Сенбі, 23 Қазан 2021
Алашорда 3262 3 пікір 30 Тамыз, 2021 сағат 11:14

Алаш мұрасының айбары

Биыл - Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл. Біз ел азаттығын тарихи Алаш қозғалысынан бөліп қарай алмаймыз. Өйткені оны асыл мұраты – Қазақ елі еркіндігі мен теңдігін қалыпына келтіріп, мемлекетшілдік негіздерін жаңғырту болатын.

Елімізде Алаш тақырыбы ХХ ғасырдың 80-жылдары соңында, тәуелсіздіктің елең-алаңында қаузала бастады. Осы елдік-танымдық, ғылыми-азаматтық жұмысқа 1991 жылдан бері үзіліссіз атсалысып келе жатқан ғалым, қаламгер, қоғам қайраткері - ЖҮСІП Сұлтан Хан Аққұлыұлы.

Оның айнымас зерттеу нысанасы – Алаш қозғалысы айбары, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан мұрасы.

Осы жылы 16 шілдеде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде 2021 жылғы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы комиссиясының алғашқы сынынан өткен үміткерлерінің тізімі жарияланды. Соның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, белгілі алаштанушы, әлихантанушы, PhD ЖҮСІП Сұлтан Хан Аққұлыұлының «Алаш мұрасы: жинау, жүйелеу, зерттеу» атты тақырыптағы жұмыстар циклі көзімізге оттай басылды. Оған төменгідей еңбектері кіріпті: 1) «Әлихан Бөкейхан. Шығармалары – Сочинения» ғылыми-танымдық жинағы, 15 том. Құрастырушы, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерінің және Ә.Н. Бөкейхан шығармаларының библиографиялық көрсеткішінің авторы – С.А.Жүсіп («Алашорда» Қоғамдық қоры, 2017, 2018 жж.); 2) «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» монографиясы, 2 том, қазақ тілінде («Алашорда» ҚҚ, 2017). Авторы - С.А.Жүсіп; 3) «Alikhan Bukeikhan. The Unifier of Kazakh lands” монографиясы, 1 том, ағылшын тілінде («Алашорда» ҚҚ, 2017). Авторы - С.А.Жүсіп; 4) «Аліхан Букейхан. Син Великого степу» монографиясы, 1 том, украин тілінде (Ужгород, Украина, 2017). Авторы - С.А.Жүсіп; 5) «Алихан Букейхан. Собиратель казахских земель» монографиясы, 2 том, орыс тілінде («Алашорда» ҚҚ, 2017). Авторы - С.А.Жүсіп; 6) «Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиясы. С. Жүсіп жоба жетекшісі («Қазақ энциклопедиясы», 2018. – 784 б.). Авторы - С.А.Жүсіп.

Бұл жұмыстардың бәрі де - отандық және шетелдік ғылыми қауым тарапынан жоғары бағаланған, сондай-ақ бүгінгі Қазақстан мұратану саласының, гуманитарлық ғылымның өрісін, деңгейін, нәтижесін көрсететін еңбектер.

Өз басым ғалым, зерттеуші-қаламгер Сұлтан Хан Аққұлыұлын 1990 жылдан бері білемін. Ол әлихантану мен алаштану бағытында үзіліссіз 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Оның ғылыми жинау, жүйелеу, зерттеу жұмыстары кезең-кезеңмен толығып, Тәуелсіз Қазақстанның мұраты мен мүддесіне, ғылыми талабы мен талғамына жауап берді. Түйіндеп айтар болсақ, Сұлтан Хан Аққұлыұлы Жүсіп мынандай ғылыми нәтижелерге қол жеткізді:

Біріншіден, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, эниклопедист-ғалым, сан салалы қаламгер Әлихан Бөкейхан ғылыми өмірбаянын, тұлғалық-шығармашылық жолын тірнектеп қалпына келтірді.

Екіншіден, мемлекетшілдік пен елшілдік қозғалыс тарихында қайталанбас тұлға Әлихан Бөкейханның барлық дерлік мұрасын ғылыми айналымға енгізді.

Үшіншіден, Әлихан Бөкейхан басқарған Қазақ елінің тарихи Алаш қозғалысының кезең-кезеңін анықтап, лайықты баға берді.

Төртіншіден, әлемдік ұлт-азаттық қозғалыстармен параллель қарауға лайықты Әлихан Бөкейхан тікелей қатысқан оқиғалардың орнын, маңызын  дәлелдеді.

Бесіншіден, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Әлихан Бөкейхан мұрасы мен мұратын танымалдандырудың практикалық жұмыстарын атқарды.

Осы еңбегінің өзі алаштанушы, әлихантанушы, PhD Сұлтан Хан Аққұлыұлы Жүсіптің «Алаш мұрасы»: жинау, жүйелеу, зерттеу» атты ғылыми жұмыстар топтамасының өзекті екенін көрсетеді.

Бұл ретте С. А. Жүсіптің әлихантану мен алаштанудағы басқа да еңбектерін атап өткіміз келеді. Олар: 1) Аққұлы С. Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан. Зерттеулер, мақалалар және сұхбаттар. The Collection of Research, Articles and Interviews. Исследования, статьи и интервью. Ә.Н. Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына арналады (Алматы: «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры, 2016. – 528 б.); 2) «Әлихан Бөкейхан және түркі дүниесі» ғылыми-танымдық жинағы. Құрастырушы, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерінің авторы - С.А.Жүсіп (Астана: «Ғылым» баспасы, 2015. – 320 б.); 3) «Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиясының сөзтізбесі (Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ типографиясы, 2015. – 156 б.); 4) «Алихан Букейхан. Казахи» ғылыми-танымдық жинағы. Құрастырушы, алғы сөзінің авторы - С.А.Жүсіп (Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ типографиясы, 2014. – 280 б.); 5) «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное» ғылыми-танымдық жинағы. Құрастырушы, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерінің және Ә.Н. Бөкейхан шығармаларының библиографиялық көрсеткішінің авторы - С.А.Жүсіп («Қазақ энциклопедиясы», 1995); 6) «Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының 9-томдық жинағы – Собрание сочинений в 9 томах»  ғылыми-танымдық жинағы, 9 том. Құрастырушы, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерінің және Ә.Н. Бөкейхан шығармаларының библиографиялық көрсеткішінің авторы  -  С.А.Жүсіп (Астана: «Сарыарқа» баспа үйі, 2009, 2010, 2013); 7) «Қыр баласы» атты 6 сериялы деректі фильмнің сценарий авторы әрі жүргізушісі - С.А.Жүсіп («Қазақстан» телерадио компаниясы, 1993-1995); 8) «Абай және Әлихан» атты деректі фильмнің сценарий авторы әрі жүргізушісі - С.А.Жүсіп («Қазақстан» телерадио компаниясы, 1995 ж.); 9) «Алаш арысы Әлихан Бөкейхан» деректі фильмінің сценарий авторы - С.А.Жүсіп («Қазақстан» Ұлттық телеарнасы, «Хабар» ТК, 2012-2013); 10) «Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы» деректі фильмінің сценарий авторы - С.А.Жүсіп («Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Хабар» ТК, 2012); Зерттеушінің әлихантану мен Алаш тақырыбында қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде 200-ден астам ғылыми мақаласы бар. 2015 жылы үздік ғылыми ізденістері үшін Сұлтан Хан Аққұлыұлы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығымен марапатталды.

Рухани жаңғыру және Алаштың ғасырдан астам толғамалы жолы, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесі ұлттық құндылықтарымызға, тамыры терең тарихымызға, соның ішінде ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ қоғамына адал қызмет етіп, жасампаз шығармашылығын арнаған ұлт зиялылары тағдырына шынайы қарауды талап етсе, Әлихан Бөкейхан – сол елдік зерттеудің басты нысанасы.

Алаштың біртуар қайраткері, дана көшбасшысы Әлихан Бөкейханның тұлғалық тұғыры бүгін үлкен құбылыс ретінде қабылданса, ұлттық-мемлекеттік құрылымның отандық тәжірибесінен – күрес жолы, «Қазақ» және оның шекпенінен шыққан газет-журналдар, Алаш пен Түркістан автономиялары, Алашорда үкіметі, түрлі саяси дипломатия мен текетірес т.б. қадау-қадау саяси үдерісінен бөліп қарау мүмкін емес.  Ұлт қамын ойлаған ұлы тұлғалардың ортасы мен іс-әрекеті, шығармашылығы мен ізденісі өзара сабақтастықта дамып отырған.

Ұлттың мемлекетшілдікті қалпына келтіру мен дамытуға қатысты тарихы аса қиын кезеңде ұлт тізгінін ұстаған Әлихан Бөкейхан мұрасын зерделеу арқылы ғана жүзеге асады. Сұлтан Хан Аққұлыұлы Жүсіптің «Алаш мұрасы: жинау, жүйелеу, зерттеу» атты еңбектерінің топтамасы - осы жолдағы әрі кілт, әрі тірек-сүйеніш.

Кеңес өкіметінің сыңаржақ таптық идеологиясы зардабынан қаншама уақыт жабық болып келген бұл тақырып Қазақстан егемен мемлекет санатында саяси тәуелсіздігіне қол жеткізген шақта ғана адамзат өркениетінің ғылыми қағидаттары негізінде қайта зерделеніп қарастырылуға мүмкіндік алды.

Жаңа ғасырда гуманитарлық ғылымның жаңашыл талабымен тұлғатану мәселесі, саяси элита өкілдерінің қайраткерлік қызметі, әрбір ұлттың үзіліссіз өркендеуіне әлемдік деңгейде үлес қосқан жасампаз интеллектуалдар еңбегі қайта байыптала бастады. Бұл - алаштану ғылыми мектебінің іргесін қалады. Сұлтан Хан Аққұлыұлы Жүсіп осы елдік ғылыми қозғалыстың, жаңғырудың жуан ортасында, әлихантанудың басында жүрді.

Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына «Алаш мұрасы: жинау, жүйелеу, зерттеу» атты топтамамен ұсынылып отырған ЖҮСІП Сұлтан Хан Аққұлыұлының  «Әлихан Бөкейхан. Шығармалары – Сочинения» 15 том ғылыми-танымдық жинағы, «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» 2 томдық монографиясы, «Alikhan Bukeikhan. The Unifier of Kazakh lands» 1 томдық ағылшын тіліндегі монографиясы, «Аліхан Букейхан. Син Великого степу» 1 томдық украин тіліндегі монографиясы, «Алихан Букейхан. Собиратель казахских земель» 2 томдық орыс тіліндегі монографиясы, үміткер жоба жетекшісі ретінде қатысқан «Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиясы отандық және еуразиялық ғылымға зор жаңалық болып қосылды. Бұл кітаптардың бәрін тоқайластыратын тақырып - біріншіден, Әлихан Бөкейханның күрделі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы мұраты мен мұрасын жан-жақты зерделеу; екіншіден, тарихи кезеңдегі ұлт-азаттық идеясы жолындағы қайраткерлік келбетін айшықтау және әлемдік саяси даму контексіндегі тарихи орнын деректермен дәйектеу; үшіншіден, авторлық тың көзқарастар, пайымдар мен тұжырымдар. Бұлар – отандық гуманитарлық ғылым саласында жаңа, іргелі ғылыми ізденіс деуге толық негіз бар.

Осы ғылыми жұмысы үшін ЖҮСІП Сұлтан Хан Аққұлыұлы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына лайықты деп санаймын.

Дихан Қамзабекұлы,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі

Abai.kz

3 пікір