Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8187 6 пікір 27 Тамыз, 2021 сағат 16:28

Талибанды кімдер басқарады?

Талибанның Ауғанстанды басып алуына кім мүдделі?

Талибан радикалды қозғалысының содырлары Ауғанстан билігін басып алып, 1996 жылдан 2001 жылға дейін тәліптердің бақылауында болған «Ауғанстан Ислам әмірлігі» мемлекетін қайта құруға уәде берді.  Соңғы 20 жыл ішінде қозғалыстың өзі де, басшылығы да өзгерді. Бүгін оқырманға соңғы жылдары Талибан тобын басқаратын негізгі көшбасшылар туралы мәліметтерді ұсынбақпыз.

Хайбатулла Ахунзаде
Талибанның жоғарғы көшбасшысы

Талибан радикалды қозғалысының өкілдері тізімінде бірінші болып ұйымның қазіргі жоғарғы көшбасшысы — Хибатулла Ахунзадені атаған жөн. 1980 жылдардағы кеңестік науқан кезінде ол мужахидтер жағында соғысқан, алайда оның майдандағы шайқастарға қатысуы туралы ақпарат жоқ. Ахунзаде 1994 жылы Талибанға қосылғаннан кейін көп ұзамай қозғалыстың негізін қалаушы Молла Мұхаммед Омардың сенімді адамдарының біріне айналды.

1996 жылы «Ауғанстан Ислам әмірлігі» құрылғаннан кейін ол әскери соттың бастығы және Жоғарғы Сот төрағасының орынбасары қызметін атқарды. The Washington Post газетінің хабарлауынша, екі сот та ұрлық жасағаны үшін қолын кесу және ауыр қылмыс үшін таспен ұру сияқты қатаң жазалау саясатын ұстанған.

2001 жылы «Ислам әмірлігінің» жойылуы Ахунзадені Ауғанстаннан кетуге және көршілес Пәкістанға көшуге мәжбүр етті. Онда ол негізінен діни мұсылман мектептерінде сабақ берді. Ахунзаде Ауғанстанға тек 2013 жылы қозғалыстың жетекшісі Мұхаммед Омар қайтыс болғаннан кейін оралды. Ахунзаденің өзі Омардың мұрагері Ахтар Мұхаммед Мансұрдың өлімінен үш жыл өткен соң Талибанды басқарды. Оны арнайы операция кезінде АҚШ әскері жойды. Айтпақшы, Ахунзаде Талибанның әскери операциялары мен террористік актілерін ақтайтын жарлықтар шығаруға жауапты деп саналады.

Ахундзаденің бейнесі негізінен жұмбақ. Соңғы жылдары «Талибан» жетекшісі көпшілікке көрінбейді, ал БАҚ өкілдері оның қайтыс болғаны туралы, сондай-ақ коронавирустан қайтқаны жөнінде бірнеше рет хабарлады. Алайда бұл ресми түрде расталған жоқ.

Ол қазіргі заманғы технологияларға теріс қарайтын, атап айтқанда ұялы телефонды қалай пайдалану керектігін білмейтін консервативті теолог ретінде танымал. Ал Батыста әскери тәжірибесі аз адам ретінде сипатталады. Негізінен есірткі саудасымен толықтыратын қаржы саласындағы маман деп санайды.

Абдул Ғани Барадар
Талибанның бет-бейнесі

Абдул Ғани Барадар бүгінде топтың «бет-бейнесі» және саяси қанатының жетекшісі ретінде танымал. Ол батыс елдерінің өкілімен, сонымен қатар Ауғанстанның бұрынғы билігімен бейбіт келіссөздер кезінде байланыс орнатып, бұл оқиға ресми түрде Талибан елін басып алумен аяқталған. Өткеніне көз жүгіртсек, «Ислам әмірлігі» кезінде террористік және әскери операцияларды үйлестіруге және оларды қаржыландыруға жауапты Талибанның басты әскери стратегтерінің бірі болды.

2001 жылы АҚШ-тың Ауғанстандағы операциясы басталған кезде Барадар Талибан мемлекетінің Қорғаныс министрі қызметін атқарды. «Ислам әмірлігі» құлағаннан кейін ол Пәкістанға кетіп, онда тоғыз жылдан кейін жергілікті қауіпсіздік күштері мен ЦРУ-дың бірлескен күшімен қамауға алынды. Барадардың тұтқындалуы 2018 жылға дейін созылып, АҚШ шешімімен Пәкістан түрмесінен босатылды. Сөйтіп оның көмегімен Вашингтон Ауғанстандағы жағдайды шешу үшін Талибанмен келіссөздер жүргізуге шешім қабылдады.

Бостандыққа шыққаннан кейін Барадар прагматикалық және дипломатиялық тұлға ретінде беделге ие болған Талибанның бас дипломаты болды. Ол АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеомен жеке келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, кездесуге Мәскеуге келіп, Қытай өкілдерімен байланыс орнатты. The Wall Street Journal ақпаратына сәйкес, 2020 жылы Талибан дипломаты АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, Ақ үйдің басшысымен тікелей байланысқан Талибанның алғашқы көшбасшысы атанды.

Мұхаммед Якуб
Талибан негізін қалаушысының ұлы

Топтағы тағы бір маңызды адам әрі қозғалыстың ең жас жетекшілерінің бірі – Талибан негізін қалаушы Мұхаммед Омардың үлкен ұлы Мұхаммед Якуб. Шамамен, Якуб 1990 жылы дүниеге келген. Әкесі сияқты, ол да молда. 2013 жылы Омар қайтыс болғаннан кейін танымалдығы артты.

The Wall Street Journal шолушылары Якубты радикалды қозғалыстың байсалды өкілі деп атайды.

Қазір ол ұйымның қарулы күштерін басқарады. Десе де, алғашында оны Омардың ықтимал мұрагерлерінің бірі ретінде «Талибан» көшбасшысы атап жүрген. Якуб 2013 жылы қозғалыстың басқа өкілдерімен қақтығысқа байланысты әкесінің орнын алған жоқ.

Содырлардың басшылығынан басқа, ол қазіргі Талибан басшысының орынбасарларының бірі. Қозғалыстың өзінде айтылғандай, 2020 жылы топ жетекшісі коронавируспен ауырғанда Якуб уақытша ұйым жетекшісінің міндетін атқарушы болды. Ауғанстанды Талибан басып алғаннан кейін, ол алғашқылардың бірі болып қозғалыс содырларын ауған әскерлері мен Үкімет мүшелеріне зиян тигізбеуге шақырды. Сонымен қатар елдегі базарлар мен дүкендердің тұрақты жұмысын бақылауды талап етті. Бір жылдары Якубты өлді деген де ақпарат тараған.

Сиражуддин Хаккани
Талибан содыры

Талибан басшылары туралы айта отырып, қозғалыстың ең радикалды қанаты саналатын «Хаккани желісі» басшысын айтпай кетуге болмайды. Әңгіме Ауғанстанда бірқатар диверсиялар мен террорлық актілерді ұйымдастырды деп ресми айыпталған Сираджуддин Хаккани туралы болып отыр. Атап айтқанда, Хаккани желілері 2008 жылы Кабулдағы Серена қонақ үйіне шабуыл жасап, содан кейін ұйым АҚШ-тағы террористер тізіміне енген.

Хаккани қанаты көптен бері АҚШ бастаған халықаралық коалицияны жоюға тырысып, оны Ауғанстандағы миссиясының басымдықтарының бірі деп атады. Алайда, жою әрекеттері өте сәтті болмады. Тек 2017 жылы «Хаккани желісі» 5 мыңнан астам жауынгерді құрады. Жақында топ Ауғанстан-Пәкістан шекарасын басқарды.

АҚШ Федералдық тергеу бюросы Талибан командирін ұстауға көмектесетін ақпарат үшін 10 миллион доллар ұсынады. Айта кетейік, «Хаккани желісінің» көшбасшысы сонымен қатар 2020 жылы The New York Times оның «Талибан нені қалайды?» деген айдарын жариялағандығымен белгілі. Ал 2010 жылы ол 144 беттен тұратын «Муджахидтердің игілігі үшін әскери сабақтар» кітабын шығарды. Онда ол бас кесу мен жанкештілік жарылыстарды қолдайтынын жазып, Батыс мұсылмандарын халықпен араласуға, қырынуға, батыстың киімін киюге және «шыдамды болуға» шақырды.

Шер Мұхаммед Аббас Станикзай
Талибан саяси кеңсесінің басшысы

Талибанның тағы бір маңызды өкілі – Катардағы Талибан саяси кеңсесінің қазіргі басшысы Шер Мұхаммед Аббас Станиксай. 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында ол «Ауғанстанды азат ету ислам одағының» оңтүстік-батыс майданына басшылық етті. Ал Талибан билікке келгеннен кейін Ауғанстан ислам әмірлігі Сыртқы істер министрінің орынбасары болды.

Станикзай ағылшын тілін жақсы білетіндігін көрсетіп, батыстық БАҚ-қа жиі сұхбат берді. 1996 жылы ол сол кездегі президент Билл Клинтоннан Талибанның Ауғанстандағы билігін мойындауын сұрау үшін Талибан делегациясының басшылығымен Вашингтонға барды.

«Ислам әмірлігі» ыдырағаннан кейін Катарға кетіп, онда тәліптердің саяси кеңсесінің ашылуына ықпал етті.

Станикзай өз жұмысы кезінде Қытайдан келген түрлі делегациялармен келіссөздерге қатысты, сондай-ақ Өзбекстан мен Индонезияға сапармен барды. Бірқатар БАҚ 2020 жылы Станикзай Талибан басшылығына немқұрайды қарады және оның Катар кеңсесіне әсері айтарлықтай төмендеді деп жазады.

Абдул Хакім Хаккани
Талибан келіссөзшісі

2020 жылы Абдул Хакім Хаккани Станикзайдың орнына Катар тәліптер кеңсесінің келіссөздер тобын басқарды. Бұған дейін теолог Талибанның басты саяси органы орналасқан Кветта қаласындағы ислам діни мектебіне басшылық еткен.

Кветтада Хаккани тәліптердің сот жүйесі мен діни қызметкерлер кеңесін басқарды, қозғалыс өкілдерінің қатыгездігін ақтау үшін жарлықтар шығарды. Оны Талибанның жоғарғы басшысы Хибатулла Ахунзаденің жақын және сенімді тұлғаларының бірі деп те атайды.

Талибан дегеніміз не?

Ауғанстан билігін басып алғанға дейін Талибан қозғалысы теологтар мен дала командирлеріне бөлінген радикалды және қалыпты өкілдерден тұратын шашыраңқы топ болып саналды. Соңғы жылдары әртүрлі сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары қозғалыс ішінде үш үлкен күш — Хаккани желісі, Якуб молда тобы және Ахунзаденің жақын жақтастары барын айтады. Олардан басқа, ұйымда көптеген басқа фракциялар бар. Бірақ олар негізінен осы үш топқа сүйенеді.

INION RAS (Ресей ғылым академиясының әлеуметтік ғылымдар бойынша ғылыми ақпарат институты) зерттеушісі Георгий Асатрян өз сұхбатында:

«Ауғанстанға тәліптердің шабуылы кезінде біз Талибанның жоғарыдан келген бұйрықтарды және олардың демеушілерінің, негізінен Пәкістанның бұйрықтарына өте бағынатын орталықтандырылған құрылым екенін көрдік. Сондықтан фракциялар маңызды емес. Қозғалыстың Пәкістанмен терең интеграцияланған және Пәкістан қауіпсіздік күштерінің стратегиялық тапсырмаларын орындайтын, біртұтас майданда әрекет ететін жетекшісі мен басшылығы бар. Бұл өте тығыз құрылым», - дегенді айтып түйіндеген. Аталған сөзге сүйенсек, Талибан мен оның фракцияларының ішкі құрылымы туралы барлық пікірлер мәнсіз болып шығады.

Ескерту: Талибан - Қазақстанда Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес қызметіне тыйым салынған қозғалыс.

Дайындаған Рамина Чакирбаева

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329