Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 10706 23 пікір 2 Қыркүйек, 2021 сағат 12:36

Ресейдің қысымы: «Әр русофобқа бір-бір табыттан»

Ресей тарапынан жасалған ақпараттық шабуыл мен идеологиялық қысым Қазақстанға соңғы екі жыл ішінде үдеп кетті. Қазақстан Ресейдің идеологиялық қысымында қалды десек те артық айтпаған болар едік. Ақпараттық шабуыл 2020 жылы үдей түсті. Оны Путин бастаған болатын. 

2020 жылдың 21 маусымында ресейлік «Россия 1» арнасында «Ресей. Кремль. Путин» фильмі көрсетілді. Фильмде Ресей басшысы Владимир Путин Ресейдің қазіргі саясаты, Кеңес Одағынан кейінгі қалыптасу кезеңі жайлы ой қозғайды. Ол КСРО кезіндегі саясатқа баға бере отырып, Ресей территориясына қатысты да ой айтады.

Путин ответил на вопрос о возможности передачи власти преемнику — РТ на русском

«Кеңес Одағы құрылған кезде, одақтан шығу құқығы жайлы жазылды, алайда шығу үрдісі жазылмағандықтан үлкен сұрақ туындайды: Егер қандай да бір ел Кеңес Одағына кірген соң өзіне ресейдің тарихи жерінен үлкен аумағын алса, артынша Одақтан шыққысы келсе, онда қандай жермен кірді, сондай жермен шықсын. Орыс халқының сыйлығын өзімен бірге ала кетті. Оның бірде біреуі жазылмады ғой. Мен біздің Конституцияға өзгеріс енгізіп жатқанымызды дұрыс санаймын», - деді Путин. Осылайша Путин Қазақстанға жасалатын идеологиялық шабуылдың тұсауын кесті. Путиннің сөзінен кейін жаңбырдан кейін қаптаған саңырауқұлақша Ресей саясаткерлері шулап шықты. Айтқандары сол ақылға қонымсыз, миға сиымсыз сөздер: «Солтүстік Қазақстан біздің жеріміз, біздің аумағымыз», - деді.

Артынша, Никонов: «Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстанда бұрын мүлде халық қоныстанбаған еді. Олар болған, бірақ оңтүстікке жақын. Шын мәнінде, Қазақстан территориясы - Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы, - десе, Евгений Федоров отқа май құйып, тіпті ақылға сыймайтын: «Қазақстан астанамыз Орынбор болған дейді. Шындығында Орынбор да, Қызылорда, Алматы да, Қазақстан да Ресейдің бір субъектісі болды. Қазақ халқы болған емес. Халық деген ең жоғары статуста құрылады, әлемдік соғыс негізінде. Қазақстан деген болған жоқ. 1922 жылғы негізге қарасақ оның тіпті 1 ммде жері жоқ. Қазақстан заңсыз және уақытша мойындалған деп пайымдаймын. КСРО тарады деген нақты бірде бір құжат жоқ», -  деген сөзді айтты. Бұл мәлімдемелер сөзсіз екі ел арасындағы дау туындатып, Қазақстан тарапы Ресейге наразылық нотасын табыстады. Ақорда мен Кремль арасында салқындық пайда болды.

Ковтуновский о реакции не казахов на Никонова и Федорова: Наше молчание сочтут согласием

Бұл мәлімдемелер 2021 жылы да жалғасын тапты. Тіпті, жаңа леппен, үдей түсті. 2021 жылдың 18 наурызында Ресей президенті Владимир Путин Лужники кешенінде Қырымды тартып алғанының 7 жылдық мерейтойына орай ел алдында сөз алып, былай деді:

«Өткен ғасырдың 20-жылдары большевиктер Кеңес одағын құру кезінде түсініксіз себептермен көптеген территорияларды енді құрылған квазимемлекеттік құрылымдарға бере салды. Ал кейін өздері құлдырап, өз партияларын ішінен құлатып, Кеңес Одағын таратып тынған сәтте, Ресей ауқымды территориялары мен геосаяси кеңістіктерінен айырылып қалды»Бұл Путиннің бұрынғы ойынан айнымағанын анық көрсетті. Артынша, атышулы Жириновский Қазақстанға тікелей шабуыл жасап, көпіре сөйледі. Ол Қазақстанда көше аттарының ауысуына қарсылық білдіріп:

«Қазақстандағы Павлодар қаласында 30 көшенің атын ауыстырмақ. Орысша атауларды қазақшаға өзгертпек екен. Сендер өздеріңнің қазақ қалаларын салып алыңдар да, сонда қазақша көшелерді атай беріңдер, өзгенікіне тимеңдер. Петр тұсында ол жерде Коряков форпосты болған, тұз шығарушыларды қорғайтын. Ол жерде ешқандай мемлекет болған жоқ, қу дала, кей жерде көшпенділер жүрді. 300 жыл бұрын қайда болдыңдар Қазақстан? Сендер болған жоқсыңдар. Жоңғар тайпалары болды, бірақ Жоңғар мемлекеті болған жоқ. Қазір барлығының атауын өзгертіп жатыр, ауыстырып жатыр. Барлығы ұмытылып, қазақтарға қалады деп ойлайды. Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі мен кеңістігі шекарасын қалпына келтіреді. Тәртіп орнатады», -  деп бір елдің ішкі саясатына араласып, мемлекеттік тұтастыққа нұқсан келтіретін сөздер айтты.

Ресей саясаткерлерінің жерге қатысты негізсіз мәлімдемелері тоқтаған емес. Енді тілге қатысты шабуылдар жасауда. Барлығы да қазақстандық Қуат Ахметов есімді тіл жанашырының «Тіл майданы» атты роликтерінен басталды. Онда Қуат Ахметов Конституция белгілеген құқығын пайдаланып, мемлекеттік тілде қызмет алуды талап еткен көріністер суреттелген. Жеке адамның намысына тиместен, заң аясында жасалған әрекеттерді Ресей басылымдары «орыс тілін қудалау мен орыстілділерге қысым» ретінде көрсетіп, байбалам салды. Оны Ресей арналары мен сайттары, басылымдары тоқтамай жазып, «тіл сақшылары тұрғындарға күн көрсетпеуде» деп атады. Бұл әрине Кремль тарапынан жасалған жүйелі шабуыл болатын. Істің соңы Қуат Ахметовке айып тағылды. Ал тамыздың соңында Қуат Ахметов елден шығып кеткені, Грузияға табан тірегені белгілі болды. Осылайша тіл жанашыры өз жерінде пана таппай, өзге елге кете барды.

Дей-тұра Ресей тарапынан жасалып жатқан шабуылдар толастар емес. Ресейдегі Қазақстан елшілігінің алдына бірнеше мәрте Ресей белсенділері наразылық акцияларын өткізді. 20 тамыз күні Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің алдында Ресей азаматы «Астана - орыстың қаласы» атты жазу жазып алып, жеке адамдық акция өткізді.

Астана – русский город!

30 тамыз күні Ресейде тіркелмеген «Другая Россия Эдуарда Лимонова» атты партия белсенділері Петербург қаласында акция өткізіп, Қазақстан елшілігінің алдына табыт тастап кеткен. Онда «Әр русофобқа мықты табыттан» деген жазу бар.

Шовинист Эдуард Лимонов кезінде Қазақстанға қатысты былай деген болатын:

«Қазақстандағы орыс қалалары бізді қызықтырады. Оралдан бастап Өскеменге дейін үзілмей жалғасып жатқан орыс қалалары Ресей құрамына кіруі тиіс. Қазір Қзақастанда 4 млннан астам орыс тұрады, мүмкін бұл төмендетіп көрсетілген статистика болар. Ел ішінде кімге сүйенуге болатынын біліп отырмыз. Біз барлығымыз сыйлайтын қазақ ұлтының басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өлімінен кейін ел элитасы бір-бірімен қырқысып жатады. Сол сәтте орыс қалаларында референдум жасап, Ресей құрамына енгізуді ойлау керек. Қазақтар оған көне ма, жоқ па ол өздерінің шаруасы, алайда оларда таңдау да жоқ. Мұнай мен газ, жер астының орасан зор байлығымен Қазақстан ұлы Қытайға қарап тұр. 17 млн халықпен, оның ішінде тең жартысы өзге ұлттар екенін ескерсек, қазақтар алып жерді сақтай алмайды. Оларға көмектесейік. Біразын алайық», - деген еді. Оның жақтастары өткізген акцияға қарап, әлі де сол бір ойдан қайтпағанын аңғару қиын емес.

Қазақстан Президенті кеше ел халқына жолдауын арнады. Жолдауда аумақтық тұтастық пен тіл мәселесін де қамти кетті.

«Этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы әрқашан мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болған және бола береді. Бұл тәсілді қазақстандықтардың абсолютті көпшілігі қолдайды. Біздің азаматтар үшін келісім, толеранттылық - бұл өмірдің өзі, мәдениеттер мен тілдердің араласуы.

Біз Конституция бойынша біртұтас ұлтпыз. Және бұл біздің сөзсіз күшіміз. Пікірлердің плюрализмін сақтай отырып, біз сонымен бірге, радикализмнің кез келген түрін қатаң түрде жоямыз. Біз мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. 

Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл салада нәтиже бар.

Жалпы, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Бұл табиғи құбылыс, сондықтан, қазақ тілінің өрісі шектеулі деп айтуға негіз жоқ. Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Оны қолдануға біздің заңнамаға сәйкес кедергі келтіруге болмайды», - деді Мемлекет басшысы.

Осылайша, Қазақстанға Ресей тарапынан жасалып жатқан шабуыл азаяр емес.

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354