Қуаңшылық: Қарашөкеев жұрттан жылу жинап жатыр..
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстау облысындағы құрғақшылыққа байланысты халықтан көмек сұрап, отандастарымызды қолдауға шақырды.
«Ауа-райының қолайсыздығы мен оның салдары оңай болмай тұр. Қазақстанның көптеген өңірлеріндегі ерекше ыстық ауа райы құрғақшылыққа әкеп соқты. Жауын-шашынның аздығынан Маңғыстау облысы қатты зардап шекті.
Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар зардап шеккен аймаққа қолдау көрсетіп, қажетті жұмыстарды атқарып жатыр. Бүкіл ел бойынша еріктілер де қомақты үлес қосуда»,- делінген министрлік хабарламасында.
Осыған орай, министрлік қызметкерлері бір күндік жалақыларын табиғи құбылыстардан зардап шеккен тұрғындар мен фермерлерге көмек ретінде Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылған арнайы шотқа жіберген.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері еліміздегі барлық еңбек ұжымдарын осы іске ат салысуға шақырып, реквизиттерін жариялады.
«Министрлік барлық меншік нысанындағы еңбек ұжымдарын қиын жағдайға тап болған отандастарымызды қолдауға және қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырады»,- деп мәлімдеді министрлік.
БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Маңғыстау облысында 850 мың мал басы бар. Биыл болған қуаңшылық салдарынан өңірде 1400-ге тарта мал қырылған.
Ауылшаруашылығы министрлігі маусым айында аймақтағы қуаңшылық мәселесін шешу үшін өңір қазынасынан 200 млн теңге бөлінгенін хабарлаған. Ал, шілде айында Маңғыстау халқына көмек беру үшін республикалық резервтен 1,9 млрд теңге бөлінді. Khabar.kz-тің ақпаратынша, аталған қаражат 10 тамыз күні Маңғыстау облысына жеткізілген.
- Үкіметтік резервтен мал азығын арзандату мәселесіне 1,9 млрд теңге бөлінді. Жем-шөп Ақтөбе облысы мен Батыс Қазақстан облысынан сатып алынып, Маңғыстау облысының аудандарына жөнелтіледі. Қыста шөп жетпей жатса, қосымша қор ретінде пайдаланылады,- деді министр Е.Қарашөкеев.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz