Депутаттар: Желтоқсан көтерілісіне статус беру керек
«Желтоқсан көтерілісі – ұлт-азаттық көтеріліс деп танылуы қажет»
«Ақ жол» фракциясының депутаттары ҚР Премьер Министрінің орынбасары Е.Л.Тоғжановқа «Желтоқсан көтерілісі – ұлт-азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет», - деген депутаттық сауал жолдады.
Депутаттардың айтуынша, биыл 35 жыл болатын Желтоқсан көтерілісіне лайықты баға берілуі тиіс.
«Ұлт мүддесін қорғап алаңға шыққан желтоқсандықтардың басты талабы – «Әр халыққа өз басшысы» деген ұран болды. Бұл 70 жылдық кеңес империясы тарихында билікке қарсы алғашқы ашық айтылған Тәуелсіздік идеясы, алғашқы айқас еді. Мыңдаған жастардың аяусыз жазаланып, қудалануы да, бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғандығының айқын белгісі! Ендеше неге Кеңес Одағының қызыл империясына қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт-азаттық көтерілісі ретінде танылмайды?!.
Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін болған, қазақ жастарының қаһармандығынан қуат алған Баку, Тбилиси, Вильнюс қалаларындағы оқиғалар ұлт-азаттық көтеріліс ретінде заңды танылып, ЮНЕСКО деңгейінде мойындалды.
Ресей 1991 жылғы 19 тамызда Мәскеуде болған ГКЧП бүлігінде топалаңда танкінің астына түсіп қалған үш адамға «Ресей Батыры» атағын берді. Ел тәуелсіздігі жолындағы нағыз көтерілісте алаңға шыққаны үшін мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға «Халық Қаһарманы» атағын неге бермеске?», - делінген депутаттық сауалда.
Сондай-ақ, «Ақ жол» партиясы Желтоқсан көтерілісіне қатысты биыл атқарылуы тиіс бірнеше ұсыныстарын жолдаған.
Сонымен «Ақ жолдың» ұсынысы қандай? Қараңыз:
1. 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Кеңестік қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет. Желтоқсандықтарға «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» құқықтық мәртебесі берілуі керек.
2. Қазақстан президенті Қ.Тоқаев еліміздегі айрықша атаулы күндер қатарында атаған Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде атап өтілуі керек.
3. Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізілуі керек.
4. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалғанын әлі растай алмай жүрген азаматтарды «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» ретінде тануда қолдан жасалған кедергілерді жойып, анықтама алуды жеңілдету керек.
5. Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы тиіс. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру үшін оқулықтарда жеткілікті жазылуы қажет.
Қазақстан қалаларында Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер орнатылуы тиіс.
Депутаттардың айтуынша, қазір Желтоқсан көтерілісін дәріптеу жұмыстары өте нашар деңгейде.
«Қазақстан Президенті арнайы атап айтқан Желтоқсанның 35 жылдығын біздің Үкімет қалай атап өтпекші? Әзірге біз білетін алғашқы «сыйлық»- Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Желтоқсан атындағы жалғыз көшенің атын алып тастау болды!? Міне, осындай масқараға да куә болып отырмыз!?»,- дейді депутаттар.
Abai.kz