Жексенбі, 16 Тамыз 2026
46 - сөз 1523 0 пікір 12 Тамыз, 2026 сағат 14:04

«Советия & Қазақия» жарыққа шықты

Коллаж: Abai.kz ақпараттық порталынан.

Танымдық әдебиеттің тәрбие ісінде маңызды орын алатыны күмәнсіз. Бұған советтік кезеңдегі жалпы одақтық идеологияда, тиісінше біздің респубикамызда да кезінде жеткілікті дәрежеде мән берілген-ді. Әрине, тек империялық орталық мүддесі тұрғысынан. Мемлекеттік дербестікке қол жеткеннен кейін біздің елімізде бұл мәселе жаңа ахуалға сай айрықша мазмұнда орындалуға сұранып тұрды.

Біздің көптен аңсаған тәуелсіздігімізді баянды ету жолында рухты азаматтар қатарының арта түсуіне үлес қосу маңызды екені аныққа шыққан, бұл тарапта еңбек ету әсіресе қалам ұстағандар үшін абыройлы міндет-тұғын.

Патша заманы мен коммунистік дәуірде қанға сіңірілген отар пендесі жағдайынан біржола арылуға жаңа әдебиеттің танымдылығы ерекше әсер етеріне дау жоқ. Сондай әдебиетті жасауға атсалысуды парызым тұтып, азды-көпті жазу-сызу жұмысымның басым бөлігін сол мүддеге арнағаным өзіме аян. Солардың негізінде жасалып жатқан көптомдықтың алғашқы кітабын оқырмандар назарына ұсынудың реті, міне, енді келді...

Бұл көптомдық менің қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихын жаңғыртуды мақсат етіп жазған он дәптерден тұратын рисәләмнің жалғасы іспетті бой түзбек. Қазақ (Алаш) қозғалысының жеңісті шыңына жетуімен қорытындыланған рисәлә жаңа тұрпатта сұрыпталып қолға алынған жалғасында  одан бергі кезеңдердегі күрделі тарихтан сыр шертетін болады. Және көне замандарда шығыс халықтары әдебиетінде жолдау мазмұнында қолданылған осы жанрлық атауды сақтайды. Өйткені бұл көптомдықта қозғалар тақырыптарды бейнелейтін этюдтер негізіне өзіміз бастан кешіп отырған жаңа тарих кезеңі алынғанымен, жолдау сынды сипатына сай, бүгінгі және келер ұрпаққа тағлымды сыр шерту арқылы оқырманды ойлануға шақырады, жарқын болашақ үшін не істеу керектігін ойлап-пішуді, адаспай, мейлінше дұрыс шешім жасауға ықпал етуді көздейді.

Қазақ елі жетпіс жыл бойы қызыл ту аясында өмір сүрді, большевизмнің аяр саясаты салдарларын бастан кешті, үш дүркін ашаршылыққа ұшырап, ұлттық апатты бастан кешті, жанқиярлықпен ортақ отанды жаудан қорғады, алдамшы ұранмен қазақ жері жаңаша отарланғанда өз елінде ұлттық азшылық деңгейіне түсті, аман қалған бөлігі өсті, жетілді, демографиялық дүмпуді бастан кешіп, қатарын көбейтті, «орыс тілі – екінші ана тілім» атты астарлы ұранды жатсынған жоқ, білім көкжиектерін сәтті шабуылдады, жасампаз еңбек майдандарында аянбай еңбек етті, сөйтіп, ақыры, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді. Сол кездер жайындағы жазбаларды – «Советия», ал тәуелсіз даму кезеңін қамтыған   жазбаларды – «Қазақия» деп айдарлау сұранып тұрғандай-тұғын. Алайда өмір көрсеткендей, бұл екі дәуірді қатаң межелеп қарау мүмкін емес екен. Кеңестік кезең қызметкерлері тәуелсіз  дәуірдің басты қаһармандары болып шыға келді. Олардың бойларынан патшалық сіңірген құлдық сана қалдықтары жойылып үлгермеген, оған сабақтаса дәурендеген коммунистік тәрбие ұшқындары сөне қоймаған-тын. Сондықтан да олар ел тыныс-тіршілігін ұлттық мүдде тұрғысынан батыл реформалауға сақтықпен қарады. Тиісінше советтік дәуір шындығынан ат құйрығын үзісу мүмкін болмағаны айқындалды. Сондықтан да, екі дәуірдің бірінен біріне ұласқан қоғамдық өміріндегі тығыз байланысты өткір сезінгендіктен де, жаңа рисәләмді мен «Советия & Қазақия» деп атауды қош көрдім.

Сонымен «Советия & Қазақияның» оқырмандар назарына ұсынылып отырған алғашқы кітабына жиырмасыншы ғасырдың бастапқы онжылдықтарындағы қазақ өмірінен орын алған ұлттық және таптық қозғалыстар тарихынан сыр шерткен жазбаларды енгіздім. Сондай-ақ таптық негізде құрылған алып мемлекеттегі дербес елдікті аңсаған тосын оқиға, іс жүзінде тарихи дамудағы күрт бетбұрысты танытқан ерен құбылыс солардан кейін берілген арнайы топтамаға арқау болды.  Мұнда ашық озбырлық танытқан самодержавиелік, одан байырғы үстемдікті тәтті ұрандармен бүркемелеп сақтап-қолдаған большевиктік империялар табиғатын ұғынып қана қоймай, оны терең түсініп, әлемнің жарты бөлігіне әмірін жүргізіп тұрған коммунистік тоталитаризмнің көбесін сөгуді бастап берген қазақ жастарының максимализмін іс жүзінде, өз дәрежесінде  мойындаудың тәуелсіздік азаматтарына үлкен сын болғаны әңгімеленеді.

Мен бұл кітабымды («Советия & Қазақия» рисәләсін) биылғы – тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы мерекеленетін, тәуелсіздікке жол ашқан Желтоқсан көтерілісінің 40 жылдығы атап өтілетін   –  мерекелі жылы шығаруымның сәті түскеніне аса қуаныштымын. Рисәлә Отан тарихына бейтарап қарай алмайтын жастарға, қалың оқушы қауымға, ізгі ниеттегі көпшілікке  арналған. Құрметті оқырман, бұған сіз де белгілі дәрежеде көңіл бөлерсіз деп үміттенем.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір