Жамбылдағы жарылыс һәм Хрущевтан қалған бомба
Қасиетті қазақ жері мен елінің Кеңестер одағы мен АҚШ-тың «қырғи қабақ» соғысының, кеңестік «үлкен семиядан» іргесін аулақ салған Мао Цзедун мен Хрушевтің текетіресінің бейуаз құрбанына айналғанына өткен тарих, бүгінгі шындығымыз куә.
Горбачёвтің «қайта құруынан» кейін, данышпан Абай атамыздың атақонысының – ядролық сынақ алаңына айналғаны, жер асты-үстінде зардабы мың жылға кететін 500-ден астам жойқын жарылыстар жасалғаны жария айтыла бастады. Қазақ билігіне Кеңестер одағынан мұраға қалған алыс аралыққа жететін оқтұмсықтардың бағыты демократия бесігі – Америкаға, НАТО құрамындағы көшбасшы елдерге қаратылған екен.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлемдік беделді саясаткерлердің: ағылшындық «темір әйел» атанған Маргарет Тэтчер ханымның, шақпақ сәлделі Арапаттың, АҚШ-тың сол кездегі мемлекет істер хатшысының біздің елге арнайы ат басын бұруының себебі сонда жатыр екен.
2019 жылғы Арыстағы жарылыс – ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, НАТО мен азулы АҚШ-тың, іргеміздегі екі держава – орыс пен қытайдың көңілін орнықтырған, біздің бейбіт сүйгіш биліктің өз халқының амандығын, ядролық қарудан бөлек, шекаралық аймақтарда Хрущев көмген бомбалардың бар екенін ұмыт қалдырғанын көрсетті.
Кеше кешкісін Жамбылда болған кезекті алапат жарылыс биліктің қаперсіздігінің ғана емес, ноқта-жүгенсіз кеткенінің көрінісі. Қоймадағы қару-жарақтардың Арыстан жөткеліп әкелінгені мәлім болды. Қауіпті оқ-дәрілерді бір елді мекеннен екінші бір елді мекенге көшіріп, мәселені шешпек болған, ай мен күннің аманында тыныш жатқан жұртты дүрліктірген биліктің тірлігіне не дерсің?
Қорғаныс министрі болып тұрғанда Әділбек Жақсыбековтың кино сценарий жазғаны, Кәрім Мәсімовтің кітап шығарғаны есімізде. Ермекбаевтің Арыстағы жарылыстан бері нені ермек қылғаны белгісіз... Бір анығы алдыңғы апатқа ішкерілей талдау жасамағанын кешегі оқиға көрсетіп тұр. Әскери-қорғаныс саласындағы шенеуніктерге сабақ болар төтенше оқиғалар аз ба еді?! Қытай мен арадағы шекара неше тәулік қараусыз қалған «Арқан керген» оқиғасы, жиілеген әскери ұшақ апаты, шекара күзетінің ең жоғары қолбасшылары отырған ұшақтың апатқа ұшырауы, жарылыс оларға сабақ болмайтын сияқты.
Айтып-айтпай, бұл жолғы жарылыстың дүмпуі бөлек. БАҚ беттерінде АҚШ бақылауындағы Кабул әуежәйі маңында болған терактімен бірге жүр. Билік біле-білсе бұл жолғы апаттың салдары ауыр болуы мүмкін. Шошынған жұрт тынышталар, д»иван батырлары» ұлардай шулар, жазар да қояр. Орталық Азияның тыныштығына «алаңдап», Тәліптермен бізді күнде қорқытып отырған терістіктегі көршіміз тыныш жата ма?! Кеше ғана Лавров: «Кімде-кім АҚШ әскерін кіргізсе, сол нысынаға айналады», - деді.
Баяғыда батыс басылымдары «Ядролық отын сатпақ болған екі қазақ ғалымы ұсталды», «Бен Ладынның кекейтесті арманы Қазақстаннан ядролық шамаданды қолға түсіру», - деген мазмұндағы ақпаратты қарша боратқан. Мұндай ақпараттық шабуылдардың қандай нәтиже бергені баршамызға аян. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен», дегендей коронавирус өршігенде жерімізге көз алартып, мемлекеттігімізді менсінбей, сөз – вирустарын таратып отырған орыс билігінің жаңа бір саяси ойын бастамасына, құлаған ұшақтардың қара жәшігін Мәскеуге апарып оқытатын биліктің біліксіздігін бетіне басып, Хрушев көмген бомбаларды өзіміз зарарсыздандырамыз деп, білек сыбанбасына кім кепіл?! Бетін ары қылсын! Алда-жалда ондай әскери рейд бола қалса, оған тағыда тіл рейдтін бастаған «үңгірдегі ұлтшылдар» кінәлі болары хақ.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz