санасы қазақ елiн Шығыс мәдениетiмен, Еуропа өркениетiмен жалғаған ғажап құбылыс, алтын кiндiк екендiгi даусыз.

Абай мен Шәкәрiм рухына Құран бағыштап болған сәтте, кесене жерiнен бiр түп жусанды үзiп алып, қалтама салған едiм. Ымырт үйiрiле көлiкке мiнiп, Семейге қарай бет түзегенде сол жусанды құшырлана иiскедiм. Қазақ даласының жусаны... Абай елiнiң жусаны...

 

 

 

Алматы-Семей-Бөрiлi-Жидебай-Алматы

(«Алматы Ақшамы», №73, 20-маусым; №77, 30-маусым, 2009 жыл)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1551
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3345
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6184