Бейсенбі, 20 Тамыз 2026
46 - сөз 1414 0 пікір 19 Тамыз, 2026 сағат 14:51

Тағдыр

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Банды Аманғалидың бауыры Үмбетқали туралы...

Оқымай жас күнімде қара таныдым,
Хәрпін келтіре алмай шала таныдым.
Аралап кең Нарынды жүргенімде,
Себектен Аманғали банды атандым....

Бұл оқиғаның басы 2004-2008 жылдары басталған болатын.

2003 жылы Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшілігіне Кеңесші лауазымына тағайындалып, жұмысқа кіріскен болатынмын. Алдында тек Балтық елдерімен жұмыстарымызды істеп бастап, кейіннен бізге Финляндия елі қосымша берілді.

Осы елмен жұмыс істеу маған тапсырылғандықтан, Вильнюстегі фин дипломаттарымен жете танысып, екі жақты қарым-қатынасты дамыту мәселелерімен айналысу кезінде, Суоми елінде тұратын қазақстандықтардың (финдерге тұрмысқа шыққан қазақстандық азаматшалардан басқа, олар фин елінің азаматтығын қабылдайды) жағдайлары туралы білу де қажет болды.

Сол кездегі Финляндияның Литвадағы Елшісі Тимо Лахелмамен (Timo Lahelma) тығыз араласып, елдегі мұсылмандардың өмірі туралы пікір алысқанбыз. Сонда фин дипломатының айтқаны бойынша, Хельсинкиде татар диаспорасының белсенді екендігі, солардың ішінде қазақтардың да бар екендігі туралы айтқаны есімде.

Алдында Аманғалидың інісі Үмбетқалидың фин елінде қалып қойғанын, оның ұлты татар әйелге үйленгенін, олардың 4 қызы бар екенін білетін мен, сол кісіні жәйлап іздестіре бастадым. Оның да өзінің себебі бар.

Мен мектепте оқып жүрген кезден бастап «Банды Аманғали» деген атты жиі естідім. Үйдегі атам мен әжем кезінде (Әзен ағамның ата-анасы) Аманғалиды көрген, бір рудың адамдары, сол жылдары қазіргі Индер ауданының Есбол, Ынтымақ, Өрлік ауылдарының және Орал облысының Калмыково, Яманка (Жаманқала), Базаршолан ауылдарының жайлауларында мал баққан болатын. Кезінде Аманғали өзінің нөкерлерімен солардың қыстақтарына келіп, аттарын ауыстырып жүрген көрінеді. Бұған қоса, алғаш рет Мұқсинаның атында сол кісілерден естіген болатынмын. «Еркек адамша киініп алған Мұқсина атына қарғып мініп, Аманғалидың қасында серік болып жүрді ғой»,-деп айтып отыратын еді. Бірақ Аманғалидың бауырлары туралы, олардың кейінгі өмірлері туралы айтқанда, «Үмбет те сол кеткен жағынан келген жоқ, қалды ғой барған жерінде», - дегенді естігенмін.

Кейіннен 2004 жылы баспадан шыққан Ләтифолла Қапашевтің «Банды» Аманғали ісі» атты кітабын оқығанымда сол Финляндияда қалған Үмбеттің тағдырын білу міндет болды. Бұған тағы қосымша себепші болған бір нәрсе,Үмбетқалиды 1969 жылы Хельсинкиге іздеп барған Ғабит Мусалимов ағайдың жары, «Қайран, Ғабит» атты кітаптың авторы, белгілі мұғалім Жұмазия Тұрғалиева апаймен болған жүздесуімізде де Үмбеттің қыздарын іздеу қажеттігі де айтылған болатын. Жұмазия апайдың айтуы бойынша, Ғабит ағай 2 рет Хельсинкиге барып келгеннен кейін екі арадағы байланыс үзіліп қалған.

Сонымен не керек, 2004-2008 жылдары Хельсинкиге бірнеше рет барып, сол кездегі фин дипломаттары арқылы татар диаспорасының өкілдерімен байланысқа шығуға жұмыстандым. Алайда, кейде уақыттың тарлығы, бұған қоса фин еліндегі адамдардың аса көп ашыла сөйлеспейтіндігі, қолда бар ақпараттың аздығы да себеп болып, татар өкілдерімен ашық жүздесіп, нақты ақпаратты алуға мүмкіндік бола қойған жоқ.

Содан кейін мен Австрия Республикасында Елшілікте Кеңесші-Уәкіл лауазымына тағайындалып, Вена қаласында қызмет етіп, сосын Сыртқы істер Министрлігінің Парламенттегі ресми өкілі ретінде де жұмыс істеп жүрген кездерімде де финдік дипломаттармен араласып, олармен байланыста болып, үнемі ізденістер үстінде болдық.

Ұмытпасам, 2015 жылы болуы керек, бірде жерлесіміз, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Аманғалидың Финляндияда тұратын інісінің қыздарын іздестіріп, оларды мүмкіндігінше Атырауға әкеліп, әкелерінің туған жерін көрсетсе деген ойын айтты. Сосын біздер Сыртқы істер министрлігі атынан сол кезде Хельсинкиде жаңадан ашылып жатқан Елшілікке ресми хат жолдадық. Алайда Елшіліктен келіп түскен жауапқа сәйкес, олар фин тарапының «Жеке адамның рұқсатынсыз ақпарат берілмейтіні»- туралы Заңға сүйеніп, бұған қоса татар диаспорасының өкілдерімен байланыс орнатудың әзірше мүмкіндігі болмағанын, Үмбетқалидың қыздарының бәрі Финляндияда тұрмауы мүмкін деген  ақпаратты мәлімдеген болатын.

Бұдан соң, Хельсинкиге түрлі шаруалармен 2-3 рет өзім барып, сол кездегі фин дипломаттарын алға салып, өзімше жергілікті татарлармен байланысқа шықтым. Бірақ кейбіреуі Үмбетқали деген кісіні білмейтіндерін, оның басқа қалада тұруы мүмкін деген болжамдар айтты. Ал, қыздарының аттарын біле тұра, оларды іздестіру қиын болды, оның себебі, олар тұрмысқа шығып, тектерін өзгертіп, басқа елге кетіп қалуы мүмкін деген де болжамдар болды.

Ләтифолла Қапашевтің «Банды» Аманғали ісі» атты кітабында көрсетілген «Финтра» корпорациясының Вице-Президенті Феһым Садық (кітапта оның ұлты түрік деп көрсетілген, 237 бетте, алайда бұл мағлұмат қате болып шықты. Феһым Садық – ұлты татар, өмірден өтіп кеткен екен), Үмбеттің жолдасы Есмұрза Оспанның әйелінің жақын інісі деген жорамал айтылған. Алайда, бұны да тексеру мүмкін болмады, оның себебі, 1973 жылы Есмұрза мен әйелі де, олардың жалғыз қыздары жас кезінде өмірден өтіп кеткен екен...

Сонымен, тек өткен жылдың аяғында ғана, яғни 2025 жылдың желтоқсан айында әдейі Финляндияға барып, сол елдің имамы Рамиль Беляевпен байланыс орнатып, сол арқылы Үмбетқалидың немересі Сьюзан Алединмен жүздесу мүмкіндігіне ие болдым.

Анықтама: Рамиль Беляев - Ресей елінің тумасы, Финляндияда тұратын мұсылмандардың имамы, Финляндия Университетінің түлегі, 2017 жылы «Татарская диаспора Финляндии: вопросы интеграции и сохранения» атты  тақырыпта диссертация қорғаған, PhD докторы ғылыми атағы бар.

Имам Рамильдің айтуы бойынша, ол Үмбетқалидың жанұясымен жақсы таныс. Оның мәліметінше, Үмбетқалидың ең кіші қызы Дидаш жақын арада ғана өмірден өткен екен. Екеуі кезінде көп әңгімелесіп, пікір алысқан.

Ал енді Үмбетқалидың немересінің өзіне сөз берсек, оның айтуынша,Үмбетқалидың тұқымдары Қазақстандағы туысқандарын іздеп, өздерінше табуға да жұмыстанған. Өздерінің қазақ екендерін біледі, татарша сөйлей алады, алайда негізгі тілдері – фин, швед тілдері. Осы елде туып-өскен, білім алған, атасының Қазақстанда туылғанын және сол жақты қалған туыстарының да бар екенін де жақсы біледі. Олар Финляндияда дүниеге келген, бірақ мектепте оқыған жылдарында Швецияда тұрған.Үмбетқалидың немерелері аталарының және оның отбасының тағдыры туралы көбірек білгілері келеді. Аталары кезінде өткені туралы айтпаған, осыған байланысты оның басынан өткен оқиғалары туралы немерелері өте аз біледі. Олардың тек білетіндері, ол тұтқындар лагерінде болды, сол жерден қашып үлгерді. Азаттық жолында ол ағаштың қабығын жеп, аман қалды.

(Үмбетқалидың жас кезі. Бұл фото қазақ басылымдарында алғаш рет жарияланып отыр, жанұялық мұрағатынан алынды)

Қыста қашып, мұзды жаяу басып, Финляндияға барды.Үкімет оны өз қамқорлығына алған соң, татар қауымымен жақынырақ танысады. Сол жерде ол Кериме деген татар қызымен кездеседі. Олардың бес баласы болды: төрт қыз және бір ұл, өкінішке орай, ұлдары Мұрат ертеректе қайтыс болды.Үмбетқалидың өзі 1988 жылы қатерлі ісік ауруынан қайтыс болған. Өмірінің соңғы жылдарында ол Швецияда тұрған. Оның немерелерінің мәліметінше, Үмбетқали өте әдепті адам болған, немерелерін жақсы көрген. Өткен өмірі туралы ешқашан ашық айтпаса да, оның күші мен қадір-қасиетін үнемі жақындары жақсы сезінген. Аталарының аға-қарындастары бар екенін де жақындары білген, немерелері есейген сайын туыстары туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден табуға да тырмысқан. Үмбетқалидың ұрпақтарының Аманғалидың поэзиясын, музыкасын немесе тарихын оқитын немесе тыңдайтын сілтемелер немесе кітаптар болса, бұған қоса немерелері әулеттің ортақ тарихы туралы көбірек білгілері келеді. Аталарының басқа да туыстарын жақсырақ танып, осы байланысты сақтай аламыз деп шын жүректен үміттенеді.Үмбетқали Финляндияда атын Оммет деп өзгерткен. Ол ұзын бойлы, ибалы, көп сөйлемейтін адам болған. Ол өзінің естеліктерін үнсіз қалдырды және ешқашан өзінің қайғысын басқалармен бөліскенін қаламаған. Ешкімге көрсетпей өзі жеке үнсіз қиналып, мұңын жасыра білген.

(Үмбетқали жолдастарымен бірге. Қасындағы азаматтар да қазақтарға ұқсайды. Бірақ, аты-жөндері белгісіз. Бұл фото қазақ басылымдарында алғаш рет жарияланып отыр. Сурет жанұялық мұрағаттан алынды)

Үмбетқали тегі татар, Айнетдин деген атпен туған Керимамен тұрмыс құрған. Олардың бес баласы болды:тұңғыш қызы – Түркан (1939–2009). Ол ұзақ жылдар фин тоқыма өнеркәсібінде жұмыс істеп, кейін кәсіпкер болды. Оның жалғыз ұлы бар, ол қазір Финляндияда тұрады.

Олардың екінші баласы Мұрат (1940–1941) болды, өкінішке орай, бір жасында қызбадан қайтыс болды.Үшінші перзенттері Үлкен (1941–1988) атты қызы болды. Ол банкте жұмыс істеген.Олардың төртінші қызы Зиас (Зияш) (1944–1999). Ол өмір бойы әртүрлі салаларда жұмыс істеп, екі баланы дүниеге әкелді: Финляндияда тұратын қызы, Швецияда тұратын ұлы бар.Олардың бесінші баласы – Дидаш (1949–2007). Ол интерьер дизайнері болып жұмыс істеген  және екі қызы бар. Үмбетқали өзінің туған еліндегі отбасын қатты сағынған, бірақ оның қайғысының ауыртпалығын басқалардың көтергенін ешқашан қаламаған. Оның ерте өмірі жанұясы үшін әрқашан жұмбақ болып қала берген... Үмбетқали жылқыны жақсы көрген, үнемі тыным таппайтын адам болған екен. Ол Финляндияның түкпір-түкпіріндегі базарларда кілем сатушы болып жұмыс істеп, сонымен бүкіл отбасын қамтамасыз еткен. Оның бетінде, денесінде және басында көрінетін тыртықтары болған, сондықтан оның көп нәрсені басынан өткергені де белгілі болған.

(Үмбетқали жолдастарымен)

Жанұяда жиі талқылайтын мәселелердің бірі – оның ағасының (Сүндетқалидың) Финляндияға келуі болды. Ағасы кеткен соң Үмбетқали бір апта бойы үнсіз отырған. Үнсіз, өзінше жоқтау айтқандай сезім кешкен.Сонымен біздің ізденіс-зерттеу жұмыстарымызды саралай келе, Үмбетқали Кенжеахметовтың елімізде жазылған өміріне мынандай өзгерістер енгізуге болады деп ойлаймын. Ләтифолла Қапашевтың «Банды» Аманғали ісі» атты кітабының 158 бетінде жазылғандай, кезінде Үмбетқалидан жауап алынған (67118/192-іс, 496-495 бб.), бұл 1927 жылдың 10 тамызы, Орал қаласында болған оқиға. Жауап берген – Үмбетқали Кенжеахметов, 22 жаста, үйленбеген, қыстауы, 5 сиыры, 7 түйесі, 2 жылқысы бар, әрі балықшы. Тергеудің хаттамасына қолын арабша қойған. Яғни, Үмбетқали 1905 жылы туылған. 1927 жылдың маусым айында тұтқынға алынып, 1929 жылғы қаңтарда ағасы Сүндетқалимен бірге мәселелері қаралып, сотталған. Негізгі тағылған айып: Аманғалидың қасында болмаса да, оның туған інілері екені белгілі, өздерінше Аманғали тобына көмектесіп отырған және Аманғали тобын ұстауға келе жатқан әскери адамдардың жүрісін ағасына хабарлап отырған деген айып тағылып, сот шешімі шығарылған.Ақырында Үмбетқали Кенжеахметов 1929 жылы Ресейдің Мурманск облысына жер аударылып, СЛОН(Северный Лагерь Особого Назначения) лагеріне аттандырылған (234 бет). Осында Үмбетқали мен Есмұрза Ақ теңіздегі Соловки аралына балық аулау жұмысына барады да, ал Әбдірахман, Мұхсина, Сүндетқали Кенжеахметовтер Мурманскігідегі жағадағы лагерьде қалады. Автор Л.Қапашевтың мәліметіне қарағанда, олар өзара хат та алысып тұрған. Осылайша, Үмбетқали мен Есмұрза екеуі екі жылдай балық аулаған. Яғни, 1931 жылға дейін балық аулады деп болжамдауға болады.Алайда, фин көші-қон зерттеушісі А.Литзенгердің (Antero Litzenger -«Islam Suomessa», 2008 ж. 85 бет, фин тілінде) мәліметі бойынша, Оммет Кенжеахмет 1930 жылы Хельсинкиде болған. Оның қасындағы Ismurza Osman да осы зерттеушінің мәліметінше, 1930 жылы Финляндияда өмір сүрген. Сондықтан, осы арада бұл мәліметтің қате тұжырым екенін айтуға болады(төмендегі кестені қараңыз).

(Бұл ақпарат фин көші-қонзертеушісі А.Летзингердің кітабынан алынған. Осы ақпаратта Үмбет пен Есмұрза және де басқа Финляндияға қашып келген азаматтар туралы мағлұматтар бар)

Жоғарыда айтқанымыздай, фин елінің имамы Р.Беляевтың және Үмбетқалидың немересінің  айтуынша, Үмбетқали Финляндияға келгенде атын және фамилиясын өзгерткен - Ommet Kenzchakhmet, бізше Өмбет (Үмбет) Кенжеахмет деп  келтіруге болады.Оның өмірінің соңғы мекенінде жазылған да осы ат.Ал, Есмұрза Оспан (Ismurza Osman) жөнінде айта кетсек, бұл кісі 1898 жылы туылып, 1973 жылы қайтыс болған. Ұлты қазақ, сотталған, Үмбетқалимен бірге түрмеден қашқан, ұлты татар әйелге үйленген, 1 қыздары болған, алайда қыздары жас шағында қайтыс болып кеткен.Енді Аманғалидың өмірін зерттеуші Л.Қапашевтың мәліметіне келсек, Үмбетқали мен Есмұрза Ақ теңізде балық аулап жүріп, дауылды күні қайықпен ығып, Хельсинки қаласына тап болған. Енді бұл арада бұл ақпараттың қайдан алынғанына тоқталайық. Өздеріңізге белгілі, Үмбетқалиды Финляндияның Оулу қаласында алғаш рет көрген жерлесіміз, атақты күйші Қаршыға Ахмедияровтың сөзіне сүйенсек, 1969 жылы Финляндияға концертпен барғанда, Үмбетқалимен кездескен, бірақ сөйлесе алмаған, қасындағы НКВД/КНБ-ның адамы рұқсат етпеген, туысқандары берген хатты сол кісі тартып алған. Соған қарамай Үмбетқали концерттік топтың артынан еріп, Финляндияның барлық қалаларына барып отырған. Атақты күйшіміз оған арнап «Бозінген» күйін тартқан. Бұған қоса, туристік жолдамамен әдейі Финляндияға барған Аманғали мен Үмбетқалидың жиені Ғабит Мусалимов Үмбетқалимен Хельсинкиде кездескен. Екінші рет Үмбетқалидың ағасы Сүндетқалиды ертіп Финляндияға тағы барған. Жанұяларымен бірге түскен суреттері де бар («Банды» Аманғали ісі» атты кітабының 112-113 беттері). Меніңше, осы адамдардың айтуларынан жазылған мәлімет болуы керек деп немесе Үмбетқали мен Есмұрзаның өздері айтқан деп те пайымдауға болады. Мүмкін сол кезде де екеуі КГБ-ның қаһарынан қорыққан болулары керек ...Бірақ та, өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары, қылышынан қаны тамып тұрған НКВД-ның жендеттері балық аулаушы тұтқындарды ашық теңізге қалай жібереді?  Бұған қоса, тарихта белгілі Фин-СССР соғысы қарсаңында өзара шиеленіскен шекараны басып өтіп, оңай капиталистік елге өтіп кету қалай мүмкін болған? Осы арада әлі толық зерттелмеген фактілер мен ақпараттар бар. Қазіргі уақытта фин тарапы рұқсат етсе, қазақтарды 1930 жылы түрмеден қашқан уақыттағы тергеу хаттамаларымен танысып, оқырманға ұсынған жөн болады деген ойдамын. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын тапқаны да абзал. Бұл құжаттар көп нәрсеге жауап беруі мүмкін... Мүмкін, тергеу кезінде саяси тұтқындар хаттамаларында Аманғали туралы ақпараттар айтылған болуы да ықтимал. Сондықтан да бұл жерде Үмбетқалидың немересінің мәліметіне тағы құлақ түрсек: Үмбетқали, Есмұрза және тағы бір белгісіз адам үшеуі біріге түрмеден қашқан.Справочно: Расстояние от Соловецких островов, где располагался лагеря  СЛОН, до ближайшей точки финской границы (в районе Карелии) по прямой составляет примерно 200–250 километров. Соловки находятся в Онежской губе Белого моря, и западное направление к границе проходит через материковую часть Карелии...(ЖӘ).Түрмеден қашқан топ қысты күні орман арасында тығылып, ағаштың қабығын жеп қоректенген. Финляндияға жеткен кездерінде жергілікті биліктің қолына түсіп (әрине, құқық органдары болуы керек), тергеуде болған. Билік арқылы ғана татар диаспорасының өкілдеріне байланысқа шығып (мүмкін жергілікті татарлар аудармашы болған болуы керек), жандары аман қалған. Осы мағлұматтар шындыққа ұқсайды, бұл мағлұматтар да Үмбетқалидың немерелерінен алынды.Зерттеуші Л.Қапашевтың мәліметінше (кітаптың 235-і беті), Үмбетқали мен Есмұрза мал бағып, үлкен фермерлер атанған делінеді. Алайда, Үмбеттің немересінің айтуынша, аталары ешқашанда мал шаруашылығымен айналыспаған. Ол кілем сатып, кәсіпкерлікпен айналысқан.Үмбетқали ешкімге өзінің өмірі, туған жерінен жырақта өткен тағдыры туралы ашық айтпаған. Денесінде, басында тыртықтардың іздері көп болған, ішінен қайғырып, сыры мен мұңын сыртқа шығармаған адам ретінде суреттеледі. Әрине, оның жан-күйін түсінуге болатын шығар, Аманғалидың туған бауыры болғанмен, қасына ермеген, тобында болмаған, бірақ жазықсыз сотталып, Сібірге жер аударылған. Ағалары Мұқанғали, Әндірғали жазықсыз атылып өлтірілсе, Сүндетқали айдаудан аман-есен келіп, елімен қауышқан. Мұхсина әйел басымен соншама қиналса да, айдаудан аман келіп, көрші Орал облысында тұрған, туғандарымен араласқан. Ал, Үмбетқали өмір бойы жырақта жалғыз болған, қашан да туған жерін бір көруге зар болған, Нарын құмын аңсап кеткен азаматтардың бірі. Негізі адам үшін ең қиыны - туған жерден жырақта болып, өмір сүру екен деп айтылады. Кешегі Құныскерей да құса болып, атын жасырып, көрші түркімен жерінде өмір сүріп өтті. Оның қыздарының айтуы бойынша, Құныскерей туған жерін көре алмағандықтан, өскен жерінде бола алмағандықтан іші құса болып, өмірден өтті делінеді. Бірақ Құныскерей бізге тілі жақын мұсылмандар арасында өмір сүрді, азды-көпті сол елдегі қандастарымен араласты. Ал Үмбетқалиға келетін болсақ, ол тілі, діні бөтен адамдардың арасында бар саналы өмірін өткізген. Ешқашан ешкімге ашылып сырын айтпаған, жанына жақын адам таба алмаған....Ommet Kenzchakhmet пен оның жары Кериме Финляндияның азаматтығын тек 1943 жылдың 1 сәуірінде ғана ала алған. Бұл кездегі басылымда Ommet мехжөндеуші адам ретінде көрсетілген. Қазақ елі тәуелсіздік алып, жеке мемлекет болған шаққа жете алмаған, жаман аурумен ауырып, 1988 жылы өмірден өткен. Кейбір қазақ басылымдарының беттерінде Үмбетқали Кенжеахмет 1985 жылы өмірден өткен деген ақпараттар бар, бірақ бұл да қате ақпарат.Үмбетқали Кенжеахметұлы 1988 жылы өмірден өткен. Хельсинки қаласындағы мұсылмандардың Хиетаниеми (Hietaniemen hautausmaa) https://www.helsinginseurakunnat.fi/hietaniemenhautausmaa.html.stx бейітінде жерленген. Қасында өмірден ерте кеткен ұлы Мұраттың және тағы басқа жанұя мүшелерінің бейіттері бар. Негізі Финляндияда мұсылмандарды 3 қалада жерлеуге мүмкіндік бар: Хельсинки, Турку және Тампере қалаларында.

Міне, мына жер Қазақстанның Батыс өңіріне танымал, аты шулы «Банды» Аманғалидың бауыры, жазықсыз сотталып, барлық өмірін бөтен жерде, бөтен елде өткізуге мәжбүр болған Үмбетқали Кенжеахметұлының соңғы тыныс тапқан жері...Қылышынан қаны тамып тұрған Кеңес Үкіметінің, бүкіл еліміздің асылдарын құртқан жылдары қоршаулы лагерьден қақаған Сібірдің қысында қашып шығу, ағаштың қабығымен қоректеніп жанын сақтап қалу, сауатсыз бола тұра өзге елдің тіліне, жеріне үйреніп, аман қалуы да өзінше бір ерлік емес пе? Сірә, Аманғалидың тұқымдары жәй адамдар болмаса керек.....

P.S. Құрметті оқырман қауым!  Қазақтың ер көңілді, ерен өнерлі, ерке тұлғасы «Банды» Аманғалидың еліміздің Батыс өңірінде тұратын туыстары!Мен осы ізденіс мақаламды әдейі «Атырау» және «Дендер» газеттеріне жазып отырмын. Оның басты себебі, Аманғали әулетінің барлық өкілдері негізінен осы Атырау, Орал өңірінде тұратын шығар деген ойдамын. Сіздердің сонау Скандинавия елдерінде тұратын туысқандарыңыз өздерінің аталары Үмбетқалидың туып-өскен жерін көріп, танысып, Сіздермен жүздесуге ашық екендерін айтуда.Бұған қоса, атамыз қазақтың бейіт басына барып, құран оқытып, топырақ салатын әдет-ғұрпымыз тағы бар. Жырақта жатқан Аманғалидың бауыры Үмбетқалидың қабірі Хельсинки қаласында. Немерелері Финляндия мен Швеция елдерінде тұрады, фин, швед, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Татар тілін түсінетіндері де бар. Сондықтан Үмбетқалидың ұрпақтарын Атырау өлкесіне шақырып, оларға Нарын құмын көрсетіп, Аманғалидың мұрасымен таныстырып, біріге қауышу кештері ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болады деген ойдамын...Атырау облыстық мәдениет ұйымдарының, соның ішінде Индер, Исатай, Құрманғазы аудандарының мәдени ошақтары басшыларының құлақтарына алтын сырға!

Жалғас Әділбаев,

Төтенше және Өкілетті Елші, тарих ғылымдарының кандидаты.

Аддис-Абеба-Ыстанбұл-Вильнюс-Хельсинки-Стокгольм-Ыстанбұл- Аддис-Абеба.

2025-2026 жылдар

Abai.kz

0 пікір