Ұлттық құрамада да ар-ождан кодексі бар
«Спорт деген бір сиқырдың» (С. Бердіқұлов) кәрі мен жасты бірдей баурайтын кереметі бар екеніне шек келтіруге болмайды. Ел намысы сынға түсетін Олимпиада секілді дүбірлі халықаралық жарыстарда оның ұлт рухын асқақтатар құдіреті тіптен ғажап. Өзін сыйлаған қай мемлекеттің де намысын қолдан бермес үшін спортшыларының дайындығын ерекше назарда ұстайтыны сондықтан. Біздің билік те Елбасыдан бастап елдік рухты ұлықтатар саңлақтарымыздың бабын үнемі бақылап келеді. Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның басшылығымен өткен еліміздің спорт саласына қатысты келелі кеңес соның айғағы.
Кеңес барысында Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Лондонда өтетін алдағы Олимпиадаға спортшылардың дайындығы бойынша баяндама жасап, Мемлекеттік хатшы жалпы ел спортына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Ел спортшыларының әлеуеті зор
Әлқисса, жылдың ең айтулы спорттық додасы болып саналатын жазғы Олимпиада алауын жағуға аз күн қалғанда дүйім жұрт оған қатысар біздің спортшыларымыздың мүмкіндігі қандай деп қобалжып жатқан болар. Бұл қобалжуды Мемлекеттік хатшы кеңес барысында бірден сейілтіп, спортшыларымыздың әлеуеті мол екенін атап көрсетті. Расында да, сенім артқан жігіттер мен қыздарымыз бабы мен бағына қарай халықаралық әлемдік додалар мен төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарында Қазақстанның қанжығасын майлап, мерейімізді тасытып жүр. Жас Қазақ мемлекетінің Әнұранын шырқатып, Көк Туымызды желбіретпей қалған сәттері кемде-кем. Алтын жүлделер мен қоржын толтырған күміс, қола жүлделер баршылық. Берісі, Азиада ойындарында Қытай, Жапон, Оңтүстік Корея секілді мықтылардың алдын орап, командалық есепте бірінші орынға шығуымыздың өзі біздің спортшыларымыздың әлеуеті қандай екенін көрсетсе керек. Соған орай, спортшыларымыздың әлеуеті мол екенін атаған Мұхтар Абрарұлы «қазір әлем жұртшылығының назары Лондонға ауып отыр, барлық мемлекеттер спортшыларын даярлап, әлемдік спорт бәсекесіне үлкен дайындықпен келуде» екенін де алдымен еске салды. Өйткені мемлекет те бүгінгі таңда спорт саласына айрықша көңіл бөліп, әлемдік стандарттарға сай заманауи спорт кешендерін салып, ел игілігіне тапсырып жатыр. Қаржыландыру да артып, шетелдік білікті мамандар бапкерлікке тартылуда. «Ендеше біз Лондон Олимпиадасында Елбасының отандық спортқа деген қамқорлығына сай лайықты нәтижеге қол жеткізуіміз керек деп есептейміз», - деп атап көрсетті Мемлекеттік хатшы.
Мәдениеттің тәжірибесі спорт үшін де маңызды
Осы жиында Мемлекеттік хатшы жас спортшылар үшін аса маңызды тың ұсыныс айтты. Ол - талантты жастарға олимпиадалық резерв дайындалатын орындарда жаттығуға жол ашу. Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның ұсынысын қысқа қайырсақ, жоғары оқу орындарында оқитын жүзуге қабілетті талантты балалар олимпиадалық резервтің бассейнінде, сол секілді ауыр атлетикамен айналысатын студенттер де олимпиадалық резервтің командасымен бірге ара-тұра жаттығып тұруы керек. Бұрын мәдениетті басқарып, қазір де тікелей осы саланың дамуын айрықша назарында ұстап келе жатқан Мұхтар Абрарұлы бұл ретте мәдениет қайраткерлерінің шеберлік дәрістер өткізу тәжірибесін алға тартқан еді. Оның айтуынша, жас спортшылар үшін патриоттық тәрбие де осындайдан, «мен олимпиада жүлдегерімен бір залда жаттықтым» деген мақтаныштан басталмақ.
Олимпиада жүлдегері спортты насихаттасын
Олимпиадада топ жарған саңлақтарымызды ел аралатып, басымызға көтеретін әдетіміздің бары рас. Бұл әрине жақсы әдет, бірақ көбіне ол құрметіміз спортшының бабына кері әсерін тигізіп жататыны да шындық. Осыған назар аударған Мемхатшы: «Әрине, қазіргі кезде біздің спортшылардың бәрінің назары олимпиадаға ауып кеткені түсінікті. Бірақ қайтып келгеннен кейін сіздер арнайы жоспар жасауларыңыз керек. Оған сай спортшылардың барлығы, әсіресе олимпиаданың чемпиондарын, күміс, қола жүлдегерлерін өңір-өңірге бөліп жіберу керек. Онда олар той тойлап, шапан киіп, ат мініп жүрмей, студенттердің ортасына барып, кездесулер өткізсін. Костюмдерін спорттық киімге алмастырып, спорт залында солармен бірге жаттықсын. Бұл әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын» - деп, ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевке осы мәселені бірден ескертті.
Әнұранға қатысты олқылық енді қайталанбайды
Кеңес барысында Мұхтар Абрарұлы Лондон төрінде Әнұранымыздың лайықты шырқалуы тиістігін еске салуды ұмытпаған еді. Мемлекеттік Туымыз да стандартқа сай болуы тиіс. Соған орай ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Лондон төрінде спортшыларымыз топ жарғанда мемлекеттік рәміздердің тиісті деңгейде көрсетілуін қамтамасыз ететін өкілдер бекітілгенін мәлімдеді.
Дайындық сақадай сай
Олимпиадашыларымыздың дайындығын ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев та жоғары бағалап отыр. «Мен алдағы Олимпиада ойындарының басталуына біздің құраманың дайындық деңгейі жоғары екендігін атап өткім келеді. Бұл ретте, әсіресе Т.Ермегияевтің басшылығымен агенттік жүргізіп отырған идеологиялық бағыттағы жұмыстардың жоғары деңгейін атап өткен орынды. Ар-ождан кодексінің әзірленіп, оның бекітілуі өте сәтті болған жоба деп есептеймін. «Менің ойымша, құрама бүгінде жоғары нәтиже көрсетуге дайын», - деді Б.Майлыбаев кеңес барысында.
Лондоннан барлығы 13 медаль күтеміз
Спорт агенттігі төрағасының айтуынша, соның үшеуі алтын болады деген үміт бар. «Олимпиада бойынша ешқандай проблема жоқ. Дайындығымыз өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бапкерлер мен спортшыларға барлық жағдайлар жасалды. Енді спортшыларымызға сәттілік тілейміз», - дейді ол.
Автор: Айбын БАҚЫТҰЛЫ
"Алаш айнасы" газеті