Дүйсенбі, 24 Қараша 2025
Әдебиет 42 0 пікір 24 Қараша, 2025 сағат 15:42

Абай кітапханасындағы Батыс пен Шығыс көріністері

Сурет: 365info.kz сайтынан алынды.

I бөлім: Абайдың Сенатқа жазған хаты

II-бөлім: Абай және Әлихан

Дереккөздеріндегі Абай кітапханасы

Абай кітапханасы дегенде, Абайдың ақын шәкірті Көкбайдың естелігі есімізге түсіп отыр. Көкбай: «Абай шын мағынасындағы мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молда сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат бағытын ғана алып, осыны дін қып қолданған.

Оның онан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін. Бәрінен өз тұсындағы үлкен молдалардың қайсысымен болса да қатар түсетін мағлұматы бар-ды», – дей келіп: «Абай Еуропа ғалымдарының ірі фәләсапасымен жазылған кітаптарын оқығанда, өзінің бойындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзін мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтушы еді. Сондағы көп насихаттың түпқазығы: Адамшылық, ақтық, әділет болса, осының барлығын да мұсылман дінінің дөңгелегіне әкеліп бір шалып кетіп отыратын», – дейді. (М.Әуезов жазбасындағы Көкбай ақсақалдың естелігі. М.Әуезов. 168-бет. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, «Санат» 1997 жыл)

Абай кітапханасының атын атап, түсін түстемесе де, Абай шығармашылығындағы Батыс пен Шығыс ой толғамдарының жалпы көлемі – Көкбай ақсақалдың естелігінде оқшау тұрған биіктердей болып, көзге анық аңғарылып тұр.

Дж.Кеннан, Ә.Бөкейхан, М.Әуезов еңбектері арқылы Абай кітапханасының батыс бөлігінің көлемі бізге біршама белгілі болса да, Абайдың Шығысы туралы нақты деректер жоқ.

Тек қана М.Әуезовтің: «Медресенің тынысы ауыр, тар ғаламында, қасаң тәрбиесінде жүрген шәкірттің шын сүйетін жандары – Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Фзули сияқты қазіргі шығыстық, совет елдеріміздің ескі классик ақындары болған», – дей келіп: «Медреседе тек сопылық мистикаға баулитын Яссауи, Бақырғани, Софы Аллаяр сияқтыларды өзіне үлгі етпей, олардан сау болғаны – мақтарлық сипат», – деп. (М.Әуезов. 35-36-беттер. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Монография. Т20. Алматы, «Жазушы» 1985 ж) Кеңестік идеологияның бетіне тіке келе алмай, Шығыс классиктерін «шығыстық совет еліміздің ескі классиктері» деп, оларды іштарта таныстырып, софылық ағымдағы Яссауи, Бақырғани, Софы Аллаярларды «софылық мистикаға баулиды» деп сынаған болып, Абайдың Шығысына жол нұсқайды. Нақты дерегін емес, бағдарын ғана айтады.

Абайдың Шығысын талдаған М.Әуезов – Абайдың «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы» секілді өлеңдері Науаи мен Фзулиге еліктеуден туған деп, Абайдың жас шағында жазған «Әлифби» өлеңін Науаидың «Чар – диуанымен» салыстыра талдап, Абайдың Шығысына жол нұсқаса да, Абай кітапханасының шығыс бөлігінің нақты дерегі туралы сөз қозғамаған.

Ақын шығармашылығындағы мораль философиясы – оның жоғарыда аты аталған шығыс классиктерімен қатар Әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындары», «Мейірімді қаланың хакімдері» секілді философиялық еңбектері мен сопылық ілімнің бастауында тұрған Қожа Ахмет Яссауидің, Сүлеймен Бақырғанидің және имам Ғазали мен оның шәкірті Шихабеддин Маржани еңбектерінен бастау алғандығы оның «иманигүлді», «толық адамды» насихаттайтын «Абай ілімі» арқылы көзге анық көрініп тұр.

Бір сөзбен айтқанда, «Абай ілімі» – Шығыстан яғни, ислам дінінің «Сопылық» ілімі мен Әл-Фарабидің философиялық ойларынан тамыр алады. Бұл – анық. Сондықтан да, Абайды – Шығыстың ұлы ойшылдары Әл-Фарабидің, Қожа Ахмет Яссауидің, Ахмет Игінекейдің, Хас-Хаджип Баласағұнның, Сүлеймен Бақырғанидің, Имам Ғазали мен кешегі Шихабеддин Маржанидің жолын жалғастырушы ұлама ойшыл деп түсінгеніміз абзал. Ол адамгершілікті, моральдық философияны барлық нәрседен жоғары қойды. Дінді сенім әрі тәрбие құралы деп есептеген Абай, «Иманигүлді», «Толық адамды» насихаттай келе, тұлғалық сананы жоғарғы деңгейге көтере отырып, ой-сананы түзеумен қоғамды,шаруашылық болмыстың баршасын өзгертіп, түзеуге болады деген тұжырым жасайды.

Қалай десек те, шығармаларының өзегі болған моральдық философияның рухани бастауын Абай Шығыстан алды. Бұл – анық!

Біз Абай кітапханасының шығыс бөлігін – Абай шығармаларындағы мораль философиясының тәрбиелік мәні арқылы бағалауға тиіспіз.

Шығыс бөлігіндей емес, нақты деректер арқылы белгілі болған Абай кітапханасының батыс бөлігі бізге біршама айқын. Американың жазушы әрі журналисі Дж.Кеннан мен Ә.Бөкейхан және М.Әуезовтердің Абай кітапханасы хақындағы деректерінде Абайдың орыс классик жазушыларымен қатар ағылшын философ-ғалымдары Милль, Бокль, Дрепер, Дарвин еңбектерімен жақсы таныс болғандығы анық жазылған. Біз бұл жерде Абайдың «Дунияға көзімді ашқан Михаэлис» деген сөзін жоққа шығарудан аулақпыз.

Абай неге ағылшын философтары мен ғалымдарының еңбегін құныға оқыды? Себебі, XVIII-XIX ғасырлардағы Ұлыбритания – «Ғылым кімнің қолында болса, күш соның қолында», – деген тәмсілдің айғақты дәлеліне айналды.

Өз заманында, әлемдік гео-саяси жағдайды терең түсінген Абай еңбектеріндегі тәрбие мен моральдық философия бастауы Шығыстан алынса, қоғамдық сыни пікірлер мен адам өміріндегі ғылымның игі әсерін Абай Батыстан алды. Міне, осы тұста Шығыс ілімі мен Батыс білімін тең меңгерген Абай «адам баласының пайдасы үшін әрбір істің себебін іздейтін» (38- қарасөз)  хәкім дәрежесіне көтеріліп, өз заманының ең білімді адамдарының алдыңғы сапында тұрды.

Қоғам дамуының кілті ғылымда екенін ерте түсінген ағылшындар 1660 жылы «Табиғат туралы білімді дамытудың Лондон корольдік қоғамы» (Лондонское королевское общество по развитию знаний о природе) деген атаумен Ұлыбритания Ғылым академиясының негізін қалады. 1662 жылы Ұлыбритания корольдік хартиясы Британ ғылым академиясын өз жарғысымен ресми түрде бекітті.

Сол тұстағы Ұлыбритания Ғылым академиясы өз жарғысындағы «Ешкімнің сөзі емес, тек дәлел мен тәжірибе» деген ұранды ту етіп ұстады. Ұлыбритания Ғылым академиясының негізгі мақсаты: Қоғамнан тыс, шынайы өмірге жуыспайтын, схолостикалық Аристотель философиясы мен шіркеудің діни уағыздарын жоққа шығара отырып, табиғат пен қоғамды нақты тәжірибе арқылы зерттеу болды. Лондон корольдік Ғылым Академиясының дәл осы ұраны мен мақсаты –Ұлыбританияда ғылымның дамуына жағдай жасай отырып, британ қоғамында буржуазия мен өнеркәсіптің дамуына игі әсерін тигізді және капиталистік қатынастардың орнығуын жылдамдатты. XVII ғасырдың II жартысынан бастап Ұлыбританияда кеме жасау мен теңізде жүзу ісі, қоғамдық және жаратылыстану ғылымдары дами отырып үлкен жетістіктерге жетті де, Ұлыбритания «әлем қожасына» айналды.

Ұлыбританияда ғылыми жетістіктер арқылы байып, тарих сахнасына шыққан ұлттық буржуазия – бұған дейін инквизация соты арқылы қоғамды тұншықтырып дамытпай, мемлекеттік мәселелердің барлығын өз бақылауында ұстап келген шіркеуді, ағылшын қоғамына әмір жүргізу мүмкіндігінен айырды. Бұл – Ұлыбритания ғылымының онан әрі қарыштап өсуіне жағдай жасады. Бір сөзбен айтқанда, XVIII-XIX-ғасырлардағы Британ қоғамындағы ғылымның өркендеп өсуі – қоғамдық даму мен өркениетке жетудің негізгі тетігіне айналды. Бұл жағдай – ғылым жетістіктерін ту еткен адамзат қоғамындағы «Жаңа тарихтың» басталуына себепкер болды.

Джордж Кеннан, Әлихан Бөкейхан, Мұхтар Әуезов еңбектерінде көрсетілгендей, адамзат өркениетіндегі «Жаңа тарихтың» бетін ашқан  Милль, Бокль, Дрепер секілді  ағылшын ғылымы өкілдерінің еңбектерімен Абай түгел таныс болған. Бұл аталған ғалымдардың еңбектері – шартты түрде айтқанда, Абай кітапханасының «батыс» бөлігін құрады.

XIX ғасырдың II жартысындағы Ұлыбритания ғылымындағы Милль, Бокль, Льюис, Дрепер, Спенсер секілді «оң ықпалды философия» (позитивная философия) ағымының өкілдері: Қоғам мен табиғатты зерттеу – біреудің айтқан сөзі немесе, өз ойың мен қиялың бойынша емес, нақты тәжірибе арқылы жүзеге асуға тиіс дейтін танымдық бағыттағы ұстанымды ұстанды. 1856 жылы жазылып бітіп, 1861 және 1875 жылдары Ресейде орыс тілінде жарық көрген Джон Дрепердің «Еуропаның ақыл-ойының өркендеу тарихы», (История умственного развития Европы) Чарльз Дарвиннің 1859 жылы жарық көрген «Түрлердің шығуы», (Происхождении видов) 1857 жылы жарияға шыққан Генри Томсон Бокльдің «Англия өркениетінің тарихы», (История цивилизаций Англии) еңбектерімен өзін білімдімін, мәдениеттімін деп есептейтін зиялы қауым өкілдері түгел таныс болуға міндетті болған. Себебі, бұл аталған үш еңбек – XIX ғасырдың II жартысындағы күллі ғылым мен өркениеттің бағыт-бағдарын айқындауға мұрындық қана болған жоқ, бұл аталмыш еңбектер сол кезеңдегі әлемдік ғылымның даму бағыттарының нақты көрінісі де болатын.

Осы үш еңбектің ішінде Дрепердің «Европаның ақыл-ойының өркендеу тарихы» мен  Бокльдің «Англия өркениетінің тарихы» еңбектерімен Абайдың таныс болғандығы хақында Дж.Кеннан мен Ә.Бөкейхан еңбектерінде нақты айтылып өткен.

Ал, М.Әуезов Абайдың Ч.Дарвин еңбегімен де таныс болғанын атап өтеді. (Қараңыз: М.Әуезов. 52-бет. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Монография. Т20. Алматы, «Жазушы» 1985)

Дж.Кеннан, Ә.Бөкейхан, М.Әуезов еңбектеріндегі «Абай кітапханасы» хақындағы пікірлерге сүйене отырып айтар болсақ: Абай XIX ғасырдың II жартысындағы  күллі ғылым мен өркениеттің бағыт-бағдарын айқындайтын әлемдік деңгейдегі еңбектермен түгел таныс болып қана қоймай, өзінің ғылымға сүйенген ойларын «Ғақлият» деген атаумен қағаз бетіне де түсіріп отырды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Абай еңбектеріндегі моральдық философия бастауы Шығыстан алынса, ғылымның адамзат өркениетіндегі жетекші рөлі мен қоғамға деген жеке тұлғалық сыни ойлар бастауын Абай Батыстан алды. Қалай десек те, шығыс ілімі мен Батыс білімін тең меңгерген Абай, өз заманының ең білімді адамдарының алдынғы сапында болғаны анық.

Абайдың: «40-қа таман келгенде көп оқымыстыларды оқып, батысым – шығыс, шығысым – батыс болып кетті», – деп айтқан кезі бәлкім, Абай өмірінің осы тұсы болар.

Абай «батысым – шығыс, шығысым – батыс болды», – дегенде, өз басындағы пікір өзгерістерін ғана айтып отырған жоқ. Біз бұл жерде «шығыстық» немесе «батыстық» деп аталатын түсініктерден арылған, барлық мәселенің түпнегізі тұтаса біткен бір ғана әлем екенін ғылым арқылы толық түсініп, әлемдік деңгейге көтерілген ой алыбы, хәкім Абайды көріп отырмыз.

Абай кітапханасының батыс бөлігіндегі Дрепердің «Еуропаның ақыл-ойының өркендеу тарихы» мен Бокльдің «Англия өркениетінің тарихы» еңбегі айтпақ ойымен идея жөнінен өте ұқсас, тамырлас еңбектер.

1856 жылы Дрепер «Еуропаның ақыл-ойының өркендеу тарихы» жарық көргенде: «Бұл еңбекті жазуға Бокльдің «Англия өркениетінің тарихы еңбегінің әсері болған жоқ», – деп жазған-ды. Десе де, Дрепер мен Бокль еңбектері идея жағынан көп жағдайда бір-біріне өте ұқсас. Себебі, екеуі де Ұлыбританияны өркениетке жеткізген – ғылым деген ой-ұстанымда болды.

Дж.Дрепердің «Еуропаның ақыл-ойының өркендеу тарихы» еңбегі екі томнан тұрады. Бірінші томында автор ежелгі дүние мен орта ғасырлық өркениетке тоқталып, халық адам секілді туады, есейеді, одан соң қартайып өледі деген Дрепер: «Еуропа табиғаттан тыс күштерге сеніп, дамудың алғашқы сатысында тұрғанда, Азияда ғылым дамып, олар күкірт қышқылын ойлап тауып, медицинада химияны пайдаланды», – дей келе: «Азия – өркениет бесігі», – деп жазды.

Қазіргі Еуропоцентристік көзқарастағы ғалымдар ежелгі дәуірдегі Азия өркениетін мойындамай: «Өркениет Еуропадан бастау алды», – десе, XIX ғасырдың II жартысындағы ағылшын ойшылы Дрепер: «Азия – өркениет бесігі», – деп ашық мойындаған.

«Еуропаның  ақыл-ойының өркендеу тарихы» кітабының екінші томында автор XIX ғасырдағы өсіп-өркендеген Еуропа туралы айта келіп, адамдар білім арқылы ғылымды игеріп, оларда дін мен меншік құқығы сақталса, бұл – Еуропа елдерінің мұнан әрі өсуі мен өркениетінің кепілі деген тұжырым жасайды.

Дрепердің «Еуропаның ақыл-ойының өркендеу тарихына» кеңірек тоқталып отырған себебіміз: «Ұлыбритания өркениет пен дамудың биік шыңына ғылым арқылы жетті», – деген ойды ту етіп ұстаған автор еңбегіндегі айтылған ойдың негізгі идеясы – ғылымды насихаттау. Мүмкін, Дрепер еңбегінің әсері, мүмкін, басқа жағдай... Қалай десек те,  ұлттық даму мен өркениет кілті ғылымда екенін Абай өте терең түсінді. Сондықтан да: «Ғылым Алланың бір сипаты, ол хақиқат. Алла Тағалада болған құдырет – ғылым һәм рақмет», – деп, (38-қарасөзі) адам баласының «асық» болатын, «қашық» болатын да бес нәрсесінен бұрын ғылым табу керек деген ойды насихаттап: «Ғылым таппай мақтанба», – деген Абай, ғылымды бар жәйдан жоғары қойды.

Құранды тәпсірлейтін дін ғылымы: «Алла біреу. Алла мұңсыз. (Әр нәрсе оған мұқтаж) Ол тумады да, туылмайды. Әрі оған ешкім тең емес», – деген «Ықылас сүресіндегі» ойды негіз етіп: «Алла туралы терең ойланба. Алланың жаратқандары арқылы Алланың құдіретін таны, оған бар болмысыңмен сен», – десе,

Абай:

Көңілге шәк, шүбәлі ой алмаймын

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, – деп, шәк келтіретін, шүбәлі ойды ойламаймын, Аллаға сенемін бірақ, сену үшін ойланамын, – деп Жаратушы Хақ Тағала Алланы ақылмен түсінгісі келеді.

«Сіз, Әмәнту биллаһи кәма һуә би исмайһи уа сифатиһи дедіңіз» (Құдайға, оның есімдері мен сипаттарына иман келтіремін 38-қарасөзі.), – деген Құран сүресін өзінің 38-қарасөзінде дәлел ретінде ұстанған Абай, Алланың өзіне тән Хаят- тіршілік, тірі болу, Ғылым, құдірет-күш, Басар – көру, Көруші, Сәмиғ – есту, Естуші, Ирада – тілеу, Кәләм – сөз, Тәкин – болдыру секілді сипаттарын атап: «Егер де, ол сипаттар бірлән, тағрифламасақ бізге мағрифатулла (Алланы тану) қиын болады», – деп, (А.Құнанбаев. 188-189-беттер. Шығармаларының толық жинағы. 38-қарасөз. Екінші том. Алматы. «Ғылым» 1977) бұл аталған сегіз сипаттың ішінен Ғылым мен Құдіретті екшеп, бөліп алып Алланы Ғылым арқылы және оның сегіз сипаты мен оның 99 есімі арқылы тануымыз керек деген ой ұстанымын ұсынады. Біз мұны барлық жайдан ғылымды жоғары қойған Абайдың идеалистік тұрғыдағы метафизикалық көзқарасы деп түсінгеніміз жөн. Дәл осындай ой ұстанымын Абайдан өзге бірде-бір Шығыс ғұламасы айта алған жоқ. Сондықтан да біз қазір Абайды – шығармаларындағы философиялық ойлары мен «имани гүлді», «толық адамды» насихаттайтын Құран-Кәрім негізінде тәпсірленген «Ғақлият-Тастиқат» ғылыми трактаты арқылы әлемдік деңгейге көтерілген Шығыс ғұламасы деп қабылдағанымыз жөн.

Ғылымды «адамның ғылымы», «Алланың ғылымы» деп екіге бөлген Абай – «Алланың ғылымы» деп рухани дүние байлығын негіз еткен мораль мәселесін айтса, «адамның ғылымы» деп – «әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықбірлән табылатын күллі құпияның кілті», – (38-қарасөзі) адам өміріндегі ғылымды айтады.

«Абай іліміндегі» рухани байлық – «Алла ғылымы» деп аталатын философиялық – мораль мәселелерінің негізі Шығыстан келді десек те, адам өміріндегі ғылымның рөлін Абай Батыстан алды.

Сонымен, Хақты танып, бір Аллаға қапысыз сенетін білімді һәм ғылымды рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген Абай іліміндегі «толық адам», бұл – Шығыс пен Батыс құндылықтарын тең игерген әлемдік тұлға. Біздің ойымызша, Шығыс ілімі мен Батыс білімін толық игеріп, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген Абай – өз заманында толық жетілген «кемел адамның» бірден-бір үлгісі болды. Абайдың жан-жақты білімдарлығын сөз ететін естеліктер өте көп. Сондай естеліктердің бірі Абайдың ақын шәкірті Көкбай ақсақалдың естелігі.

Көкбай ақсақал өз естелігінде былай дейді: «Сонымен кейінгі жалдарда Семейге Миссионер деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда, имамдар болса, сөйлесемін деп іздегенде, Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы араларынан бір ауыздан Абайды сайлап шығарып, Сергейден жеңілмей өз дінінің әбүйірін аман сақтап шығуына мешітке жиылып мінәжәт қылып, Абайға бата беріп, тілек тілеп жөнелткен. ...Абай барғанда Сергей дін жайында талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап және артынан жәй әңгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қаншалық таласты, ол арасын мен толық білмеймін. Бірақ, артынан Абайдың өзінен сұрағанда азын-аулақ айтқаны: «...Сергей дін жайынан аз сөйлесті де, жалпы ғылыми әңгімеге түсіп кетті. Сонан соң мен де дін жайын қайта қозғағам жоқ», – деді.

Бұл мәжіліс туралы тағы бір есімде қалған нәрсе: осы сөйлесетін күні Сергейдің қасында Семейдің көп поптары бар екен. Солардың кейбіреулері бір әредекте мұсылман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда Сергей: «Сендер қойыңдар, Ыбырайым Құнанбаев сендердің тісің бататын кісі емес», – деді дейді. (М.Әуезов. 168-169-беттер. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Абай туралы Көкбай ақсақалдың естегілері. Алматы, «Санат» 1997.)

Ақиқатына келгенде, Абай кітапханасының дереккөздері анық айтылмаса да, Батыс пен Шығысты тең меңгерген білімдар Абай бейнесі Көкбай естелігінде бар қырынан айқын бейнеленген.

Үшінші бөлімнің соңы. Жалғасы бар...

Нұрғали Махан

Abai.kz

0 пікір