Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3082 17 пікір 17 Қыркүйек, 2021 сағат 16:43

Жамбылдағы жарылыстың жаңғырығы

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстың жаңғырығы бірте-бірте сейіліп келеді. Оқиғаның мән-жайына тергеу-комиссиясы толық бағасын әлі бермеді. Кінәлілер анықталып, жауаптылар өз әркетін уақыты жеткенде түсіндірер. Ал әзірге болған оқиғаның жауапкершілігін тек қана экс Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өз мойнына алып, отставкіге кетті. Ал басқалары сонда судан таза, сүттен ақ па деген заңды сауал туындайды.

Жалпы әлемдік саяси сахнада жарылыс салдарынан ешбір елде министр отставкіге кеткен емес. Чехияда, Украинада мұндай оқиғалар болды, алайда жауап оқиғаға тікелей қатысы бар азаматтардан сұралды. Тіпті мына көрші Ресейде жылда қару-жарақ қоймаларында жарылыс болып жатады. Ол үшін ведомство басшысы орнын босатпайды. Қорғаныс министрі тіпті оқ-дәрілердің сақталуына тікелей жауап та бермейді. Ал бізде бар кінәні бір ғана кісінің мойнына арта салып, оқиғаны жылы жауып қойғысы келетіндер бар.

Рас, 17 азаматтың көз жұмуы жүректі ауыртады. Бұған дейінгі жарылыстарда да біраз азаматтарымыздан айырылып қалдық. Бірақ алдыңғы министрлердің ешқайсысы бұл үшін отставкіге кетпеді, ал Ермекбаев қоғам дүрбелеңін басу үшін өз мансабын елдің болашағы үшін құрбан етті.
Бұл әрине Ермекбаевтың жауапкершілігі жоғары, әрбір әрекетіне жауап беретінін аңғартады. Еліміздің саяси аренасында мұндай ұстанымдылық жоғары бағаланады, бәлкім Ермекбаев сенімді жауынгер, білікті әскери саясаткер екенін осы әрекеті арқылы тағы бір дәлелдеген болар.

Жалпы Қорғаныс министрі лауазымы — саяси қызмет. Ол министрлік пен республика басшылығы, қоғамдық ұйымдар мен өзге елдер арасындағы қарым-қатынасты мемлекеттің ұстанған саясатына сай реттеп отыратын тұлға. Ал әскердің жауынгерлік даярлығына, оқу-жаттығуларына, қажетті қару-жарақпен, әскери техникалармен, тылдың қамтамасыз етілуіне, олардың сақталуына тікелей жауапты Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қарулы Күштер Бас штабының бастығы екені анық. Ендеше Жамбыл оқиғасының жаңғырығы әлі де біразға дейін талай кісінің түн ұйқысын ұрлайтыны сөзсіз.

Белгілі қоғам қайраткері Ермұхамед Ертісбаев оқ-дәрілер қоймаларындағы жарылыс табиғи құбылыс болмаса да, кездейсоқ нәрсе емес, оның әскерде орын алу ықтималдығы жоғары деді.

– Әлемдегі кез келген армия үшін жарылыс кездейсоқтық емес, ол экономикалық деңгейіне де, геосаяси орналасуына да, қандай да бір артықшылық пен кемшілікке де байланысты емес. Неге десеңіз: оқ-дәрілер болсын, жалпы Қарулы Күштердің өзі болсын, олар – парадоксқа ұқсайтынына қарамастан, жоғары қауіптің көзі болып табылады. Қалай айтсақ та, ешбір мемлекеттік органда қорғаныс ведомствосында сияқты сонша көп қауіпті, жойқын қырғынға ұшырататын қару-жарақ, техника мен оқ-дәрі жоқ. Қазақстан армиясының тағы бір ерекшелігі – қару-жарақ пен оқ-дәрілердің басым бөлігі кеңес дәуірінен қалған. Олардың кепілді пайдалану мерзімі баяғыда өтіп кеткен, – дейді қоғам белсендісі.

Еліміздегі көптеген сарапшылар мен саясаттанушылар Қазақстан Қарулы Күштеріндегі 30 жыл бойы жинақталған проблеманы отставка шешпейді деп пікір білдірді. Ертісбае мұнымен толық келісетінін жеткізді.

– Армия да біздің жалпы мемлекеттік жүйе сияқты өте «икемсіз», сондықтан жылдар бойы қалыптасқанды түзету үшін Ермекбаев басшылық еткен 3 жыл әрине аз. Еліміздің тарихында қорғаныс саласын армия генералдары да, саяси басқарушылар да басқарған болатын. Олардың әрқайсысының кезінде де оқ-дәрілер қоймаларында жарылыс болып, әскери қызметшілер мен азаматтық тұрғындар қаза тапқан. Ол төтенше жағдайлар бірлі-жарым да болды және сериялы түрде де болды, – деді қоғам белсендісі.

Телеграмда 330 мың жазылушысы бар НЕЗЫГАРЬ каналы да Жамбылдағы жарылыс пен Ермекбаевтың отставкасы туралы жазба шығарды. Паблик иелері экс-министрдің әрекетін посткеңестік елдердің саяси элитасында бұрын соңды болмағанын айтады. Себебі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс тұтас министрліктің жұмысының көрсеткіші еместігін айтады. Әдетте әскерилер мұндай тірліктің тігісін тез жатқызатын. Алайда Нұрлан Ермекбаев басқа шешімге келді. Қанша дегенмен 17 адамның қаза тапқаны қоғамды сілкінтті, сондықтан экс-министр қоғам тыныштығын басты назарға алып, орнын босатты. Бұл әрекеті арқылы ол өзін қиын-қыстау кезеңде жауапкершіліктен қашпайтынын көрсетті.

Abai.kz

 

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407