Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Ақмылтық 2837 4 пікір 6 Қыркүйек, 2021 сағат 13:11

Қаржы министрлігі Президент тапсырмасына қарсы ма?

ҚР Қаржы министрлігі жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайрылу жасап, елдегі шағын және  ұсақ кәсіпкерлік субьектілерін тексеруге салынған үш жылдық мораторийді алып тастау туралы бастама көтерген еді.

Сапаршылар Ерұлан Жамаубаев мырза тізгінін ұстаған Қаржы министрлігінің бұл ұсынысы қазіргідей қаржылық дағдарыс пен коронавирус қос өкпеден қысқан алағай да бұлағай кезеңде әупірімдеп күндерін көріп жүрген шағын және ұсақ кәсіпкерлік өкілдеріне үлкен соққы болатынын айтып, дабыл қағуда.

«EXANTE» Халықаралық инвестициялық компаниясының аналитигі Андрей Чеботаров, Қаржы министрлігі осы бастамасы арқылы бюджетті өзге кіріс көздері арқылы толықтырудың ешбір жолын таба алмағандарын мойындап отыр, деп есептейді.

«Президент Тоқаев бюджет кірісін көбейту керектігі туралы тапсырманы бүгін немесе кеше ғана айтқан жоқ. Бұл тапсырма берілгелі де біраз уақыт болды. Қаржы министрлігі осы уақыт ішінде бюджетті толтырудың өзге креативті тәсілін ойлап табуына болатын еді.

Дәл қазір еліміздегі шағын және ұсақ кәсіпкерлік жеткілікті деңгейде дамыды деп айта алмаймыз. Ал Қаржы министрлігі шағын және ұсақ кәсіпкерлікті тексеруге салынған үш жылдық мораторийді алып тастау туралы бастамасы арқылы өздерінің дәрменсіздіктерін және өзгеше ойлау қабілеттерінің жоқтығын дәлелдеп отыр», - дейді Андрей Чеботаров.

Ал бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов бизнесті тексеруге салынған мораторий қазіргідей пандемия мен карантиндік шектеулерден туындаған экономикалық дағдарыс кезінде шағын бизнес үшін қорғаныш болатын бірден-бір механизм екенін айтыпты.

«Шағын және ұсақ  кәсіпкерлік субьектілерінде аз ғана штат болатынын ескерсек, кез келген көлемдегі айыппұл салу санкциясы олар үшін қайта ес жия алмайтындай ауыр соққы болуы мүмкін. Оның ақыры кәсіпкерлік субьектілері үшін қызметкерлерді қысқарту, жалақыларын азайту, көлеңкелі экономиканы дамыту секілді себеп-салдарға әкелмесіне кепіл жоқ.

Дәл қазіргідей уақытта мұндай қадамға баруға мүлде болмайды. Мұның ақыры әлеуметтік жағдайдың ушығуына, тіпті, шағын және микрокәсіпкерлік секторының жабылуына әкеліп соқтыруы әбден мүкін», - дейді Жүрсінов.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және микрокәсіпкерлік субьектілеріне «салықтық каникул» жариялау туралы шешім қабылдағанда, Қаржы министрлігіне тапсырма беріп, экономиканың дәл осы секторын қолдау керектігін айтқан еді.

Алайда, осы бір жыл ішінде мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау болмаған. Керісінше, тексеру көбейген. Нақты мысал: 2015 жылы салықтық тексерулерден кейін ел көлемінде ұзын-саны 235,5 мың кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 445,5 мыңға жеткен. Сарапшылар бұл көрсеткіштер арқылы Қаржы министрлігі тексерісті азайту туралы ел басшылығының тасырмасын елемей отырғанын айтады.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Биылғы Жолдауда баса назар аударған мәселенің бірі – «бюджетті толықтыру» дейтін дәудей тақырып болғаны және рас. Президенттің сөздерінен ұққанымыз, елдің қаржылық тұрақтылығы шексіз емес. Қалыптасқан жағдайға қарасақ, қазірдің өзінде қазынадан жұмсалып жатқан шығын көбейген. Сәйкесінше, ол шығындарды жабу керек. Өйткені, бюджет тапшылығы сезіле бастаған және Ұлттық қор трансферттеріне көз жүгіртсек, экономикалық жағдай қиындай бастаған. Сондықтан да: «Сөзсіз, бюджетті толтыру қажет. Оның жолдарын қарастыру керек», - деді Президент.

Ал ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев болса, өз кезегінде бюджетті толтырудың өзге амалын ойлап таба алмапты. Сөйтіп, шағын және ұсақ кәсіпкерлікке салынған үш жылдық мораторийді алып тастау туралы бастама көтеріпті. Мұның себебін – «көлеңкелі экономикамен күрес» деп түсіндіріпті.
Ал сіз не ойлайсыз, оқырман?..

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3332
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6095