Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3069 0 пікір 21 Маусым, 2012 сағат 09:36

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Аймақтық үкімет қатынасына қосымша сол күні түстен кейін оқу-ағарту мекемесіне де бір конверт ала қайтқанмын. Ертеңіне сағат онда жетіп, Досан әкімнің алдына кіріп бардым. Әкім түксие қарады.

- Рұқсатсыз неге кіресің, Биғабіл сен?

Екі конвертті алдына тастай қайырдым жауабын:

- Осы жолы әкімнің есігін ұрып, басын ауыртпай кіре бер деді ғой!

- Кім? - дей сала аймақтық үкімет конвертін ашып жіберіп, түнере үңілді үлкен таңбалы қағазға. - Бұл не дегені? -деп өзіне-өзі күбірлегенде, сол сөзінен екі еселеп жыбырлады мұрты. Жыбырлап барып жиырылып маған қарады. - Сені қабылдаса қуана қарсы аламыз ғой, бірақ осыларда ұғыспастық көп, шырағым, сен ертең бір келіп қайтшы маған.

- Рас, осылардың сіз бен мен туралы ұғыспастығы көп екен. Мен барып айтқанда ұқты! -деп жымидым мен.             -  Бірақ, сізше «ертең бір келіп қайт» демеді өздері маған, «бар да ісіңе отыр!» деді.

- Башекең солай деді ме, отырсаң отыра тұр оқу бөліміне барып! Шакербайды шақырып жібер!

- «Отыра тұр» деген жоқ, «біржолата отыр деймін!» деді.

Күле шығып барып, Шакербайға әкім шақырғанын айттым. Ол маған бажырая қарап, өтіп бара жатып сұрады:

- Өзің бір жаққа барып қайтқанбысың?

- Сауырға барып қайтқанмын ғой!

V

Аймақтық үкімет қатынасына қосымша сол күні түстен кейін оқу-ағарту мекемесіне де бір конверт ала қайтқанмын. Ертеңіне сағат онда жетіп, Досан әкімнің алдына кіріп бардым. Әкім түксие қарады.

- Рұқсатсыз неге кіресің, Биғабіл сен?

Екі конвертті алдына тастай қайырдым жауабын:

- Осы жолы әкімнің есігін ұрып, басын ауыртпай кіре бер деді ғой!

- Кім? - дей сала аймақтық үкімет конвертін ашып жіберіп, түнере үңілді үлкен таңбалы қағазға. - Бұл не дегені? -деп өзіне-өзі күбірлегенде, сол сөзінен екі еселеп жыбырлады мұрты. Жыбырлап барып жиырылып маған қарады. - Сені қабылдаса қуана қарсы аламыз ғой, бірақ осыларда ұғыспастық көп, шырағым, сен ертең бір келіп қайтшы маған.

- Рас, осылардың сіз бен мен туралы ұғыспастығы көп екен. Мен барып айтқанда ұқты! -деп жымидым мен.             -  Бірақ, сізше «ертең бір келіп қайт» демеді өздері маған, «бар да ісіңе отыр!» деді.

- Башекең солай деді ме, отырсаң отыра тұр оқу бөліміне барып! Шакербайды шақырып жібер!

- «Отыра тұр» деген жоқ, «біржолата отыр деймін!» деді.

Күле шығып барып, Шакербайға әкім шақырғанын айттым. Ол маған бажырая қарап, өтіп бара жатып сұрады:

- Өзің бір жаққа барып қайтқанбысың?

- Сауырға барып қайтқанмын ғой!

Шакербай барып әкім кабинетіне кіргенде, мен барып оның қарсысындағы қатшы бөліміне кірдім. Күткенім, екі сұмның аймаққа телефонмен сөйлесуін есту еді. Қатшымен қалжыңымыз «қысқару» мен «ұзару» жөнінен екі белең асып, қарқылға айналғанда тірілді әкім телефоны. Досан Башекеңнің «сартымен» сөйлесті. Алғашында бажалардың бас тырнасқанындай ғана ымыралы үн естіліп еді. Соңынан «ассалаумағалайкум.. мен, мен ғой, Досанмын Бәшеке, Досанмын!» деген әкімнің жалбарақтаған итағатты дауысы шыққанда мен де шықтым ауыз бөлмеге. Әкім өз атын ақаған соң сөзден қалды. Бәшекеңнің «аптаматы» от бүркіп сақылдап, мұртты тұқыртып тастағаны байқалды. Шалқалай басып үйге қайттым.

Шакербай ертеңіне сағат онда мені іздеп үйіме келді:

- Ойбай-ау, Биғабіл-ау, бұл жатысың қай жатыс!... Жолдау қағазды өзің әкеліп тастап, мұның не шырағым-ау, жүр, тез киін!

- Қайда бармақпын?

- Қайда бармағың не айтып жатқан! Қызметіңе, өз қызметіңе орналастың!

- Үй, одан «қысқартып» едіңдер ғой? Әлгі мұртың көне ме екен оған?

- Көнсін-көнбесін, мен өзім шақырып келдім ғой, міне!... Оқу-ағарту мекемесі қайта қабылдаған соң, мен өзім шақырып келген соң болмады ма!... Сен қысқарды деп естігелі қақсап едім бәріне. Әйтеуір өзің барысыңмен шешіп беріпті ғой!... Рақымет оларға! Бар бетке ұстар инспекторымызды қалдырсаңыздар мектептеріміз түгел ақсайды деп әкімге де зар қаққанмын!... Ол қайдан біледі, біздің қызметте қандай рөлің барын!... Білгені сол ғана болған соң қайтпексің сол шалды, қоя сал енді сен де кешіріп!...

- Ие, көпшілік қой десе, сізді де, оны да қоя саламыз ғой, жаназа шығарып қоюды қосса, оған да бармын! - деп күрсіне салдым. Құйрығы ашылып жатқанымен ісі де болмай сылдырайтын осы ыштансыз алдамкөстің бетсіз, құрдым мылжыңын қуалай беруден зеріккен сияқтымын. «Жаназа» деген сөзіме ғана тойтарыс жасағысы келгендей жалт қараған ол да қуаламай қоя салды.  Қоя салмаса, қоясын түсіретінімді біледі екен. Осы жайына «сүйіндім». - Жау болса да көріскен-біліскен адам жақсы екен! -деп жымидым сонан соң. Оқып жатқан кітаптарымды жиыстырып, түрегеле сөйледім. - «Жайы мәлім шошқаның түрткенінен жасқанба» деп ұлы Абай, сол «жайы мәлім» жауды «жақсы» көретіндігінен айтқан екен ғой!

- Биғаш, осындай ащы қағытаны қоялықшы енді, жалынайын, әкімге қадамай-ақ қойшы енді мұндай сөзді! -деді Шакербай. Тыңдай күлімсіреп отырған шешемнің алдында, соңғы осы сөзімнен де қылмыстан өзін арашалап, «Досаннан болды» деген мағына білдірді.

- Жоқ, бұл әкімге ғана емес... Абай Досанды ғана көздеген дейсіз бе, -деп күле ердім соңынан.

- Шырақтарым, бұл бала қызметінен осымен екі рет қуылды, -деп қалды шешем Шакербайға. - Нелеріңді бүлдіріп қуылатындығын түсінбей-ақ қойдым. Енді қусаңдар қисынын тауып мықтап қуыңдаршы, анықтап түсінетін болайық!

- Биғабілдің бұл қулығы өзіне жеңілдік әкелді апай. Ренжімеңіз! Бұл кетті деп орнына екі инспектор алғанбыз. Қызметі енді жеңілдейді!

- Е, е, қызметі ауыр деп қуалап па едіңдер, рахымет ондай жақсылықтарыңа!

Шешемнің бұл сөзіне Биғайша мен кіші жеңгем күліп жібергенде, Шакербайдың өзі естімегенсіп, жеңіл арбаға секіріп отыра сала божы қақты. Үсті-үстіне сабалап қақпадан безілдете шықты да, безгелдекше жорғалата жалғастырды сөзін:

- Расында да, енді жеңілдеді қызметің, ханзу мектебін орынбасар бөлім бастығының өзі-ақ басқара береді. Онымен жұмысың болмайды. Ал, аудандық басқа мектептерге де, райондық мектептерге де анау екі семізің жетіп жатыр. Оларды бөлімде отырып қана нұсқап басқара бересің, шырағым, әйтеуір ана жүріс-мына жүріс, ана сөз-мына сөз, әне теріс үгіттедің-міне теріс үгіттедің дейтін қыжыртпа сөздің бәрінен құтылдым дей бер! .н.. Айтпақтайын, өзің әлгі келіншегіңді таптың ба, таба алмай қайттың ба?

- Енді қартайғанда келіншекті қайтпекпін, оған кінәлі бастықтарымыздың бірінің қызын ала саламындағы! -деп күрсіндім.

Шакербайдың өзінде қыз жоқ болғандықтан, ол жөнінде менен хауіпсінетіні де жоқ еді, қарқылдап күлді бұл сөзіме.

- Биғабіл-ау, «енді қартайғандаң» не, қызың не айтып келе жатқан! .. .Тым шақбасың-ау өзің, бір қырсықсыз сөз шықпайды-ау аузыңнан! -деп күлкісін тоқтатты да, божы тартып, атын ілбіте аяңдатты. Сөзін «ақылға» аударды енді. - Осының болмаса баға жоқ жақсы жігітсің өзің, өтінгенім осы болсын сенен. Осындай шағып алып тулататыныңды қойшы, шырағым!... Осы әкімнің саған өшігуі де ту басында осыдан болыпты. Содан үстемелеп-үстемелеп шағып, ушықтыра беріпсің...

- Менің шақпалығым шындық айтудан шығар. Шындықпен сөйлеу деген одан мақұрым адамға улы болып сезіледі. Ал, сіз екеуіңіз... Әй, соңын айтпай-ақ қояйыншы, не керек айта беріп! Сіңбейтін жерге сигендей, балаққа шашырай береді.

- Ие, әкімді енді қажамай-ақ қой, Биғаш! Сыйлағың келмесе де сыйлаған болып, үнсіз жүре берші өзің, оның кемін мен-ақ толықтырып отыратын болайын!... Ал, өзіңе енді бір айтар ағалық ақылым бар. Мен сенен тым болмағанда екі көйлек бұрын тоздырған шығармын. Өмір көрген, тәжірибем бар кісімін ғой.

- Ие, осыныңыздың біраз шындығы бар сөз, айта беріңіз!

- Сыртынан көріп жүрген шығарсың, бірақ, көңілің басқада болып, оған назар салмаған сияқтысың. Қалыңдығың қайсы десе, мынау дейтіндей бір сұлу бар осында. Сыры мен сымбаты тең жаралған, мінезі қандай десеңші шіркіннің...

- Сілекейімді шұбырта бермей, айтыңызшы кім ол?

- Әлия бар ғой, Әлия сұлу! Осы аудан бойынша ең келісті қыз сол, соны көндірсең әкесімен өзім сөйлесіп, тойыңды өзім жасап беремін!

- Е, есіме енді түсті Әлия сұлуыңыз, ие солай. Сыры да, мінезі де өзіңізге құйып қойғандай ұқсастығы бар, сылдырлы-сыңғырлы жақсы қыз! -деп күліп жібердім. - соны өзіңіз қосымшаға алсаңыз, қандай келісер едіңіздер шіркін!

- Қой, беті ашылмаған бала туралы олай қалжыңдама, шырағым! Қол жетпейтін перизат ол! Көрде тұр, басыңдағы бар ауыруды осымен жазамын әлі! Тек өзің мұнан соң әкімге қатқыл сөз шығара көрме! Соның бір досының қызы ғой Әлия. Мұнан соң тіпті сол кісінің алдына кірмей-ақ қойшы, ісің болса мен-ақ сөлесіп беріп тұрайын!...

Бұрынғы орныма сөйтіп үндемей-ақ келіп отыра қалдым. Бөлім бастығы Шакербай мен жоқта тағайындаған екі семіз инспекторымен бұрыннан таныс босам да мені таныстырып, «аймақтан қайта тағайындалған бас инспектор» деп атады. Қызмет бөлісінде ол екеуі - мектеп шарлаушы, мен - жинаушы, айдаушы болдым, олар әкелген мәліметті тиісті грапаларға қондырып алып, сол бойынша нұсқап қана қос семізді борсаңдатып, жүгіртіп қана отырады екенмін. Бұл мәртебені қамқорларымның маған іске нұсқаушы бол деп бермей, сыртқа шықпаушы бол деп бергені байқалды. Сөйтіп мектептерде оқу басталысымен екеуін екі жаққа жөнелттім-де қырық шақты мектептің тізім-грапаларын алдыма ала омпиып отырдым да қалдым.

Сол омпиуымнан бір апта өткенде бөлімнің қатшылық қызметіндегі қайқы тұмсық сары қыз алмасып, орнына сүйрік тұмсық дәрі қыз - Әлия сұлу келді.  Сыртқы есіктен мұлайымсып тұқыра кірді де, бүйірдегі есіктен маған алтын сырғасын жарқ еткізіп, көзін жалт еткізіп қарап, амандаса барып отырды. Орны орталық бөлменің терезе алды. Менің орныма тұспа-тұс, есік ашық тұрғанда көз алдымнан кетпейтін орындықтан романтизм суретшісінің әсіре көркем сызбасындай керіле қарады маған. Жарқырауық алқалы топ-тоқ алқымын тіпті ағартып, опалап алыпты. Барлық жағынан да дәл сол алқымындай ағарып, адаланып кіргендей сіпет көрсетіп, ұялғанси күлімсірегені байқалды.

Оның қарсы алдында екеуімізге кезек қарап тұрған Шакербай шақырды мені. Жаңа келген қатшымен таныстырмақ екен.

- ... Бұл баланың жазу подшеркі әдемі болған соң көмекші қатшылыққа алмастырып әкелдік. Бұрынғы орнында да көмекші қатшылық істейтін. Енді біздің оқу-ағарту қызметіндегі қатшылыққа толық төселгенше саған сүйенеді. Былайша айтқанда, шырағым, сенің көмекші қатшың болып істей тұрады.

- Өз бетімен дербес істеп келе жатқан бұрынғы қатшының да подчеркі әйей еді ғой! -деп жымидым мен. - Енді ана қызметтен мына қатшылыққа алмасқаным ба менің?

- Ойбо...й, шырағым-ай, қалайсың өзің, негізгі қызметің бұрынғы бас инспекторлық қой! Ол қызметте де көмекшің көбейді емеспе, мына бала төселгенше қатшылықты да қосымша істей тұрасың деп тұрмын!

- Ал, бұл бала «төселген соң» қайтпекпін деп тұрмын мен?

Шакербай еркінен тыс күліп жіберді де, Әлия тұқырып алды.

- Әлияш, мұндағы істің жайын үйреніп болған соң ресми қатшы болады. Сен қазірше үйретуші ғанасың!

- Мақұл олай болса, бұрыннан үйреніп қаныққан бала көрінеді ғой, уақытымды көп ұтпас!... Әлияш сіз, мұндағы іс қағаздарын, дәптер-кінегелерді тапсырып алып па едіңіз?

- Жоқ, ертең келіп, бәрімен таныстырып өткізіп бермек! -деп күлімдей қарады Әлия.

- Оғанға дейін кіріс-шығыс, қатынас дәптерлеріне қарап, тіркелу, жазылу тәртібін үйрене отырыңыз!

- Тіркеу тәртібін білемін!

- Аббәле, рахымет Әлияш! Бәсе біледі деймін ғой!... Олай болса, Шәке, бұл хатшыңыздың ендігі үйренетіні өзіңізде ғана қалды. Бөлім жағынан қай қатынасты не деп жаздыратындығыңызды бөлім бастығы өзіңіз айтып, тапсырып жаздырасыз ғой. Тіпті, инспектордың жаздыруға тиісті қатынасы болса да өзіңіздің бекітуіңізбен қатшыға өзіңіз арқылы өтіп келе жатпай ма!

- Қалай жазылатын әдісін үйрет деп тұрмын ғой, шырағым саған!

- Не деп жаздыру өз еркіңізде, таңбаны қай жерінен бассаңыз да өз еркіңізде деп тұрмын ғой, Шәке саған!

Өз орныма жөнеле бердім. Шәкербайдың танауы қызара күлді бұл жолы. Ызасы келсе де лажы қалмаған сияқты.

- Бұл жігітіміз, осындай қалжыңшыл өзі,- деп күбірледі Әлияға. - Сырын білмеген адам қалжыңын шын екен деп қалады. Солай дегенмен өзі-ақ жардамдасады саған. Білмеген жеріңді одан да, менен де сұрап істей бер!

Бастық маған қарап аяңдады сонан соң. Есік жаба кіріп күбірледі:

- Шырағым-ау, өзің қалай жігітсің, осыншалық дөрекі ме едің! Қызметтерің жағынан әдейілеп қисындастырайын десем, осыншалық қашқалақтағаның не!

- Қисындасқым келсе маған қиын емес, қиюын өзім-ақ таппас па едім, мынауыңызға зәру емеспін. Екеуімізді қисындастырамын деген желеумен мені енді хатшылыққа қисындастырамын деп ойлай көрмеңіз! Мына қырық шақты мектептің оқу ісін жүргізу, маған жетіп асып жатыр. Қатшыңызды өзіңіз басқар, өзіңіз үйрет! Ал, мектептерге инспектор талабымен шығатын қатынас болса, түп нұсқасын өзім-ақ жазып беріп, өзіңізге көрсетіп көбейткіземін!

- Болады, болады, солай-ақ үйретіп тұралық! ... бірақ шырағым, -деп жымия кідірді Шәкербай. - Осыдан жақсы «хатшы» жоқ екенін түсінерміз әлі. Басқа біреу қағып әкетіп жүрмесін!

«Талай қағылып болған» дей салудың қажетті-қажетсіздігін ойланып үлгере алмай қалдым. Шакербай менің бөлмемнің есігін шалқалата ашып тастап кетті де, өз бөлмесіне кіріп Әлияны шақырды. Біраз ғана күбіресіп, бірнеше газет көтере шыққан сұлуымыз сылаңдай келіп, бір нұсқасын менің алдыма жымия тастап қайтты. Жүрісі қандай әсем болса, оқыған болып отырған газетінің үстінен маған қарасы да сондай әсем көрінеді екен. Құдай айғақ, тұмсығына жақындай жайылған газеттің бетіндегі ірі жазулы тақырыпты да көрмегенін біліп отырмын, маған қарай берді. Мен де қарап қоямын. Ол маған не үшін қарай беретінін өзі біледі. Әлдеқашан үзіліссе де есекдәменің әлі де үміткерлігімен қарайтын шығар. Ал, менің қарайтыным, жаспын ғой, ол жөнінен мынау дап-дайын сұлу ғой, көзім уақыттық зарурат үшін абайсызда ауып кетеді. Ал, анархиялы сезімнің мұнысынан сырт, әдейілеп қарайтын да себебім бар: «қамқорларымыз» маған осы «қарғамды» не мақсатпен телімек болып әкелгенін білгім келеді. Осының сиқырлы жүзіне көзімді сүріндіріп апарып, мені қылмыс құйына түсіріп айыптамақ па?.. Иә, мені осы «асылымен» өздеріне тартып алып, мүритіне айналдырмақ па? Деген оймен де қараймын. Ойлай келгенімде осы екі тұзақтың бірімен шырмамақ, қайсысына түссе түссін, әйтеуір түссін дейтін сияқты. Осы наданын оқу бөлімінің ысылған дағдылы хатшысына айырбастап әкеліп, менің алдыма отырғыза қоюындағы бұдан басқадай мақсат болуы мүмкін емес. Бұған, қызметімді мына мүлде отырақтастыруын қосқанда Нұрияшымды іздетпеу, ол туралы шатақ шығартпау мақсаттары әккілікпен байланыстырылған. Түрегеліп барып есігімді жауып алып отырдым. Әр күні жауып алып отырсам да, дидарласудың қисынын тауып алып Әлия жүрді. Газет әкеледі, табылса шәй, табымаса қайнақсу әкеліп қояды. Іс жайын сұрайды. Газеттегі сөздің мағынасын сұрайды. Ондайларымен маған ауыз ашқыза алмай қалғанда кезе жөнеліп барып, қыдырма сөз тауып айтып келеді. Сол тапқандарының бірі мені елең еткізді бір күні:

- Аудан бойынша бір үлкен жиын ашылатын болыпты, конференция дей ме, әйтеуір, аудандағы қызмет жөнінде халықтан пікір алу жиыны дейді.

- Қай орын ұйымдастырып ашады екен оны? -деп жалт қарадым.

- Парткомнан Сәрсен ағай шығып келеді екен, сол айтты ғой әйтеуір. Сайланатын өкілдерді әр орыннан, тіпті райондардан да алдымен әкім мекемесі тізімдеп сайлатып шақырады дейді. Әкім де, Шәкербай аға да біздің орынбасар бөлім бастығы да сонда отыр деген соң кірмей қайтып келдім.

- Парткомға өзің не жұмыспен барып едің?

- Мен әр күні бір рет барып, әйелдерінен ханзуша тәл үйрініп жүрмін ғой, -деп Әлия бұрынғысынша жыпылықтата жөнелді сөзін. - Бұрын, оқып жүргенімде біраз үйренгенмін. Соны айтып едім, әйелдері әр күні бір рет келіп, дәріс алып тұруымды тапсырған, сол бойынша... барсам-ақ қуанып қолтықтай жөнеледі бір бөлмесіне!

- Ал, мен бір ақыл айтайын ба саған?

- Айтшы!

- Айтсам, ол әйелдермен көрісеріңде сен де, тым болмағанда қарныңа бір жастық тыға бар, өзіндей болып барсаң, тіпті жақсы көреді!

- Қойшы, Биға, қыртпашы! -деп Әлия сырт айлана жүріп кетіп, қайта қайрылды. Құйқылжи күліп сықылық қақты да, күлкісін тез тоқтатып сөйледі. - Сәрсен аға парткомға аударушы болып жүр. Ашылатын бұл жиынды басқаруға партком әкімнің өзін бастық қып сайлады деп далбырлап, мені құшақтай ала жаздады. Оған Сәрсен аға неге қуанады, білемісіз?

Осы жайды сұраған болып, орындық тартты да, мені лебімен желпігісі келгендей, лып етіп отыра қалды. Мүңк ете түсті хош иіс. Неғұрлым тезірек қууым қажет екендігі сол иісмайымен бірге сезілді өзіме.

- Сен маған сұрау қою үшін алдымен менің жазғытұрым қойған сұрағыма жауап беруің қажет!

- Не сұрап едіңіз, ұмытып қалыппын! -деп Әлия ділгірси қарады маған. - Құдай ақы, есімде жоқ!

- Мақпалдың үстінен әкесіне не деп жаздың?

- Соны маған айта бермеші, Биға!... Сол немеңізді таба салып, маған опасыздық істегенсіз ғой!

- Одан бұрын істеген сенің опасыздығың азғантай ма еді!... Ал, Мақпал не жазып еді саған!... Соған істеген қастығыңды шыншылдықпен айтпасаң, татулыққа келісе алмаймын дегенмін ғой, сол сөзім сөз!

- Айттым ғой, сізді қимадым, әлі де қимаймын! Сондықтан сіз туралы айтар жерім болса да, ешкімге шағынғым келмей жүр, жақсы ойланыңыз, Биға!

«Маған қайта берілмесең, үстіңнен арыз жүргіземін» деген мағынамен арқа тірегі барлығын сездіре көрсеткен бұл сесіне қарсы өзін қорқытатын құбыжықты айқындап көрсеткім келді:

- Әлі де тоймай шаққың келсе шаға бер, аяма! Бірақ саған "қылмыскер" бірнешеуміз ғой, рет-ретіміз бойынша түгел шағуың шарт! Әкеңнің көрін қазған жалғыз мен ғана ма едім! Бажыраясың ғой өзің, албасты басып ұмытып қалғаннан саумысың? -деп күлгенімде сықылықтап ала жөнелді өзі. - Алдымен менен бұрынғыларыңды, онан соң мені, онан соң Қасенді, онан соң Үсенді, Күсенді, Есенді, Әсенді шаға бермеймісің өзді-өз реті бойынша! Өзің шаға алмайтындарыңды мен-ақ шағып берейін, алдымен басташы өзің!

- Рас қатты қалжыңдайды екенсіз, Биға! -деп тағы сықылықтап бетін баса күлді Әлия. Бір кезде менің өзіне көрші қонғанымды айтса, көпке ортақ емші болғаны да ашылып қалатындығын енді толық түсінген сияқты. - Маған обал етпеңіз, өзіңізден басқа еш қайсысына... қалыңдық болғаным жоқ, Құдай ақы дейін! -деді де бетін сол басқан бойы солқылдап ала жөнелді. Намыстан мүлде азықсырап, мағынасыз жай күлкімен ғана шығып кеткім келді.

- Ахұн демей-ақ қой Құдайды, ахұн десең сарт болып кетеді! -деген құрғақ қалжыңмен орнымнан түрегелгенімде, қайта сықылықтап жалт қарады. Соншалық солқылдағанда әдемі көзінен бір тамшы жас шығара алмапты. - Жаның шықсын! -деп орындық арқалығындағы бешпетімді кие бастадым.

- Отырыңызшы, бүгін оңаша қалыппыз, айтатыным бар!... Осы сөздің бастабында менен не сұрап едіңіз?

- Расыңды! -дей салып, орныма қайта отырдым.

- Жас кезде... адам қателеседі екен, Биға... тәуірлеу көрінген жігіттер жалынған соң... соңынан ере беріппін! Бірақ, сіз айтқандағыдай көп емес. Бір-екеуіне ғана ілескенім рас. Жай ғана жүрсем де сіздің көңіліңізді қалтыратын қателік екенін кейін түсіндім. Мұнан соң ондай қателік өткізсем, аяма, өткен істі кешірші!

Алдыңғы екі сөйлемді растығымен айтып қалса да, қайта жалт беріп, дағдылы танымпаздығына баса жыпылықтатты сөйтіп.

- Ал, Мақпалды не деп шағыстырдың? -деп сұрадым. Нақтылы білмегім осы мәселе еді. Бұл жолы өз шамасына лайықты логикамен шықты жауабы:

- Сені Мақпалдан қызғандым дедім ғой, басқаға кетсең де оған жібергім келмеді! Менімен әбден... бірге жүріп, оны менен артық көріп кеттің ғой!... Соған ыза болып, ахуалды әкесіне жазып жібергенім рас! Сен үшін ол бишараның обалына қалыппын. Артынан естіп жаным ашыды. Бірақ өтер қателік өтіп кетті, қайтемін, кешір мені, бір сен деп қана!...

- Сенің маған істеген опасыздығыңды, менен кейінгі азғындықтарыңды біле жүріп-ақ, ешқандай өш алу, жұртқа жайып масқаралау ниетінде болмаппын ғой! -деп қатты күрсіндім.

- Ие, сол жақсылығың да мені өзіңе...

Сыртқы есіктен Ербол кірді. Әлия сөзін тоқтата қойды да, сыпайы сызылып, күле шықты. Ерболдың әйгілі тұмсығы бүгіле түсті маған қараған шақта. Есік жаба кіріп, отыра күбірледі.

- Мына сиқырды саған не үшін сыбай қондырып отырғанын түсінемісің?

- Түсіндім.

- Жарассаң шіртушің, жараспасаң түртушің! Әйел емес пе, ендігі мықты жауың осы!

- Дұрыс, екі жақтан бірдей аулау үшін қосып отыр екен. Орта шеннен өте тұратын жол жасайын деп, жуастау рай көрсетіп отырмын!

- Бәсе! -деп қарқылдай күлді де, келген жұмысын баяндай жөнелді. Ашылғалы тұрған конференция жайын баяндап, одақ комитетінің аудандағы жастар мен зиялылар өкілі етіп мені сайлауға келіскендіктерін айтты.

- Бірақ, бұған партком кіріспейтін сияқты ғой, -дедім мен. - Әлгі сайқалымнан естідім. Барлық тізгінді тағы да Досанға берді деп Сәрсен қуанып жүр дейді!

- Тізгінін сулыққа жалғасқан жерінен ғана қиып жіберіп, қосамыз сені! -деп күлді Ербол. - Қуанатындары қуана тұрсын, сол қуантатынның мұртын ғана халыққа жұлып әперетініңе сенеміз. Істей аласың ғой соны?!

- Мұртын ғана емес, халық керек етсе мұрнын қоса жұлып әперемін!

- Біз де сол күшіңе сендік. Ал енді сен біздің сайлау жиынымызға қатынаспай-ақ қой, омырауыңа қызыл лента тағып қолтықтағанымызда бірақ түрегелетін бол, зорлап сайлаймыз, дайындала бер! Саған қосымша материал беретіндер әлден-ақ шыға бастады. Жұртшылықтың құлағы түрулі екен!

Ербол осыны айта сала жөнелді. Соның ертеңінен бастап аудандық мектептерді, қала райондарының бөлімше одақ ұйымдарынан хабарландырушы келе берді. Конференция өкілдігіне бәрі де мені сайлағандықтарын айтысты. Белгілеме бойынша керегі, сайлау жасына толған әр үш жүз адамнан бір өкіл екен. Сайлау орындарының көбі оған әкім мекемесінің белгілеп берген кандидаттарын алып тастапты. Кейбір мекемелері мен халық жағынан жиынға қойылатын талап, арыз, шағымдар да документтерімен маған келіп жатты. Мұның ішінде байда ақысы кеткен еңбекшілер де, байдан алынған паралар да бар, ти деген жеріне тимей қойғандықтан қызметтен қуылған қыздар да, қызметінен сондай себеппен төмендетілген жас келіншектер де бар. Бұлардың Мақпал сияқты оқудан қуылғандарының тізімі өзімде түгел еді. Материалдарым аса айқын деректі дәлелдермен байи түскеніне қуанып қабылдай бердім.

Бөлмеме кіргендердің сөзін түгел естуге тырысып Әлия жыллтыңдады. Мақпалдың қазақ қыздар мектебіндегі бас мұғалімі маған келіп сөйлескенде тіпті көп жылтыңдады. Күндесінің атын естіп қалған сияқты. Әйелдер ұйымы жағынан сайланған өкілдің бірі осы ұстаз екен. Мақпал туралы мәселені өз сөзіне қосатындығын айтты ол. Кейінгі ахуалы мен қазір қайда тұратындығын менен сұрап жазып алды.

Шәкербай мен Сәрсеннің сайлам орындарына шапқылап жүргенін де естідім. Олар сияқты жүйрік болмағанымен, Арысбектің құла жорғасы да қалыса қоймапты. Бірінің сөзін оқу-ағартуға «уәзір» деп, бірінің сөзін тілмәш көзір деп тыңдаса, бірін қарт ұстаз деп сыйлайтындар аз емес сияқты. Олар беделі бар сайлаушыларға әкімнің сәлемі ретінде де, дәмдес болған сайлаушыларға өз талаптары ретінде де «мінездес дұрыс» өз адамдарын сайлатуға шапқылайды екен. Ал, менің сайлануыма қарсы пікір айтамын деп өздері қарсылыққа ұшырап шыққан жерлері көбірек естілді. Ондай қарсылыққа ұшырағанда әкім кабинетіне тоқ соққандай ыршып жетіп шағынып, қайта жүгіреді екен.

Жиынның дайындық қызметі үшін Ербол келіп, әкім кабинетінің ауыз бөлмесіне стол құрып еді. Ашық терезелерден соның күлкісі көп естілді маған. Әкім алдында сол жүйріктерінің пәленді сайлап қойды, түгенді сайлап қойды деген шағымдарын естіген сайын күліпті де, әкім қынжылған сайын сақылдапты. «Бұл, мәнсапқа сайлау емес қой, жұртшылық кімді сайласа да өз пікірімізді жеткізеді деп сенген азаматтарын сайлайтын шығар. Онда не тұр!» деген жұбату сөзін де естідім.

Әлия бұл күні менімен сөйлесе алмаса да ешқайда шықпады. Бастықтардан да, менен де тапсырылған жұмыс жоқ еді. Мына дүрбелеңді - дулы күні желөкпе жаны қалай шыдап кезбей отырғанынан секем алдым. Маған келіп сөйлескен адамдардың кейбірінің атын шығып кетісімен менен елеусіз ғана сұрап қоюынан тіпті байқалды, столының арғы шетіндегі бір тарақ қағазға тізімдеп отырған сияқты. Анықтағым келіп, «Әлияш, мұнда келіп қайтшы!» деген өтінішпен шақыра қойдым. Келіп қана қайтуға лып етіп жетіп келгенде сол қағазы орнында қала берді. Орындық нұсқадым да, бір мектептің тізіміндегі белгі қойылған бірнеше оқушыны айырым тізуді тапсырып, қалам-қағаз ұстаттым. Арлы-берлі жүрген болып барып қарасам, сол күдікті қағазға таңертеңнен бері мені іздеп келгендер түгел тізіліпті. Әрқайсысының тұсына естіп қалған сөздерін де жазған көрінеді. «Биғабілдің бүгінгі оңаша сөйлескен кісілері» деген тақырып қойып, алдымен Ерболдан бастаған екен. Үнсіз күрсініп қайта келіп отырдым да, «салақ тыңшыға» белгі қойылған оқушылардан бірнешеуін өзім айтып, тізімдетіп қайтардым.

Менің тұнжыр қабағыма үнсіз қарап қойып отыр еді. Істен түсердің алдында Шәкербай терлей қайтып келіп бөлмесіне кіргенде сұлуым әлгі табысын бүктеп, күлімдей түрегелді де, соңынан кірді. Бақылаушының тапсырып бергені де, Шәкербайдың оны қайтетіні де бастығымның әкім кабинетіне қарай жөнелгенінен түсінікті болды.

Жазықсыз Мақпалға мені қимағандығы үшін ғана қас қылған бикеш, әлі де қимайтындығын, сол жүрегі үшін менің үстімнен үкіметке арыз айтуға қиналатындығын білдірген бикеш, сонысын айтып, жалынышпен кешірім сұрай сала, сол жалындырған «сүйіктісінің» үстінен жасырын көрсетінді жазып жіберіп, тағы да жалтақтап қарай түсіп отырды. «Пышақ сайлай жүріп, құшақ жаятын, өз жүрегін аймалай жүріп найзалайтын, қандай таптың махаббаты бұл?» деп ойландым мен. - «Махаббат адамзаттың жоғары қасиеті, ал, таптар - адамзаттың экономикалық - тұрмыстық тәсіл жағынан бөлінісі. Демек әрқандай тап - адамзаттың құрамдас бөлігі. Ал, мына «қарғам» соның қай түріне жатпақ? Адам емес деуге бола ма, немесе адам делінссе де, ең опасыз азғын таптың, ақылдан ең мүсәпір өкіліне жата ма? Әй, соңғысынан-ақ орын алар-ау!» осы ақымақты маған бақылаушы тәйни етіп қосып отырған қос сұм неткен жауыз еді! Мұнысын мені құлдырату үшін ғана құрбандыққа шалуын қарашы!... Құрбандыққа шалу емей немене, «қызының» қылығына қарай мен де жалған махаббат жолына түссем, алдымен осы масқараланбай  ма! Жалған махаббаттың арам жемісін қалай арқалап жүре алмақ, масқара өлімге де тап болуы мүмкін ғой!... Жоқ, бұл мен жүрерлік жол емес! Ақымақ болса да адам делінеді ғой, тәрбиелеп байқайын. Дәл осы нәпсіқұмар, тұрлаусыз кезбеге ең қажетті тәрбие - нәпсі тәрбиесі. Жатқызып алып тұрып, «сенің ақыл-санаң осында ма еді!» деп тарпып-тарпып жіберіп, бетіне түкіріп кету. Маған істеп жүрген қастықтары үшін де осылай тәрбиелегенім рауа ғой!... Бірақ, мұның мағынасы алдап алып, қорлау болмай ма. Бұл да мен басарлық жол емес! Ақымақтың өз жолымен өзін баптасам, менің одан парқым не болмақ! Қой, берілмейтін де алмайтын адал ғана жай жүріспен тәрбиелеп көрейін. Ерболға айтқаным да «ортадан жол жасау» еді ғой. Емексітіп қана ертіп әкете алсам, маған тәини етіп қосқан сұмның өзіне тәйни етіп қоса алмаспын ба. Жаман итті өз иесін үргізу қиын ба!... Және осы сұмдар жағынан маған осындай оңай тәйни қосыла бермес. Бұл ақымағымен ат кекілін кесіспей тұра тұрайын! - Осы ұйғарымға келдім де күліп жібердім. Бағана түскі демалысқа менімен бірге шығып, бір сыпыра жерге дейін бірге барған «сүйікті» тыңшым, енді кеште де бірге қайтпақ екені қарағыштай беруінен сезілді.

- Ей, жолдас, сен үйге бұрынырақ барып, тамақ дайындай берсең болмай ма? -деп қалып едім. Сақылдай күлді бұл сөзіме.

- Алдымен солай болып алайықта! -деп ұятсынғансый тұқырды.

- Солай болсам дейтін таза үміттің қалыңдығы не істеу керек? -дедім де бешпетімді кидім. Ойланып қалды. Қайтуға есіктен шығып едім, ере шықты, қатарласа аяңдадық.

- Не деп сұрадың жаңа? - деп қақпадан шыға бере қайта сұрады. Қайта айттым:

- Жақтырған жігітімен қосылсам дейтін таза үміттің қалыңдығы не істеу керек?

- Жігітімен бірге тұрып, бірге жүретін шығар! -деп күлді.

- Одан басқа тағы не істейді?

- Не істеуші еді! -деп сақылдай күліп алып жалғастырды сөзін,- одан басқа... не істе десе, соны істейді дағы!

- Теріс іске, бұзық іске бұйырса да істей бере ме?

- Сөйтіп, қосылған жолдас болған соң айтқанының бәрін істей бермей ме!

- Жоқ, бұл феодализм езгісінде қалыптасқан әйелдердің салты, күңдік салт! -деп кідірдім. «Өзің де сол салтпен уланып, жұртта қалған сорлы мидың тоғышарысың ғой!» дегенді қосқым келмей, ойланып қалдым. «Сормаңдайды соққылай беріп қайтпекпін!».

- Шынында, менің білетінім сол ғана, - деп құйқылжи сықылықтады Әлия. - жолдасының айтқаны теріс болса да орындауы керек қой, мен өз сүйгенім теріс іске бұйырады деп мүлде сенбеймін!

- Сүйгенің мен шығармын, бұл сөзің бойынша... мені осылай, теріс іске бұйырмайды деп сенесің ғой?

- Ие, соншалық сенемін!

- Олай болса, шын сүйеді екенсің дейін, ал, сол сүйгеніңді союға пышақ таба алмай жүрген бастықтарға материал жазып берген себебің не? Бірге тұрып, бірге жүргің келетін адамыңды жоғалтып, жалғыз қалғың келгені емес пе!... Осылай екі басты, екі тілді болуыңның себебі не, осыны айтшы!

Шықынып қалып, қызарақтай қарады Әлия маған.

- Кім айтты материал жазып берді деп?.. Құдай ақын...

- Құдай «ақын» деме, істеген істеріңе мен де ақын, бар сырыңды білемін. Бүгін менімен келіп сөйлескен сегіз адамды тізімдеп бердің!... Бастықтан бүгінгі алған тапсырмаңның бірі осы болатын. Маған сені бақылаушы етіп әкелгенінен бергі ісіңді түгел білемін!... Бірақ, осы әкеліп қосуы, екеуіміздің өзара түсінісуіміз үшін табылмайтын жақсы орай. Сенің маған «теріс іске бұйырмайды» дейтін сенімің бар екен. Менің солай екенім ып-рас. Ал сондай жүрегіңнің барлығына, адалдықпен сүйетіндігіңе мені сендіруің керек! Солай емеспе?

Әлия бір қолымен шекесін баса ойланды. Сол жеріне осы сөздерімнен жүгірген бірдеме бар сияқты.

- Өмірбектің үйіне барайық па!

- Жоқ, алдымен бір келісімге келіп алайық!

- Қандай келісім?... Айтшы!

- Досан мен Шәкербай саған мені бақылап, қия басқанымды өздеріне жеткізіп тұруды тапсырды. Тапсырмасын орындай бер, ол туралы саған өкпелемеймін! -деп «қызық екен» дегізгендей сақылдатып бір күлдіріп алдым да, өз тапсырмамды айттым, - ал, мені сүйетінің рас болса, олардың берген тапсырмасын маған айтып тұрасың!

- Одан қорқамын, қызметтен қуып жібереді ғой!

- Сенің айтқаныңды мен оларға титтей де сездірмеймін! Сырға берік екенім өзіңе белгілі ғой!

- Олай болса мақұл!... Бірақ, сенің не істегеніңді олардан жасыра алмаймын! Басқа да байқап жүретін адамы бар сияқты!...

- Менің ісімді жасырушы болма, ал, сенің маған жеткізгеніңді мен жасырамын! Оған сене бер!... бірақ, маған өтірік айтсаң, мен де біліп қоямын! Мәселен делік, сені біздің бөлімге қызметке әкелгенде бастықтарың мен туралы не айтты, алдымен өзің сөйлеші!

- Сені маған мақтады! -деп сықылықтады Әлия. Ымырт түсе бастаған екен, солай деп қолтығымнан ұстай омыраулағанда байқадым, адамы сирек шет көшеге шығып кетіппіз. - Шәкербай аға мақтады. Екеуіміздің бұрынғы... жақындығымызды білетін сияқты, -деп күрсініп алып, күле жалғастырды сөзін. - «Сен оны иліктіре аласың» дейді -деп тағы күлді, «Биғабілдің ең бір болмайтын жері әкіммен шығыса алмайды, өштесіп алған» дейді. - «Ол өзіне жаман болады, сол өштіктен сақтандыр» дейді... Расында менің әкем осы әкімнің айтқанынан шықпайды. Осы кісіге жылы қарап, жақындасу жағын ойласаңшы, мені былай қойғанда өзіңнің өсуіңе жақсы ғой!

- Шәкербай Биғабілға осыны сіңір деп тапсырды ма өзіңе?

- Ие, ол да айтты... мен өзім де осылай болуыңды қалаймын!

- Бұдан басқа не айтты?

- Сонан соң әлгі өзің айтқандай, кіммен сөйлескеніңді... не істейтіндігіңді күндегісін күнде жеткізіп тұр деді. Оны кешіремін дедің ғой. Сонда да мұнан соң өзің айт дегеніңді ғана жеткізіп тұрайын!... Жалғыз-ақ менің сыртымнан байқайтын әлгі... Далдағұл сияқтыларға сездірмейік!

- Әкімнің өзі не тапсырды саған?

- Әкім, осындағы хатшылыққа ауысарымда ғана сөйлеген. «Сен менің қызымсың, осында адалдықпен қызмет істейді деп сеніп ауыстырып келтірдім. Бастығың Шәкербай ғой, соған ғана бағыныштысың, айтқанын екі етпей орындап тұр!» деген. Содан бері сөйлеспедім.

- Ал, Шәкербайдың ертең не тапсырғанын маған өз уақытында айтасың ғой?

- Айтайын!...  Неге тоқтадың, қазір қайтпақсың ба?... Ерте ғой әлі!

- Қайтамын. Маған деген жүрегіңнің адалдығына сендіріп болғаныңша осылай ғана жүріп тұрмақпын!

- Мен сенің ықтиярыңдамын ғой... өзім туралы... алғашқы кезде де... сені шектемегенмін ғой! -деп тырнағын шұқылады Әлия. - Жалғыз-ақ қорқатыным әкімдер, оларға қарсы жұмысқа бұйырмассың!...  Өзің де қарсы шықпа!

- Олардың саған тапсырғаны әлі бар, ұмытып қалсаң ойланып көр, маған айтып қойғаныңды сездірмеуге өзім кепіл!

- Мақұл!...

Өз көшесіне осы сөзбен шығарып салып қайттым. Күз басының жылы іңірі де, аңқыған бикештің қолтығымдағы ақ білегі де тоңазытқандай салқын салмақпен ауырлай қайтып едім. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей Досан мен Шәкербай жауыздықтың езбесі болды екен деп, менің мылжыңға айналғаным ба, өзін-өзі сорлатып жүрген осы сойқанды кезбеде нем бар еді!» деген ой қорландыра берді.

«Осыны қор еткен ту басынан-ақ сыртқы көркі ғой. Сұлулығына қарап, көрінген жігіт сумаңдай берген де, сұлулығына сеніп, өспей қалған басына «маған әрқандай жігіт дайын» деген желді ой бітіріп желдендіріп әкеткен; желікпе-еліккіш сезіммен қателескен сайын, келісті көркі жігіттерден кешірім-келісім әпере берген, сөйтіп дәніктіріп, жан дүниесіне шексіз дәменің арсыз жүрегін қалыптастырған. Мұны менен қайта үміттендірген де сол арсыздық. «Бастай алмаған басы аяқты мазасыздандырады». Мұның өз көркіне ғана сенетін арсыз басы, аяғын ғана емес, тұла бойын жауыр еткен, шын сорлы. Жазалап та, шыныңды айт деп мазалап та, ұялмай осымен бірге көше кезе беретін нем қалып еді!» деген оймен аяғымда тіпті ауырлай бастым.

«Әттең, Мақпалым, қашан көрісер екенбіз! -деп күңіреніп жіберіппін бір шақта. Өзіме түн сөйлегендей сезілді. -«Әлде жасырын қастықтан өліп кетермісің!» -осы күдік оралысымен жан-жүрегімді құйындай үйіріп ала жөнелді. - «Маңайында көріп-біліп жүрген көз-құлақ баршылық қой!» -деп өзіме медеу ойладым сонан соң. -«Қазіргі шақта қол қандаудың қайда апаратынын қаскөйдің өзі де білетін шығар. Және Нұрияшымның өзі де айласыз емес қой, оңайлықпен өле қоймас! «Өзім-ақ барамын» деген серті бойынша, әлде, бүгін-ақ келіп қалды ма екен!» - Осы қиял алдамшылығымен үйге жалтаңдай жетіп кірдім.

Ертеңіне таңертең мекемеге келгенімде Шәкербай мен Әлия көрінбеді. Өз бөлмеме кірсем, шкап құлыбы да, стол тартпасының құлыбы да ашылып қалыпты. Қайтадан жабылмайтындай болып бұзылған. Ішіндегі мектеп делолары мен кітап-дәптерлер, әдеттегі қойылған тәртібінен мүлде басқаша, түгел ақтарылғандай. Ауыр тінтуге ұшырағанымды түсіндім де, іргелес бөлмедегі кассирге бардым. Асыға сұрауым бойынша кассир құлбының амандығын таңырқай айтты. Кассирді де бастық бөлмесінде газет оқып жатқан орынбасар бастық Лиді де шақырып әкеліп, бөлмемдегі суық қолдардың ізін көрсетіп едім! Ауыздарын аша таңырқасты. «Инспектор бейшаралардың бөлмесінде ұры қызығатын ақша тұрмайтындығы белгілі ғой!» -дей салып, қолымдағы сумкамнан кеше жиылған материал-құжаттар мен кешегі өзім жазған тезисті шығардым. Бұл ұрының қызыққаны мына қағаздар. Осы үшін ғана құлып бұзған, осы үшін ғана бұрынғы тәртінібіне менің қолыммен бір аптада әрең келетін 40 шақты мектептің ісін шашқан! Сіздерге осыны көрсетіп қою үшін шақырдым!» дей салып артыма қарасам, Шәкербай мен Әлия келіп қарап тұр екен. Бастығым едірейіңкі, сұлуым қызарыңқы көрінді.

Шәкербай ұмтыла жөнелді өз бөлмесіне, бара сала зарлады.

- Ойбай-ау, менің құлыбымды тіпті шығыршығымен жұлып алып тастапты ғой!... Бә-ле... қараңдаршы жігіттер! Ең керекті қағаздарымның бірнешеуін өртеп те жіберіпті, қайда деп іздесем, күлі жерде жатыр, міне!:.. Мұншалық не іздеген!... Түгел ақтарыпты түбің түскір!...

- Қолың кесілгір деп қарғасаңшы тым болмаса, -деп күлдім мен бара жатып. - Оның түсетін түбі жоқ, жылым-зымиян неме ол. Біріміздікін бұзғанда, сезіліп қалмау үшін өзінікін қоса бұзған, түбі жоқ залым екендігі сол емес пе!

- Жә, ол кейін шығар енді бір жерден! -дей сала шырайын бастықтыққа келтіріп, ресмилесе қалды Шәкербай. - Ал, Биғаш, екеуімізге тағы бір қарбалас жұмыс кезіге қалды. Мен 5-ші районға шығатын болдым. 9-шы район мектебінен кеше түстен кейін тағы бір қатынас келген... (бүгінгі ұры соны да қосып өртепті) Ол мектепте бір үлкен шиленіс туылды. Оны шешуге сені тағайындадық. Соны дереу барып жайластырмасаң оқу тоқтап, іс насырға шабатын түрі бар. Атқорадан жақсы аттың бірін таңдап мін де, тез жөнел!

Бұл жұмсауынан жиынның маң-қарасын көрсетпей, сонау Майлыға қуалауға келіскендіктері түсінікті болды... Бармаудың сылтауын мен де таба қойдым:

- Кәзен инспектор қазір Толыда, сол мектептің дәл қасында. Соған телефон бере қойыңыз!

- Ойбай, шырағым-ау, сенің жөнің басқа емес пе, әкім сенің тиянақтандыра алатындығыңа сеніп тапсырып отыр!

- Олай болса, осындағы бір тартысты бітіріп алайын, тоса тұрыңыз! -дей сала шығып кеттім. Әкімнің ауыз бөлмесінен көрініп отыратын Ерболды қақпа сыртына ымдап шақыра кеттім. Досанның мына жиынға мені жолатпау мақсатымен тапқан жұмысын ести сала түсінген Ербол парткомға жөнелді.

- Мұнда істейтін жұмысың одан әлде қайда қажетті. Майлыға кетіп қалма! -дей жөнелді.

9-шы райондағы «мәселені тез шешу» керектігін Шәкербай, бөлмеме келіп отыра қалып өсиеттеді енді. Екеуіміздің де езуімізден көбік бұрқырап, «рахаттана» түсіндірісіп отырғанымызда, телефонға шақырылды бастығым. «Сізді парткомнан телефонға шақырады» деп терезеден хабаршы келіп тұра қалды. «Партком» дегенде-ақ ырши жөнеліп, әкім кабинетіне ширақ кіріп еді. Бастығымның шыққандағы солғындығы тым күлкілі көрінді көзіме. Осы жиын біткенше мені жұмсай қоймайтындығын сонысынан-ақ түсіндім. Бөлімге қайта келмей, қақпаға қарап ілбіді. Қақпадан шығып, қарасы өшісімен лып етіп жетіп келген Әлия қарсымдағы орындыққа етегін тағы да желпи қонып жымиды.

- Не болды? Не айттты бүгін? -деп сұрадым.

- Мекемеге келе жатсам, Шәкербай аға жолымнан күтіп тұр екен, -дей сала кідіріп, ойланып қалды да күрсініп жіберіп жалтара жыпылықтатты сөзін. Пәлендей бірдеме тапсырғаны жоқ... кешегі тапсырмасы ғана... жүрісімізді Шәкербай аға біліп қойыпты!

- Келісіп алды деп түсініп пе?

- Солай түсінбегенде, -деп құйқылжи сықылықтап алып томсарды Әлия. - мына жұмсаған қызметіне тып-тыныш қана барып келсең... жақсы болар еді!... Бармасаң... осы әуремен жүріп... ауырып қаларсың ба екен!... Маған бұлай қарамашы, бармасаң өз еркіңде ғой! Егер барғың келмесе.. бүгін-ертең кештерден сақтан! Ешқайда шықпай үйде бол!... Мен жаңа қызметімді жуатын болдым. Жастардан бірнешеуіне өзіңді қосып, қонаққа шақырамын. Бірақ келмей-ақ қой! - Осы сөздерін үзіп-үзіп жыпылықтатып болды да, лып етіп барып өз орнына отыра қалды. «Олар қастық істемек пе, соны ғана айтшы!» -деп артынан барып екі рет сұрағанымда да ұқсас жауап қайтарумен тындырды:

- Бұлар сені өзіңе қатерлі бір қиын сөзге шықпақ дейді, содан сақтандыру үшін ғана ғой деймін.. .Бірақ білмеймін, білсем қазір-ақ... кейін бір шақта айтамын ғой! -деп соңғы сөзімен құйқылжи қарады. Мен орныма барып орнығып, сөйлейтін сөзге дайындала бердім.

Жиынның даярлық комиссия мүшелері түске жақын қамсы қаламмен жазылған бір жарым метрдей ұзын тізімдікті әкім кабинетінің қабырғасына әкеліп жапсырды. Аудан дәрежелі орындардан сайланған өкілдер тізімі екен. Жүгіріп шыққан Әлия менің атымды дәл ортан белінен көргенін, күле келіп айтып еді. Тізімге іле-шала әкім шығып қарады да, бөлмесіне қайта кіре зекігендей болды. Тізім дереу жиылып-бүктеліп қатшылар бөліміне қайта кірді. Ербол тағы да жүгірді парткомға. Әкім қалай туласа да осы сөзім желкесіне қонбай қоймайтындығына сеніп, даярлығымды жүргезе бердім.

Түстен кейін әкім парткомға кеткенде сайлаушыларымның мықты бір тобы жиылып, бас қатшы бөлімінде айқайласып шығып еді. Кешке жақын сол тізімдік сол қабырғаға қайта жапсырылды. Менің атым бір өшіріліп, алдыңғыдан ірірек жазумен қайта жазылыпты. Соны тағы барып көрген Әлия төрдегі хатшы бөлімінен бастап, екі-үш бөлімге кіріп шықты. Қонақ шақырып жүргенін өзіме келгенде түсіндім, күлімсірей келіп, алдыма шақыру қағазын тастай салды да: «мына бағақты әркім көретін жерге жая салшы, өзің барма, өнітемін!» деп күбірлей кетті. Өзі қонаққа шақырып, өзі бармауымды өтінуі күлкілі де, таңдандыратын да жұмбақ еді. Кейін айтамын дегенін ескеріп қоя салдым.

Ол лыпылдап қақпадан шыға жөнелгенде, әкім қарсы шыға келді. Әлияға бір қарап қойып қана үнсіз-ымсыз өткенін байқадым. Соңынан Шәкербай еріп келеді екен. Маған суық қарай кірді бөлімге. «Япырай, мына баланың қарбалас уақытта қонаққа шақырып жүргені ай!.. Сені де шақырды ма, Биғаш?» деп шалқасынан жатқан бағаққа қарай жалғастырды сөзін. - Е, бәсе, барыңдар, барыңдар, жассыңдар ғой, жолдарың болсын!»

Бастығым маған қарап сөйлеп тұрғанда, екінші рет жапсырған өкілдер тізімін үлкен бастық тағы да сыпыртып алып болыпты. Бірақ үшінші рет тағы сайланудан үміттене қайттым үйге. Аудандық үкімет қақпасынан гүрілдей кірген жүк аптамобилінің кабинкасынан аймақтық Телбай атты бір мықтысын көре қайттым. Ертең таңертең бірақ келмей кештете жетуіне қарағанда аймақтық үкімет осындай таластарды естіп, бұрынырақ жөнелткендей. Жаңа құрылған аупартком батыл кірісе алмай, аймаққа хабарлаған сияқты.

Таңертең қайтып келгенімде менің атым екі рет өшіріліп, үшінші рет жазылған өкілдер тізімі қайта жапсырылып жатыр екен. Бір рет қана өшіріліп қайта жазылған төрт өкілдің атына үңіле қарап қайттым. Бірі Мақпалдың ұстазы. Жиын түстен кейін ашылатын болыпты. Бөлімге қайтып кіргенімде түн бойы қонақ күтіп кіртиген Әлия да жетті. «Бүгін өкпелеймін» деген күбірін түсіне алмай қалып едім, Шәкербай келгенде қабағын қарсы жауып ала қойды. «Биғабіл екеуіңізге қатты өкпеледім» деп бұртиғанда «бәсе, Биғаш бармай қалып па еді» деп қалып, қарбаластықтан өзінің бара алмай қалғанына Шәкербай кешірім сұраған болды. Мен үнсіз қалдым.

Өкілдік қызыл лента түске жақындағанда келіп қадалды омырауыма. Түскі демалысқа жалғыз қайтып бара жатқанымда Әлияның Далдағұл деп атап әшкерелеп қойған аңдушысы алдымнан тоса қалып, өз үйіне «кешкі отырысқа» шақырды. Екі үшті жауап қайтарып едім, түстен кейін жиынның ашылу мірасімі ғана болатындығын айтып, «сөзсіз баруымды» қадағалап қолқалай өтініп қалды. Әлияның сақтандырғанын сездірмеу үшін «мақұлын» айта салдым да, ақылын кештегі жұмысыммен таптым, оған да бармай қалдым...

Менің сақынаға шығу кезегім үшінші күні түстен кейін әрең жетті. Мақпалдың барлық зарын екінші күні сөйлеген ұстазы келістіріп төккен. Өкілдерді күрсіндіріп, өзімен бірге жылатып та түскен болатын. Жиын басқарып отырған Досан түксиіп, мұртын салбыратып жібергенде оған бір қарап қойған аупартком секретары сөйлеушіден Мақпалдың атын да қазіргі қамаушының адресін де қайта сұрап, анықтап жазып алған. Менің ол жөнінен сөйлемек сөзім недәуір ықшамдалды.

Өкіл сайлаудағы тартыстарда шулы бола қалған атым аталысымен менен көз алмай қарады секретар, басқа сөйлеушілерден ерекше қарсы алынып, қолшапалақтың жер сілкіндіргендей шатырлауына қарап, ол да шұлғи шартылдатты. Өкілдердің сахнаға кім шықса да шәшу шашқандай жомарттық ететін осы арзан қолшапалағын сындаумен бастадым сөзімді:

- Өкіл жолдастар, сіздердің әрқайсыныңызды кем дегенде үш жүз азамат сайлаған. Сол үшін жүз азаматтың талап-тілегін партия мен үкіметке толық жеткізу міндетімен келдіңіздер ғой. Демек осындағы әр-бір қол үшін жүз азаматтың қолы, өздеріңіздің ғана қолдарыңыз емес. Байқамай соғып арзандатпаңыздар оны! Әр-бір қолшапалақтарыңыз сол сайлаушыларыңыздың мүддесін назарға ала отырып соғылуға тиісті. Ал, мені мұншалық қарсы алудың керекті-керексіздігін білгенді былай қойып, не сөйлейтінімді білесіздер ме? - дегенімде зал толы адам жым-жырт бола қалды. Сахнадағы басқалардың демі де шықпай қалғандай, жалғыз шыбынның ызылы ғана естілді. - мұным сөгіс емес, -дедім сонан соң, -осы жиындағы әрқандай сөзді сайлаушыларыңыздың талғамы бойынша ғана қабылдауларыңызды өтінгенім. Мен өткен үш жылдың ішінде Досан әкім жағынан қызметтен үш рет қуаланған «бұзық» қызметкермін. Осы жиын өкілдігіне сайлаушыларым үш рет қайталап сайлағанда әкімнің мойынын әрең иіп, зорлық күшпен сайланған «зорекер» өкілмін. Алдыңғы екі рет сайланғанымда тізімнен екі рет өшіріліп, үшінші рет сайланғанда ғана сайлаушыларыма Құдай көмектескендей болды. Нанбасаңыздар сиқымды ауыз  залдағы өкілдер тізімдігінен көріңіздер!

Мен сол бойбермес «тоңмойын» сайлаушыларымның жеткіз деп тапсырған мәселелерін ғана сөйлемекпін. Сөзімді қатты талғап тыңдаңыздар!...

Алдымен Телбайды күлдіріп, зал толы өкілді түгел қарқылдатқан осы кіріспеммен бастап сөйлеп, бір жарым сағат сақылдаппын. Дұспанға уыты толған у сойқыдай тисе, досқа толассыз сорғалаған балдай тиді білем, әр тыныстағанымда бір дуыл көтерілді де тұрды. Сөзім бітісімен шу көтерілді.

- Ей қарақтарым, -деп бір сары шал сол шуылдан асыра айқайлап ыршып тұрды. - Менің аузым ораза ғой, өтірік айта алмаймын, мынау ақсұры жігітті көріп отырғаным осы, бұрын сөйлескенді қойып, танымаймын да. Бірақ жаңсақ айтылған бір де сөзі жоқ. Бәрі рас, бәрі болған іс!

Қырықошақ қыстағынан келген дәудей орыс Досанға жұдырығын түйе гүжілдеді де, күреден келген мұңғыл да, Қайрақаннан келген қырғыз да, ойдағы ұйғыр мен ой мен қырдан құрылған қазаққа қосыла көтеріліп алқады мені. Орныма жете лық етіп отыра қалғанымда, ішімнен мұжып жүрген кектің жебір құрттары сау етіп төгіліп түскендей жаным жай таба қалды...

Жиын аяқтасымен Досан аймаққа шақырылып кетті де, орнына әкім болып Телбай қалды. Досан менен дәметіп жүрген «ойынбұзар» айыпты өзі тартқанын білген сайын жайландым.

Көреген тергеушім, «қадалған жерінен қан алмай қоймайтын, бұрынырақ соқпасаң өз теріңді сыпырып, құйрығыңды қарға шаншатын «көкжал» осы қылмысымен қипықтатып, тісіңізді қышытқан-ақ шығар!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354