Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 6874 43 пікір 3 Қыркүйек, 2021 сағат 12:05

Талибан билігі: Қытай мен Ресейге мина қойылды

Ауғанстаннан АҚШ-тың кетуі үлкен сұрақтарды қалдырды? Ең маңыздылары мыналар: АҚШ неге бірден шығып кетті, Ирактағыдай процесс неге ұзаққа созылмады? АҚШ тәлібтерге қарудың өтетінін біле тұра, неге оны шығармады немесе жоймады? АҚШ пен тәлібтер арасында қандай құпия келісім жасалды? Талибан қозғалысы Қытай мен Ресейге қалай әсер етеді? 

Сарапшылардың басым бөлігі Қытай мен Ресей үшін тәлібтердің билігі маңызды әрі пайдалы дейді. Мысалы Қытай Талибанмен келісу арқылы Иранға баратын тікелей жол салып, логистиканы реттейді, Ауғанстанның ішіндегі ұйғыр жасақтарын ауыздықтайды, "Талибан" арқылы Орталық Азия мен Таяу Шығысқа ықпал ететін күшке ие болмақ және өз шекарасындағы қуатты НАТО әскерінен құтылды деген пікірлер бар. Ресей тәлібтермен келісе отырып, Орталық Азиядағы ықпалын арттырып жатыр. "Талибан басып алады, тек Мәскеу құтқарады" деген пікірді Ресей мамандары тықпалау арқылы, аймақтағы саяси және экономикалық салмағын басым етуде. Сондықтан "аталмыш елдер үшін Талибанның Ауғанстанға келуі жағымды әсерге ие" деген ойларды саясаттанушылар жиі қайталауда. Алайда The Wall Street Journal сарапшылары бұл пікірмен келіспейді. Олар Талибанның билігі бұл екі держава үшін жағымды әсерге қарағанда, келеңсіздіктерді көбірек әкелуі мүмкін дейді. Тарқата жазсақ.

15 тамызда АҚШ-тың қолдауында болған Ауғанстан үкіметі құлаған кезде, Бейжің әлемдік аренада өзінің басты жауының сәтсіздігін көріп, қуанышын жасыра алмады.  Қытай билігі тіпті "АҚШ-тың Ауғанстаннан кету себебі, Қытайға қарсыласу үшін шығынның тым көп болуында" деп те жазып жатты.

Тіпті олар Ауғанстандағы әр оқиғаға мән беріп, оны Вашингтонның сәтсіздігі ретінде басып көрсетуге барын салды. Мысалы брифинг барысында Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин Кабул әуежайынан ұшып бара жатқанда американдық С-17 шассиінен құлаған 17 жастағы ауғандық футболшы Заки Анваридің өліміне ерекше назар аударды. Бұл оқиғаны олар "Американдық мифтің құлдырауы" деп атап жатты.

Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары да АҚШты келеке ету сараптамаларына толы. Олар Ауғанстан арқылы Украинаға қысым көрсетіп қалуды жөн санайды. "АҚШ ешқашан сенімді одақтас болған емес, қиын сәтте кетіп қалады" дейді Мәскеу. Ауғанстан мәселесіне арналған бағдарламаларының 95% ауған оқиғасына қатысы жоқ Украинаға арналап жатқына да сондықтан.

Бірақ Американың әлсіздігі туралы үгіт-насихат жүргізілгеніне қарамастан, Бейжің мен Мәскеу АҚШ-тың шығып кетуін енді мүмкіндік емес, өздеріне қойылған мина іспетті қабылдауға көшкендей.

Әскери күші мен экономикалық ресурстары бойынша бұл жерде Америка Құрама Штаттары әлі де басым позицияда қала бермек. Ауғанстаннан шығу арқылы Вашингтон әлемдік аренада Қытай мен Ресейге қарсы күресте ресурстарды тиімді қолдануды ойластырып отырғаны да анық.

Ауғанстанға жақын орналасқан Ресей мен Қытайдан айырмашылығы, Америка "Талибанның" билікке келуінің тікелей зардаптарынан әлдеқайда алыс жатыр. Ал тәлібтердің билікке келуінің зардаптары көп, олар: босқындар легі, терроризм және есірткі саудасы. Мәскеу, Бейжің және олардың аймақтық одақтастары үшін "Талибан" билігіндегі Ауғанстаннан төнетін аталмыш қауіптерді дер уақытында ауыздықтап отыру қиынға соғуы мүмкін.

"Америка әскерінің Ауғанстаннан күтпеген жерден шығарылуы Қытай үшін жақсы жаңалық емес", - дейді Ханчжоу қаласындағы Чжэцзян халықаралық зерттеулер университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Ма Сяолин. Ол Америка әлі де технология, өндіріс және әскери жағынан күшті екенін атап өтті. "Қытай бұл аймақта АҚШ-тың орнын басуға дайын емес", - деп қорытындылады ол.

Қытай Сыртқы істер министрі Ван И АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен жексенбі күні телефон арқылы сөйлесу кезінде АҚШ-тың Ауғанстан істерімен айналысуын жалғастыруы қажет екенін, оның ішінде елге тұрақтылықты сақтауға, терроризм мен зорлық-зомбылықпен күресуге көмектесу керектігін айтқан. Бұл туралы Қытай СІМ сайтында жарияланған мәлімдемеде нақыт көрсетілген. Яғни Бейжің Ауғанстанды Вашингтон көмегінсіз игере алмайтынын айқындап тұр деген сөз.

Мәскеу де АҚШ пен оның одақтастарын Ауғанстаннан біржолата кетпеуге шақырады. Президент Владимир Путиннің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Замир Кабулов Батыс елдері Кабулдағы елшіліктерін қайта ашып, ел экономикасын қалпына келтіру бойынша Талибанмен келіссөздерді бастау керек деп мәлімдеді. Ол Батыс елдері Ауғанстандағы хаосқа бірден бір кінәлі тарап болғандықтан, барлығын реттеуге көмектесуге міндетті дейді.

Америка Құрама Штаттары ұзақ жылдар бойы Ауғанстанда "Талибан" шабуылын тойтарып, шағын әскери күшін ғана ұстап тұру арқылы шексіз көмектесе беруіне болатын еді. Америка әскерінің шығарылуы 70-жылдары Вьетнамдағыдай әскери операцияның сәтсіздігінен емес, саяси шешіммен іске асуда. Сондықтан бұл ұзақ жылдар бойы ойластырылған, Ақ үй үшін тиімді деп табылған саяси шешім. Оны Мәскеу де, Бейжің де түсініп отыр.

The Wall Street Journal сарапшылары: "Тәлібтер Ауғанстанды толық алуында тек қана АҚШ-тың келісімі жатыр, Вашингтон қаласа олар бір ауылды да жаулай алмайтын еді. Талибан мен АҚШ-тың арасында өзара құпия келісімдер жетерлік. Оның қандай келісім екенін уақыт көрсетер, алайда тәлібтер уақыты келгенде Вашингтон айтқан шарттарды орындамаса, Кабул әуежайына АҚШ ұшақтары қайта қонуы ғажап емес. Сондықтан АҚШ-тың шарттарында Қытай мен Ресейге қарсы мина жатуы да мүмкін", - дейді.

Abai.kz

43 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377