Шекарадағы шикіліктерді бір заңмен ширата аламыз ба?
Бірі басылмай жатып, екіншісі бұрқ еткен шекарадағы шу бұл салаға мемлекеттік деңгейдегі салмақты қадамның қажеттігін аңғартса керек. Әрине, ұлттың айбары болар ұландардың ел қорғау орнына, бас қорғалап қашуына қатысты құзырлы органдар өз қорытындысын жасай жатар. Ал шекарадағы шетін мәселенің ендігіде қайталанбасы үшін не қажет? Кеше Мәжілістегі жалпы отырыстан соң Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев журналистерге шекара қызметіне қатысты жаңа заң жобасының қажеттігі туралы мәлімдеген болатын.
Қоғам бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарып, оның себеп-салдарын алқа-қотан отырып талқылауды әуелден-ақ осы шақырылымның Мәжілісі өзінің міндетіне санамаған болатын. Бар күшін нендей келеңсіз жайттардың алдын алатын сапалы заң шығаруға сарқымаққа бекінген болатын бұл жолғы депутаттар. Сондықтан да, мемлекеттік шекараны қараусыз тастап кеткен кешегі сарбаздардың қылығы туралы Мәжілістің мәртебелі мінберінен емес, кулуарынан сөз қозғауға тура келді. Дегенмен, бізге айып болмас үшін әуелгі сөзді заң шығармашылығына арнап, мәжілісмендер мақұлдаған маңызды құжатына бірқанша дес берелік.
Бірі басылмай жатып, екіншісі бұрқ еткен шекарадағы шу бұл салаға мемлекеттік деңгейдегі салмақты қадамның қажеттігін аңғартса керек. Әрине, ұлттың айбары болар ұландардың ел қорғау орнына, бас қорғалап қашуына қатысты құзырлы органдар өз қорытындысын жасай жатар. Ал шекарадағы шетін мәселенің ендігіде қайталанбасы үшін не қажет? Кеше Мәжілістегі жалпы отырыстан соң Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев журналистерге шекара қызметіне қатысты жаңа заң жобасының қажеттігі туралы мәлімдеген болатын.
Қоғам бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарып, оның себеп-салдарын алқа-қотан отырып талқылауды әуелден-ақ осы шақырылымның Мәжілісі өзінің міндетіне санамаған болатын. Бар күшін нендей келеңсіз жайттардың алдын алатын сапалы заң шығаруға сарқымаққа бекінген болатын бұл жолғы депутаттар. Сондықтан да, мемлекеттік шекараны қараусыз тастап кеткен кешегі сарбаздардың қылығы туралы Мәжілістің мәртебелі мінберінен емес, кулуарынан сөз қозғауға тура келді. Дегенмен, бізге айып болмас үшін әуелгі сөзді заң шығармашылығына арнап, мәжілісмендер мақұлдаған маңызды құжатына бірқанша дес берелік.
Сөйтіп, кешегі жалпы отырыста төменгі палатаның депутаттары «Жекебасты куәландыратын құжаттар туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың мақсаты жекебасты растайтын құжаттарды дайындау, алып қою, ауыстыру, жою талаптарын бекіту болып табылады. Маңыздылығы - бұрын азаматтың жекебасын растайтын құжаттарды әзірлеу әртүрлі ведомстволардың еншісінде келсе, соның баршасы бірегейленіп, бір ізге түседі. Сосын әлгіндей құжаттар еліміздің әртүрлі нормативтік актілерінде қамтылып, олар шашыраңқы болып келсе, ендігі күні бұл бір ғана ұлттық заңнамамен реттелетін болады. «Құжатты әзірлеу барысында азаматтардың құқығы, теңдігі мен бостандығын ескердік. Қазақстанда тұратын және уақытша келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ азаматтардың құқықтары да назардан тыс қалған жоқ», - деген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов кез келген азаматтың жекебасын растайтын 11 түрлі құжатты санамалап шықты.
Олардың қатарында: Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, азаматтың жеке куәлігі, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, дипломаттық паспорт, қызметтік паспорт, босқын куәлігі, теңізшінің паспорты, шетелдік паспорт, қайтып оралуға арналған куәлік, туу туралы куәлік, жеке басты куәландыратын құжаттар. Заң жобасында аталған құжаттардың қолдану уақыты, рәсімдеу, тәркілеу, оның жарамсыздығы, жою, алып қою тәртіптері де нақтыланған. Ең басты жаңалықтың бірі - ендігәрі жеке басты куаландыратын құжаттарды кепілдікке қоюға немесе алуға заң арқылы тыйым салынатын болады. «Бұдан былай жеке басты растайтын куәліктерді кепілге беруге үзілді-кесілді тыйым салынады. Расында, көптеген жерде кепілге басқа емес, тұп-тура жеке бастың құжаты талап етілетіні жасырын емес. Ал сол кепілге берілген құжаттарды алаяқтардың пайдаланып кетіп жатқан жағдайлары да кездеседі. Әлбетте бұған шектеу болуы шарт. Сондықтан да жеке басты куәландыратын құжаттарды кепілге беруге тыйым болуы аса қажетті мәселе», - дейді депутат Рамазан Сәрпеков. Сонымен қатар заң жобасы арқылы құжаттарды даярлаудың бірыңғай стандарттары да қамтылады. Бұл куәлік сапасына да әсер етпек. Мәселен, қазіргі қолданыстағы құжаттардың кемшілігіне келсек, тіпті кей жағдайда азаматтар жеке куәліктеріндегі өздерінің суреттерін де танымай қалып жататын жайттар орын алатыны рас. «Ендігі күні бұлай болмайды. Жеке құжаттарды әзірлеуге жаңа технологиялар қолданылып, ондағы ақпараттарды қорғау қарастырылады», - дейді Рамазан Құмарбекұлы. Сөйтіп, бұған дейін тәптіштеп талқыланған жеке куәліктер әзірленетін зауыттарға барып, мән-жайды көзбен көріп қайтқан депутаттар заң жобасын мақұлдауға еш қарсылық білдірген жоқ. Палата аталған құжатты тұжырымдамалық тұрғыдан бірауыздан мақұлдады. Алда екінші оқылым бар.
Шекарадағы шетін жағдайлар кешенді талдауды қажет етеді
Ал кулуардағы әңгімеге келетін болсақ, депутат Мәулен Әшімбаев Арқанкергендегі жайсыз жағдайға, сосын Терісайрықтағы шекарашылар әрекетіне қатысты пікір білдіріп, «мемлекеттік шекара туралы жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр» деп мәлімдеді. «Арқанкергендегі жайсыз жағдайдың ізін ала мемлекеттік шекараның өзге бір бөлігінде орын алып отырған мұндай оқиғаның себебіне келсек, жалпы осы саладағы негізгі факторларға кешенді талдау, сосын тиісті шаралар қабылдау қажеттігін айқын көрсетеді. Осыған байланысты жақында мемлекеттік шекара туралы жаңа заң Мәжіліске келіп түседі деп күтіп отырмыз», - деді депутат Мәулен Сағатханұлы. Оның айтуынша, бұл шекара қызметінің тиісті комитеті дайындап жатқан мүлде жаңа заң. Сондықтан да құжатты талқылау барысында депутаттарға мемлекеттік шекарадағы жағдайға талдау жасайтын зор мүмкіндіктер де туындауы мүмкін. Сөз арасында Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта мәжілісмендер қалыптасқан жағдайға талдау жасау үшін мемлекеттік шекара учаскелерін көзбен көріп қайтпақ екенін де атап өтті. «Біз келесі сессияның басында мемлекеттік шекараның бір не болмаса бірнеше учаскелеріне баруды жоспарлап отырмыз, онда жеке құраммен әңгімелеспекпіз. Сонымен қатар шекара қызметі туралы жаңа заң жобасымен жұмыс барынша салмақты өтетініне сендіргім келеді. Ең бастысы, біз кешенді талдаулар мен зерттеулерге сүйене отырып, «Арқанкергендегі» қайғылы жайттардың бұдан әрі орын алмауын қамтитын нормалар енгізбекпіз», - дейді Мәулен Сағатханұлы.
Зейнетақы тағайындауға түбегейлі реформа қажет
Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі келеңсіздіктер туралы бұған дейін де аз айтылмаған болатын. Дегенмен «Халықтық коммунистер» фракциясы атынан депутат Жамбыл Ахметбеков еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне тағы бір мәрте жүгінуді жөн санапты. Оның айтуынша, зейнетақының дұрыс есептелмеуі мен заң олқылығы көптеген азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзып отыр. «Бізге берген жауабыңызда «азаматтардың зейнетақысы заңнамаға сәйкес тағайындалған» деген жауаптан танбайсыз. Ендеше, күнкөріске жетпейтін зейнетақыны белгілейтін заңды неге өзгертпейміз. Бүгінгі күні зейнетақының ең төменгі мөлшері азаматтардың күнкөрісін қамтамасыз ете алмайтын жағдайда. Сондықтан зейнетақыны белгілеу жүйесін түбірімен қайта қарауымыз қажет», - дейді «қызыл» депутат. Бұдан бөлек, Жамбыл Әужанұлы бүгінгі ең төменгі күнкөріс мөлшері 16 000 теңгені құрайтынын, бұған азаматтар бір ай да өмір сүре алмайтынын алға тартады. Сосын бұл мөлшерді кем дегенде үш есеге арттыру қажеттігін айтады. «Зейнетақы есептегенде Зимбабве немесе Сомали секілді елдерде қолданатын әдістен кететін мезгіл жетті. Біз өркениетті елдердің көпшілігінде қабылданған стандарттарды енгізіп, ең төменгі күнкөріс көлемін сол стандарттар бойынша айқындайтын әдіс енгізуіміз қажет. Ол кем дегенде халықтың жартысы тұтынатын тауарлар мен қызметтердің ең төменгі бюджетін құрауға негізделуі тиіс. Яғни біз ең төменгі күнкөріс деңгейі етіп тек өлместің күнін көру шегі емес, орташа өмір сүру деңгейін белгілеуіміз қажет», - дейді депутат Жамбыл Ахметбеков.
Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана
"Алаш айнасы" газеті