Қызылжардан қуанышты хабар
Қуанып отырмыз. Қызылжардың бір топ азаматтары бірімізді-біріміз құттықтап мәз болдық. Республикада «мораторий» болып жатса да, Солтүстік Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының мүшелері бас қосып, Қызылжардағы бірнеше мектепке ат қойды.
Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан атамыздың, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының, Алаштың жас жолбарысы Смағұл Сәдуақасұлының ардақты есімдерін орта мектептерге бердік. Осынау тарихи оқиғаға қатысымыз болғанына қуандық. Әлем чемпионы Қажымұқан атамызға Ұлттық спорт мектебін беруге ұйғардық.
Облыстық ономастика комиссиясын басқарып отырған, облыс әкімінің орынбасары Ғани Сақтағанұлы осы ұсынысты ортаға салғанда, әлбетте бірауыздан дауыс бергендер ішінде кім болды дейсіз ғой: Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ театрының директоры әрі әнші Біржан бауырымыз, облыстық архивтің директоры, ғылым кандидаты Сәуле Мәлікова, облыстың Құрметті азаматы журналист Жарасбай Сүлейменов, журналист Жақсыбай Самрат тағы басқалары бастаған елдің игі жақсылары. Әрине, Республика үкіметі қолдайды, премьер-министр қол қояды деген үмітіміз кәміл.
«Аттарын бердік, мектептеріміз сол аттарына лайық болсын дейік. Алаштың қасиетті ұлдарының атындағы мектептерді мақтан қылайық, ескерткіштерін орнатып, маңайын көркейтейік!», деп тарастық.
Зарқын Тайшыбай,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
«Abai.kz» сайтының тұрақты оқырманы әрі авторы
Abai.kz