Сенбі, 23 Қараша 2024
4567 13 пікір 10 Қыркүйек, 2021 сағат 12:24

«Одақтас ел»: Беларусьтың кебін киіп жүрмейік!

Ресей мен Беларусь елдерінің арасындағы «Одақтас мемлекет» жобасы іске аса бастады. Күні кеше Беларусь басшысы Мәскеуге іс сапармен барып, «Одақтас ел» жобасының аясында жасалған 28 бағдарламаны бекітті. Анығы Путин екеуі бірге мақұлдады. Енді не өзгереді? 

Алдымен «Одақтас ел» дегеніміз не, соны қарастырайық. 1997 жылы Ресей мен Беларусь біртұтас саяси, экономикалық, әскери, кедендік, валюталық, құқықтық, гуманитарлық және мәдени кеңістігі бар одақтастық жасауға уағдаласты. Оны "Одақтас мемлекет" деп атады. Жоба бойынша екі астана, Мәскеу мен Минск болуға тиіс.

«Беларусь пен Ресей одағы туралы шартқа» (2 сәуір, 1997 жыл.) және Одақ хартиясына (23 мамыр, 1997 жыл.) қол қойылды. 1998 жылдың 8 қазанынан 1999 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде «Одақтық мемлекетті» құру туралы Шарт жобасы жарияланды, оған қоғамдық ұйымдардың қатысуымен түзетулер енгізілді, қызу талқылаулар жүрді. 2000 жылдың 26 ​​қаңтарында екі елдің парламенттері Шартты ратификациялағаннан кейін ол күшіне енді.

Одақтық Парламент айрықша құқықтық мәртебеге ие, өйткені оны тек одақтық мемлекеттің халқы тікелей құруы тиіс. Құрылымдық түрде «Өкілдер палатасы» мен «Одақ палатасы» кіреді. «Одақ палатасына» әр мүше мемлекеттен 36 депутат кірсе, «Өкілдер палатасы» Ресейден 75 депутат пен Беларусьтан 28 депутат ену арқылы жасақталады, Яғни Ресейдің бұл тұста күші басым.

Одақта заңнаманы, бірыңғай парламентті, министрлер кабинетін және басқа да жоғары билік органдарын, рәміздерді (ту, елтаңба, әнұран), валютаны және т.б. ортақ ету жоспарлануда. Қазіргі уақытта Одақтық мемлекеттің рәміздері - ту, елтаңба және әнұран бекітілген жоқ және әр мемлекетте әр түрлі болып қалуда.

2006 жылдың аяғында Ресей Беларуське газ бағасының күрт өсуіне байланысты, президент Лукашенко айтарлықтай қарсылық білдіріп, екі ел арасы суып кеткен еді. 2007 жылдың қаңтарында Ол: «Олар бізден Ресейге қосылуды талап етеді. Мен Беларусьтің егемендігі мен тәуелсіздігін бермеймін», - деп мәлімдеген еді. Алайда, 2007 және 2008 жылдың басында интеграциялық үдеріс күшейе түсті. Ресей мен Беларусь президенттері сарапшылар дайындаған Конституциялық заңның нұсқаларын, одақтық өкілеттіктерді беруді және Одақтың ұлтаралық органдарын құруды, сондай-ақ Одақ президентін сайлау жүйесін қарастырды. Сарапшылар әрине одақтың президенті Путин болуға тиіс деп шулай жазды. 2008 жылдың мамырынан 2012 жылдың шілдесіне дейін Владимир Путин одақтық мемлекеттің Министрлер Кеңесінің басшысы болды.

2019 жылдың 3 қыркүйегінде Беларусь үкіметі интеграциялық іс-қимыл бағдарламасының жобасын мақұлдау үшін президент Александр Лукашенконың қарауына ұсынды. Онда «екі ел - бір нарық» қағидатын іске асыруды көздейтін тұжырымдама бар. Сол жылдың 6 қыркүйегінде Беларусь пен Ресейдің премьер-министрлері Сергей Румас пен Дмитрий Медведев екі елдің бірігу бағдарламасын қарастырып шықты. Жол карталарының тізімі бекітілді, тізімге жалпы жиынтығы 31 бағдарлама енді. Дегенмен оның мәні ашылып айтылмады, халыққа көрсетілмеді. 2019 жылдың 8 қарашасына дейін Беларусь пен Ресей үкіметтері екі елдің экономикалық интеграциясы шеңберінде әзірленген 31 жол картасының 16-сы туралы келісімге келді. 2019 жылдың 7-8 желтоқсанында Минскіде Ресеймен терең интеграцияға қарсы көше шерулері өтті. Беларусь халқы өз қарсылығын білдірді.

2020 жылы Беларусь еліндегі президент сайлауынан кейін Лукшенко билігіне деген қарсылық артты. халық сайлауды заңсыз деп атап, жүз мыңдаған адам Минск көшелеріне шықты. Беларусь саяси дағдарысқа түсті. Батыс елдері Лукашенконың наразылыққа шыққандарды қудалау, заңсыз әуе ұшағын күшпен қондыру сынды фактілеріне санкциялар салды. Санкция жариялау пакеттері әлі жалғасып жатыр. Лукашенко өзін тек Ресей құтқаратынын сезіп, Мәскеуге барынша жақындай түсті. Ол «Одақтас мемлекеттегі» бағдарламаларды мақұлдауды жылдамдатуға тырысып жатыр.

2021 жылдың 9 қыркүйегінде Ресей мен Беларусь басшылары Мәскеудің төрінде бас қосты. Басты тақырып - «Одақтас мемлекет». Ұсынылған және осыған дейінгі кикілжің тудырып келген 28 бағдарлама толық мақұлданды. Оның мазмұны әдеттегідей ашық айтылмаса да, бірқатар келісімдер белгілі болды. Мысалы екі елде ортақ макроэкономикалық саясат, ортақ өнеркәсіптік саясат болмақ. Төлем жүйелері біріктіріледі. Мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік сатып алуда бір-біріне ашық болады. Алдағы 2025 жылға дейін ортақ валюта мен ортақ парламентті де реттемек. 2023 жылы екі елдің газ нарығы ортақтасады. Бұл белгілі тұстары. Белгісіз саяси және әскери тұстары тағы бар. Сондықтан сарапшылар «Лукашенко кеше тәуелсіздігін Мәскеу төріне тастап кетті» деп жазуда. Батыс тарапынан саяси қысым мен санкция күшейген сайын, Лукашенко Беларусьты Ресейдің құшағына итере бермек.

Жә, өзгеге күлер жағдайда емеспіз. Қазақстанның өзі Ресеймен әмпей-жәмпейлігі артып келеді. Экономикалық одақ пен әскери ұйымда біргеміз. Енді міне электронды үкіметтің тізгінін Мәскеуге ұстатып, энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де АЭС салу арқылы Ресейге табыстамақпыз. Қауіп еткеннен айтамыз: Беларусьтың кебін киіп жүрмейік!

Асхат Қасенғали

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443