Маңғыстауда тірі мал қалсын десеңдер...
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар-Маминнің,
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ербол Қарашүкеевтің,
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың,
Қазақстандағы барлық мұнай компаниялары, олардың қожайындарының
назарына!
Ұсыныс
Егер де жақын күндері Маңғыстауда жауын жауып Алланың әмірімен жер көктеп, мал қоң жинамаса, көктемге дейін Маңғыстауда тігерге тұяқ қалмайды.
«Қыс келеді қырыннан, қамыңды жаса бұрыннан» деген, қазір қарекет жасамасақ ертең кеш қаламыз.
«Қараша мен қауыс кәрі құртаңды тауыс» деген мақал бар. Қазан мен қараша айына дейін барлық арық, көтерем малдарды азайту керек.
Ол үшін:
1. Мемлекеттен бөлінген қаржыға әр аудан орталығынан мал бордақылап, семіртетін орындар ашу қажет.
Халықтың қолындағы арық малдарды сатып алып, семіртіп етін өндірістік мекемелерге тапсыру керек. Сонда мал иелері қолындағы арық малдарын сатып, сол ақшаға жем-шөп алып, қалған малын аман сақтап қалуға мүмкіндік болады. Егер де бұл шара жасалмаса, халықтың жүздеген мың малы бостан-босқа қырылып қалады.
Қазірдің өзінде халықтың қолында арзан жем-шөп сатып алатын ақша қалған жоқ. Сатайын десең мал арық, өтпейді, сатпайын десең қолыңдағы ақша ештеңеге жетпейді.
2. Халықтың қолындағы қалған малын арнайы сақтандыру қорлары арқылы сақтандыру қажет. Сақтандырудың жарты ақшасын мемлекет төлегені жөн.
3. Ұлттық қордан ақша аударылатын болса да Маңғыстауға жем-шөп тасу үшін вагон жалдауға көктемге дейін үкімет жеңілдік жасаған жөн.
4. Қазақстандағы барлық мұнай компаниялары, олардың қожайындары!
Малы аштан қырылып жатқан халыққа қаржылай көмек беріңдер! Сіздер мұнайдың бағасы 25 доллар кезінде мекемені таратпай ұстадыңыздар. Ал қазір мұнайдың 1 баррелі 75 доллар болды. Табыстарыңыз 3 есе өсті. Сіздер жер астындағы суларды сорып азайтып, жер бетіндегі шөптерді көліктеріңізбен таптап жатырсыңдар. Енді соның орнын толтыратын кездерің келді.
5. Үкімет Маңғыстаудағы малдың жұтын мойындап, арнайы төтенше жағдай жариялау керек.
«Заң бойынша болмайды» деп жер шұқып отырмаңдар! Заңға өзгеріс енгізу өз қолдарыңда. Ертең мал жаппай қырылғанда төтенше жағдайды амалсыз жариялайсыңдар, бірақ ол кезде тым кеш болады...
Жәнібек Қожық
Abai.kz