Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4074 0 пікір 4 Маусым, 2012 сағат 11:16

Мемлекеттік рәміздер ‑ тәуелсіз мемлекеттің мызғымас тетіктерінің бірі

АСТАНА.  4 маусым. ҚазАқпарат - Ежелден еркіндікпен өмір сүріп, еңселі ел болуды әр уақытта айбар еткен бабаларымыз «егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» дегенді айтқан еді.

Ал сол егемендіктің ең басты белгісі тәуелсіз ұлттың нышандары, тәуелсіздікті білдіретін мемлекеттің ұлы рәміздері болатын. Басқаша түсіндірсек, мемлекеттік рәміздердің өзі «тәуелсіздік» сөзін мәдени нышандар ұғымымен ұштастыратын синоним. Сондықтан да рәмізсіз тәуелсіз елдің болмайтыны анық. Әлемде мойындалған қанша мемлекет болса сонша рәміз бар, сол арқылы ғана біз дүниеде «терезесі тең» елдердің қатарын танимыз һәм өзімізді де өзгеге танытамыз. Ендеше кез келген елдің тәуелсіздігінен оның рәміздерін де бөле-жарып қарауға еш болмайды. Оның үстіне егемен ел болып, өзінің тәуелсіздігін төрткүл дүниеге танытудың адамзат өркениеті мойындаған бірнеше алғышарты болса, соның бастысы  - тәуелсіз елдің төл рәміздерінің болуы.

АСТАНА.  4 маусым. ҚазАқпарат - Ежелден еркіндікпен өмір сүріп, еңселі ел болуды әр уақытта айбар еткен бабаларымыз «егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» дегенді айтқан еді.

Ал сол егемендіктің ең басты белгісі тәуелсіз ұлттың нышандары, тәуелсіздікті білдіретін мемлекеттің ұлы рәміздері болатын. Басқаша түсіндірсек, мемлекеттік рәміздердің өзі «тәуелсіздік» сөзін мәдени нышандар ұғымымен ұштастыратын синоним. Сондықтан да рәмізсіз тәуелсіз елдің болмайтыны анық. Әлемде мойындалған қанша мемлекет болса сонша рәміз бар, сол арқылы ғана біз дүниеде «терезесі тең» елдердің қатарын танимыз һәм өзімізді де өзгеге танытамыз. Ендеше кез келген елдің тәуелсіздігінен оның рәміздерін де бөле-жарып қарауға еш болмайды. Оның үстіне егемен ел болып, өзінің тәуелсіздігін төрткүл дүниеге танытудың адамзат өркениеті мойындаған бірнеше алғышарты болса, соның бастысы  - тәуелсіз елдің төл рәміздерінің болуы.

Қазақстан да ел тәуелсіздігінің ақиқаты айқындалған тұста оны ең алдымен егемен елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік Декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейінгі күн тәртібінің басты мәселесі, тәуелсіздігіміздің рухани жаршылары атанған Мемлекеттік рәміздерімізді қабылдауға байланысты болғаны анық. Осылайша,  ел тәуелсіздігі жариялануының тура 130-шы күні, 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының тұңғыш рәміздері: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы және осыдан біразырақ өткеннен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны (Гимні) қабылданды. Осылайша, бұл елдігіміздің, ел болуымыздың жарқын белгісін білдіретін айрықша тарихи датаға айналды. Көгімізде Көк туымыз желбіреп, Елтаңбамыз бен Әнұранымызды бекіткен сәттен бастап елдігіміздің белгісін әлем жұртшылығы тағы бір мәрте мойындады. Ендеше қазақ үшін, оның ішінде елдіктің тірегін сақтаушы өскелең ұрпақ пен оның патриоттық тәрбиесі үшін 4-і маусым ерекше күн ретінде саналып, қастерленуі шарт.

Жалпылама алғанда мемлекеттік рәміздер - бұл белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі, нышан. Ал әлемдік каталогқа енген Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне келетін болсақ, халықаралық қауымдастық пен саралы сарапшылар, талғамы жоғары танымгерлер арасында елдігіміздің символдары ерекше жоғары бағаланғаны белгілі. Бұлай болуы да заңдылық іспеттес. Өйткені, Қазақстанның Көк туы мен Елтаңбасы төл тарихимыздың тамырын тереңнен бойлап, алаштығымызды айқындайтын ұлттық болмысымыздың айшықты арқауы ретінде танылады.

Қазақтың Көк Туының да өз ұлттық, рухани болмысы бар. Мәселен,  Туымыздың зеңгір көк түсі ‑ біртұтастықтың, бірліктің және бейтіп те ашық көк аспанның белгісі. Көк байрақта орналасқан күннің белгісі тыныс‑тіршіліктің, шаттықтың және қайғысы жоқ өмір нышанының белгісі. Күн астында шалқып қалықтап ұшқан дала қыраны. Ұлы даланы мекендеген көшпенді жұрты ықылым заманнан‑ақ қыран құсты күштің, еркіндіктің және бостандықтың белгісі ретінде біледі. Сондықтан да ондай белгінің ұлы даланың бүгінгі мұрагері Қазақтың төл Туында көрініс табуы да заңдылық. Қыранның қырағылығы мемлекеттің мызғымастығын танытып тұратындай. Тудағы тағы бір ерекше белгі ‑  ою өрнекті «Қошқар мүйіз». Бұл халқымыздың бай мәдениетін, сұлулықты түсіндірудің эстетикалық заңдылығын қамтиды.

Осындайда ерекше ескере кететін тағы бір әңгіме Туымыздың, Елтаңбаның  тұңғыш дүниеге келген тұсындағы «қарбаласқа» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, осынау мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселеге баса назар аударған болатын. Ресми рәміздер жобаларына шығармашылық конкурс жариялап, өткізу, үздік жобаларды іріктеу және Конституция талаптарына сәйкес бекіту жұмыстары 1991 жылдың желтоқсанынан 1993 жылдың қаңтарында әнұран сөзін қабылданғанға шейін жүрсе, Елбасы Н. Назарбаев осы жұмыстардың бәрін ұдайы назарында ұстап, тікелей араласып, бағыт-бағдар беріп отырғаны белгілі. Президент комиссияның шығармашылық топтарының отырыстарына қатысып, Парламенттегі талқылауларға бастан-аяқ белсене араласты. Осындай тарихи кезеңдегі бір сәтті Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі, ҚР тұңғыш Мемлекеттік рәміздерін әзірлеу жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы (1991-1993 жылдар) Ербол Шаймерденұлы былай еске алады: «...Алғашында онша ойластырылмаған басы артық деталь тәрізді әсер етіп, депутаттардың көңілінен шыға қоймады. Үзіліс кезінде жоба қасына келген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Ш. Ниязбековке: - Қазақы өрнекті жақсы тапқан екенсің, Шәке. Онда терең мағына бар. Мына көк түс, алтын күн мен қыран құс бейнелерінің рәміздік мағынасы, негізінен, жалпы адамзаттық құндылықтар биігінен сөйлейді. Ал «қошқар мүйіз» - нағыз төл ұлттық нақышымыз ғой. Жоба қабылданар болса, оның орналасу орнын да, бояу нақышын да, бір сөзбен айтқанда, дизайндық шешімін қайта қарау керек. Көріктірек, көрнектірек еткен жөн. Сонан соң мына күннің бейнесін тура ортаға жылжытқан дұрыс болады, - деп ескертті. Көп сөйлей қоймайтын көрнекті қылқалам шебері: - Ұқтым, Нұреке. Шалалау болды. Міндетті түрде жетілдіремін, - деп басын иді. Жоба авторына жасаған ұсыныстарын сәл кейінірек, үзілістен соң сөз алған сәттерінің бірінде, Елбасы депутаттар алдында да ортаға салды. Олар қолдады. Кейін орналасуы да, бояуы да, көлемі де өзгертілген ұлттық нақыш - қазіргі көк байрағымыздың ең бір көзайым деталі. Күн бейнесі де тура төрге қонды».

Мінеки, осындай кеңінен талқылауға түсіп, соның арқасында барша халықтың талғамынан шыққан терең мағыналы мақтанышымыз осыдан жиырма жыл бұрынғы тарихи күнде жалпылама мақұлданып,  елдің мәңгілік рәмізіне айналды. Бүгінгі күні біздің көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратының алдында, бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттерде орналасқан елшіліктеріміздің маңдайшаларында тұр. Қазақтың Көк Туын ғарышкер алаш азаматы Талғат Мұсабаев ғарыш кемесімен бірге алып ұшып, Жеті қабат көктің жүзіне көтерсе, альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына алып шықты, дүлдүл спортшыларымыз Әнұранмен бірге басқа елдердің алдында абырой биігіне көтере желбіретті. Бұған, бұндайға мақтанбайтын қазақ баласы жоқ шығар сірә!

Ал Елтаңбаға келсек, оның да бүгінгідей болып, терең мағыналы  шығуына жобаларды іріктеу мен қабылдауға қатысқан шығармашылық комиссия мүшелері мен Парламент депутаттарының да ықпалы мол болды. Дегенмен Елтаңбағаға қатысты үлкен еңбек қос сәулеткер Жандарбек Мәлібек пен Шота Уәли­хановқа тиесілі. Осы авторлардың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келген  Елтаңбадағы шаңырақ - өз ұлтымызға ғана тән, сәтті таңдалынған нышан. Шаңырақ қай кезде де қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Елтаңбамыз еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, біздің ортақ үйіміз Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді. Оның үстіне дәл осы шаңырақ бейнесін кезінде Алаш ардагерлері де өздерінің ұлт баспасөзінде пайдаланып, оны ұлттық рәмізі деңгейіне көтере алғаны анық. Әпсаналық арғымақтар да геральдикалық дәстүрлерге қайшылығы жоқ еркін шығармашылық көзқарастардың көзайым көрінісі ретінде қабылданған болатын.

Тәуелсіздігіміздің тұңғыш ресми рәміздері таңдалған сол тарихи күні Президент: «Осында бірнеше жоба қат-қабат жарыса талқыланып жатыр. Айды, сегіз бұрышты жұлдызды жаратпадық. Жарайды, солай-ақ болсын... Консенсус керек, әрине. Бірақ рәмізде тым болмаса біздің Шығыста тұратынымызды көрсетпеуде. Күн шығыстан шығады ғой. Біз - Тянь-Шань тауының етегінде, әлемнің күншығысында орналасқан мемлекетпіз. Қанатты қыран, бүркіт болса, ол да ұлттық нышанымызға жатады, ешқандай да жаугершілік пиғыл білдірмейді. Бұл белгілердің бәрінің астарын, рәміздік мән-мәнісін біз өз балаларымыз бен немерелерімізге де ешбір қысылмай, еркін түсіндіріп бере аламыз. Біз күн нұрын төккен, көк аспанның астында бейбіт өмір сүріп жатырмыз, береке-бірлікті қалаймыз - туымыздың бірыңғай бір түсті болуы да содан...», - деп тебіренген еді.

Ал ұлттың рухани тұтастығын білдіретін Әнұранымыз ‑ «Менің Қазақстанымның» тарихи өзегі де елдігімізбен етене. Ол сонау Кеңес Одағының ызғарлы тұсында қазақтың намысын қайрау мақсатында өмірге келген, ақын Жұмекен Нәжімеденов пен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлестігінен туындаған ән еді. Кейіннен қазақ халқының рухын жанитын бейресми ұранына айналған осы туынды 2006 жылғы қаң­тарда ресми түрде Әнұран болып бекітілді. Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазылған Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне кейін тәуелсіз елдің тілегін айшықтайтын түзетулерді Президент Нұрсұлтан Назарбаев енгізген болатын.

Сонымен бүгін Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің қабылдануына 20 жыл толып отыр. Ендеше өткен жолы Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл‑Мұхаммед айтпақшы,  «Мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығы әрбір қазақстандықтың патриотизм мен елге деген мақтанышын оятатын мерекеге айналуы керек». Елбасының сөзімен қорытындыласақ: «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Біз Тәуелсіздігіміздің рәміздерін көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар біздің ең киелі құндылықтарымыз». Ендеше Елбасының осы ұстанымын мектеп оқушыларынан бастап, бүкіл қоғам болып өзінің ұдайы басты назарында ұстауы керек. Өйткені, бір жағынан біздің елдігіміздің сыналатын бір тұсы да осы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347