АЭС-ке апарар жол: Идея қайдан шықты?
Қазақстанда АЭС салу мәселесі қайта қызу талқыланып, басты тақырыптың біріне айналды. Оған президенттің Жолдаудағы сөзі мен Ресейде өткен «Шығыс экономикалық форумында» айтқан пікірі себепкер болуда. Президент Қазақстанға АЭС қажеттілігін қадап айтты. Қазақстанда АЭС салу тақырыбы бүгін көтеріліп тұрған жоқ, оның тарихы мен бастауы тереңде.
1948 жылы КСРО-да алғашқы АЭС салынды. Жалпы бұл әлемдегі алғашқы атом станциясы болатын. Аталмыш жоба арқылы КСРО атом саласында көшбасшы атану мақсатында түрлі құпия және жария бағдарламаларды іске асыра бастады.
1966 жылы Ақтау қаласының маңына еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы басталды. Ол БН-350 реакторлық жобасы ретінде басталып, 1973 жылы 16-шілдеде қолдануға берілді. Реактор 1999 жылға дейін қызмет етті. АЭС-тің жабылуына АҚШ-тың жылыту жүйелеріне қаржы бөлуі мен реактордың өз қызметін толық атқарып, сарқылуы әсер етті. Алайда Ақтау АЭС-інде «қаруға арналған плутоний өндіру қабілеті болған, сондықтан да жабылуы мүмкін» деген ақпаратты да айтушылар бар.
Қазақстанда АЭС салу идеясы сонау 90-жылдары туындады. Кеңес империясының шеңгелінен шыққан Қазақстан үшін ондай жобаға қаржы салу мүмкін емес еді. Алайда соған қарамастан АЭС салуды алға жылжытқысы келгендер саны азаймады. 1997 жылы жаңа АЭС салу қажеттілігі туралы идеяны Білім және ғылым министрі болған Владимир Школьник айтқан болатын. Ол АЭС-тің қажеттілігін бұрынғы АЭС-тің мерзімі өтуімен түсіндірді. АЭС-ті салу орнын Батыс немесе Балқаш маңында деген болжамдар айтылды.
1997 жылы мамандар Ресейлік конструкторлар жасаған реакторлармен Балқаш АЭС құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасап шықты. Бір жылдан кейін Үкімет атом станциясын салу туралы мәлімдеді: АЭС-тың бірінші қондырғысы 2005 жылы іске қосылады деп жоспарланған болатын. Ал тұтастай АЭС 2015 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді. Дей-тұра Кеңес билігінің құйтырқы саясатынан қынадай қырылған қазақ халқы АЭС салу идеясына қарсы шықты. Ондаған жылдар бойы Семей полигонының зардабын шегіп, радиацияның сұмдығын көрген халық бұл бастаманы қолдамады. Қолдаусыз қалған бастама ұзақ уақытқа айтылмай, тақырыптар аясынан түсіп қалды.
Артынша АЭС салу тақырыбы қайта күн тәртібіне оралды. 2006 жылы мамандар Маңғыстау атом энергокомбинатының орнына АЭС салсақ қайтеді деді. Бұл ұсынысты естіген Ресей билігі бірден өз «көмегін» ұсынып: «Біз жаңа реактор орнатсақ, бұл шығыны аз жоба болар еді», - деп мәлімдеді. Билік техникалық сметасын жасап, Үкімет оны қарастырып жатты. Тіпті, Энергетика және минералды ресурстар министрлігі 2009 жылы АЭС салуды бастап, 2020-да аяқтаймыз дегендей болды. Алайда, Ақтау халқы бұл бастамаға қарсы шығып, акциялар ұйымдастырды. Қарсылық акциялары «Ақтау АЭС-ке қарсы», «АЭС салынбасын» деген ұранмен өтті. Сондықтан, бұл бастама жергілікті халық тарапынан еш қолдау таппады.
2011 жылы Қазақстан мен Ресей бейбіт атомды қолдану туралы меморандумға қол қойды. «Қазатомпром» басшысы болған Владимир Школьник: «Қазақстанда жарылмайтын станция салынады», - деп мәлімдеді. Ол мәлімдемесі Жапониядағы АЭС апатына байланысты айтылған болатын. Дәл АЭС салу идеясын 1997 жылы осы Владимир Школьник алға тартқанын айтқан едік.
2013 жылы АЭС салу бойынша ұсынысты президент Н.Назарбаев нақты іске асыру шараларына көшуге шақырған болатын.
«Владимир Сергеевич, талқылаудан іске көшейік. Біз оны қай жерде, орталықта немесе Ақтауда салу керектігін дауласып жатырмыз. Олар маған АЭС салу газды жағу, тұтынудан әлдеқайда тиімді екенін айтып жатыр. Газды жағу бұл 350 доллардан басталады дейді. Бұл үшін де емес, тіпті. Бізде әр түрлі себептерге байланысты Қазақстанда АЭС болуы керек. Біз бұл туралы қазір сөйлеспейміз, қазір жасауға тиіспіз, бастайық. Салатын жерін анықтап, кіммен жұмыс істейтінімізді білейік. Бұл құрылыс ұзақ жылдарға созылады. Болашақта біз осыны ескеруіміз керек. Сізден маған жылдың бірінші жартысында ұсыныстар беруіңізді сұраймын», - деген еді Назарбаев.
Кейіннен АЭС салуға ыңғайлы деп бірнеше жер таңдалды. Еліміздің батысы, Балқаш маңы мен Курчатов аймағы. Сарапшылар ең тиімді деп Балқаш маңындағы, Үлкен елді-мекенін атап өтті. АЭС құны шамамен 3 млрд доллар болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Алайда АЭС салу мәселесі ұзақ жылдар бойы тек талқы ретінде қалып отырды. 2019 жылы Ресей басшысы Путин АЭС салуға қатысты өз ұсынысын айтты, алайда Қазақстан басшысы Тоқаев елдің ойын ескерместен мұндай жобаны бастамайтынын мәлімдеді.
2021 жылы АЭС салу идеясы қайта талқылына бастады. Мамыр айында президент АЭС салуда асықпау керектігін, алайда уақыттан да қалмау қажеттігін айтқан болатын. Ал жолдауда бейбіт атомға қатысты сөз қозғап, Ресей форумында АЭС керектігін айтты. Дегенмен АЭС-ті салудан бұрын, оны кім салады деген сұрақ маңызды болып қалуда. Қазақстан билігі бұған дейін Оңтүстік Кореямен, Жапониямен, Ресеймен, Франциямен келіссөздер жүргізген болатын. Дегенмен талқылаулар мен сарапшылардың пікірлеріне сүйенсек, АЭС-ты Ресей тарапы салуы мүмкін. Ресейді бұл тұрғыдан тәжірибесі көп, бірақ жоғары технологияға ие емес. Мысалы Түркияға салып жатқан АЭС-інің қабырғасы екі мәрте жарылып, құрылысы тоқтап қалды. Чернобыль апатын жасап, әлемді дүрліктірген Мәскеудің бейбіт атомда алда дегенге сену қиын.
АЭС салу мәселесі көтеріліп жатқанда, «Қазатомпромда» үлкен өзгерістер болуда. Мысалы 2 қыркүйек күні Ғалымжан Пірматов қызметінен өз еркімен бас тартып, оның орнына Мәжит Шәріпов басшылыққа келді. 1 қыркүйек күні Жолдаудан кейін аталмыш өзгерістің орын алып, артынша Президенттің Ресейде өткен форумда онлайн АЭС-ке қатысты мәлімдеме жасауы да қызық.
Қазақстандағы АЭС салуға қатысты көтерілген бастамаларды ескере отырып, оның тарихына көз жүгіртіп, АЭС-ты Ресей тарапы салуы мүмкін деген жорамалды алға тартуға болады.
Ка Мырза
Abai.kz